«Қайта өңделген пластиктен жасалған картаның экологиялық функциясы да бар. Банк картасымен жасалған әрбір төлемнің транзакция сомасынан 0,5 пайыз – Eurasian Environmental Fund-қа, тағы 0,5 пайызы Eurasian Pay, Apple Pay, Samsung Pay арқылы жасалған байланыссыз төлемдер үшін клиентке бонус ретінде жіберіледі. Экокартамен мейлінше көбірек төлем жасалған сайын соншалықты экологиялық бағдарламаларды қолдауға қаржы бағытталып отырады», дейді Еуразиялық банк басқарма төрағасы Иван Белохвостиков.
Аталған эко картаны пайдалану арқылы әрбір қазақстандық ел экологиясының жақсаруына аз да болса үлесін қосып отырмақ. «Жасыл бонустар» жинақталып отыратын қор бір ай бұрын ғана «Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында құрылған.
– Біздің миссиямыз – Қазақстанда көміртегі бейтараптығына қол жеткізу. Біз елге шынайы көмегін тигізе алатын түрлі бағдарламалар мен бірлескен жобалар жасау үшін экобелсенділер мен экологтарды шақырамыз. Қордың жұмысы ашық жүргізіледі, – дейді «Астана» халықаралық қаржы орталығы «Жасыл қаржы» қорының бас директоры Айдар Қазыбаев.
Mastercard компаниясының Орталық Азиядағы бас директоры Рафал Трэпканың айтуынша, өңірде алдыңғы қатарлы қаржылық шешімдер іске асуы үшін Mastercard белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Трэпка сондай-ақ экологиялық карталарды нарыққа шығару процесінің Қазақстанда да басталғанына қуаныш білдірді. Ал банк карталары үшін пластик өндірумен айналысатын «Розан Азия» компаниясының директоры Данияр Байбатшаевтың айтуынша, қайта өңделген пластиктен экокарта өндірісін жасау тым қымбатқа түседі. «Сол себепті, мұнда ешкім пайда көрмейді. Өйткені қатысушылар үшін бұл коммерциялық емес, әлеуметтік жоба. Ең бастысы – осы арқылы экологиялық проблемаларға және «жасыл технологияларға» ел назарын аудара аламыз», дейді ол.
Әдеттегі банк карталары жұмсақ және берік материал болып саналатын поливинилхлоридтен жасалады. Ресейлік «Эколайн» компаниясы директорының орынбасары Елена Вишнякованың айтуынша, банк карталарын утилизациялау өте көп қиындық тудырады. Себебі карталар тек 200 градустық ыстықта ғана жойылады. Ал мұндай жоғары температура кезінде ауаға диоксин, қорғасын, сынап, кадмий, фталат сияқты улы элементтер бөлініп шығады. Сондықтан соңғы кезде ресейлік мамандар пластикалық карталарды цифрлы картаға ауыстыру туралы ұсыныстар айта бастады. Осылайша, қайта өңделмейтін қалдықтар көлемін азайтып, оларды дайындауға жұмсалған ресурстарды үнемдейміз, дейді сарапшылар.
Соңғы деректер бойынша Қазақстанда 30 млрд тоннадан астам өндірістік және тұтыну қалдықтары жиналған. Соның ішінде пластикалық қалдықтарды қайта өңдеу және жою мәселесі өзекті болып тұр. 2016 жылы елдегі пластик қалдық саны 283 387 тонна болса, 2018 жылы соның 9 мың тоннаға жуығы ғана өңделген.
Айтпақшы, еліміздегі тұңғыш эко картаны 10 маусымнан бастап eubank.kz сайтында онлайн өтінім беру арқылы ала аласыз. Бір жыл бойы картаға тегін қызмет көрсетіледі.