Өнер • 17 Маусым, 2021

Гүлсара Әжібекова: Киноның сәттілігі адамға емес, тағдырға басымдық бергенімен өлшенеді...

1367 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарындағы бұл елдің кино феноменіне қырғыз кереметі деген баға берілді. Сол қырғыз кереметінің басы-қасында жүрген актерлерінің қатарында Қырғызстан, Қазақстан республикаларының халық әртісі Гүлсара Әжібекованың да аты аталады.

Гүлсара Әжібекова:  Киноның сәттілігі адамға емес, тағдырға басымдық бергенімен өлшенеді...

Біздің Гүлсара Әжібекқызымен әңгімеміз 1960-2000 жылдардағы қырғыз-қазақ киносы, қырғыз кереметі дәуіріне Айтматов, Әуезов, қазақ актерлерінің ықпалы бағытында жалғасты.

– Гүлсара Әжібекқызы, сіз бізге Шыңғыс Айтматов пен Тө­лөмүш Өкеевтің «Қызыл ал­масындағы» Сәбира арқылы таныссыз. Кино сарапшылар «Шыңғыс Айтматовтың осы аттас шығармасының идеясын дұрыстап жеткізе алмады, бір қайнауы ішінде қалып қойды» деп сынаса да Одақ көлемінде де, халықаралық прокатта да табысты кинолардың бірі бо­лыпты. Локарно кино фес­ти­ва­лінде көрермендердің көз­айымына айналған туынды ре­тінде арнайы жүлдеге ие болды.

– Иә, мұндай кинолар ұмы­тылмайды, ондай тақырыптарды қоғамның өзі ұмыттырмайды. Басында киножелідегі күнделікті қарапайым тұрмыстық проблема мен отбасылық драманы кеңестік психология қабылдамайтындай көрінген. Бірақ керісінше болып шықты. Кейін кездесулерде байқағанымдай, фильмнің сюжеті КСРО-дағы барлық от­басыға жақын болды. Бір-бірін тауып үйленген бақытты отбасылар да, басқалары да осы киноны көрген сайын ұмыта алмай жүрген махаббаттарын еске түсіріп, отбасының тыныштығы мен баяндылығы үшін жүрегінің бір қалтарысына жасырып қойған сезім деген ауылға бір ат шалдырып қайтатыны анық.

Бұл картина ең алдымен ком­мунистік қоғамның жалпы мә­селелерін емес, жеке адамның ішкі әлемін бейнелеуге талпынған ең алғашқы қырғыз киносы бол­ғанын атап өткен жөн. Ерлі-за­йыптылар бір-бірін түсінбей екі жаққа айырылып кеткен отбасылар хикаясы туралы кино көп. Сол отбасылық трагедия баланың әлеміне қалай соққы жасайтынын соншалықты бәрімізге түсінікті тілмен және түсінікті көріністермен жеткізе алған жазушы да, режиссер де сирек. Фильмнің түсірілімі кезінде оның нүктесін қандай жағдаймен тү­йіндейміз деген мәселеде пі­кір көп айтылды. Ең соңғы сәтте «Сә­бираның қызғанышына тү­сініс­тікпен қарайтын, Темірдің жастық шағындағы махаббатына адалдығын жоғары бағалайтын кө­рермендер бар. Екеуін бір-бі­ріне жығып бермейік те, ақта­майық та. Бұл – тағдыр» деген пайымға ба­сымдық берілді. Ки­ноның сәт­тілігі адамға емес, тағ­дырға басымдық бергенімен өл­шенеді ғой. «Қызыл алма» да сондай фильмдердің қатарында болды...

– Сол «Қызыл алмада» бас­ты рөлді ойнаған сізді, Темірдің рөлін сомдаған Сүйменқұл Чоқ­­моров жастардың қатты жақ­сы көр­генін, бірақ ресми билік сіз­­дер­мен кездесу өткізуге аса ықы­­ласты болмапты деген сөз бар.

