Қазақстан • 21 Маусым, 2021

Бірлігі жарасқан берекелі өңір

348 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміз этносаралық және кон­фес­­сияаралық келісім тә­жіри­­­бе­сінің өзіндік үлгісін қа­лып­тас­ты­ра отырып, толе­ранттылық және мәдение­та­ралық диалог мәселелері төңірегіндегі игі бас­тамаларды халықаралық дең­гей­ге шығара білді. Осының нәти­же­сінде саяси тұрақтылық, қо­­ғамдағы этносаралық және кон­фессияаралық татулықты орнату жөнінен әлемдік қоғамдастық тарапынан оң бағаға ие болды.

Бірлігі жарасқан берекелі өңір

Былтыр аталып өткен Ассамблеяның 25 жылдығы біртұтас Отанымыздың және балаларымыздың болашағын Қазақстан халқы бірге қалыптастырып жатқанын көрсетті. Бірге өмір сүре отырып, біз бір-бірімізді рухани тұрғыдан байыта түсеміз. Халқымыз татулық пен келісімнің бірегей саясатымен, достық негіздегі көршілестікке бейімдігімен, тұ­рақ­тылық пен тыныштыққа ұмтылы­сы­мен мақтана алады.

Бүкілқазақстандық бірліктің біре­гей моделін қалыптастыруда, әсіресе, Қазақстан халқы Ассамблеясы маңыз­ды рөл атқарады. Ассамблея осы жылдар ішінде елдегі этностарды жақын­дас­тырды, әрбір мәдениеттің озық үрдістерін көрсетті. Бір қарағанда әр этностың дәстүрі бір-біріне ұқса­ма­ға­ны­мен, олардың түпкі мәні бір.

Қостанай өңірінде 17 облыстық этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олардың жанында 9 этностың тілін оқытатын жексенбілік мектеп, 10 шы­ғармашылық ұжым, 6 «Жастар қана­ты» жұмыс істейді. Жастардың арасында қоғамдық келісім мен жалпы­ұлттық бірлікті нығайту бағытында практикалық іс-шаралар, волонтерлік пен ағартушылық қызметтер жүр­гі­зілу­де.

Осы бағытта облыстың жоғары оқу орындары мен колледждерінде «Мектеп медиациясы және халық дип­­ло­­матиясы» жобасы шеңберінде кездесу­лер тұрақты өткізіледі.

Ассамблея өңір жастарының па­т­риот­­тық рухта өсіп-қалыптасуына ықпал ететін тәрбиелік, тарихи-та­ным­дық мәні бар жобаларды жүзеге асыру­ға баса мән беріп отыр. Солардың бірі – «Қазақтану» жобасы. Ол өзге этнос­тар­ға қазақ елінің тарихын, ұлттық болмысын, салт-дәстүрі мен ана тілін танытады. Бір сөзбен айтқанда, елді біріктіретін ұлттық бірегей жоба. Ерекше бастама. Өйткені еліміздің болашағы жастардікі, қоғамдық сананы жаңғырту бірінші кезекте жас ұрпаққа қатысты. Осыған орай, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы аясында құрылған «Жаңғыру жолы» волонтерлер қозғалысы орталығы ерік­тілерінің саны жылдан-жылға артып келеді. Жастардың бұл саладағы жұмыстары қоғам игілігіне бағытталып отыр.

Алғыс айту күнін мерекелеу қар­саңында «Жаңғыру жолы» РЖҚ мүшелері мен Қостанай облысы ҚХА жанындағы Волонтерлер қоз­ғалысы орталығының ерік­ті­лері қа­йы­рымдылық акциясын ұйым­дас­ты­рып, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің ауласын қардан тазалап берді. Қайы­рым­дылық шарасы аясында 170-тен астам аула қар құрсауынан тазартылды. «Туған елге мың алғыс!» рес­пуб­ли­калық челленджіне белсене атсалысты. Өңір жастары Birge – taza Qazaqstan, «Игі істер марафоны», «Қайы­­рымдылық керуені» акцияларына да қатысады.

