Тарих • 21 Маусым, 2021

Ақылдың азабы

560 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Тағдырдан аяусыз соққы көрсе де, Алаш арманын аялап, Алаш аманатына адал болып, ұлты үшін жанкешті жұмыс жасаған жандар ғұмыр жеткенше үздіксіз жаза беретін тақырып. Бүгінгі әңгіме Ахмет Қуанұлы Жұбанов туралы.

Ақылдың азабы

Ғазиза Жұбанованың «Мир мой – Музыка» деген шағын екі кітабы бар. Осыдан ширек ғасыр бұрын баспасөз бетін көрмеген күнделіктері, эсселері, жолжазбалары қызы Дина Мәмбетованың ұйымдастыруымен «Асим» компьютер баспа орталығынан орыс тілінде жарық көрді. Ұлттық му­зыка тарихының мәселелерін қоз­ғайтын бұл кітаптар оқырман үшін үлкен олжа еді. Өкінішке қарай, арзымайтын данамен шықты. Сапасы да сын көтермейді, болмаса әркім де тұшынып оқитын-ақ кітап. Осы кітабында қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш кәсіби композитор Ғазиза Жұбанова әкесі, ұлт руханияты ұстындарының бірі де бірегейі Ахмет Қуанұлы Жұбановтың қиын тағдырына бір тарау арнаған. Онда бізге әлі күнге беймәлім, айтыла бермейтін көп жайдың сырын ашқан.

Қазақ руханиятына, ғылымына өлшеусіз қызмет еткен Жұбановтар әулетін кім білмейді?! Ахаңның ағасы Құдайберген Жұбанов тіл ғылымының биігі бола тұра, алғаш қазақ күйі жөнінде жойқын мақала жазған адам. Ол кісі «халық жауы» атанған соң Ахмет Жұбанов та көп азап көрді. Тіпті Ахаңды филар­монияға есік аузында отыратын вахтердің өзі кіргізбей қойған. «Өзі асырап, күшік еткендер» со­ңына шам алып түсті.

Ғазиза апамыз ер мінезді, өжет адам еді. Әкеден қалған қасиет қой. Ол да талай мәрте қазақ бала­сына қамқор болды. Өмірі тұт­қында өтіп, тәуелсіздік таңы атқанға дейін тамұқ күй кешкен скрипкашы Әйткеш Толғанбаев Ғазекеңнің ер-азаматтардың қо­лы­нан келмейтін жақсылығын айт­қанда етегі жасқа толатын. Сол Ғазиза бір күні әкесіне: «Папа, сіз осы неге өзіңіздің өмір бақи ізіңізге түскен адамдарға қамқор болып, жақсылық жасап жүресіз? Тіпті қонаққа шақырасыз, олар жөнінде мақтауын келтіріп, арнайы мақала жазасыз. Шәкірттеріңіз­ге солардың шығармашылығы жө­нінде кандидаттық, докторлық диссертация қорғатасыз. Мұны қа­лай түсінуге болады?» дейді. Сонда Ахаң: «Е, қарағым, кім қате­леспейді? Кісіні құтқаратын кекшілдік емес, текшілдік. Олар мені бір рет өлтірсе, мен жазған мақаладан соң күнде өліп жатқан жоқ па?» депті.