– Адамдардың тарихтан тірек іздейтіні сияқты, тазалық пен адалдықты кинодан, кейіпкерінен іздейтіні ақиқат. «Қызыл алма­дағы» Сәбира жолдасының өзіне деген сезімінің таза болуын қала­ды, әрбір қызғанышы арқылы жол­дасына қиялын арбап алған аруды мүлдем ұмытып кетуге жол бермеді. Ал Темірдің жүрегін жау­лап, сағымға айналып кеткен аруды қиялынан қуып шығаруға ерік-жігері жетпеді. Бірақ «ресми билік олармен кездесу өткізуге аса ықыласты болмапты» дегенді де, көрерменмен кездесуге кедергі дегенді де естіген, сезген жоқпыз. Көрермендердің сүйікті актеріне деген ықыласының кемерінен асып-төгіліп жататынын әрбір кездесу сайын сезуге болады. Тіпті сол жылдары біздің елде жаңа туған балаларға Сәбира, Темір деген есімдер көп қойылған.

– Сүйменқұл Чоқморов туралы естеліктер күні бүгінге дейін қырғыздың ұлттық мақтаныш объек­тісі ретінде айтылатыны сон­шалықты, халықтың са­ғы­нышы, ықыласы жүрекке сый­май, аспанға жұлдыз болып шашылып кететіндей әсер қал­дырады. Қазақ көрермендері сіздің С.Чоқморовпен бірге түс­­кен «Толқын жағада өледі» филь­міне де бейжай қарамайды. Жалпы, Чоқморов қандай адам болған?

– Чоқморовты жақын білмей­тіндер тұйық, романтик, сезіміне адал, сондай-ақ сүйгені үшін қылыштың жүзімен жүріп өтуге дайын тұрған жан деп қабылдайды. Экрандағы Чоқморов өзін өзі ойнайтындай көрінетіні сөзсіз. Ол бір ғана «Жәмиладағы» Данияр арқылы пенделікке тереңдік, махаббат, адалдықтың алдында тізе бүктірткен талант. Ол кинода «Гам­лет» деңгейінде жаңа образды қалыптастырды.

– Гүлсара Әжібекқызы, 1960 жылдардың екінші жартысы мен 1970 жыл­дардан бері қарай қазақ-қыр­ғыз киносы бір-бірімен тонның ішкі бауындай араласып кетті. Қырғыз-қазақ актерлерінің қа­тысумен түсірілген «Қас­қыр­дың апаны», «Қараш-Қа­раш оқиғасы», «Тол­қын жағада өле­ді» тәрізді екі елдің де алтын қо­ры­на енген кинотуындылар дүниеге келді.

– Меніңше, екі елдің режис­­серлерінің бірігіп кино тү­сі­руі­­не жа­зушылары да, тарих­шы­лары да мүдделі болуы керек. 1960-1990 жылдар арасында таспаға тартылған қыр­ғыз-қазақ киносының шоқ­ты­ғын ас­қақтатып тұрған фактор – ке­шегі Әуезов, Айтматов, Қаб­­до­лов, Шерхан Мұртазалар ара­сын­дағы ұлы достық болатын. Ке­зінде Шоқан Уәлиханов қыр­ғыз манасшыларының аузынан «Манастың» ең алғашқы үлгілерін қағазға жазып алып, жарыққа шығарып, ұлы эпостың жазбаша сақталуына себепкер болғанын, «Манастың» тағдырына қара бұлт үйіріліп тұрғанда ұлы Мұх­тар Әуезов қорғап, артық ауыз сөздерге араша түсіп, сақ­тап қал­ғанын, Айтматовтың «Жә­миласына» жоғары баға беруі арқылы жолын ашқанын қырғыз халқы ұмытпайды. Жекелеген тұлғалар арасындағы достықтың киноға да, әдебиетке де ықпал еткеніне біз куәміз. Қазір сол күн­дердің бәрі тарих, алыстаған сайы­н жаныңа жұмсақ нұр себелеп, рухтандырып тұрады.

– Қазір Әуезов пен Айтматов арасындағы достықтың өзі ки­ноға сұранып тұр ғой. Мұны екі елдің режиссерлері бірігіп қол­­ға алса, қос алыптың бізге бел­­гісіз қырлары жарқырап ашы­­лар ма еді?

– Керемет идея. Дерек те, көз­көргендер де жетеді. «Менің шетелге шығарда төлқұжатымдай қастерлеп өзіммен ала кететін екі ұлы есім бар. Бірі – Манас та, екіншісі – Мұхтар Әуезов. Мен әрқашан сол екеуінің аруағына сы­йынып жүремін» деген сөз қалдырған Шыңғыс Айтматов Мұхаңның рухы алдындағы адал­­дығынан көзі жұмылғанша ай­ныған жоқ. Мұхаңның шығар­маларының қырғыз киносында экрандалуына Айтматовтың себепкер болғаны түсінікті.

