Таным • 22 Маусым, 2021

Адамзат трагедиясы

424 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Неміс-фашистерінің Кеңес Одағына тұтқиылдаған шабуыл­даған соғыстың басталғанына 80 жыл толып отыр. Осы орайда жиырма жыл бұрын баршаға таныс тұлға Герольд Бельгермен болған кездесу есіме түседі. Дәл 9 мамыр Жеңіс күніне орай репортаж жүргізу үшін 28 панфиловшылар сая­бағына бардым. Онда адам көп екен, ел ығы-жығы.

Адамзат трагедиясы

Бәрі Мәңгілік алау маңын­дағы Жеңіс монументінің төңі­регінде жүр. Бір қарасам, Ге­рольд Бельгер – кәдімгі Герағаң таяғына сүйеніп аяғын сылтып басып, қолына бір шоқ гүлін ұстап кетіп барады. Қасында ұзынтұра бір кісі бар. Бұлар қайда барады екен деп артынан жүрдім. Екеуі көп ұзамай Мәңгілік алау маңынан әрі өтіп, Керчь деген жазуы бар тас­тұғырдың қасына келіп гүл шоқ­тарын қойып, тағзым етті. Сәлден соң Герағаға жолығып, мән-жайды сұраған едім.

– Иә, Германиядан келген мейман екеуміз Мәңгілік алау жанындағы тастұғырдың біріне барып гүл қойып, басымызды идік. Бұл Керчь деген жазуы бар тастұғыр еді. Өйткені со­ғыстың зобалаңынан менің де талай туысым сол маңда көз жұм­ды. Солардың аруағына тағ­зым еттік. Өйткені ол фашис­тердің қанқұйлы әрекеті еді ғой. Оған қарапайым неміс хал­қы кінәлі емес. Қасымдағы кісі Гер­маниядан келген. Біз де Екінші дүниежүзілік соғыс­тан зардап шектік. Жер ауда­рылдық. Демек, сол соғыстың бас­талғаны үлкен трагедия, ал соғыстың аяқталғаны мен үшін де маңызды, үлкен жеңіс, – деп жауап берген еді Гераға.

 

Саясат БЕЙІСБАЙ,

журналист