Аймақтар • 17 Маусым, 2021

Денсаулығың қалай, дәрігер?

777 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жексенбіде ковидстационарға шұғыл жеткен Салтанат Сатыбалдықызы өте ауыр халдегі жүкті әйелді аман алып қалудың барлық жолын қарастырды. Керекті мамандар шақырылды, консилиум өткізілді. Ота жасалып, жеті айлық нәресте жарық дүниеге келді, ана да аман.

Денсаулығың қалай, дәрігер?

Иә, бұл – маусым айында өршіген індетпен арпалыстың бір ғана сәті. Сол күннен кейін демалыссыз жұмыс істеген, ауыр халдегі науқастардың өмірі үшін күрескен Кентау қаласы орталық ауруханасының босану бөлімінің меңгерушісі, акушер-гинеколог Салтанат Құдайбергенова отбасымен тек телефон арқылы байланысып отырды. Отағасы ауырғанда да телефон арқылы кеңес беріп, дәрі-дәрмек белгілеген. Алайда...

«Жолдасымнан айырылдым... Өте ауыр күндерді бастан өткердім. Мұндай қайғыны ешкімге тілемеймін, індеттен Алла сақтасын! Қаншама дәрігер пневмониямен ауырды. Мен өзім бір жарым ай ауырып жаттым. Әріптестеріме, ақхалатты абзал жандарға басымды иемін. Ерен еңбегін, батырлығын көрсетті. Бас дәрігеріміз Гүлбану Жұмағалиқызы бізге рух беріп, жігерлендіріп, моральдық көмек көрсетіп, қолдап отырды», дейді көзіне жас ала сол күндерді есіне түсірген жоғары санатты дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Салтанат Құдайбергенова.

Жаныңды жанап өткен әр адам тағдыр кітабыңда ізін қалдырады. Иә, былтырғы маусымда өршіген індетпен күрес дәрігерлердің де жүрегіне сызат түсірді. Ауыр халдегі науқастар, ауа жетіспей аласұрып жатқандар, қатары еселеп артқан қайтыс болғандар дәрігерлердің, жалпы ақхалатты абзал жандардың жүрегін ауыртты. Әрбір науқасты аман қалып қалу үшін қолдағы бар амалды жасап, жанталасқан дәрігерлер жүрегіне түскен сызат, жүйкені жұқартқан салмақ денсаулығына да кері әсер еткені анық.

«Сол күндері үйді ұмытып, жұмыс істедік. 21 маусымда 50 адамға дейін қабылдау бөліміне келіп қаралды. Бас дәрігер барлығымызды шақырып, провизорлық бөлімде науқастарға көмек көрсетуге үндеді. Әрине әрбір дәрігер, медбике ерікті түрде келісім беріп жұмысқа кірістік. Қорқыныштың болғанын да жасырмаймыз. Әсіресе өз әріптестеріміздің індетке шалдыққаны, оларды аман алып қалу мүмкін болмағаны көпшілігімізге ой салды. Бірақ біз антқа адалдық танытып, бар ойымыз науқастарды аман алып қалу болып, сол мақсатта аянбай еңбек еттік. Қолымыздан келген бар мүмкіндікті жасадық. Өзіміз танитын, кәсібилігін жоғары бағалаған жансақтау бөлімінің меңгерушісі Бақытбек ағай, Құркелес емханасының гинеколог-дәрігері Жұмаділла Ибадуллаев ауырып, екеуі бір күнде көз жұмды», дейді Сарыағаш аудандық орталық ауруханасы, ішкі аурулар бөлімінің меңгерушісі Құралай Әбілмәжінова. Сол күндері қаншама дәрігер, мейірбике өздерін жайсыз сезінгенімен, өз денсаулығына мән бермей жұмысын жалғастырды.

Облыстық №3 перинаталдық орталығында пандемия кезінде 8 медицина қызметкері дертке шалдыққан. Қазіргі күні олар өз жұмыстарын жалғастыруда, денсаулықтары жақсы. Орталық басшылығының хабарлауынша, олар мемлекет тарапынан арқайсысы 2 млн теңге жәрдемақы алған. Өкінішке қарай, өмірден озғандар да бар.

«Жас болса да білімді, білікті, жауапкершілігі мол, ұжымда беделді болған жас маман, қоғамдық денсаулық сақтау дәрігері-статист Жанар Бауыржанқызы қайтыс болды. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың медицина факультетін бітірген маманның артында екі баласы қалды. Облыстық перинаталдық орталық Түркістан, Кентау қалалары, Созақ, Отырар аудандарына қызмет көрсетеді. Орталықта 73 дәрігер, 337 орта буынды, 150 кіші медицина және басқа да қызметкерлер еңбек етуде. Дәрігерлердің орта жалақысы 420 мың теңге, негізінен баспанамен қамтылған. «Тұрғын үй» бағдарламасы арқылы 14 дәрігер кезекте тұр», дейді қызметкерлерінің бүгінгі әлеуметтік жағдайынан хабардар еткен орталықтың бас дәрігері Нұржан Махмутов.

Қатердің ортасында жүріп ажал құшқандар, өкінішке қарай, үшінші мегаполис – Шымкентте де аз емес. Індетпен күресте кәсіби міндетін атқару кезінде 21 медицина қызметкері коронавирустан бақилық болды.

«Марқұм болған медицина мамандарының туыстарына 10 млн теңгеден өтемақы төленді. Қиын кезеңде халықтың амандығын ойлап, аянбай еңбек етіп, қайтыс болған дәрігерлердің артында қалған ұрпақтарына «Барыс», «Парасат», «Құрмет» ордендері табысталды. Мемлекеттік награданы қала әкімі Мұрат Әйтенов марқұмдардың отбасына арнайы барып табыс етті. Бұған қоса әр отбасына материалдық көмек ретінде «Қайырымды қала» қорынан бөлінген 1 млн теңге көлемінде қаржылай көмек берілді», дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов.

Соңғы жылдары әлеуметтік жағдайлары жақсарып, еңбекақылары артқаны да айтылды. Медицина қызметкерлерін баспанамен қамту мәселесі де оң шешімін тауып жатыр екен. Мысалы, Шардара қаласында сырттан көшіп келген дәрігерлер қызметтік үй-жаймен қамтылады. Жас мамандарды жаңа салынып жатқан үйлерге орналастыру жолы қарастырылады. Яғни дәрігерлердің өз қызметін алаңсыз атқаруына барлық жағдай жасалуда. Ал ақхалаттылардың амандығын тілейтін тұрғындардың жалғыз талабы – адал да мінсіз қызмет. Денсаулығың мықты болсын, дәрігер!

 

Түркістан облысы