Облыстық ассамблея биыл ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына, Семей ядролық полигоны жабылуының 30 жылдығына және басқа да маңызды мерейтойларға арналған ағартушылық бағыттағы іс-шараларды қолға алмақ. Мәселен, маусым айында Семей ядролық поли­гонының жабылғанына 30 жыл толуына арналған «Даму тарихынан бастап жабылғанға дейін – Семей ядролық полигоны» ғылыми–білім беру экспедициясы ұйымдастырылады.

Наурыз мейрамын мерекелеу аясында Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы Достық үйінің Instagram-дағы ресми сайтында 9 сериялы көркем фильм жариялады, оның әр сериясы белгілі бір мереке күніне арналған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, Ассам­блеяның басты міндеті –этнос­ара­лық келісімді сақтап қана қоймай, қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосу. Осы орайда, облыстық ассамблеяның ғылы­ми-сараптамалық тобы, Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, Медиация кеңесі мүшелері 1-ші тоқсанда бейінді ма­мандарды тарта отырып, онлайн фор­матта кәсіпорындар, шаруа қожа­лық­тары, білім беру, денсаулық сақтау сала­ларының қызметкерлерімен және ауыл тұрғындарымен кездесті.

Жалпы, Қостанай облысында
1 облыстық, 20 қалалық және аудандық, 210 ауылдық – барлығы 233 Қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істейді. Мұның сыртында, облыстағы ірі кәсіпорындар Соколов-Сарыбай кен байыту бірлестігі мен «Қостанай минералдары» АҚ-да 2 қоғамдық келісім кеңесі бар. Қазақстан халқы Қостанай облыстық ассамблея­сы ғылыми-сараптамалық тобының құрамындағы өңірге белгілі ғалымдар мен сарапшылар этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған сан түрлі іс-шараларды жыл бойы өткізіп келеді.

Осындай белсенділіктің арқасында еліміз үшін атаулы даталар мен мерекелер лайықты аталып өтіп келеді. Әсіресе, тарихи әділдікті қалпына кел­тіруде ҚХА-ға жауапты міндет жүк­теліп отыр. Бұл бағытта облысымызда іс жүзінде ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандары санат­та­рының тізімін анықтау жұмыс­тары басталды. Комиссия 3 ай мерзім ішінде ақталмаған 104 адамның тізімін анықтады. Мәселен, 1929 жылғы Батпаққарадағы көтеріліске қатысқан 327 адамның тізімі белгілі болып отыр. Бұл тізімдегі көтеріліске қатысқаны үшін ату жазасына кесілген 25 адамның ақталғандығы туралы деректер жоқ. Сондай-ақ репатриацияланған, бірақ ақталмаған немістер туралы, дүние-мүлкі тәркіленіп, жер аударылған 78 бай мен болыстың тізімі жасақталды. Бұл тізім тарихшы-ғалымдарға бері­ліп, олар өз кезегінде архивтерден осы азаматтар туралы деректер мен құжат­тарды іздестіретін болады.

Қуғын-сүргінге ұшыраған азамат­тар­ды жаппай жерлеудің 4 орны та­рих­шы-ғалымдардың көмегімен анық­талды (үшеуі Қостанай қаласында, біреуі Қостанай облысында). Қостанай қа­ла­сының аумағында корейлердің жер­­ленген тағы бір орны бойынша мә­ліметтер жинау жұмыстары жүр­гізілуде.

Бұл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерей­тойы қарсаңында көтеріліп отыр­ған өте жақсы бастама болып отыр. Бүгінгі таңдағы басты мінде­тіміз – тарихымызды түгендеп, ұрпақ­тар сабақтастығын нығайтып, жас ұр­пақ­қа өзара түсіністік пен бірліктің қа­лып­тасқан дәстүрлерін жеткізу.

 

Қаламқас САНДЫБАЕВА,

Қостанай облысының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы