Экономика • 21 Маусым, 2021

Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану практикасы жалғасып келеді – А.Жамалов

211 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкімет әлі стратегиялық мақсаттар мен бюджет шығыстарының тиімділігін бағалайтын әдістемені қабылдаған жоқ. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану практикасы жалғасып келеді – А.Жамалов

«2020 жылы COVID-19-ға қарсы күреске 6,9 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 3,5 трлн теңге бөлінді. Бұл сомалар қалай игерілді? Есеп комитетінің деректері бойынша оларды игеру кезінде көптеген талаптарды бұзушылықтарға жол берілген. Менің әріптестерім дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген шығыстар тиімділігінің төмен екендігі туралы бірнеше рет айтты. Бұл – «Жұмыспен қамтудың жол картасына», «Бизнестің жол картасына» және тағы басқа жобаларға қатысты»,  деді А. Жамалов Үкімет пен Есеп комитетінің 2020 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарау кезінде.

Сонымен қатар депутат бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану практикасы жалғасып отырғанын айтты.

«2020 жылы ол 569 млрд теңгені құрады, яғни 2019 жылға қарағанда 33%-ға артық. Оның 10 пайызы, яғни 56 млрд теңгесі квазимемлекеттік секторға қатысты. Бір қарағанда, олай болуы мүмкін емес болып көрінеді, өйткені олар бюджеттік ұйымдар емес, кәсіпкерлік субъектілер»,  деді ол.

А. Жамаловтың пайымынша, өткен жылдардағыдай стратегиялық және бюджеттік жоспарлау арасында тиісті өзара байланыстың болмау проблемасы сақталып отыр.

«Көбінесе мемлекеттік органдар өздеріне оңай көрсеткіштерді белгілейді. Мысалы, қанағаттану деңгейі, сапа деңгейі, қолдау деңгейі. Олардың негізі – әлеуметтік зерттеулер. Оларды мемлекеттік органдардың тағы да бюджет қаражатына жүргізеді. Өкінішке қарай, Үкімет әлі күнге дейін стратегиялық мақсаттар мен бюджет шығыстарының тиімділігін бағалайтын әдістемені қабылдаған жоқ, ол бюджеттің атқарылу сапасына әсер етеді», деді депутат.