Адамға ақылдан гөрі мейірім көбірек керек деген бір тәмсіл бар. Ахаңда сол мейірім-шапағат бол­мағанда, тартысумен жүргенде қазақтың музыка мәдениеті, тарихы кенжелеп, қаншама мәселе жалғанның жарығына шықпай қалар ма еді деп те ойлайсың. Қазақ музыка тарихына тұңғыш ғылыми негіз салған (А. Сейдімбек) Ахмет Қуанұлының иненің ұшында отырып жазған көл-көсір еңбе­гін, орнын, бағасын бүгінгі ға­лым­сымақтардың біле бермеуі өзе­гіңді өртейді. Болмаса, «қазақ композиторлық мектебінің негізін қалаушы деп Е.Брусиловский­ді айтамыз» деп жаза ма? Қазақ­тың музыка мәдениетінің ауызша, жазбаша дәстүрінің тарихына терең бойламай, шала сауатты адамның өзі иланбайтын мұндай сыңаржақ пікірлерді айта салу кім үшін, не үшін керек? «Қандай музыка жазбасам да, ол қазақ музыкасы болып шыға береді» деп Евгений Григорьевичтің өзі мо­йындағандай, егер тіріліп ке­ле­тін болса, осы бір қисынсыз ба­ғаға сөзсіз қатты қапаланған бо­лар еді. Ол музыкадан үлкен тү­сінігі болған, содан ләззат алып, романтикалық күй кешкен адам. Қазақ музыкасының зор құдіретімен рухтанып, қазақтың өз байлығын өзіне ерінбей, жалықпай қайтарып берген бейнетқор адам.

Жалпы, біз біле бермейтін бір жағдай, сол жылдары ұлт музы­ка­сының байтақ байлығын есепсіз пайдалану, ревизияға, шырғалаңға салу процесі де қатар жүрді. Бұл да зерттеушісі табылса, жүйелі түрде қопара зерттелсе, көп сырды ашатын тақырып. Әрине бұл енді басқа әңгіме.

Сол тұста белгілі тұлғалармен бірге КСРО халық әртісі атағына қатар ұсынылған Ахаңды рес­публика идеологтері «қазақтың ұлттық өнерін зерттеген адамға мұндай атақ беру жарамайды» деп өткізбей де қойған. Қысқасы, бұл төңіректе шындыққа көз жеткізгіңіз келсе, тарих ғылым­да­рының докторы, профессор Таласбек Омарбеков пен марқұм, өнертану ғылымының докторы Сара Күзембаеваның, академик Серік Қирабаевтың ащы шындықты айтқан мақалаларын қарап шыққан да абзал.

1958 жылы Мәскеуде қазақ әде­биеті мен өнерінің он күндігі өте­тін болып, оған шығармашылық жағынан жетекшілік ету Ахмет Жұбановқа жүктеледі. Дайындық қорытындысында комиссия мүше­лері Е.Брусиловскийдің «Дудар-ай» операсын әлі де бір қайнауы ішінде екенін айтып, жаратпайды. Қайта жетілдіру керек дегенде ол бас тартады. Бұдан бұрын «Руслан мен Людмила» да осындай күй кешкен. Бұл жөнінде Ғазиза Жұ­банова аталған кітабында былайша еске алады.

«Ұлы адамды қорлаудың осы бір ақылға сыймас түрін есіме ал­ған сайын жүрегім сыздайды. Әңгіме осымен бітсе жақсы ғой. Баяғы арызқойлар ескі әуеніне қайта басып, Орталық комитетке менің әкемнің үстінен тағы да «ұлтшыл» деген айып тағып, көл­дей хат жазды. Тағы да азапты күндер басталды. Сондағы қойған кінәсі, әкем декада бағдарламасына «Руслан мен Людмила» атты орыс операсын ендірмепті.

Біздің қоғамда қандай жабайы ғадеттер болды десеңізші. Ко­миссия мүшелері тарапынан қойы­лымы және орындалуы жа­ғынан әлсіз деп танылып, қатты сынға ұшыраған спектакльге де ақыр соңында «ұлтшыл» Жұбанов кінәлі болып шығады. Сол кездегі Орталық комитеттің бірінші хатшысы болған Беляев деген біреу: «Ол ұлтшылды осылай тұзаққа түсірдік қой» деп масаттаныпты. Сөйтіп екі жыл ғұмырын арнап, бүкіл одақты тамсандырған декада хикаясы әкемнің қайтадан төсек тартуымен аяқталды.

Ол сағаттар бойы үн-түнсіз жа­татын да қоятын. Біз оның кө­ңілін аулауға тырысатынбыз. Неме­релеріне қарап, әлсіз ғана езу тартатын. Бір күні ол күтпеген шешім қабылдады. «Фрунзеге кетемін, онда достарым көп. Өмір сүруге де, жұмыс істеуге де қолайлы» деді. Шошып кеттік. Қайта-қайта жылап-сықтап жүріп, әйтеуір ра­­йынан қайтардық. «Отанды еш­теңемен айырбастай алмайсың ғой» деуге дейін бардық. Осы бір сөзден кейін, оның көзінен мөлт-мөлт еткен жас көрдік. Сөйтіп бәріміздің көңіліміз босап, бұл тақырыпқа қайта соқпадық».

Осындай жағдайлар Ахаңның жауларын көбейте түседі. Қысқа­сы бұл декададан жұрттың бәрі алпыншақ-салпыншақ тағынып, күйеуім Мәмбетов екеуміз де бір­деңе алып жатқанда, сол үшін өмі­рінің жартысын беріп, ауру тап­қан әкеме ештеңе бұйырмады, деп жазады Ғазиза. Әрине Ахаңды тұқыртудың басы бұл емес еді. Әсіресе 1948 жылғы космополитизм науқаны басталғанда ұлт зия­лыларына екі күннің бірінде «ұлтшыл» деген айып тағылып жатты. Әрине бұл бәлекет Ахаңды да айналып өтпеді. «Қазақ халық композиторларының өмірі мен шығармашылығы» атты кіта­бын­да жарияланған Кенесары жө­ніндегі халық әуенінің нота­сын бір сылтау етсе, оркестр құра­мын­дағы Бөкейхановтар үшін де жауығушылар қаптады. Әйтеуір бұл зұлматтан аман қалды дегені болмаса, консерваторияның тұң­ғыш профессоры, тұңғыш кәсіби музыкант, академик-композитор, дирижер – сан қырлы қазақ тағы да жұмыссыз қаңғып қалды. Содан Мәскеуге кетті. Балалары Ғазиза, Болат, Қайыр үшеуі студент еді. Әкесіне бір бөлме жалдап, төрт адам студент стипендиясымен өмір сүрді. Күнкөріс керек. Ахаң Виноградовтың «Осуж­дения Паганини» атты романын қазақшалады. «Ғасырлар пер­не­сін» жазды. Ескі облигациялармен күн көрді. Оның өзінде де ұтыс шыға қалса. Тіпті шешеміз барахолкаға барып, ұсақ-түйек те сатқан. Жұбайы бас сақинасына ұшырап, ауру тапты. Осылай екі жылғы сенделістен соң Алматыға қайтып, консерваторияға оралады. Елу жасымен арнайы құттықта­ған ешкім болмайды. Бір ғажабы Ахаң қамқорлық жасап, кейін биік тұлғаларға айналған адамдардың ішінде оның бұл келісіне қарсы шықпағаны кемде-кем болды. Тек қана өзі «Оның «Қазақ вальсі» Гагариннен бұрын ғарышқа шы­ғып кеткен» деп биік бағасын бер­ген Латиф Хамиди ғана айыпта­уын алыстан орағытып, астарлап қана айтса, қалғандары мүлдем ашық кеткен. Бұл жөнінде архив материалдарына, ондағы сте­но­граммаларға сүйеніп, түсін түстеп, атын атап дәлелді дерек­пен жазған Т.Омарбековтің «А.Жұбановты қудалау. Қазақ халық музыкасы қалай қудалауға ұшырады?» мақаласынан толық мәлімет алуға әбден болады.