Ал екі алып туралы көркем туынды кезегімен келетін дүние ғой. Басынан бастасақ, қазақтың белгілі ғалымы Бейсембай Кен­жебаев пен Шыңғыстың әкесі Төреқұл Мәскеуде И.В.Сталин атындағы Күншығыс еңбекшілері коммунистік университетінде бірге оқығанын, айнымас дос болғанын, Төреқұлдың шаңы­ра­ғында дүниеге келген сәбиге Шың­ғыс деп ат қойған Бейсембай Кенжебаев екенін Айтматовтың өзі жүрген жерінде айтып жүре­тін. Жалпы Айтматовты Қазақ­стан­мен байланыстыратын фактор көп.

– Қырғыз әдебиеті мен киносын Айтматов кейіпкерлерінің өлшемінсіз елестету мүмкін емес. Бірақ жаңа идеямен алға жыл­­жу керек. Қырғыздың жас ре­жиссерлері Айтматовтың шы­­ғар­­машылығына қалай қа­райды?

– Дүние жаралғалы бері жер бетінде қанша ән, қанша күй жазылғанын ешкім білмейді. Бірақ әлемдегі ән құдірет – жеті нота­ның төңірегінде тарайды. Сол жеті нотаның бір-бірінен айыр­машылығын ғалымдар қанша зерттесе де, түпкілікті шешімге әркім әртүрлі қырынан келіпті. Мен кино зерттеушісі емеспін. Бірақ кино мен әдебиеттің мүм­кіндігін сол жеті нотаға ұқса­тамын. Осы салаға ден қойып жүр­ген мамандар әдебиет пен кино тек жүз шақты тақырыптың төңірегінде ғана дамитынын анық­таған. Әдеби туындылардың біразы әлемнің бірнеше елінде киноға таспаланған Айтматов шығармалары жайлы да осыны айтуға болады. Мы­салы, 1990 жылы Кеңес Одағы «Мәң­гүрт» атты фильм шығарды. Фильм оқи­ғасын «Ғасырдан да ұзақ күн» романының ішіндегі бір баян­даушы оқиға бойынша Мария Юрматова жазған болатын. Бұл кино Қожа Нарлиевтің режиссер ретінде ұсынған ең соң­ғы фильмі. Арада 14 жыл өткен­де қырғыз режиссері Бақыт Қарағұлов  осы тақырыпқа қайта оралды. Әри­не екі киноның бюджетін бір-бірімен салыстыруға болмас. Ал­ғашқысы Кеңес Одағы кезінде Түр­кия, Ливия режиссерінің қаты­­суымен түсірілсе, соңғысын қыр­­ғыз режиссерлері түсірді. Мен кино сыншысы болмасам да киноның қай бағытта кетіп бара жатқанынан хабарым бар. Айт­­матов шығармаларының біз зер­делей алмаған қырларына кейінгі толқын назар аударады деп үміттенемін.

Әлемдік әдебиетке мәңгүрт идеясы Шыңғыс Айтматов шы­ғар­­малары арқылы енгені бел­гілі. Айтматов шы­ғар­масының же­лісі бойынша Мәң­гүрт образы экрандалды. Осы фильм­нен кейін адамзат баласы атал­ған факторға қоғамдық құ­былыс ретінде ерекше мән беріп қарады. Содан бергі әлемдік киноиндус­трияда «адамның мүм­кіндігі жетілген сайын оның санасы оңай басқарылады» деген ұғым айналысқа енді. Қазіргі ми­ға бағдарлама қондыру ар­қы­лы бас­қарылатын робот-тер­ми­на­тор адамдардың түп негізі – біз­дің Айтматовтың Мәңгүр­тінен бас­тау алып жатыр. Бұл ұғым­ның аясы уақыт өткен сайын әр­тарап­тандырылып келе жатқанын көріп жүрміз. Бұл мәселе – бізден кейінгі толқынның бірінші кезекте назар аударатын бағыты.

– 1960-1990 жылдардағы қазақ-қырғыз киноларында ұлт­­тық құндылықтар басым бол­­­ды, ал қазіргі үрдіс коммер­ция­­­ға басымдық беретін секілді.

