Технология • 15 Маусым, 2021

Amazon қандай мүмкіндік сыйлайды?

754 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жуырда сауда-саттыққа жауапты министр Бақыт Сұлтанов қуанышты хабар сүйіншіледі. Бұдан былай біздің кәсіпкерлер өздерінің төл өнімдерін әйгілі Amazon платформасында тікелей сатылымға шығара алатын болыпты. Оның айтуынша, дәл осыған қол жеткізу үшін министрлік былтыр қарашадан бері келіссөз жүргізген.

Amazon қандай мүмкіндік сыйлайды?

«Біздің кәсіпкерлер үшін Amazon-ға кірудің басты мәсе­лесі рұқсат етілген елдердің «бөлігі» атану қажеттілігі болды: яғни сол рұқсат етілген ел­дер­­дің заңды тұлғасы болып, бар­лық операцияларды жүргізу үшін сол елдердің банктерінен шот ашу қажет еді. Қазір біз бұл қиындықтарды еңсердік. Қазақ­стандық кәсіпкерлердің төлемді тікелей қазақстандық банктер арқы­лы алып, өз еліміздің атынан сауда жасай алу мүмкіндігі бар – Қазақстанды енді сатушы елдер­дің тізімінен табуға болады», деп жазды министр Фейс­буктегі парақшасында.

Өз кезегінде Amazon International Seller Services вице-прези­денті Эрик Бруссард қа­зақ­­стандық кәсіпорын­дар­дың Amazon-да тауар сата алатынын қуанышпен қабылдағанын жет­­кізді. «Біз шағын және орта сату­шыларды қоса алғанда, Қа­зақ­станның серпінді дамып келе жат­қан бизнес-қоғамдас­ты­ғы­мен жұмыс істеуге және оларға бүкіл әлем бойынша клиенттермен бірігуге көмектесуге дайынбыз», деді Э.Бруссард.

Amazon платформасы әлем­дегі ең танымал сайттардың бірі саналады. Онда әлемнің 200-ден астам елінен миллиондаған бел­сенді клиент бар. 188 елдің сатушылары тіркелген. Электронды плат­форма әсіресе, шағын және орта бизнестің дамуына жол аш­пақ. Өйткені маркетплейстегі бөлшек сауданың 60 пайызын 1,9 млн шағын және орта кә­сіпорын жасап отыр. Былтыр ком­панияның таза табысы 386,1 млрд долларға жеткен.

Осы ретте отандық кәсіп­кер­­лер Amazon платформасына қандай өнімдер шығара­ды, шығарар кездегі жұмыс про­цесі қандай болады, плат­фор­ма тарапынан қазақ бизнес­мен­деріне қандай талаптар қойы­лады, негізінен қай өнім­дер халықаралық нарыққа ұсы­­ныл­мақ деген сауалдар туындайды. Сонымен қатар Amazon-ның қазіргі әлеуеті, табысы, оның өзге электронды алаңқайлардан ерекшелігі жайлы да айта кет­пекпіз.

 

Кімдерге қолайлы?

QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы АҚ-ның бізге жол­даған жауа­бына сүйенсек, келіссөздердің сәтті жүргізілуі қазақстандық кә­сіпорын­дарға халықаралық нарыққа тікелей шығу мүмкіндігін берген.

– Бұған дейін сайтта сатушы­ны тір­кеуге рұқсат берілген елдер ті­зімінде Қазақстан бол­ған жоқ, сәйкесінше қазақ­стандық кә­сіпорындар сайтқа тікелей тір­келіп, тауар сата ал­мады. Енді сәт­ті жүзеге ас­қан келіссөздің нә­тижесінде Amazon.com алаңын­да өз тауарын сатқысы келетін отан­дық­ кәсіпорындар компа­ния­ны тіркеп, банк шотын ашып, рұқсат етілген елдердің бірін­дегі (оның ішінде Қазақстан да бар) заңды мекенжайды көрсетуі тиіс. Онлайн-сөрені рәсімдеу және сату­шыларды тіркеуге байланысты әр маркетплейстің өзін­дік ережесі болады. Сайтта жұмыс істеудің де тәртібі бар. Amazon.com-дағы сатылым құ­ны өнімнің сипаттамасына, тап­сырысты орындау тәсіліне, басқа да қосымша қыз­меттер мен факторларға бай­ла­ныс­ты. Amazon.com сайтын­да каль­­кулятор бар, ол сізге сату құ­нын өнім бірлігіне шама­мен ба­ғалауға мүмкіндік береді. Сон­­дай-ақ кәсіпкер сату жос­па­рына және сатылатын зат­тар­ға байланысты төлейтін сату ко­миссияларының бірнеше түрлері бар, – дейді QazTrade e-commerce және маркетинг депар­таментінің директоры Өжет Шегірбаев.

Ал қазақстандық бизнес тарапынан Amazon қаншалықты сұранысқа ие болмақ? Біздің кәсіп­керлер мемлекет ұсынып отыр­ған мүмкіндікті іліп әке­те ала ма? Әрине, соңғы жыл­дары отан­дық саудада элек­трон­­ды коммерция үлесі артып келеді. PwC Kazakhstan мен Цифрлы Қазақ­стан қауым­дас­тығының бірлесе жүр­гіз­ген зерттеуіне сәйкес, 2020 жыл­дың қорытындысына сәйкес бөлшек электронды коммерция нары­ғының көлемі 82 пайызға өскен. 2019 жылы нарықтағы электронды сауда-саттық көлемі 327 млрд теңге болса, былтыр 596 млрд теңгеге дейін өскен.

