Тәуелсіздік • 22 Маусым, 2021

Тәуелсіздік және руханият

1408 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

«Мәңгілік Ел» идеясы – Алаш атауын, Қазақ елі мен мұратын айқындайды. Оның ақи - қатын, тарихымызға қатысын Тұңғыш Прези дентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назар баев Қа зақстан халқына арналған «Қазақ стан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында: «...Біз үшін бо лашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыс тырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – «Мәңгілік Ел» идеясы», деп атап көрсетті. Осы орайда, Орхон өңіріндегі Күлтегін ескерткішінің ғылыми көшірмесін жапон мамандары дайындап, кейінгі кезекте Еуразия ұлттық университетінде – «Байырғы түркі өркениеті – жазба ескерткіштер» деген тақырыпта Халықаралық конференция өтуі ( 2001, 18 мамыр), «Жазу тарихы мұражайы» ашылуы (2003) – Түркі әлеміндегі айрықша құбылыс, ұлт руханиятының алтын арқауы, асыл өзегі, кең өрісі болды. Демек, мұның өзі ата тарих мәнін, дәстүр жалғастығын, өмір тағылымын терең танытады. Ұлт мұраты мен тарихының тағылымды тұстарының бірі осы.

Тәуелсіздік және руханият
 

Осы жайттарды еске алып, ел дамуына жіті көзбен қарасақ, әсіресе, тәуелсіздік жылдары Қазақстан мемлекеттілігі қалыптасып, конституциялық реформалар жасалды. Экономикалық саясатқа басымдық берілді. Әлемнің жекелеген елдерімен стратегиялық байланыстар орнап, халықаралық ұйымдармен қарым-қатынас нығая түсті. Бұдан басқа, Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропалық одақ, Орталық Азия елдерімен стратегиялық әріптестік hәм ынтымақтастық бағытындағы байланыс, мәдени-гуманитарлық арналарда қарым-қатынас берік орнықты. Бұл, сөз жоқ, достық арналарының мәңгілік екенін айғақтайды.

Сондай-ақ тәуелсіздіктің тарихи-өрке­ниеттік және әлеуметтік – мәдени негіздері қаланды.Ұлттық мұраттарға негіз­делген, елдік тарихи мәні мол, кемел келешекті арқау еткен іргелі істер ат­қарылды. Әлеуметтік-мәдени бағыттар мен әдеби-рухани арналарға да кең өріс ашылды. Елдік мұрат-мүдде алға шығып, тәуелсіздіктің жарқын да жасампаздық жолы, бағыт-бағдарлары айқындалды. Ол, әсіресе, қоғам дамуынан, еркін елдің асыл мұраттарынан да анық аңғарылады. Атап айтқанда, Семей полигоны жабылды (1991), Байқоңыр ғарыш айлағынан Тоқтар Әубәкіров «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты (1991), Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өтті (1992). Қазақстанның мемлекеттік рәміздері туралы Заң шықты (1992, 4 маусым ), жаңа Конституция қабылданды (1995, 30 тамыз). «Білім туралы» (2007), «Жоғары білім туралы» (1993), «Ғылым туралы» (2011), «Педагог мәртебесі туралы» (2019) Заңдар қабылданды. «Болашақ» халықаралық стипендиясы белгіленді (1993).

Тәуелсіздік кезеңінде, әсіресе, «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу», «Халықтың тұтастығы мен ұлттық тарих» жылдарының (1997-1998) мәні зор болды. Ал 2000 жыл – Мәдениетті қолдауға арналғандықтан, ЮНЕСКО шеңберінде Түркістан қаласының 1500, сосын Тараз қаласының 2000 жылдықтары (2002 жылы) кеңінен аталып өтті. Көптеген мәдениет орындары қайта ашылды. Театрлардың саны артып, кинотеатрлар жұмыс істей бастады. «Қазақфильм» АҚ киностудиясы бірқатар деректі және көркем фильм түсірді.

Ұлт тәуелсіздігінің әлем картасынан орын алуы (1991, 16 желтоқсан), Аста­наның Ақмолаға көшірілуі (1997,10 желтоқсан) – ел өмірі мен тарихын­дағы мән-маңызы жоғары оқиғалар. Қа­зақстанның Азия мен ТМД мемле­кет­тері арасында алғаш рет Еуропадағы қауіп­­сіздік және ынтымақтастық ұйымы­на төрағалық етуі (2010), Астанада ЕҚЫҰ-ның саммитінің өтуі (2010, 1-2 жел­тоқ­сан) әлемдік маңызы зор оқиға болды.

Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы (1995, 1 наурыз) – ел өміріндегі этностық, мәдени және діни көпқырлылықтың жасампаз үлгісіне айналды. Әрі қоғамдық тұрақтылық пен этносаралық келісімді ны­ғайтуға бағытталды. Бірлік діңгегі, дос­тық дәнекері, тұтастық тұтқасы – басты ұс­та­нымға айналып, елдегі бейбітшілік пен тұ­рақтылықтың негізгі көрсеткіші болып отыр.

Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің алғашқы сьезі болды (2003). Содан бері әр үш жыл са­йын жүйе­лі түрде өткізіліп келеді. Қо­ғам мен дін – біртұтас құбылыс десек, ада­м­затты конфес­сияаралық сұхбат арқы­лы біріктіріп, мәде­ниеттер мен дін­дер­дің жақындасуына, татулық пен ынты­мақ­тастыққа кең өріс ашу – ұлы іс.

Ұлт тарихы мен дамуындағы мерейлі мақтанышымыздың бірі – «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі «Болашақ энергиясы» деген тақырыппен Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласында өтті. Ол 93 күнге созылып, әлемнің түкпір-түкпірінен 4 миллионға жуық адам тамашалады. Қазақстандық павильон – «Нұр әлем» Қазақстанның визиттік картасына айналды. «Нұр әлем» және басқа да бір­қатар павильондар – «ЭКСПО мұрасы» ретінде сақталып, халыққа қыз­мет көрсетіп келеді.

Ұлт мұраты мен елдік мүдденің ай­қын да жарқын көрінісі – руханият әле­мінен, оның мың сан арналы салаларынан да терең танылады. Бұл ретте алдымен ойға оралатыны – «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы. Елбасы 2004 жылғы 13 қаңтарда «2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлыққа қол қойды. Қазақстан аумағындағы тарих пен мәдениет ескерткіштері қайта жаң­ғыр­тылып, әр алуан білім-ғылым бағыт­тары бойынша іргелі ізденістер жасалды. Елі­міздің әр өңірінде тарихи-мәдени экспеди­циялар жүйелі жұмыс істеп, археоло­гиялық-этнографиялық Һәм фольк­лорлық бағыттарда зерттеулер жүр­гізілді. Еске алсақ, Батыс Қазақстан­дағы Аралтөбеден, Шығыс Қазақстан­дағы Зайсан ауданы Шілікті жазығын­дағы сақ патшалары обаларынан, кейін Үржар ауданы мен Қарқаралы жеріндегі Талдыдан, батыстағы Тақсайдан табылған Алтын адамдар Ұлы далада жасалған жүйелі ізденістердің нәтижесі еді. Сондай-ақ алыс-жақын шетелдерге: Қытайға, Түркияға, Моңғолияға, Ресейге, Жапонияға, Египетке, Өзбекстанға, Арменияға, АҚШ пен Батыс Еуропаға ғылыми экспедиция ұйымдастырылды. Нәтижесінде, Қазақстан тарихы мен мәдениеті Һәм руханиятының арғы арналарына қатысты бірқатар зерттеу еңбек, көптеген кітап, жинақтар жарық көрді.

Бұдан басқа, «Мәдени мұра» мемле­кеттік бағдарламасындағы басты жобаның бірі – қазақ фольклорының 100 томдық басылымын дайындау еді. Осы орайда, халық әдебиетінің жауҺар үлгісі – «Бабалар сөзі» сериясы 100 томды құрап, қалың жұртшылыққа жетті. Халық мұрасына енген туындылар топтамасында, әсіресе, хикая­лық дастандар, діни дастандар, ғашық­тық дастандар, тарихи жырлар, батыр­лар жырлары, балалар фольклоры, аңыз­дар, жұмбақтар, мақал-мәтелдер мен қара өлең, хайуанаттар туралы ертегілер кең қам­тылды.

Халық қазынасы – «Бабалар сөзі» сериясы туралы жоба жетекшісі академик С.А.Қасқабасов былай деп еске алады: «...Кеңес заманында тарихи жырлар, діни дастандар, мифтер, ырымдар мен тыйымдар, өзге де мұраларымыз ескерусіз қалып отырды... Бұлар жазып алғанға дейін халқымыз арасында ауыздан-ауызға тарап келген дүниелер болатын. Біз оны «жаман» не «жақсы» деп бөлуге болмайтынын ойластырдық. Әр шығарманың тәрбиелік мәні бірінші кезекте шығып, саясиландырудан арылдық десек болады. Осындай табанды жұмыс өз нәтижесін берді. Мәңгілік елдің мәңгілік фольклоры жұрт қолына тиді. Бұл томдарға кірген жәдігерлердің кейбіреулері бұрын «күзелгенін», «түзелгенін» білеміз, ал мына жарияланымда халықтық қалпын сақтады. Біраз дүниелер ескі араб, төте, латын жазуларынан алынғанын да айта кетсем деймін».