– Меніңше, коммерциялық бағыт пен ұлттық құндылықтарды бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Кино бизнеске айналды. Мүмкіндік болса, екі саланы кино индустрияның қос қанаты ретінде қатар дамытсақ қана ком­мерциялық бағытта бәсе­ке­лестік пайда болады. Біз­дегі ком­мерциялық кино – әзірге Голливуд фильмдерінен үй­ренуге, шаблондар мен штамп­тарды сіңіруге тырысу процесін бас­тан кешіп жат­қан өзінше бір әлем. Қанша еліктесек те тақырып жағынан да, техникалық жарақтану жағынан да олармен теңескен жоқпыз. Тақырып жағынан өзекті болса да кейіпкердің жанын зерттеу, мүмкіндік болса драмалық жағына көңіл бөлу кемшіл түсіп жатыр. Пікір тудырмайтын, жақ­сы да емес, жаман да емес, мақ­тау да, даттау да қиын кинолар кө­бейіп, көңіл пәс тартып қалған еді.

Қазіргі кинода өзгеріс те бар, алға жылжушылық та бар. Ки­но­индустрияның басында жүрген жас толқын есін тез жиды, көрерменнің талғамын зерттеп жатыр. Ең бас­тысы, кино индустриясы ебін тап­қан адамға ең табысты саланың бірі боларына көзін жеткізді. Әрбір шығармашылық өкілі алдындағы тақырыпқа өз микро космосымен қарап, көкірек көзі қабылдаған дүниені экрандауға тырысады. Соңғы жылдары жарыққа шыққан дүниелерден философиялық ой ағысы, елдік көркем мұраттардың элементтері байқалады, тың идея, жаңа кейіпкерлер іздеуге тал­­пыныс бар. Идеологиялық кино­ның қажеттігі туралы бір тоқ­тамды пікір жоқтығы әр жерде бай­қалып жүр. Мемлекет бол­ған жерде идеологияның қоса жүре­тіні, одан ешқайда қашып құтыла алмайтынымыз ақиқат. Кино – идеологиялық құрал бол­ған­дықтан, мемлекет өзінің миссиясына қаттырақ көңіл бөлсе, қазақ-қырғыз киноларының алтын дәуірін көзбен көретін боламыз.

– Қазіргі қырғыз кинолары үшін «қаны жерге тамбай тұрған тақырыптар» туралы ай­тыңызшы. Қырғыз қоға­мы­ның көңілінен шығатын кейіп­кер қандай болуы керек?

– Қазір қаны жерге тамбайтын тақырып іздеу коммерциялық ба­ғыттағы киноның табиғатына жа­қын. Бірақ бұл ұстаным қазіргі бағыттың өлшемі болуға жарамайды.

Режиссер Садық-Шернияздың «Құрманжан датқасы» кырғыз киносының рухын көтеріп, ұлт­тық болмысты жетілдіретін туын­­­ды деп қабылданып, қан­дай кино тартымды деген мәсе­леге нүкте қойғандай болды. Қа­­зіргі киноға тарих өткенімізді ұмыттырмау үшін керек. Ал қазір идеологияның өзі интеграцияланып бара жатқан заманда әлемнің кез келген бұрышында ұлттық болмысыңды ерекшелендіріп, асқақтатып отыратын бағыт жа­қын. Қазіргі жастардың халықтық ки­но туралы түсінігі біздің түсі­ніктен мүлдем басқа. Біз ұлт­тық мүддеге өз өлшемімізбен қа­­радық. Көшпенділер рухын сақ­тап қалуға тырысқан жанкеш­тіліктің жаңғырығы біздің кинодан байқалды. Ал жастардың көзқарасы басқа. Жалтыраған немесе сылдыраған пафосқа ба­сымдық беруге уақыты да, ниеті де жоқ. Тек қана ұлт ретінде өзін өзі жоғалтып, тамырынан ажырап қалмауға, алға жылжуға басымдық бергісі келеді. Себебі қазақ та, қырғыз да жоғалтқаны көп ұлт. Сондықтан қазіргі жас­тар­дың миссиясы бізден он есе ауыр. Жастар кішкентай ұлтын көші озық халықтардың қа­сына апарып қондырғысы келеді. Әлемдік интеграцияның көк­па­рында шаң жұтып қалуын қала­майды. Жол бергісі келмейді. Қа­зірше беталыс дұрыс. Алдағы өмір, алдағы беталыс – Аллаға ама­нат.

