Тарих • 21 Маусым, 2021

«Жеңіс туы» туралы ақиқат

747 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Туған бауырындай көріп, батырлығына тәнті болған Рақымжан Қошқарбаевты батыр аға­сы Бауыржан Момышұлы аса құрметтеп өтті. Кезінде атақты Баукең «Ақиқат елу жыл кешігіп жүреді» деген екен. Қаһарман батыр айтпақшы, ақыры шындық жеңді. Ре­сей­дің ресми билігі Рақымжан Қошқарбаевты биылғы Жеңіс күні қарсаңында мойындады.

«Жеңіс туы» туралы ақиқат

Рақымжан Қошқарбаев небәрі 21 жасында елі үшін, халқы үшін адам сенгісіз ерлік жасады. Бірақ оның ерлігі сол тұстағы саясаттың кесірінен көзге еленбеді. Саясат өлім мен өмірді, құрмет пен табынуды ұлтқа бөліп қарастырды. Бірақ оған қарамастан ұсыныс жасалып жатты. Ең алғашқы болып батыр Бауыржан Момышұлы жоғары жаққа хат жазып, Рақаңның ерлігі туралы мәлімет берді. «Мен де соғысқа қатыстым. Дивизияға дейін басқардым. Төрт жыл бойғы сұрапылдың небір сұмдықтары көз алдымда. Бірақ Берлинді алардағы, Рейхстагқа ту тігердегі қырғын – ол нағыз ақырзаманның өзі. Жаңағы жігіт сол тозақ отының ішінде болған. Сол алапаттан аруақ қолдап, аман шыққан. Жеңіс туын тіккен! Тағдыр оның тарихи адам ретіндегі өмірбаянын сол сәтте жазған! Сендердің міндеттерің – енді соны елге айтып, жалпақ жұртқа жеткізу» деп кейінгілерге ұмытылмастай айтып кетуі үлгі-өнеге болды.

1945 жылдың аяғында батыр атағына ұсынушылар шамадан тыс көп болады. Олар түрлі сұрыптаулардан өткізіледі. Бұл туралы жан-жақты зерттеген ұлтымыздың ұлы азаматтарының бірі Евней Бөкетовтің естелігін келтіре кетсек:

«Қошқарбаев пен Булатовтың пешенесіне жазылғаны да бейпілдік болды-ау. 1945 жылы мамыр айында Рейхстагқа ту тігу­шілер ретінде сарбаз Булатов пен Қошқар­баев та Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Бірақ бұларды екінші толқынға ысырып, шегіндіре тұрайық деседі біреулер. Сол жылдың аяғында «Мәртебелі атаққа лайықтылар аз емес, көп: саралайық, сұрып­тайық, суырылып озған саңлақтарына алдымен атақ берейік, ордендермен сыйлайық», деп шешеді жоғарғы жақта.

1945 жылдың аяғында Ұлы Отан соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы болып Кеңес Одағының маршалы Иван Конев бекітіледі. Маршал наградаға ұсынылғандардың құжат­тарын қайта қарауға кіріседі. Оның алдына Рақымжан мен Гришаның қаһармандығын баяндаған құжаттар да келеді. «Немене, Ұлы Отан соғысының барлық батыры тек Жуков басқарған Бірінші Белорус майданынан ғана шығуы заңдылық болуы тиіс пе?» депті де Иван Конев Қошқарбаев пен Булатовтың құжаттарын қызыл сыямен айқыш-ұйқыш сызып тастапты. Содан кейін ондаған жылдар бойында ол жайында сөз қозғалмай жата береді.

Жеңістің отыз жылдығы қарсаңында Пермь облыстық партия комитеті өздерінің жер­­лестері «Григорий Булатов пен қазақстан­дық Рақым­жан Қошқарбаевтың қауіп-қатер­ге бас тігіп, Рейхстаг маңдайшасына Қызыл ту қада­ғандағы қаһармандығы ұмытылмауы тиіс», деп тиісті орындарға хаттар жазады. Обком­ның бірінші хатшысы Бүкілодақтық соғыс арда­герлері кеңесінің төрағасы маршал И.Коневке келіп жолығады. «Григорий Булатов – сіздің де жерлесіңіз, бәріміздің мақ­та­нышымыз. Батырлардың қандарын төгіп, шаш­тарын ағартып, қолдары жеткен мерей­лерін иеленуіне көмек көрсетіңіз», дейді. «Қадірлі жерлестерім-ау, сонау 1945 жыл­дың күзінде қайда қалғансыңдар? Енді кеш. Мен бір рет қолдамағанмын. Оным­нан бас тарту маған енді орайсыз», деп солқыл­дапты».

