Тамара Дүйсенованың түсіндіруінше, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске сай өтініштерді қараудың жаңа тәртібі енгізіліп отыр. Мәселен, биылғы бірінші тоқсанда Президент Әкімшілігіне 449 мыңнан астам арыз түскен. Оның 50 пайызы жергілікті атқарушы органдардың үлесіне тиесілі екен.
– Бұрын арыз 30 күн ішінде қаралатын еді. Енді жаңа Кодекстің талабына сай, 15 күнде қаралады. Әр арызға әкімшілік іс ашылады, – деді Т.Дүйсенова.
– «е-Өтініш» – өтінішті қараудың тарихы сақталатын біртұтас база. Бұл барлық мемлекеттік және сот органдарына, сондай-ақ өтініш берушілерге қолжетімді болады. «е-Өтініш»-ке 1 шілдеден бастап кезең-кезеңмен өту басталады. Азаматтардың өтініштері мемлекеттік органдарға біртұтас ақпараттық жүйе арқылы түседі.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбековтің мәліметінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған халықтың барлық сындарлы өтініш-тілегін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына орай қазір Атырау қаласы мен жеті ауданда сервистік әкімдіктер іске қосылды. Ал жаңа Кодекс талаптарын түсіндіретін мемлекеттік қызметшілер арнайы оқу курсынан өтіп, тиісті сертификат алды.
– Қазір «е-Өтініш» ақпараттық жүйесіне 213 мемлекеттік мекеме қосылып, өтініштерді өңдеу жұмысы ұйымдастырылып отыр. Азаматтардың құқығын қорғау бағытында іске асырылатын реформалардың маңыздылығы ескеріліп, алдағы уақытта бұл жұмыс облыстық әкімдіктің тікелей бақылауында болады, деді Серік Айдарбеков. – Тұрғындардың өзекті мәселелерді қозғаған өтініштері жер, тұрғын үй, жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек көрсету, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын қамтыды.
Оның айтуынша, жыл басынан бері өңірдің жергілікті атқарушы органдарына 16 мыңға жуық өтініш түсіп, оның 20 пайызы қанағаттандырылыпты. Ал қалғанына заңға сәйкес жауап беріліпті.
Атырау облысы