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдар­ламасы аясында тарих, археология, этнография бағыттарынан өзге арнаулы еңбектер, энциклопедиялық сөздіктер де жарыққа шықты. Олардың бірқатарын атасақ, «Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күйі мен 1000 әні», «Қазақ әдебиетінің тарихы» (он том), «Әдеби жәдігерліктер», «Әлемдік фольклор», «Қазақ музыкасының антологиясы», «Қазақ өнерінің тарихы», «Қазақ әдебиеті» (энциклопедиялық анықтамалық), «Қазақ мәдениеті» (энци­клопедиялық анықтамалық), т.т. қалың жұртшылыққа жетіп, мәдени-рухани сұраныстарын қанағаттандырып келеді. Маңыздысы, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген еңбектер тақырыптық ерекшеліктерімен ғана емес, азаттық арқауы – тәуелсіздік талаптары мен уақыт рухын да айқын аңғартады.

Қазақ мәдениеті мен әдебиеті, тарихы мен тағылымы «Ел тұтқа», «Елорда», «Алаш қозғалысы», «Азаттықтың өшпес рухы», «Қазақ әдебиеті», «Қазақ мәдениеті» (энциклопедиялық анықтамалық), «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы» (2 том), «Қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстары», «Отырар кітапханасы» сериясы (100 кітап) сынды ұжымдық еңбектерде кең орын алды. «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 1000 күйі», «Аманат» (қазақ күйлері антологиясы) атты халықтық туын­дылар басылды. Елдік мүдде, ұлттық құн­дылықтар, әдеби-мәдени байланыс арна­лары жаңа бағыт, соны көзқарас тұрғы­сынан кеңінен қарастырылып, ба­йыпты бағаланды.

Ұлт тәуелсіздігі тұсында ел мақта­ныш­­тары – әл-Фараби, Махамбет, Абай, Жам­был, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсіре­пов, Қ.Сәтбаев және басқа да есімі мен еңбектері ЮНЕС­КО шеңберінде төрткүл дүниеге танылды. ЮНЕСКО тізіміне енген «Наурыз» көпұлт­ты аталымы, «Қазақ күресі», «Қазақ­тың қасиетті киіз үйі», «Айтыс – импрови­зация өнері» (Қыр­ғызстанмен бірге), «Киелі күй өнері» Ұлы дала тарихын, халық әдебиеті мен мәде­ниетін, дәстүрі мен тұрмысын, фольк­лорлық мұрасын кеңінен көрсетеді.

Жарқын бастамалар қатарында сондай-ақ «Халық – тарих толқынында», «Рухани жаңғыру», «Болашақ» бағдар­ламасы, «Астананың жаңа университеті», «20 зият­­керлік мектеп» жобаларын атап ай­туға әб­ден болады. Ойға алсақ, бір ғана – «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы бо­йынша ұлттық бірегейлікті сақтау, тұл­ғалық даму, прагматизм мәселелеріне маңыз берілді. Бұдан басқа, бірқатар жоба – «Туған жер», «Ауыл – ел бесігі» және басқалар арқылы ел-жер тари­хына, дәстүрі мен мәдениетіне, тәлім-тәр­бие арналарына көп көңіл бөлінді. Қоғамдық сананы жаңғырту, ұлттық код мәні, жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу сынды маңызды істер басты назарға алынды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы еліміздің барлық саласына жаңа леп, соны серпін берді. Қоғамдық сананы жаңғыртуға, ұлттық болмыс пен елдік кодты сақтауға көп көңіл бөлінді. «...Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды... Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», деп қадай айтты Елбасы.

Ал Тұңғыш Президентіміздің «Ұлы даланың жеті қыры» тұжырымдамалық мақаласына ден қойсақ, алдымен бізді қоршаған кеңістік пен уақыт мәні мен сыры ашылады. «Ұлы даланың жеті қыры» – ұлт мүддесі мен тарихқа, дәстүр мен руханият өрісіне қатысты айқын бағыт, берік ұстаным екені анық.

Елбасы «Абай аманаты» мақаласында Хакім Абай тұлғасын елдің болашақ бағ­дарын айқындап берген рухани темір­қазығына теңесе, саясаттағы сабақ­тастықты сақтап отырған қазіргі Пре­зидентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақ­стан» мақаласында Хакім Абайдың мерей­то­йының елдік Һәм халықаралық дең­гейдегі айрықша мәніне басымдық береді. Ал «Абай – рухани реформатор» мақаласында ақын аманаты мен елдік ұстанымына, ұлттық сөз өнері өрісіне, даму үрдістеріне зор маңыз беріледі.

