«Қатаң карантин кезінде сауда нысандарының жұмысы толықтай тоқтап қалды. Сол кезде біз 1 трлн теңгеден астам сауда айналымын жоғалттық. Дегенмен биылғы бес айдағы көрсеткішке қарасақ біз пандемияға дейінгі 2019 жылғы көрсеткіштен 0,5 трлн теңге алда келеміз. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша сауда саласы ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ – ред) 14,7 пайызын құрайды. Былтыр әкімдіктер 473 сауда орталығы, 337 базармен жұмыс жүргізіп, микро және шағын бизнес субъектілері үшін аренда төлемін төмендетті және тоқтатты. Карантин және шектеу шараларына қарамастан сауда саласына 181,7 млрд теңге инвестиция тарттық. Жыл басынан бері инвестициялық белсенділіктің қайтадан жандана бастағанын байқап отырмыз», деді Б.Сұлтанов.
Министрдің сөзінше, биыл бес айдың өзінде салаға 142 млрд теңге инвестиция келген. Бұл былтырдың бес айынан 20,1 пайызға көп. Азаматтардың нәпақаны да негізінен осы саладан іздейтіні белгілі. 2020 жылдың қаңтар-наурызымен салыстырғанда биыл бірінші тоқсанда жұмыспен қамтылғандар саны 20,8 мың адамға, 2019 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 57,3 мың адамға көбейген. Қазір сауда саласында 1,5 млн адам еңбек етіп жүр. Бұл елдегі жұмыспен қамтылғандардың 16,6 пайызы екен. Б.Сұлтановтың айтуынша, өндіруші мен трейдер, логист пен тасымалдаушы, сатушы мен тұтынушы арасында баланс болуы керек. Ол үшін барлық процестер ашық һәм әділ үйлесімділікте іске асуы тиіс. Осы байланыстардың дұрыс жұмыс істемеуі азық-түлік бағасының негізсіз өсіп кетуіне әкеліп соқтырған.
«Үйлесімділіктің бұзылуының бір дәлелі – картоп тапшылығы. Солтүстікте күздік картоптар таусылып қалса, оңтүстікте өнім енді жиналып жатыр. Осы жағдай нарықтағы тепе-теңдікті бұзды» деді министр.
Жақын арада елімізде ұлттық тауар өткізу жүйесі іске қосылмақ. Аталған жүйе аясында 24 көтерме-үлестіру орталығы жұмыс істейді. Жобаның бірінші кезеңінде 7 жобаны жүзеге асыру көзделген. Атап айтқанда, Ақсу мен Мичурин қалаларында картоп пен сәбіз қабылдайтын, ал Қапшағай мен Шуда пияз қабылдайтын, барлығы 4 көтерме-үлестіру орталығы бой көтермек. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте салынатын 3 орталық өнімдерді бөлшек сауда желілеріне, интернет-дүкендерге жеткізіп бермек. Мұның бәрі бірыңғай ақпараттық жүйе негізінде жүзеге асады. Сұлтановтың сөзінен ұққанымыз – мұндай жүйенің енгізілуі тауар ағынының ашықтығын қамтамасыз етіп, ішкі нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың теңесуіне жол ашады.
Министр тұтынушылар құқығы мәселесіне де тоқталды. 2020 жылы ведомство 20 мыңнан астам шағымды қарастырып, тұтынушыларға 250 млн теңгеге жуық ақша қайтарылыпты. Мәселен, бір ғана «Бек Эйр» әуе компаниясына қатысты шағымдарға байланысты жалпы сомасы 110 млн теңгеге 1,7 мыңнан астам тұтынушының құқығы қорғалған. Жыл басынан бері тұтынушыларға қайтарылған қаржы көлемі – 70 млн теңге. Шағымдар негізінен транспорт саласындағы қызмет көрсету, бөлшек сауда, тұрмыстық және туристік қызмет секторларының жұмысына байланысты жиі түседі.
– Тұтынушылардың экономикалық мүддесін қорғау мақсатында «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заңға түзетулердің бірінші пакеті енгізілді. Биыл бес айда 153 тұтынушының проблемасын сотқа жеткізбей шештік. Бұған е-Тutynushy бірыңғай ақпараттық жүйесінің іске қосылуы да әсер етті. Биыл заңға түзетулердің екінші пакетін енгізуді дайындаймыз. Пандемия электронды коммерция нарығында да тұтынушылар құқығының жиі бұзылатынын көрсетіп берді. Былтырдың өзінде 689 адам интернет-дүкендерге байланысты шағым жасады. Оларға 13,2 млн, биыл шағымданған 556 қазақстандыққа 7 млн теңге қайтарылды, – деді ведомство басшысы.