Жарайды, бұл жылдарды ұлт зиялыларының басына қара бұлт үйі­рілген кезең еді, жаралы жыл­дардың жаңғырығы дейік. Таяуда мұрағатымды ақтарып отырып, бір брошюраға көзім түсіп, таң­ғалдым. «Құрманғазы атындағы оркестр» атты бұл шағын суретті кітаптың авторы В.Мессман деген кісі. Қазақ ССР-і мен Қазақстан компартиясының 50 жылдығына арнап шығарылған. Осы кітапта бас кейіпкер болуға тиісті Ахаң туралы қалың сөздің арасында тығылып тұрған бір-екі сараң сөйлем ғана бар. Оркестрдің өмірге келуі, алғашқы ұйымдастырушылары, қалыптасуы туралы мәтінмен қоса, белгілі тұлғалардың суреттері де берілген. Осы істің бастауында тұр­ған Ахаң жоқ. Таңғаларлығы кітапша бертінде 1970 жылы шық­қан. Біздіңше оның себебі өзі де, көзі де жоқ Ахаңның бұ­рын­­ғы «жанашырларының» әлі де қауқары қайтпаған болса ке­рек. Оның үстіне осы кезде Ғази­заға арагідік көз алартушылар байқалып жүрді. Қайран қаласың, бұл не қылған тарқамайтын кек?

Ахмет Қуанұлына Совет аудан­дық партия комитетінің бю­ро­­сында партиядан шығарып, сөз бер­генде «дұрыс, бәрі дұрыс, шынында солай» деп мойындауы да керемет қой. Қандай ақылды адам болған десеңізші. Егер мойындамаса сол күйінде итжеккеннен бір-ақ шығып, алда Алаш үшін атқарылар атпал шаруаға ие табылмай қалған болар ма еді. Ұлы Ахаң басы бәйгеге түсіп тұрғанда осыны ойлағаны хақ. Енді құрыл­ған Құрманғазы оркестрі бесігінде тұншығар ма еді? Консерватория, ондағы музыкалық фольклор зертханасы, Ұлттық Ғылым акаде­мия­сынан өнер бөлімі ашылар ма еді? Ал енді, ұлы Нұрғиса болар ма еді, болмас па еді?

1945 жылы соғыстың бітуіне екі ай қалғанда демалысқа келген Нұрғисаны Ахаң республика партия ұйымының хатшысы Жұмабай Шаяхметовке жетектеп барып, «Жұмеке, бұйыртса жеңістің де төбесі көрініп тұр. Бізге домбыра­шы жетіспейді. Нұрғисаны алып қалу керек» деп өтініш айтады. Хат­шы өтінішті орындайды. Ахаң­ның бұл жақсылығын Нұрағаң ешқашан есінен шығарған емес. «Мына мен өмірімде Ахаңсыз сөй­леп көрген емеспін, Ахаңсыз дири­жерлік етпеймін, Ахаңсыз өмір сүріп көргенім жоқ. Мы­нау Ахаңның маған 1937 жылы сый­­лаған домбырасы. Міне, 60 жыл болды. Ахаң болмаса, анау Қаршыға, мынау Бек бола ма, анау Құрманғазы оркестрі, «Отырар сазы» бола ма? Міне, сол Ахаң менің бесікте жатқаннан, жалпы өмірде бағынатын пайғамбарым» деп бір мерейтойында ма екен, ағынан жарылып, көңілі босап сөйлеп еді.

«Махамбеттей» сұрапыл симфония жазған адам осылай айтса керек. Нұрағаң ағашыл емес, алашшыл, рушыл емес, рухшыл еді ғой. Шынында қайран Ахаң бала Нұрғисаның бойындағы бұл­қынып жатқан өнерді көріп, 14 жасында Құрманғазы оркестріне қабылдағаны қалай жадынан шық­сын.

