Қоғам • 16 Маусым, 2021

Ел ұйытқысы — ене мен келін

2571 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Отбасы құндылығы Адам ата Хауа анадан бастап, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан кең ауқымды, құнды, құпиялы, нәзік те, айтулы, ұлағатты құндылық. Отбасы құндылығы – баға жетпес асыл қасиет. Жас ұрпаққа жанды тәрбие, өмір бойы өзекті өнеге екенін әрбір ұлтым дейтін есті ата-ана, өскелең ұрпақ, естен шығармай шыңдай түсуіміз ләзім. Отбасында үнемі тазалық, тәртіп, ар-ұят, сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге мейірім, әрбір мүшеге ынтымақты береке, бірлік ауадай қажет. Қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен отбасы құндылығы, жан-жақты тәрбиесімен бір дәуірлік ұрпақ қана емес, тұтас ұлт өмір бойы ұстанатын қағида.

Ел ұйытқысы — ене мен келін

Тәубе, бүгін тәуелсіз қазақ еліміз. Өкінішке қарай, өткен ғасырда қызылдар билігі қа­зақ ұлтының рухын өшіру мақсатында ұлт­сыздандыру жылдарында қаншама ұрпақ­ты тексіздікке жетеледі. Алайда талай зұлмат­тан жанып-сөніп құр сүлдері қалған қазақ сарқыны әкелеріміз бен аналарымызды кү­ретамыр салт дәстүрінен ажырата алмады. Шір­кін, қайран қазақтың негізі, қалпы қан­дай еді?!

Сол отбасы құндылығы, тәрбиенің бас­тауы ең әуелі ене мен келіннен бастау алады. Өйткені ене мен келіннің тағдыры – бір. Әулеттегі ең жуық істес жандар. Бүгінгі келін ертең ене, ертеңгі келін, болашақ ене болып өмір жылжып ауысқан сайын, өз жолы мен сабақтастығын тауып жалғаса беретін үрдіс. Ене мен келін болмаса өмір жалғаспайды. Ел өшіп құриды. Бұл – табиғи заңдылық. Басқа отбасында тәрбиеленіп келген жас қыз-келін жаңа отбасына ойдағыдай сіңісіп кетуі оңай шаруа емес. Тек әр қазақ отбасының тәрбиесінде қыз жат жұрттық, барған жеріне «тастай батып, судай сіңсін» деген аталы сөз жасынан құлағына құйылып өскен қыз, келін болып келген жаңа ортасына «тас түскен жеріне ауыр», «маржан түссе маңдайымнан, тары түссе таңдайымнан» деп, бар ниетімен өзі босағасын келін болып аттаған үйдің ата- енесін, қайнағасын, жолдасын, қайнысын, қайынсіңлісін және туған-туыс, сол әулеттің ағайындарын құрметтейді.

«Сыйлай білсең сыйысасың іні боп, Кінә­ласаң әкеңнің де міні көп» деп ақын Имашқан Байбатырұлы айтқандай, атасын әкесіндей, енесін анасындай жылы, ыстық ықылас, адал көңілмен, нақ шын беріліп, құрақ ұшып иіліп тұрған келінді кім жек көреді. Қолға қонған балапан құстай жас келіннің келген жеріне деген ниетін таныған ене де, ыстық ықылас аналық мейіріммен табалдырық аттаған күннен бас­тап, мәпелеп жастығына жанашырлықпен қамқорлық жасап, білмегенін білгізіп, әр нәрсенің мән-жайын түсіндіріп, алға жетелеп отырады. «Жақсы жерге түскен келін – келін, жаман жерге түскен келін – келсап» деген рас. Ене мен келін бір-бірін түсініп, ұғысып отырса, сол әулет берік қамал іспетті. Іштегі пыш-пыш өсек сыртқа шықпайды. Сырттан суық сыбыс ішке кірмейді. Ене мен келін отбасындағы, ағайын арасындағы ұсақ-түйек мәселеден бастап, кейбір келелі іске де келісе пікірлесіп, шешісіп отырса, ешкім бұрыс деп бұра тарта алмайды. Сол үйдің атасы да, азаматы да, ағайын туысы да дән риза. Жалпы, осы күні айта берсе отбасына байланысты қилы-қилы хикая, қитұрқы, оспадар іс-әрекеттер көп. Ауруын жасырған өледі, қауіптің алдын алып дабыл қағып отыруымыз керек.