– Қазақстанда электронды ком­мерция енді ғана қар­қын алып келе жатыр. Бұл – қазір­гі заманғы бизнес пен эконо­миканың сер­пінді саласы, ал карантин отан­дық бизнес­тің интернет кеңіс­тіктегі даму қарқынын жедел­детті. Ха­лық­аралық электронды ком­мерция да серпінді дамып келеді. Жаңа нарықтарға шы­ғу, халықаралық маркетингті ен­гізу компанияларға жақсы та­быс табуға серпін беріп, ин­вес­тиция мен нетворкинг тартуға мүмкіндік сыйлайды. Деген­мен кәсіпорындар үшін ың­ғ­айлы және жайлы логис­тика мәселесін шешіп алмай тұрып қандай да бір болжам айту қиын. Бұл ретте өз қызметін интер­националдандыруға мүдделі болып отырған логистикалық компаниялар мен «Қазпошта» үшін өсу бағытын байқап отырмыз, – деді QazTrade өкілі.

 

Alibaba әлде Amazon?

Мамандардың айтуынша, қазақ­стандық кәсіпкерлер үшін жаңа алаң­ның ашылуы бәрібір тың мүмкіндік пен табыс әкеледі. Олардың сөзінше, Alibaba.com халықаралық электронды сауда платформасының алға жылжуына байланысты, B2B сегментінде жасалған мәмілелер арқылы шамамен 45 млн доллар көлемінде экспорттық келісімшарттар жа­салған. Қазір жаһандық рейтингте В2C және B2B секторлары бойынша бірінші орында Alibaba тұр. Джек Ма негізін қалаған бұл интернет-компания алаңына да қазақ кәсіпкерлерін шығару бойынша мемлекет жұмыс атқарды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 100 отандық компания Alibaba.com плат­формасында «Алтын жет­кізуші» аккаун­тына ие болған.

Ал UNCTAD есебі бойынша, Джефф Безос құрған компания B2С секторында екінші көрсеткішке ие. Компания сайт­тың барлық сатушысы жал­пы кірісі бойынша 2020 жылы 38 пайызға өсім көрсеткен.

Қазақ кәсіпкерлерін халық­аралық нарыққа шығарумен ай­налысып жатқан QazTrade компаниясы қазір шетелдік серік­тестіктердің әлеуетті мүм­кін­діктері, логистикалық ше­шім­дер, іс қағаздары, салық салу және басқа да көмек түр­лері туралы ақпаратты ұсыну тұр­ғысынан компанияларды әдістемелік және жедел қол­дау бо­йынша белсенді жұ­мыс істеуде. Іргелі еңбектің нәти­жесінде Alibaba.com сайтына 4 мыңнан астам отандық өнім орналастырылған. Ол жер­де біздің кәсіпкерлер ұн, өсім­дік майы, макарон өнімдері, конди­терлік тағамдар, ет, сусыннан бас­тап жиһаз, киімге дейін сау­далауда.

Amazon-ның да аясы кең. Онда біздің азаматтар жоғарыда ата­лып өткен тауар түрлерін және электронды кітап, тұрмыс­тық электроника, балалар ойын­­­­шықтары, спорттық та­уар, шаруашылық тауарлар, та­­­мақ өнімдерін де сата алады. Ин­тернет-компанияның қа­зіргі сәт­те АҚШ-тан бөлек, Бра­зи­лия, Ұлы­британия, Канада, Германия, Жапония, Фран­ция, Италия, Испания, Үндістан және Қытайда филиалдары бар. Сонымен қатар Amazon сату­­шыларға қойма кеңіс­тігін ұсыну қызметіне мүмкіндік бере­тін кеңейтілген және дамы­ған ор­талықтардың желісін қа­лып­тастырған.

Amazon 2021 жылдың ал­ғашқы үш айының өзінде 108,5 млрд доллар табысқа кенелген. Бұл 2020 жылдың үш айымен салыстырғанда 44 пайызға көп. Операциялық ақша ағымы былтырғы 39,7 млрд-тан 67,2 млрд долларға дейін көбейген. Айт­пақшы, осыдан бірер ай бұ­рын ғана компанияның негі­зін қалаушы Джефф Безос қыз­метінен кететінін мәлімдеген. 5 шіл­деден бастап оның орнына әріп­тесі Энди Ясси отырмақ. Безос­тың өзі директорлар кеңе­сінің төрағасы атанып, бұдан бы­лай жаңа өнімдер мәселесімен айналыспақ.

«Энди компания ішінде жақ­­сы танымал. Amazon жұ­мыс бастағалы бері менімен бір­ге келе жатыр. Ол мықты көшбас­­шы болады, оған толық сенемін», депті Д.Безос. Ол ком­пания бас­шысы қызметін ком­пания құрылған 1994 жылдан бастап атқа­рып келе жатса, Энди бұл ұжымға 1997 жы­лы қосылған. Айтпақшы, Безос планетаның е