Министрдің айтуынша, COVID-19-дан туындаған экономикалық және әлеуметтік толқулар әлемдік саудаға қатты әсер етті. БҰҰ ЮНКТАД деректері бойынша, 2020 жылы халықаралық сауда көлемі 9 пайызға, тауарлар саудасы – 6, ал қызмет көрсету саудасы 16,5 пайызға қысқарып кеткен. Осының салдарынан Қазақстанның да сыртқы сауда айналымы 13 пайызға, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің шикізаттық емес экспорты 13,5 пайыз, 20,4 млрд долларға төмендепті. Азық-түліктік емес тауарларға деген сұраныс та 20 пайызға құлдыраған.
«Экспорттың болжамды көлемін және ішкі нарық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Иран және Ресей елдерімен орамжапырақ, сәбіз, пияз, картоп өнімдерін жеткізуге қатысты форвордтық сатып алу келісімдерін жасауды жоспарлап отырмыз. Жаппай өнім жинау кезінде көрші елдерге 765 мың тонна көкөніс жеткізе аламыз. Бұл ретте өзіміздің нарық дер уақытында 280 мың тонна импорттық көкөністермен қамтылады. Нәтижесінде, бұл өнімдерге деген баға құбылуы 7-10 пайыз деңгейінде болады», деді Б.Сұлтанов.
Қазір Қазақстанда 600-ге жуық белсенді экспорттаушы бар екен. Министрлік 3-4 жылда олардың санын 1 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр.
«2020 жылы кәсіпкерлерді қолдау үшін QazTrade компаниясы базасында экспорттық акселератор құралын енгіздік. Мақсат – интенсивті экспорттық даму, өнімдерді жаңа нарықтарға шығару бойынша шағын және орта бизнес (ШОБ – ред) субъектілеріне қолдау көрсету. Былтыр Қытай бағытын таңдап, тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарын оқыттық. 500-дей компания қатысуға өтініш білдірді, соның арасынан экспорттық әлеуеті жоғары 35 өндіруші іріктеліп алынды. Қазіргі кезде жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 167 млн доллар сомасына 18 әлеуетті келісімшарт жасалып отыр. Акселерация кезінде ШОБ субъектілерінде өндіріс көлемінің жеткіліксіз екенін байқадық. Қытай компанияларының ет өнімдері, өсімдік майы, тұзға деген сұраныстары қазақстандық қатысушылардың мүмкіндіктерінен 4 есе асып түсіп жатты» дейді министр.
Отандық сауда саласының ықпыл-жықпылын түгел баяндаған министр экспорттық бағытты кеңейту үшін интернет-сауданың да мүмкіндіктерін молынан пайдалану керек екенін айтты. 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы электронды сауда нарығы 2,5 есе кеңейіп, қаржы көлемі 1 трлн теңгеге жеткен. Министр былтырғы есеп беру жиынында халықаралық сауда алаңдарына шығамыз деп уәде бергенін, арада жыл өткенде сол уәдесінің орындалғанын да атап өтті. Яғни енді отандық кәсіпкерлердің еш алаңсыз Amazon, eBay, Ozon сауда алаңдарына шыға алуы олардың 190 елмен еркін саудаласуына мүмкіндік бермек. Сондай-ақ отандық өндірушілер Alibaba интернет платформасының игілігін көріп жатыр. Қазірдің өзінде «Арал тұз», Eurasian Foods, «Агро продакт», «Саумал» секілді компаниялар 45 млн доллар сомаға келісімшарт жасасып үлгерген. Бұл орайда спикер 15 маусымнан бастап Alibaba.com-ға шығу бойынша жаңа 50 компанияны іріктеу басталатынын, іріктеудің 15 шілдеге дейін созылатынын да жария етті.
«Соңғы екі жылда ЕАЭО-ның 2025 жылға дейінгі стратегиясы бекітіліп, ЕАЭО мен ДСҰ органдарында 200-ден астам отырыс өтті. ЕАЭО органдарының 1400 актісі қабылданып, ДСҰ-ға ішкі нарықты қорғау шаралары бойынша 100 нотификация жіберілді. Сербия, Иран, Сингапур елдерімен еркін сауда аймағы бойынша келісімдер жасалды. Министрлік экспорттық тауарлар мен қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сауда жүйесін дамыту бойынша жүйелі жұмыстарды әрі қарай жалғастырады. 2025 жылға дейін шикізаттық емес экспортты 41 млрд долларға жеткізуді көздейміз», деді.
Сөз соңында сауда саласын цифрландырудың да белсенді жүріп жатқаны, қазір 7 жобаның жүзеге аса бастағаны да айтылды.