Руханият • 23 Маусым, 2021

«Абайдың жұмбағы» – электронды нұсқада

195 рет көрсетілді

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Рамазан Тоқта­ровтың кітаптарын енді электронды нұсқада оқуға болады. С.Торайғыров атындағы Павлодар об­лыстық әмбебап кітап­ханасы қаламгердің 11 кіта­бын цифрландырып, аймақтың E-KITAP.KZ онлайн кітапханасына орналастырды. Жазушының еңбектері оқырман қа­уымға бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті.

Естеріңізде болса, осы жыл­дың сәуірінде «Egemen Qazaq­stan» газетінде «Жоқтаушысы жоқ жазушы» және «Рамзайдың «жұм­бағы» атты екі мақала жа­рық көрген еді. Онда біз қа­­лам­гердің ескерусіз қалға­нына қынжылыс білдіріп, шығар­ма­шылығын насихаттауға қа­тыс­ты бірқатар ұсыныс айт­қанбыз. Бұл ұсыныстардың бар­лығы Павлодар облысының басшылығына арнайы жолданды. Жазушының кітаптарын электронды нұсқаға көшіру бас­тамасы сол мақалада қамтылған болатын.

Облыстық кітапхананың Өл­кетану және цифрлы технологиялар бөлімінің басшысы Марал Тәженованың айтуынша, кітаптарды цифрландыру үшін жазушы ұрпақтарының ресми рұқсаты қажет екен. Тиі­сін­ше, тараптар арасында арнайы ке­лісімшарт жасалуы тиіс.

– Осы жылдың мамыр айында Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық фи­лиалының директоры Жар­қынбек Амантай Алматыға арнайы барып, Рамазан Тоқ­та­ровтың ұрпақтарымен кез­десті. Сол жолы жазушының кі­таптарын цифрландыру туралы келісімшарт жасалды. Біз соның негізінде қаламгердің қазақ тіліндегі 9 кітабын және орыс тілінде жарық көрген екі туындысын электронды форматқа көшірдік. Атап айтқанда, қа­зір жерлесіміздің «Жердің үл­гісі», «Абайдың жұмбағы», «Ба­қытты құлдықтың ақыры», «Ғасыр наны», екі кітаптан тұ­ра­тын «Ертіс мұхитқа құяды», «Таңбалы жарғақтың құпиясы», «Тұлпардың сыны», «Ертіс пер­зенті», «Степные корни», «Ир­тыш впадает в океан» се­кілді еңбектері оқырман қауым­ға электронды нұсқада қол­же­тім­ді. Алдағы уақытта жазу­шы­­ның басқа да кітаптарын цифр­ландыруға әзірміз, – дейді Марал Тәженова.

Жоғарыда аталған кітап­тар­ды E-KITAP.KZ онлайн кітап­ханасынан оқуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ өңірдің «QR кі­тапханасы» арқылы жүктеп алу жағы да қарастырылған.

Бұл ретте Р.Тоқтаровтың оқыр­­ман қауым жоғары баға­лаған «Сусамыр», «Терістік шұ­­ғы­ласы», «Бітеу жара», орыс тілінде жарық көрген «Хлеб века», «Тайна меченой зам­ши», «Мужская дружба» секіл­ді кі­таптары да электронды нұс­қаға көшірілуі қажет деп бі­леміз.

Р.Тоқтаровқа қатысты жа­ғымды жаңалық мұнымен шек­телмейді. Павлодардың об­лыс­тық кітапханасы тағы бір жобаны ойдағыдай жүзеге асырды. Дәлірек айтсақ, кітапхананың ішінен «Рамазан Тоқтаровтың жеке кітапханасы» ашылды.

Мұнда қаламгердің Алма­тыдағы шаңырағынан арнайы әкелінген кітаптар қойылған. Оның басым бөлігін белгілі ақын-жазушылардың, көрнекті қоғам қайраткерлерінің әр жылдары Р.Тоқтаровқа қолтаңба қойып, сыйға тартқан кітаптары құрайды.

Мәселен, әйгілі Әзілхан Нұр­­шайықов 1970 жылы шық­қан «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабына «Қымбатты бауырым Рамазанға, ағалық көңілмен. 23.11.1970 ж. Алма­ты» деп қолтаңба жазып, сый­ға тартыпты. Сол секілді Со­фы Сматаев, Зейнолла Се­рікқалиев, Әкім Тарази, Бей­біт Сапаралы, Жайсаңбек Мол­дағалиев, Бекмұрат Уахатов сынды әдебиет өкілдерінің ақжарма тілегі жазылған кі­таптар бар. Бұдан бөлек Ра­ма­зан Тоқтаровтың жеке кі­тап­ханасына ұзақ жылдар бойы сәуле шашып келген Мұхтар Әуезовтің, Ыбырай Ал­тынсариннің, Абай Құ­нан­­байұлының, Шәкәрім Құдай­бердиевтің, Сәкен Сей­фул­лин­нің, Бердібек Соқ­пақ­баевтың, Ғабиден Мұс­та­финнің, Сәбит Мұқанов пен Мұқан Иман­жа­новтың кітаптары Ал­ма­ты­дан арнайы әкелініп, сө­реге қойылған.

–  Биыл Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалы мен С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап кітапхана бірлесіп, Рамазан Тоқтаровтың шығармашылық мұраларын іздестіру, жинастыру жұмыстарын қолға алды. Осы орайда облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Алматы қаласындағы жазу­шының шаңырағына арнайы іссапармен барып келдік. Біз­ді қаламгердің қызы Бақыт Рама­занқызы қарсы алып, әкесінің жеке кітапханасымен таныстырды. Үлкен бір тарихи, әдеби музейге кіргендей әсерге бөлендік. Сыр бүгіп жатқан кі­таптар, қаттаулы тұрған қол­жазбалар, түрлі фотосуреттер ерекше сезімге бөлейді. Қай­тарда ұрпақтары қаламгердің жеке кітапханасынан 50 шақ­ты кітапты қолымызға ұс­тат­ты. Оның бәрін облыс­тық кі­тапханадан ашылған Р.Тоқ­­­та­ровтың жеке кітапха­на­сына орналастырдық, – дейді Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық фи­лиа­лының директоры Жар­қынбек Амантайұлы.

Оның айтуынша, бұл Р.Тоқтаровтың шығарма­шылы­ғын насихаттауға бағытталған жұмыстардың бастамасы ғана. Алдағы уақытта әдеби шаралар, форумдар мен конференциялар ұйымдастырылмақ. Қаламгердің еңбектерін зерттеу, насихаттау жұмысы да жаңа арнаға түседі деген сенім бар.

Айтпақшы, жазушының ұрпағы Бақыт Рамазанқызы әкесінің Керекудегі жеке кі­тап­ханасына шаңырағында сақ­талған тағы біршама кітапты сыйлауға әзір екенін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар

Жеңіс дауысы

Тарих • Кеше

Суретші саясаткер

Өнер • Кеше

Ертеңін ойлаған екпе алады

Коронавирус • Кеше

Ұқсас жаңалықтар