Қазір мемлекеттік тіл – қазақ тілінің тағдыры туралы қоғамда әлі күнге шешімін таппаған мәселе шаш етектен. Ал Кеңес өкіметінің тұсында туған тіліміздің жағдайы қалай болғаны айтпаса да түсінікті. Ахмет Қуанұлы соған қарамас­тан кандидаттық, докторлық диссертацияның басым көпшілігін қазақ тілінде жаздырып, қорғатып, ғылым тіліне айналуына зор ықпал жасады. Осы үшін де ғылыми кеңестерде талай мәрте айтылатын «ұлтшыл» деген айыпқа да еті үйреніп кетті. Ахаң туралы кейбір естеліктерде ұлт музыкасы, жалпы тарихы туралы айтқанда оның бо­йында ешқандай қорқыныш сезімі болмайтыны, ойындағысын айтып та, жазып та кеткені айрықша аталып көрсетіледі. Оның осы қасиеті сырттан келіп, ұлт элитасы­ның белгілі бір шоғырына қарсы аран­датушылық әрекеттермен айна­лысып, арнайы тапсырма ала­тындарға зұлым жоспарын жүзеге асыру үшін дайын тұздық еді. Бі­рақ тумысынан тектілік пен да­ланың даналығын бойына жиған дегдар Ахаң соның біріне де қыңбады. Халқы үшін ақылдың азабын кешуді зор бақыт көрді.

Ел әлі күнге шырқап айтатын әндерін былай қойғанда, ол қа­зақ музыкасының балеттен бас­қа бар жанрында жанкешті жұ­мыс жасады. 1944 жылдың 26 жел­тоқсанында қазақтың тұң­ғыш операсы «Абайды» жазды. Бұл ұлт мәдениетіндегі ерекше құ­былыс болды. Сол қиын күн­дерге қарамастан, жұрт театрға ағыл­ды. Осы орайда Ғазизаның күн­делігіндегі мына бір жолдар ерік­сіз назар аудартады: «Ол өте ең­бекқор, айтқанын істемей қой­майтын (бұл қасиет маған да қон­ған секілді) табанды кісі еді. Қазақ музыкасындағы тұңғыш туын­дылардың, ғажайыптардың кө­бісі әкемнің атымен байла­нысты. 1944 жылдың 26 жел­тоқсанында қазақтың тұңғыш опе­расы «Абайдың» дүниеге келуі шын мәніндегі ұлттық мерекеге айналды. Әр қойылым сайын кө­рермен театрға сыймай жататын. Авторларды қайта-қайта сахнаға шақырған көрермендер қазіргідей екі премьерадан соң сап тыйылмай, театрға үздіксіз ағылумен болатын. Мына бір жай есімнен кетпейді. Бірде кешкісін бір кісі үйге ентігіп жүгіріп келді. Әкем жұмыс істеп отырған. «Сізді көрермендер шақырып жатыр. Тез жүріңіз, әйтпесе кететін түрі жоқ» дейді. Оның әр премьерасы осылай өтетін. Әлі күнге дейін театрдың жаңа маусымының «Абаймен» ашылатынын мақтан етемін».

Ұлы адамның арманы сонша­лықты көп еді. Бірде ол Ғазизаға «шіркін енді 5 жыл өмір берсе, Құр­манғазы жөнінде бір опера жазсам, ол өмір бақи менің жа­нымның жартысы болды ғой» дей­ді. «Құрманғазыны» Ғазиза жаз­­ды. Қазақ операсының алтын қорында қалды. Кейіннен Ахаң­­ның өзі лиризміне табынып өткен Дәулеткерейдің «Жігерінің» негізінде симфония арнап, әкенің тағы бір арманын да орындады. Ұлттық Ғылым академиясына қарайтын өнертану институтын ашсам деп еді. Т.Жүргенов атын­дағы ұлттық көркем өнер академиясы ашылып, ол арманы да жүзеге асты. Арманы көп Ахаң «Ахметтердің арманы орындала бермейтін тәрізді ғой» деген екен бірде. Ахаңдар кім еді? ХХ ғасыр қазақ руханиятына үш Ахаңды берді. Олар – Ахмет Байтұрсынұлы, Ахмет Жұбанов және Ақселеу Сейдімбек. Бүгінде сол Ахаңдардың арманы біртіндеп жүзеге асып келе жатқанына азат елдің толағай тірлігі куә.

