Қазақстан • 16 Маусым, 2021

Қандай әкім жұртқа жақын?

1056 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биыл еліміздегі 836 ауылдың әкімі тікелей дауыс беру арқылы сайланбақ. Осылайша, ауыл басшысын әр тұрғынның өз таңдау құқығын пайдалана отырып, сайлауы алғаш рет жүзеге асырылады.

Қандай әкім  жұртқа жақын?

Бұрын қалай болды?

Анығында, саяси жүйе ауылдық округ әкім­де­рі­нің жоғарыдан тағайындалуынан біртіндеп бас тартып келе жатыр десе болады. Алғашқы әкім сайлауы 1999 жылы басталған екен. Тәжірибе жүзінде қолға алған іс-шараның нәтижесі нақтылана түсіп, 2017 жылы бірқатар елді мекенде сайлау өткен болатын. Яғни сол жылы Ақмола облысы бойынша 136 ауылда, Ақтөбе облысындағы 77 ауылда, Алматы облысындағы 129 ауылда, Шығыс Қазақстан облысындағы 131 ауылда, Батыс Қазақстан облысындағы 95 ауылда, Қарағанды облысындағы 129 ауылда, Қызылорда облысындағы 72 ауылда, Маң­ғыс­тау облысындағы 26 ауылда және Солтүстік Қа­зақ­стан облысындағы 138 ауылда ауыл әкім­де­рі сайланған екен. Соның нәтижесінде аймақтар бойынша 1 413 адам ауылдық, кенттік округ әкімі атанған.

Осы орайда сол өткен сайлау жүйесі жайлы айта кеткен орынды. Өйткені бұл кезде әкімдердің кандитатурасын аудандық әкімдіктер ұсынып, оларды таңдау еркі мәслихат депутаттарына берілген болатын. Тоқетерін айтқанда, өткен сайлау кезінде ауыл тұрғындары өз қа­ла­уын білдіріп, азаматтық таңдау құқын біл­ді­ре ал­мады. Ал халық қалаулыларының таң­да­уымен әкім орынтағына отырған көптеген азамат көп ұзамай басқа лауазымды қызметке ауысып немесе өкілеттігін тапсырды. Және олардың бұл әрекеті үшін ешқандай жауап­кершілік талап етілмейтін. Ал ауылдағы бел­сен­ді азаматтардың өзін өзі ұсыну құқығы туралы ештеңе айтылмайтын да. Тіпті сол тұста таңдаушылардың көпшілік дауысын алған лауазым иелерінің қайсыбірі орынтаққа отырысымен істі болып, жемқорлыққа қатысты қылмыстық жауапкершілікке де ілікті. Мәселен, Алматы облысы, Көксу ауданындағы Балпық би кентінің әкімі болып сайланған азаматтың аз уақыттан кейін басы дауға қалғаны әлі ұмытыла қойған жоқ. Оны арнайы қызмет заңсыз шешім шығару үшін пара алып жатқан жерінен құрықтаған болатын.

Өкінішке қарай, бұған дейінгі кезеңдерде өткен сайлау барысында халық арасынан шыққан таңдаушылар да, мәслихат депуттарының дауыс беруі де ауыл тұрғындарының әкімдерге қатысты нақты қалауы мен талабын анықтай алған жоқ. Ендігі үміт – биылғы сайлауда.

 

Биыл не өзгерді?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Енді ауыл әкімін таңдауда әр тұрғын тікелей дауыс беру құқын қолдана алады. Сондай-ақ ауыл әкімі лауазымына азаматтардың өзін өзі ұсынуына жол ашылды. Мұнан бөлек, заңға енгізілген өзгеріске сәйкес енді сайлау бюл­ле­тень­деріне «бәріне қарсымын» деген жеке бағана ен­гізіледі.

– Заңнамаға енген өзгеріс бойынша енді ауылдағы тұрғындар өз-өздерін ұсыну құқығына ие болды. Бұл – ауыл әкімдерін сайлаудағы жаңа тәсіл. Екіншіден, саяси партиялар өздерінің құрамынан кандидат ұсыну құқығын пайдалана алады. Ал осы айтылған екі тәсіл бойынша ұсынылған кандидаттардың саны жетпесе, жергілікті жердегі аудан әкімі сол ауылда тұратын қоғамдық белсенділермен, тұрғындармен келісе отырып, тағы бір үміткер ұсына алады, – дейді саяси реформаның жүзеге асуы жайында берген түсініктемесінде Ұлттық экономика министр­лі­гі Өзін өзі басқаруды дамыту департаменті директорының орынбасары Миржан Иманбаев.

Бұйырса, алдағы уақытта осы айтылған тәртіп бойынша тұтас елдің түрлі деңгейдегі  2 345 әкімі сайлануы тиіс. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 18 млрд теңгеге жуық қаржы қарас­ты­рылған. Алғашқы лекте, яғни осы күзде 836 ауылдың тұрғындары өз әкімдерін сайлайтын болады. Бұған 5 млрд теңге шамасында қаржы жұмсалатын көрінеді.

Ауылдықтар сайлауға дайын ба?