Кез келген істе бәсеке бар. Болсын, бірақ оның бас араздығынан қаншама адам зәбір көріп жатады. Біреу өзін зор етіп көрсету үшін басқаны даттайды. Ал әділ күресті таңдап алатындар өте сирек. Жоғарыдағы көрнекті әскербасылардың қырбайынан қаншама адамның зардап шеккенін бір Құдай білсін. Бірақ бір нәрсе айқын, сол маршал Г.Жуковқа Рейхстагқа алқашқы тігіл­ген Жауынгерлік Тудың иесі кімдер екені мәлімделгенде, маршал айқайға басып: «Қайдағы азиат, тез арада бір орыс пен бір грузинді табыңдар», деп армия басшылығын қуырып жібергенін айтушылар бар. Міне, бар мәселе осыған келіп тірелген.

Енді бастапқы әңгімемізге оралайық. 1945 жылдың 30 сәуірінде іңір түсе Рейхстаг қабырғасына алғашқы Жеңіс туы қадалады. Ал оның ең биік шыңына ту қадау жолында әлі де кескілескен шайқастар жүріп жатады.

1945 жылы 25 сәуірде 1-ші Белорус және 1-ші Украин майдандары Берлиннің ба­тыс бөлі­гінде қосылып, жаудың Берлин тобын­дағы әскерін қоршауға алады. Кеңес әскерінің алдында вермахтың 1 миллионға жуық жауынгері шоғырланған фашистік Германияның соңғы қорғаныс шебін алу қажет болады. Үшінші рейх басшылары жанталасып, естен танады. Әйтсе де немістер өліспей беріспеуге жанын салып, қорғанады.

Әрбір ғимарат, әрбір үй орамы үшін кес­кіліскен шайқас жүреді. Қала жағдайында бейберекет шабуыл жасаудың өзі өте қиын­дық тудырды. Соған қарамастан кеңес әскер­лері адымдап-ақ, Берлиннің орталық бөлігіне енеді. Осыдан соң қаланың маңызды деген ғима­раттарына қызыл жалаулар іліне бас­тай­ды. 1945 жылы 26 сәуірде Берлин рату­шына алғашқы туды кіші лейтенант Гро­мов қадайды. 30 сәуірде 597-полктың жауын­герлері Корольдік опера ғимаратына Қызыл ту ілуге қол жеткізеді. Бұл жарты жеңіс еді.

Рейхстагқа шабуыл бірнеше күнге созылады. Фашизмнің соңғы ошағын алуға генерал Кузнецовтың басшылығымен үшін­ші шешуші армияның бірнеше дивизиясы ша­буыл жасайды. Әскери басшылық Рейх­с­-
­тагқа ең басты Жеңіс туын қадауға ерекше жауапкершілікпен қарайды. Оған арнайы дайындық жұмыстары жүргізіледі. Сәуір айының 20-сында 3-армияның Әскери кеңесі Рейхстаг төбесінде желбірейтін Тудың арнайы түрін бекітеді. Армия құрамындағы 9 дивизияға жеке ту тапсырылады. Нөмірі 5-ші ту 150-атқыштар дивизиясына тапсырылады. 30 сәуірде таңғы сағат 11-де дәл осы дивизия Рейхстаг пен оған таяу орналасқан ғимараттарға шабуыл жасайды.

Енді сол жылдардағы құжаттарға назар аударайық. 150-атқыштар дивизиясының жауынгерлік журналында былай деп жазы­лып­ты: «1945 жылғы 30 сәуірде 14.25-те 654-ат­қыштар полкының жауынгерлері лей­­тенант Қошқарбаев пен барлаушы Була­тов ғимараттың орталық бөлігіне жер бауыр­лап жетіп, оған кірер бас қақпаның бас­қы­­шына қызыл жалауды ілді». Сол күні Со­вин­­формбюро «Бүгін 14 сағатта кеңес жа­уын­герлері неміс Рейхстагының ғима­ра­тын алып, оған «Жеңіс туын» қада­ды деп рес­ми мәлімдеме жасайды. Ал 3 мамыр кү­ні жарық көрген «Воин Родины» газе­ті­нің «Олар соғыста ерлік көрсетті» айда­ры­мен берілген мақаласында былай деп жа­зы­лады: «Отан өз батырларын асқан құрмет­пен даңқын асырады. Кеңес батырлары – халық­тың ең таңдаулы ұлдары. Олардың ерлік істері туралы талай кітап жазылып, өлең шы­­ға­рылады. Олар гитлеризмнің ошағын тұн­­шық­тырып, ордасына Жеңіс туын тікті. Батыр­ларымыздың есімін еске алайық: олар – лей­тенант Рақымжан Қошқарбаев, қызыл жауынгер – Григорий Булатов... Отан олар­ды еш уақытта ұмытпайды. Батыр­лар­дың даңқы арта берсін!».

Осыдан соң 150-атқыштар дивизиясы­ның басшылығы бір топ адамды Кеңес Одағы­ның Батыры атағына ұсынады. Олардың ара­сында Рақымжан Қошқарбаевпен бірге Була­тов, Проваторов, Орешко, Лысенко, Греченков және бірнеше жауынгер де болады. Оларды атаққа ұсынған ұсыным хаттағы арнайы түсіндірмеде: «...олар 30.04.45 жылы Рейхстагқа басып кіріп, Жеңіс Туын тікті...» деп көрсетіледі.

