Әдебиет • 17 Маусым, 2021

Қимас көздердің қарашығында...

915 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Біздіңше ең мықты ақын – қалпағын қайда және қалай ілетінін білетін ақын. Қалғаны келесі бір әңгіменің басы ғана. Дәл қазір поэзияға пайдам тисін деп жазудың қажеті жоқ. Жүректегі жүзі жылы ойлар келесі бір жүрекке жұп болғаннан артық сәт бар ма өзі?! Әдеттегі өлеңді өмірдің өзімен тұтастырып, жүректі шымшылатып кез келген адам жаза алады. Әдеттегі өлең – жақсы өлең болуы да мүмкін, бірақ сұлудың бәрі сұлу ма? Оны да ойланыңыз. Сондықтан да шығар оның өлеңі өмірді, өмірі өлеңді еске салады. Бізді де елітетіні сол.

Қимас көздердің қарашығында...

Өлеңнің мақсаты қандай? Біздің шалағай түсінікте әзірше оқырманды дүр сілкіндіру һәм күйбең тірліктің қоңыр ұйқысынан ояту. Ал ұйқы­дағы жанды шошытып алмай ояту үшін, көңілін толқыту үшін қайтпек керек? Әрине өзіңе сендіруге тиіссің. Ал оқыр­ман деген қызық халық, бір сенді ме өле-өлгенше соңыңнан қалмайды. Жаныңнан екі елі ұзамауға бар. Тіпті ақынмен бірге күйіп-пісіп, ақынмен бірге шалқып, құлай сүюге қауқарлы. Ал ол үшін ақын тек дарынды ғана емес, аристократ болуы да қажет. Алақаны аспан, құшағы жер дегендей... Ізіңнен жақсы пікір еріп, соңыңнан келе жатқан ініге көлеңкеңді түсірмеуге міндеттісің. Ақын болсаң, жанына қуаныш себетін, адамгершілік арнасы көңілді бірден үйіріп әкететін иірімі қатты дариядай бол немесе ешкімнің табаны тие қоймаған тауға айнал. Екінші биікке қазақта Абайдан басқа ешкім көтерілген емес. Ал бірінші айтқан қасиетті оның өлеңінен де, өзінен де жолықтырған соң айтып отырмыз. Әйтпесе ақын:

Шегіне, сірә, жетем бе деумен ән-жырдың,

Кірпік ілместен таңдарды талай таңға ұрдым.

Найзағай емес, өртейтін-дағы кететін,

Жанға бір сая жауатын жазда жаңбырмын.

Арқадан қағар ағамен талай сән құрдым,

Өзекті өртер сұлумен жүріп, паң күлдім.

Найзағай емес, сұрқы да суық, сұраусыз,

Өткенді аңсап күзде бір жауар жаңбырмын, –

деп жаза ма?!

Шынында, қаламгердің алтын қаламы іліп алған сурет жоқ-ау дегеннің өзінде сүбелі жыры алға сүйреп шығарады. Мың жүйрік шауып өткен жотадан бір құшақ гүл теріп, өрт шыққан өрістен бір мая шөп шабу оның шабыты үшін түк қиындығы жоқ шаруа. Алатаудың биіктігіндей биіктік, Жетісудың табиғатындай тазалық, қыранның қырағылығындай бір қырағылық бар онда. Кейде ондаған, тіпті жүздеген жіті көздер сүзіп өткен ашық алаңнан қалтарыста қалған асыл дүниені байқап қоятынына қайранбыз. Сірә, нағыз ақындар ғана көретін, жүрекпен сезетін, өзгелер өліп бара жатса да аңғармайтын сиқырлы сәттер кездесетін болуы керек.

Бәйгесін бәстің кім ұтар бөлек?!

Талайға біз де үміт-арман ек...

Қаралы топтың сұрқынан қорқам,

Қайрыла бере ұмытар ма деп!

Мен тектес кетсе бала шығынға,

Бөленбес, бәлкім, даласы мұңға.

Төмпешік болып қалудан қорқам,

Қимас көздердің қарашығында!

Әдемі емес пе? Қайғы да, үміт те, қынжылыс та бар. Көптің көкейіне ұялаған сыр, көмейіне кептелген сөз. Жүздеген жүректер шымырлап қайнап, бір бақытты ауыздан шығып тұрған тұнық сезім. Әсерлі ме? Әсерлі. Көз алдыңа елестей ме бүкіл көрініс? Елестейді. Шіміркене ме өн бойың? Әрине, шіміркенеді. Өлеңге һәм шабытты жыр жолдарына сүйінесің!