Осы орайда, 2020 жыл – қазақ халқының мақтаныштары, ұлт руханиятының даңқты тұлғалары – әл-Фарабидің – 1150, Абай Құнанбайұлының 175 жылдықтары ЮНЕСКО-ның қолдауымен халықаралық ауқымда аталып өтті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде – «Әлемнің екінші ұстазы» әл-Фараби орталығы – кітапханасы ашылды. «Әл-Фараби ізімен» атты ғылыми экспедиция жұмысын бастап, мәшҺүр ғалым атындағы ғылыми-технологиялық алқап құрылды. Мерейтой аясында әл-Фараби энциклопедиясы, үш тілде жеті томдық еңбегі жарық көрді. Деректі фильм мен өмірбаяндық сериал түсіріліп, қалың көпшілікке жетті. Ал Абай мерейтойы тұсында – 10 тамыз Абай күні болып белгіленді. Хакім Абай шығармалары әлемнің 10 тіліне аударылды. Қысқасы, ұлт руханиятының бедерлі белесін та­нытқан – екі алыптың мерейтойы еліміз бен шет мемлекеттерде кеңінен аталып өтті.

Елбасы негізін қалаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті өзінің 25 жылдығын біліми-ғылыми Һәм тәлім-тәрбие бағыттары бойынша жоғары жетістік, толайым табыстармен қарсы алды. Тұңғыш Президент бұл жоғары оқу орнын 1996 жылдың 23 мамырында Целиноград инженерлік-құрылыс инс­титуты мен Целиноград педагогикалық институтын біріктіру негізінде құрған еді. Содан бергі уақытта университет бірқатар жетістікке қол жеткізді. Мәселен, 2010 жылы QS Worid Universities рейтингтік агенттігінің нәтижесі бойынша әлемдік үздік 500 жоғары оқу орны қатарынан көрінді. Ел Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алды (2012). QS «TOP 50 un­der 50» атты танымал университеттер қатар­ында тұр.

ЕҰУ базасы негізінде құрылған «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу инсти­туты Хакім Абай мұрасын жан-жақ­ты таныту мақсатында пәнаралық зерт­теулер жүргізу, Абайтану бағытын жаңа­шылдық тұрғыдан дамыту ісін жүзеге асырады. Абай тұлғасы мен мұрасын жаңа қырынан танытып, алыс-жақын елдерге, әлемдік кеңістікке кең түрде таныс­тырады. Бұл бағытта қазірдің өзінде 20-дан астам әртүрлі тақырыптағы еңбектер жарық көрді.

Тәуелсіздік жылдары Халықаралық Түркі академиясы «Ортақ түркі тарихы», «Ортақ түркі әдебиеті» және бас­қа оқулықтар жүйесін дайындады. Бұ­дан басқа, «Қорқыт», «Манас эпо­сы», «Хамса» (Ә.Науай), «Диуани хик­мет» (Қ.А.Ясауи), «Құтадғу білік» (Ж. Баласағұн), «Жамиғат ат-тауарих» (Ра­шид ад-Дин) және Б.Биболатұлының «Зик­зал» сияқты құнды еңбектерді жарық­қа шығарды. Сондай-ақ «Елорда эпо­пеясы», «Түркі өнері антологиясы», «Түркі тілдерінің терминжасамы», «Әзербайжан әдебиетінің антология­сы», «Қазіргі қырғыз поэзия­сы», «Түркі халықтарының жылқы мәдениеті», «Білге Тоныкөк», т.б. кітап, жинақтар жарық көрді. «Алтайистика, түркология, монғолистика» басылымдарында түркі дүниесі, тарихы мен дүниетанымы, әдеби-жазба ескерткіштері бойынша ір­гелі ізденістер мен зерттеулер жүйесі басылып тұрады. Түркі кеңесі саммиттері, «Ұлы дала гуманитарлық ғылымдар форумы», «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі», «Ұлы дала өркениеті: Тоныкөк мұрасы және қазіргі түркі әлемі» атты Ха­лықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар жүйелі өтіп, онда түркі тілдес халықтар тарихы мен даму үрдістеріне көп көңіл бөлінеді.

«Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы білім-ғылым жүйесіне қатысты ақпараттық-анықтамалық Һәм оқу залдарынан өзге бірқатар мәдени-рухани жұмыстарды жүйелі атқарып келеді. Негізінен, ғылыми-ағарту, мәдени-руха­ни бағыттарда қызмет көрсетеді. Қол­жазбалық кітаптар, мәдени құнды­лықтар, сирек кітаптар қоры да жүйелі жинақталған. Бұл бағытта, әсіресе Ә.Мар­ғұлан, М.Қаратаев, С.Бегалин, С.Қира­баев пен Ә.Бейсенова, Т.Кәкішев, Р.Сыз­дықова, А.Сейдімбек, Т.Жұртбай және басқа атаулы қорлары жас ғалымдарға, қалың жұртшылыққа қолжетімді екенін айрықша атаған жөн. «Қоғам тарихы – адам тағдыры» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференция, оқырмандарға арналған ашық есік күні, кітап көрмесі тұрақты ұйымдастырылады. Ғылыми орталық «Қазақ қолжазбалары» атты көптомдық пен атақты адамдар өміріне арналған арнаулы әдебиеттер топтамасын жарыққа шығарды. Сирек қолжазбалары да осында орын алған.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бо­йынша игілікті істер атқарылды. Осы орайда, «ЖаҺандық заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша 60 қазақстандық автордың таңдаулы туындылары БҰҰ-ның алты тіліне аударылғанын айтқан абзал. Бұл ретте, сөз жоқ, «Қазіргі қазақ прозасының антологиясы», «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» атты бірегей туындылар топтамасының мәні айрықша. Кейінгі кезеңде қазақ және әлем әдебиетінің жауҺарларын, заманауи әдеби-танымдық туындыларды жаңа мобильді қосымша арқылы да оқып-танысуға мүмкіндік туды. «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі «Tynda» мобильді қосымшасы арқылы кітапқұмар оқырманның рухани көкжиегіне жол ашты.

Тұтастай алғанда, азаттық негізі, бостандық пен теңдік тірегі – Тәуелсіздік мәні, тарихы мен тағылымы зор. Тәуелсіздіктің ақ таңы атып, Көк туы желбірегелі тамырлы тарихымыз бен берік дәстүрімізге, даңқты тұлғалардың өмірі мен ерлік істеріне, мұра-мирас­тары­мызды мұқият меңгеруге, өмір өрімі мен уақыт бедеріне сергек қарауға, қыс­қасы арғы-бергі кезеңнің тәлімді тәжірибесі мен тағылымына мықтап ден қойылды. Ұлттық мұрат-мүддеге негізделген руханият құндылықтарының мазмұнынан қоғамдық құбылыстар мен кезең көріністері, дәстүр мәні мен өмір тағылымы, ел дамуы мен жетістіктерінің мәнді қыры, маңызды тұстары кең орын алды. Елдік мүддені негіз еткен асыл арналарға, тарихи-мәдени құнды­лықтарды сақтауға, танымал тұлғалардың өмірі мен өнегесін ардақ тұту миссиясына адалдық танытты. Мұның да маңызды тұсы, мәнді қырлары мол. Өйткені, көрнекті қаламгер Әбіш Ке­кілбаев айтқандай, «Ең бастысы, жаңа ғасыр мен жаңа мыңжылдыққа егемен ел, тәуелсіз ұлт болып аттадық...Тәуелсіздіктің жолында қан да төгілген, жас та төгілген, тер де төгілген. Бірақ ар тө­гілмеуі керек. Ар-намыс қана тәуел­сіз­дікке тірек бола алады. Ол біздің тілегі­мізді емес, біз оның тілегін тілеуіміз қажет».

Ұлт тәуелсіздігі – халық бостандығы мен елдік мүдде негізі болса, оның қанатты қыры мен тағылымды тұсы – руханият мәні мен өрісінен болашақ бағдары, мәдени-рухани даму үрдістері, жауапкершілік жүгі мен жетістіктер нәтижесі, кемел келешектің көркем келбеті көрініс береді. Тәуелсіздік жылдары тарих қойнауларынан табылған ескерткіштер мен қазба байлықтары, ел аузынан жеткен әдеби нұсқалар, мәдени-рухани жәдігерліктер, басқа да құндылықтар қайнары – ұлт дамуы мен руханият өрістеріне, келешек өмірдің нұрлы жолына қызмет етері хақ.

Анығында, Тәуелсіздік және руханият – ұлт мұраты мен жалпыадамдық құндылықтар қайнары ретінде елмен бірге жасап, қызмет ете береді. Ендеше, Тәуелсіздік тұғырының биіктеп, руханият өрісінің кең арна алғаны барша жұртшылық үшін белесі биік, мерейлі меже екені анық. 

Рақымжан ТҰРЫСБЕК,

филология ғылымдарының докторы, профессор