Тұлға туралы аз-кем ізденіс бары­сында бір жайға көзім жет­ті. Әдебиетте абайтанушы, әуезов­танушы, бауыржантанушы бар, арнайы курстар оқытылады. Олар­дың тұлғалардың тағылымын зерт­теуде еңбегі зор, жұрт қолына жетіп те жатыр. Ал біздің музыка тарихы арнайы оқытылғанымен, ахметтанушылар жоқ. Бұған дейін Ахаңды арнайы зерттеген мамандар болды. Алайда бүгінде араға көп үзіліс түсіп, сол үрдіс үзіліп қалған тәрізді. Бұл – енді Ахаңның емес, біздің арманымыз.

Өмірден көрген көп қасірет­тер Ахаңның астарлы, әзіл-әңгіме­лері­мен де жұрт жадында қалған. Әсіресе оның айтқыштығының өзі бір төбе. Қазіргі ортада да көбі­рек айтылады. Бірде-бір белгілі кісі Ахаңмен шипажайда бірге демалады. Ваннаға қатар түсіп жатқан­да әлгі кісі Ахаңа «қайратыңыз қайта бастаған ба, қалай?» деп тұқыртқан болады. Бұл күндерде Ахаңа түрлі айыптаулармен қатар, жігітшілік жөнінде де дәлелсіз әңгімелер жабысып жүреді. Соған жауап болсын деді ме, Ахаң әлгі кісіге «қайдан білейін, мен туралы ЦК-ның пікірі жаман емес қой» депті. Тағы бір лепес. Бірде Ахаң Жазушылар одағына келеді. Белгілі ақын Жұмағали Сайын бірінші қабатта отырады. Жаз­дың күні терезе ашық тұрады ғой. Сірә, қалжыңдары жарасқан әрі қатарластығы бар Ахаңның келе жатқанын көріп, Жұмекең «жігіттер көз жаққа барыспайық» дейді. Оны Ахаң естиді. Сөйтеді де Жұмағалиға келіп: «Осы сен жаңа не дедің, Жұмағали? Қазақ көз жаққа емес, бас жаққа барыспайық деуші еді. Сен қазақтың тілін біле­тін ақын емессің бе?» деп Жұма­ғалидің бас жағын меңзеп айтқан екен. Мұндай айтқыштық Ахаңда аткөпір.

Жердің астымен жүрген күн­дердегі мына бір айтқыштығы сірә да ұмытылмас. Қайсыбір жылы Әзербайжанның ұлы тұлғасы Гаджибеков өмірден озып, оның қазасына Қазақстаннан Бакуге Ахмет Жұбанов барады. Ахаң сондағы сөйлеген сөзін «өлген адам тірілердің көзін ашып кете­ді» деп аяқтапты. Осы сөзді Әзер­байжанның көне көз зиялылары «Апыр-ай, не деген ақылды адам еді» деп әлі күнге дейін еске алып отыратын көрінеді.

Ұлт тарихын түгендеу, ұлттың төлтума болмысын бүтіндеу жолында ақылдың азабын тартқан арыстарымыз аз емес, әрине. Сол ақылдың азабын бір емес, бірнеше кісідей көрген Ахмет Қуанұлы бол­мағанда ұлт музыкасының тай­қазаны бүгінде қалай тасып, қалай қайнар еді деп ойлаудың өзі де азап.

Апыр-ай, дейсің! Ұлтқа көл-көсір, өлшеусіз қызмет еткен те­ле­гей теңіз ақылдан азап шегу ойла­ңызшы, ақылға сыя ма?!.

 

Қали СӘРСЕНБАЙ  

 

Соңғы жаңалықтар