Адам туған жеріне тартады. Жусаны болып сөйлейді, бұлбұлы болып сайрайды. Ондағы табиғаттың барлық тамашасын өзінің бүкіл жаратылысымен сезінуге бейім. Көктемгі даланың жұпар аңқыған қызыл-жасыл гүлдеріне құмарта қарайды. Қарағай басынан қайрыла ұшқан бозторғайдың құйқылжыған сиқырлы әнін елти тыңдайды. Балауса шалғынның тәтті исін құныға жұтады. Нұрлы өлең де сол нұрлы табиғат секілді. Қалам иесі болмысымен қабылдайды, күндей жүрегінен мейірлене төгеді. Жақсы өлең өзіне-өзі ән, өзіне-өзі сурет, өзіне-өзі сын. Өлең сүйген оқырман оны тыңдап отырып, үлкен бір көркем картина көргендей, нәзік әуен естігендей, санасына парасатты ой құйғандай болады.

Сездіретін жаз самалын, күз демін,

Үмітімді күнге жалғап, үзбедім.

Тамшыбұлақ – сүйгеніне жете алмай,

Жанарына жас үйірген қыз ба едің?!

немесе

Сезіміңді селдеткенде саз-ғалам,

Сабыр сұрап тағдырынан аздаған.

Тамшыбұлақ – талайына мұң шағып,

Бозбала ма ең бота сынды боздаған?!

Оның жаратылыс жайлы жырлары жалаң сурет, әсіре бояу емес мөлдір де терең теңеулер. Бұл өлең жолдары тылсым табиғаттың һәм жан кеңіс­тігімен үнемі ұласып, үнемі ұштасып жатады да, оқушыны тұңғиық ойларға жетелейді.

Ол о баста қандай ақын болса, қазір де сондай ақын. Оның жыры бұрын қандай ойлы болса, қазір де сондай ойлы. Бұрын қандай бейнелі болса, қазір де сондай бейнелі. Бұрын қандай шынайы болса, қазір де сондай шынайы. Абыройдың әдемі сарайын тұрғызып, сол биікте ұзақ бекіп қалғандай. Жалқының мұңын жалпыға сабақ боларлық көркемдік деңгейге көтерді. Қандай да бір құбылыс, қандай да бір көріністі байқап қалса, сол дүниелерге аяқастынан балама боларлық картина жазды. Бұл біз бағанадан бері атын жасыра айтып отырған ақын Қуат Қайранбаевтың жыр-портреті. Әдеби ортада өзіндік қолтаңбасы бар қаламгердің жыр жауһарларына біз де осылай үңіліп көрдік.

Иә, ол өзінің өскен ортасына, ұшқан ұясынан ұзап ешқайда кетпейді. Кеткісі де жоқ. Кейде кіндік қаны тамған топырақты сағынғанда Талдықорғанға тартып тұратыны бар. Алматыға өкпелемейді, бірақ ауылдың ауасына жетер рухани дәрумен таппай жүргені жанарынан анық байқаймыз. Шағын шаһар шайыр келгенде бір шалқып қалатыны белгілі. Ол да тағы бір әңгіменің басы. Сондықтан да болар оның өлеңдерінде Жұматай Жақыпбаев, Сәкен Иманасов, Әбен Дәуренбеков сынды сүлейлердің қалдырып кеткен бір үзік сыры бар. Тіпті сол дәуірдегі қазақ поэзиясының ұлттық белгілері молырақ сезіледі:

Түнде көзге түспейтін, күндіз қолға,

Түпсіз терең үңілем шың-құздарға...

Аймен ашық сырласу – арман маған,

Миығынан күледі жұлдыздар да?!

Жүректі кернегенде сезім-керім...

Тұнғанда шарасыздық көзімде мұң.

Жанға шабыт, әрине, жырыма арқау,

Ұстағаным! Көргенім! Сезінгенім!

Иә, әр өлең әркімге әртүрлі әсер ететіні анық. Бір өлеңдер күннің күркірі мен найзағайдың жарқылы сияқты оқыстан селк еткізсе, екінші бір өлеңдер жапырақтың сыбдыры мен бұлақтың былдырындай әлдилейді. Тағы бірі іргедегі тау өзеніндей дүркіреп, құлағыңнан кетпей қойса, енді бір өлеңдер алыс ­ауылдан үздігіп жеткен әдемі әуендей еміндіріп қояды. Осының қай-қайсы да Қуат Қайранбаевтың жырларынан бөлек нышан, бөгде қасиет емес. Ол қалғып кеткен сырлы сезімдер мен ұйқылы-ояу тоқ көңілдерді сілкіп-сілкіп алар қуатты жырлардың иесі.