 

Уыс- уыс ақша

Сәндігүл дейтін бойжеткен қыз жиналып отырған сырластарына: – Бір жақсысы менің сүйген жігітімнің ата-анасы, ешбір туысы жоқ. Тұлдыр жалғыз, әсіресе болашақ енем болмайтынына өте қуаныштымын, – деп мақтанады. Сырластары сынай қарап, Сәндігүлдің сүйген жігіті барын құптаса да, ене­сі жоғына қуанышын құптай алмады. Қапе­лімде нендей уәж айтарларын білмей, бір сәт бөгеліп қалысты. Зейінді Зердегүл шыдамады:

– Сәндігүл, сонша неге мақтандың? «Құс та қанатымен ұшып, құйрығымен қонады». Жігіттің іні-қарындастары болса бірі – қанат, бірі – құйрықтай жәрдемшің, ақылшы емес пе?! Ата – деген айбарлы бір тірегің. Осы сенің анаң жоқ па? «Ене» деген – ана ғой. Ене мейіріміне, қамқорлығына не жетеді, – деді. Сәндігүл:

– Анам бар болғанда қандай, үлкен сау­дагер. Іштен, сырттан тауар алмастырып, алқынып аласапыран шаруамен жүреді. Та­бы­сы шаш етектен. Отбасында бірігіп отырып ас ішуге, кеңесуге уақыт жетпейді. Әйтеуір әкем екеумізге уыс-уыс ақша тастайды. Үй шаруасына жұмысшы әйел жалдаймыз. Мен ас пісіріп әлек болып, ыдыс-аяқ тазалап, кір жууға қолұшын тигізбеймін. Кейінде сүйген жігітім екеуіміз үйленіп, жұмысшы әйел жалдап, өзіміз емін-еркін өмір сүреміз, – деді. Сәндігүлдің мына көзқарасын естігенде «құс ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген халқымыздың қанатты сөзі ойға оралды.

 

Ер жігіт егіп алар

егін емес

Екі жас үйленген соң, жаңа түскен жас келін өзінің өркөкірек, өзімшіл дағдысымен жігітке шарт қойып, оның ата-анасымен бірге тұрғысы келмейтіндігін айтады. Жігітіне:

– Бөлек шығайық, жеке тұрайық, – деп үнемі қыңқылдап, қабағын ашпай қарыса береді. Келіннің келеңсіз ойын түсініп, амалы таусылған ата-анасы жалғыз ұлға жиған-тергенімен екеуін бөлек шығарады. Бұл жағдайды ұнатпаған көршілері:

– Келін-ау, сенің күйеуің үш-төрт ұлдың, болмаса екінің бірі болса, ата-енең қуана-қуана отау қылып шығарар еді. Өліп-талып көрген, жан дегенде жалғыз ұлы. Ата-ананы аңыратып, үйін қаңыратып, қалайша бөлек шықтың, – депті.

– Шешесі күйеуіме ананы сөйт, мынаны бүйт, – деп жұмсай береді. Маған да ақыл айт­қысы бар. Мен 15 жыл оқыдым, өз ақы­лым өзіме жетеді. Жігітіме не істетемін, оны өзім біле­мін. Ол – менің жігітім, – депті келін шімірікпестен.

Көрші: – Қарағым-ау, ол ұл – сол ата-ана­ның өмірге әкеліп, ақ сүтін емізіп, мәпелеп өсір­ген жалғызы, өмірінің мәні, тіршілігінің тіреуі емес пе? Сен «менің жігітім» дейсің. Ер жігіт сен егіп өсірген егін емес, түбін ойла дегенде, келін сөзден тосылыпты. Жігіт те өзінің жігерсіз, ұстамсыз ұсқынына, ойсыз омырылғанына өкініпті.

Парыз

Бір күні үйден ерте шығып келе жатсам, ауылымыздағы бір келін ашулы, алқынып алдымнан шықты.

– Ерте елбеңдеп қайда барасың? – десем:

– Атам мен енем қолындағы сүмелегін үйлендіреміз деп, менің күйеуімнің атына кредит ақша алып отыр. Бізге оның не қажеті бар?! Ол сүмелек үйлене ме, қоя ма, бізден аулақ жүрсін!.. Мен мұндай қорлыққа шыдамаймын. Оларға жақсы болса, ұлынан ажырасып кетейін, – деп жұлқына жөнелді.

Енесі: – Мен осы келіннің қылығына қын­жы­ламын. Бұлардан біз не аядық?! Енді кеше ұлды үйлендіруге үлкен ұлдың атына кредит алсақ, соған жұлынады. Бәрібір сол кредитті шал екеуіміздің зейнетақымызбен төлейміз ғой. Міне, осындайда қазақы тәрбиемен өскен, адами асыл қасиеті бар жеңгелері қайнылары мен қайынсіңлілерін өздері үйлестіріп, үйленуіне атсалысып, төркінінен келген тәуір киімін қызға кигізіп, өңді жасауын да солардың қажетіне ала жүгірер еді. Қазіргі мына келіннің іс-әрекеті мүлдем ұлтымыздың ұлағатына жат қылық. Бұл келін біле білсе, үйленгелі отырған қайнысы – күйеуінің артынан ерген жалғыз інісі. Оны үйлендіріп, аяғынан тік тұрғызып жіберу осы ұл мен келіннің парызы емес пе? – деді.