Ел ішінде ауыл әкімінің сайлауына қатысты нақты пікір әлі де қалыптаса қоймағанға ұқ­сай­ды. Бірақ белсенді азаматтар тарапынан қозғалыс бар. Ал атқарушы орган тарапынан ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Ол бойынша ауылдық округтердегі сайлаушылар тізімі, халық саны, партия мүшелерінің саны, халықтың сапалық құрамы, ауылдық округтердегі сайлау учаскелерінің саны нақтылануда. Мысалы, Алматы облысының Көксу ауданында сайлауға қатысты дайындық жұмысы қызу жүріп жатыр.

– Ең алдымен ел Президентіне халықты жергілікті басқару жүйесіне белсене араласуға мүмкіндік бергені үшін алғысымды білдіргім келеді. Екіншіден, сайлауға қатысуға ниет біл­ді­ру­шілер аз емес, демек бұл өзгерісті ауыл азамат­тары күтіп жүргені анық. Өзгерген талап бо­йынша ауыл әкімінің сайлауы дауыс беру өтетін сәттен 40 күн бұрын жарияланып, іс басындағы әкімнің өкілетті мерзімі аяқталғанға дейінгі 10 күн ішінде өтуі тиіс. Жалпы сайлау науқанының мерзімі 30 күнді құрайды. Қазір осы мәселенің мән-жайын анықтап алғысы келетін азаматтар бар. Әрі үміткерлер сайлау жарнасын төлеуі керек, ал ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын қаржы­лан­дыру жергілікті бюджет арқылы жүзеге асады. Аудан бойынша алғашқы сайлау тамыз айын­да өтуі керек, – дейді «Нұрлы Көксу» газе­ті­нің бас редакторы, аудандық мәслихат депутаты Айгүл Айманбекова.

Жалпы биыл бұл ауданда 6 ауылдық округ әкімнің өкілетті мерзімі аяқталады. Тамыз айын­да Айнабұлақ, Жарлыөзек, Қабылиса және Мұқан­шы ауылдық округтерінің әкімдерін сайлау жос­пар­ланса, қыркүйекте Мұқыры және Мұсабек ауылдық округтерінің тұрғындары өз басшыларын таңдап, тікелей дауыс беретін болады.

 

Ауыл әкімі болуға кім лайық?

Осы жерде ауылды басқаруға лайықты тұлғаға қандай талап қойылуы тиіс деген заңды сауал туын­­дайды. Әрине, көрсетілген талап ережесіне сәйкес ауыл әкімдігінен үміткер адамның жасы жиыр­ма беске толуы шарт. Бұдан бөлек, канди­дат­қа біліктілік талабы қойылды. Сондай-ақ азаматтар өзінің бұрын сотталмағанын және жүйке ауруы мен наркологиялық ауру бойынша есепте тұр­май­тыны жөнінде анықтама өткізуі керек. Алайда бұл жердегі басты талап үміткердің ауыл тұр­ғындары алдындағы беделі мен абыройы болса ке­рек. Әйтпесе, халық өзі сенбейтін әкімді таң­дап, жұмыс істеуге мүмкіндік бере қоймасы анық. Биыл дәл осындай жағдай Алматы облысын­да болды да.

Оқиға Кеген ауданы Шырғанақ ауылдық округінің жаңадан сайланған әкімі мен ауыл тұрғындары арасында өрбіген. Ауылдың бұрынғы әкімі­нің өкілетті мерзімі аяқталуына байланысты сайлау өтіп, ұсынылған 3 кандидаттың арасынан мем­лекеттік қызметте екі жыл істеген жас маман мәслихат депутаттарының таңдауынан өткен болатын. Ал тұрғындар жаңадан сайланған әкімге қарсы шығып, аудандық мәслихат депутаттары таңдауының әділ болмағанын, сол себептен бұ­рынғы әкімнің өз орнына отырып, жұмысын жал­ғастыруын талап еткен. Бұл даудың аяғы әлі көрінген жоқ, өйткені облыстық деңгейден әділет таппаған жұрт Президент Әкімшілігіне дейін арызданған болатын.

Әрине, ауыл әкімдерін сайлауда кемшіліктер бол­уы ғажап емес. Бірақ заңдағы олқылықтардан емес, жергілікті жердегі сайлау барысында болуы мүмкін. Меніңше, мұндай кемшіліктер рушылдық пен жершілдіктен туындауы ықтимал. Бірақ оның да өзіндік пайдасы бар, тәжірибе жиналады. Оның үстіне, бұл – бірінші рет өткізіліп отырған сайлау. Бүгін кеткен кемшілік келесіде түзетіледі. Әкімді сайлай білген жұрттың кетіруге де құқығы бар дегендей. Сөйтіп халық бұл кезеңнен де өтеді. Ең бастысы, ауыл әкімдері ұйқысынан оянып, жоғары жақтан гөрі төменге көбірек қарайтын, тіпті елге жалтақтайтын болады. Ал халықтың тала­бы мен әкімнің жауапкершілігі күшейгеннен тек қана ұтамыз, – дейді ақын, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ауыт Мұқибек.

 

Алматы облысы