– Екі елдің мерзімді басылымдарында жарияланып жат­қан кино-сынның беталысына қарасақ, өткенді, 1960-1970 жыл­­дардағы қазақ-қырғыз ки­но­сы алтын дәуірін аңсау ба­сым. Екі елдің киносының бір-бірі­нен ажырап қалуынан жо­ғалт­­қанмыз көп дейді. Сіз не дей­сіз?

– Өткенге көп қарайлау, аңсау бүгіннің беталысын түсінуге мүмкіндік бермейтін сияқты. Қа­зақ актерлерімен кино алаң­дарында бірге киноға түсіп жүрген кездер маған жақын, сағынамын. Жас­тарға сын айта білген аға буын оларға мүмкіндік беруді де ұмытпауы керек. Жастар біз тә­різді емес, жеті елдің тілін меңгерген және әлемдік әде­биет­ті, тарихты түпнұсқада оқуға, әлем­дік деңгейдегі түпнұсқада кө­ріп, оны ұлтының болмысы­мен салыстыруға мүмкіндік бар. «Біздің соңымыздан мықты тол­қын келе жатыр. Біз соған дайын болуымыз керек» дегенді Шың­ғыс Айтматов та жиі айтатын. Басқа елдің жастары үшін еш­теңе дей алмаймын. Бірақ қыр­ғыз жастары баяғы біз салып кеткен дәстүрді жаңғыртуға, Ор­талық Азия елде­ріне ортақ кино кеңістікті құруға дайын екендерін ішкі түйсікпен сеземін.

– Сіз фильмге бірге түскен қазақ актерлерімен араласып тұрасыз ба?

– Кинодағы «қырғыздың алтын дәуірінің» қалыптасуына Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Кененбай Қожабеков, Мұх­тар Бақтыгереев сияқты қазақ ак­тер­лері көп үлес қос­ты. Сол сияқ­­ты кинодағы қазақ ки­но­сы­ның дә­уір­­леген кезеңін­де қыр­ғыз ак­тер­­лерінің де қолтаң­басы бар.

Бұл тағы да Орталық Азия­дағы бес ел барлық салада күш жұ­мылдырса, алынбайтын қа­малдың жоқ екенін алдымызға тосып тұр. Қырғыз-қазақ киносында екі елдің актерлерінің бір-бірінен іргесі алыстаған кезін есіме түсіре алмай тұрмын. Сонау 1968 жылы «Жәмиладан» бас­тап 2004 жылы «Найман анаға» дейін бірге келе жатырмыз. Араға жылдар салып кездесе қал­­сақ, кеше ғана қоштасқандай, қайта табысамыз. Уақыт, тіпті мемлекеттік шекара, саясат біз­дер­дің сыйластығымызға әмірін жүргізе алмайды. Қазір де осы бағыт қайта жанданып келе жатыр. Қырғыз-қазақтың жас продюсерлерінің бір-бірімен жиі кездесіп тұратынын көріп жүрміз.

– Сіздің сұлулығыңыз да, мінезіңіз де драмаға жақын. Бірақ әр адамның ішінде оның өмірдегі мінезіне мүлдем ұқ­самай­тын «асау, басқаша айт­­қанда, қалыпқа сыймай­тын тен­­тектеу сыңары» жасы­ры­­нып жатады дейді. «Қы­зыл алмадағы» сұлу, нәзік, тіп­ті аспандағы құс­тың кө­лең­­кесінен жаны жау­рап қа­ла­­тын Сәбира сұлу сізді шек­пе­нінен шығармай, шығар­машы­лы­ғыңызға обал жасаған жоқ па?

– Иә, халықтың ықыласының кей­де біржақты кетіп, өздері қалаған шекпенінен шығармай қоятыны рас. «Көрермені әріп­те­сіміз Асекең, аса қымбатты Асан­­әліні «Қыз-Жі­бектегі» Беке­жаннан кейін біраз уақытқа дейін басқа рөлге қабыл­дамауға тырысты» дегенді біз де естігенбіз. Бірақ Асекең сан қыр­лылығымен Беке­жанның шек­пенінен шықты. Мойындатты. Кинода екінің бі­ріне Асекең болып қалыптасуды жазбаған.

