Сондай-ақ Ресей, Финляндия, Украина, Аустрия құрамалары да бір аяғымен плей-офф кезеңіне өтіп тұр деуге болады. Аталған елдердің футболшылары соңғы турда жеңіске жететін болса, екінші және үшінші орынмен топтық кезеңнен шығуға мүмкіндіктері бар. Ал D, E және F тобындағы құрамалардың жағдайы екінші турдан кейін одан әрі шиеленісіп кетті.
Мәселен, алғашқы турда Хорватияны 1:0 есебімен тізе бүктірген ағылшындар екінші турдағы Британия дербиінде Шотландиямен тең ойнап (0:0), мерзімінен бұрын келесі кезеңге шығу мүмкіндігінен айырылды. Дегенмен Англия құрамасының екінші орынмен де плей-офф кезеңіне өту мүмкіндігі бар. Бірақ бәрі де соңғы турдағы ойындардың нәтижесіне байланысты болмақ. Гарет Саутгейт шәкірттері үшінші турда жеке көрсеткіш бойынша D тобында бірінші орында тұрған Чехия құрамасымен ойнайды. Келесі кезеңге шығу үшін екі құрамаға да тең ойын жеткілікті.
Ал топтағы екінші ойында бір-бір ұпайы бар Хорватия мен Шотландия бақ сынайды. Бұл ойында екі ұжымға да жеңіс ауадай қажет. Себебі үш ұпай олжалаған құрама 4 ұпаймен үшінші орын арқылы да плей-оффқа шығуы мүмкін. Ал егер тең есеп тіркелетін болса, өкінішке қарай, Хорватия да, Шотландия да биылғы доданы топтық кезеңмен аяқтауға мәжбүр болады.
E және F тобындағы құрамалардың жағдайы тіпті қиын. Мәселен, E тобында 4 ұпаймен көш бастап тұрған Швеция соңғы турда бір ұпайы бар Польша футболшыларымен кездеседі. Егер Роберт Левандовски бастаған ұжым бұл текетіресте жеңіске жетіп, Испания Словакияны тізе бүктіретін болса, Пиреней түбегінің өкілдері мен Польша бірінші және екінші орынмен келесі кезеңге шығады. Ал 4 ұпаймен үшінші орынға сырғитын Швеция топтық кезеңнің ойындары аяқталғанын күтеді. Қызық болғанда, Швеция мен Словакия қарсыластарымен тең түсіп немесе жеңіске жететін болса, биылғы Еуро Испания және Польша құрамаларынсыз әрі қарай жалғаса береді.
F квартетіндегі құрамалардың да жағдайы өзге топтармен салыстырғанда аса мәз емес. Биылғы біріншіліктің «ажал тобы» атанып кеткен төрттікте Еуропаның ең үздік ұжымдары жиналған. Атап айтар болсақ, Германия – үш дүркін, Франция – екі дүркін Еуропа чемпионы. Ал Португалия құрамасы 2016 жылғы қарт құрлық біріншілігінің жеңімпазы саналады. Мажарстан құрамасы да қара жаяу емес. Олар 1964 жылы Еуропа чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алған.
Осындай кіл мықты құрама жиналған топтың алғашқы турында Франциядан жеңілген Германия екінші турда Португалияны ірі есеппен тізе бүктірді – 4:2. Бұл ойында Криштиану Роналду бастаған ұжым «неміс машинасын» тоқтата алмады. Ал бірінші турда өз алаңында Португалиядан оңбай жеңілген Мажарстан футболшылары екінші турда Франция құрамасына лайықты қарсылық көрсетіп, 1:1 есебімен тең ойнады. Бір айта кетерлігі, осы матчтың ең үздік ойыншысы деп танылған Ласло Кляйнхайслердің есімі қазақстандық футбол жанкүйерлеріне жақсы таныс. Өйткені мажарстандық жартылай қорғаушы 2017 және 2018 жылдары елорданың «Астана» клубында өнер көрсетіп, өзінің тәуір ойынымен жергілікті жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген еді.
Енді соңғы турда Мажарстан Германия құрамасымен кездеседі. «Неміс машинасы» бірінші турдағыдай сыр беріп қалмаса, келесі кезеңге шығуға толық мүмкіндіктері бар. Топтағы Португалия мен Франция арасындағы матч осы турнирдің финалынан кейінгі ең тартысты кездесудің бірі болады деп күтілуде. Себебі бұл ойында тең нәтиже екі ұжымды қанағаттандырмайды, екеуіне де тек жеңіс қажет. Еуропа біріншілігі өзінің қызған шағына енді еніп келеді.