Бірақ кеңес халқының әрбір оқушысына белгілі болғанындай, Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен сержант Михаил Егоров пен кіші сержант Мелитон Кантария болып шықты. Бұл шешім сол күні-ақ, яғни 1945 жылы 30 сәуір­де кешкі сағат 10-да шешіліп қойылған іс еді.

Қазір біреуміз білсек, екіншіміз білмеуіміз де мүмкін. Себебі Рейхстаг төбесіне сол күні біреу емес, екеу емес, 40-қа жуық қызыл ту тігілген еді. Алайда солардың арасында тек қана Егоров пен Кантария тарихқа енді.

30 сәуір күні 14 сағатта кеңес әскерлері Рейхстагқа басып кіріп, ғимараттың орталық бөлігіне бірнеше ту ілген. Лейтенант Қош­қар­баев пен қатардағы жауынгер Булатов ­Рейх­стаг­тың шатырына орналасқан аттылы мүсін ескерткішіне Жеңіс туын қадайды. Бұл – ең биік шың және Германияның ресми штаб пәтері. Ал лейтенант Алексей Берест орталық алаңға кіреберіс бағанасына алғашқы тулар­дың бірін іледі. Бұл 5-дивизияға тапсырылған ту болатын.

Жасыратын ештеңе жоқ, кескілескен ұрыста немістер бірнеше рет кеңес әскерле­рі­нің бетін қайтарып та тастайды. Ең соңғы шабуыл кешкі сағат 9-да басталады. Лейтенант Алексей Берестің тобы жоғары қабатқа өтіп, бірінің үстіне бірі шығу арқылы Рейхстаг төбесіне 22.50-де Жеңіс туын тігеді. Бұл КСРО-ның ресми туы болатын.

Тарихшылардың зерттеуі бойынша, Же­ңіс туын тігудің өзі үлкен саясатқа құра­­лады. Ең шешуші сәттің алдында бұл мәсе­­ле­нің өзі Жоғарғы Бас қолбасшының қаты­суымен шешіледі. Көсемнің сол тұстағы емеу­ріні Же­ңіс туын орыс адамы мен грузин ада­мы­ның қолымен болған ерлік іс еді деуді қалайды. Олардың ерліктері сол кездің өзінде кино­фильм­дерге түсіріледі. Ол кадрларды түсіру үшін бірнеше рет Рейхстагқа шабуыл жасау сәттері қайталанады. Әрине, ол фильм кескілескен шайқас өтіп жатқан 30 сәуірде емес, кейін бәрі басылған соң 2 мамырда түсірілген еді.

1946 жылы мамыр айында Рейхстагқа Жеңіс туын тігушілердің бір тобына «Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы» КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы шығады. Жарлық бойынша 5 адам­ға: капитан Давыдовқа, сержант Его­ровқа, кіші сержант Кантарияға, капитан Неуст­роев­қа және аға лейтенант Самсоновқа Батыр атағы беріледі. Егоров пен Кантария түсінікті, бірақ қалған үшеуі Рейхстагқа Ту тігушілер емес, оған шабуыл жасаған батальон командирлері еді. Олардың арасында нағыз ерлік көрсеткен жоғарыда аты аталған Алексей Берест те болмай шығады. Себебі ол саяси қызметкер болатын. Ал наградаға ұсыну қағазына қол қойған маршал Жуков саяси қызметкерлерді жек көретін.

Берлин үшін болған ұрыс 1945 жылы
2 ма­мырда аяқталады. 3 мамыр күні Жеңіс туы Рейхстаг төбесінен түсіріліп, оның ор­ны­на басқа ту ілінеді. 20 маусымда Егоров пен Кантария арнайы ұшақпен Жеңіс туын Мәскеуге жеткізеді. Содан бері Жеңіс туы Қарулы Күштер мұражайында сақтаулы тұр. Жеңіс туы туралы бар шындық осыған саяды.

Бұл мәліметтердің бәрі Харьков қала­сы­ның «Фолио» баспасынан 2006 жылы шық­қан «Кеңес дәуірінің 100 белгілі символ-
да­ры» кітабының «Жеңіс туы» атты мақа­ласын­да жан-жақты көрсетілген.

«Адам баласының қолымен жасалған­ның бәрі – уақыт пен төзімнің жемісі» депті атақ­ты Бальзак. Біздің даңқты жерлесіміз Рақым­жан Қошқарбаевты сонда да халық батыр деп таныды. «Ештен – кеш жақсы» деген. 1999 жылы Жеңіс күнінің қарсаңын­да Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Рақымжан Қошқарбаевқа «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Өзгелер ескермесе, ескермесін, ең бастысы өз халқы ескерді.

 

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

 

Соңғы жаңалықтар