Менің кинодағы жанрым – драма. Жаралы жүрек, жауап­сыз махаббат, тіпті сезімнің ада­сып кеткен сәттерін сомдау маған жеңіл беріледі. Жан-жағым мені жағымсыз кейіпкер ретінде қа­былдай алмайтындай түсініктің қалыптасып қалғанын мен де сеземін. Бірақ мен үшін жағымды немесе жағымсыз кейіпкердің айыр­машылығы жоқ. Актер өзі ойнаған персонаждың логикасын, табиғатын түсінбесе, ол актерге де, көрерменге де тартымсыз болады. Кешегі өткен Болот Шәмшиев актер өз рөлінің астарында тығылып жатқан өзекті іздеген сайын рөл де қызық болатынын, рөліңнің өзегі табылған күні кейіпкеріңнің сыры ашылып, біртұтас адамға айналаты­нын жиі айтатын. Қыр­ғыз кино­сында Сүйменқұл жағым­ды және жағымсыз рөл туралы түсінікті кейіпкер мен кө­рер­мен ара­сын­дағы гармония қалып­тас­ты­раты­нын дәлелдеп кеткен актер еді.

Жастау күнімде көзім жәуді­реп, үлбіреп тұрған соң режиссерлер жағымсыз рөлді қимаған шығар, экрандағы сұлу қыздарды сомдауды меншіктеп алғым келген еркелік те болған шығар. Бірақ сіз айтпақшы «жастау күнім­де іште тығылып жатқан асау, тентектеу сыңарымды» кейіні­рек театр­да босаттым. Неміс дра­­матургы Бертольт Брехтің «Жан­кешті анасында» Катери­наны алып шықтым. Кейде осылай іште тығылып жатқан сенен тентектеу сыңарыңа ерік беру адамға психологиялық тұрғыда жайлылық, жеңілдік әкеледі екен.

– Қазіргі өміріңізде киноға орын бар ма?

– Киноның табиғаты адам сияқты. Қабылдайды немесе қа­был­дай алмайды. Бұл табиғатым кинодан алыстап кетті дегенді білдірмейді. Тәуелсіздік алып, қоғамдық формациялардың бірі­нен соң бірі алмасып жатқан ке­зеңде кинодағы жас сұлуларды, ерке келіншектерді ойнауға жасымыз асып кетті, ақ шашты әже­лерді ойнауға да ертелеу болды. Кейін саясатқа араласып, бой­да­ғы қанды суытып алдық. Дәл қа­зіргі өмірімді киномен байланыс­тыратындай себеп көріп тұрған жоқпын. Біраз киноға түстім, қазір де ұсыныс бар. Өзімнің мүм­­кін­дігімнің неге жететінін сынап кө­руге уақыт бергені үшін, «қырғыз киносының кереметі» атанған кезеңді қалыптастыруға мүмкіндік бергені үшін Аллаға ризамын.

– Кино үшін тіпті алаңда­майсыз ба?

– Жастарда әрекет бар, сырттай бақылаймын, қызығамын. Кедергілерге мойынсұнбайды, бір жерде есік жабылып қалса, басқа есікті ашудан жүрексінбейді. Біз де киноға солай келгенбіз. Жүгірдік, көзге түсуге тырыстық, кездесулерде көрермендеріміз алдында ерекшеленіп көрінуге тырыстық. Қазір біраздан бері кинодан қол үзіп қалдым. Біраз жылдарым бизнеске, саясатқа кетті. Адам бір терінің ішінде бірде толады, бірде солады дейді. Жас жерортадан ауғанда тағдырдың сынағынан да өттік. Ешкімге өкпе жоқ, бұл сынақты Алланың төзімімді өзіме сынатуға жіберген мүмкіндігі деп қабылдадым. Жас та жетпістен асып барады. Кинода бірге жүрген жолдастардың біразы арамызда жоқ. Енді бірі алыс-жақын шетел­­­­­дерде жүр. Бірақ қазіргідей ақпараттық технологияның жетіл­ген заманында жердің қашықтығы сыйластықтың суып қалуына кедергі бола алмайды екен.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,

«Еgemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ

 

Соңғы жаңалықтар