 

Артық адам

Өкшелесім. Мен далада демалып отырған орындықтың бір шетіне келіп, күрсініп отыра кетті. Ақ шашты, әжімді жүзінен реніш табы байқалып қалды. Мен: – Өкшелес, сау сәлеметсіз бе? Күйлі-қуатты жүріп жатырсыз ба? – дедім. Ол: – Иә, аман сау жүрмін ғой, бірақ жүре берудің де мәні қалмай барады. Мен осы өмірдегі бір артық адаммын, – деді.

– Неге, Қазақстан адам санын жиырма миллионға жеткізе алмай отыр, – дедім.

– Е, халқымыздың бір адам санында бар шығармын. Үйде мүлдем артық адаммын. Балам білдей мектеп мүдірі, келінім мұғалім. Екеуі бірге жұмыс істейді. Үйге келгенде де екеуара ғана сөйлеседі. Мені мұнда адам отыр-ау, тоғыз ай көтеріп, омыртқасын тал­дырған, ақ сүтімен асырағаны аздай, әкем дүние­ден озса да, мәпелеп «қанаттыға қақ­тырмай, тұмсықтыға шоқытпай», жасымнан жанын салып, өсіріп, оқытып, тоқытып, осы дәрежеге жеткізген анам отыр ғой демейді. Не халдесіз деп көз қиығын да салмай, өздері бірімен бірі сөйлеседі де отырады. Жаңа ғана үлкен немерем жайлы сөз қозғалған соң, мен көлденеңнен: – Ол не жағдайда екен, дені сау, тамағы тоқ, сабағын жақсы оқып жүр ме екен? – дедім. Ұлым қабағын шытып, осы сізге енді не керек, онда не шаруаң бар, үнде­мей отыра бермейсің бе? – деп тыйып тас­тады. Келінім қит етсе күйеуіне, шешең әне сүйтті, міне бүйтті деп сарнай беретін дағдысын растағандай: – Осыған не керек, – деп ала көзімен атты.

– Е, қастарыңда қарайып тірі отырған соң, өзге емес, өз немерем жайлы сөз болғанда, ана­лық дәті құрғыр шыдамай сұрағаным ғой. Мән-жайын айта салсаңдар нелерің кетеді, – деп шығып кеттім...

Мен: – Рухы күшті адам қартаймайды, жүзінен әр таймайды, болмашы ара сөзге бола налымашы, – дедім.

Ол сәл ажарланып: – Олай деме, өкшелес, рухы күшті адамның рухын сыртқы жау жоя алмайды. Қайта ерегіспен күшейтеді. Ал отба­­сыңдағы жайсыз жағдай рухыңды күй­ретеді, жаныңды жалмайды, – деді. Ол кейуана кешікпей көз жұмып кете барды.

Ұлт рухын қастерлемейтін, отбасы құнды­лығын қуаттай алмайтын жандарға Майқы би бабамыз өзінің өсиет нақыл термесінде былай деген екен:

Жаман болса қыз балаң,

Жеті атаңа жетер-ді.

Қатының жаман болса егер,

Қонағың сыйлы кетер-ді.

Келінің жаман болса ше,

Астынан танау міңгірлеп

Күңкілімен күнің өтер-ді.

Ұл жаман болса ұрыншақ,

Сүргенің өмір бекер-ді...

Өкінішін осылай жария етсе де, артынан үмітін үзбей, ұрпағына бірлік, береке тілеп айтқаны:

Бер бесеуге береке,

Арыс атам атынан.

О, тәңірім табынам!

Алтау ала болса, ауыздағы кетеді.

Бесеу біріксе берместі алады.

О, тәңірім табынам! – депті.

Қорыта айтсақ, тәуелсіз Отанымыздың іргесі берік болуы үшін әрбір жанның ой санасын қазақ ұлтының өзіндік ерекшелігіне сай сәулелендіру аса маңызды қадам. Оған ең алдымен ата-ана, қоғам, ана мен бала орталықтары, әйелдер кеңестері, құзырлы орындар жүйелі жұмыс істесе ісі оңға басар, оза шабар елге ертең-ақ айналамыз.

 

Егеухан МҰҚАМӘДИҚЫЗЫ,

ақын-айтыскер,

«Құрмет» орденінің иегері,

«Алтын алқалы» ана

 

Соңғы жаңалықтар