Өнер • 24 Маусым, 2021

Кенжеғали Мыржықбай: Шыңғыстаудан Маңғыстауға, Өскеменнен Қаскелеңге дейін аралап ән салдым

1028 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
Кенжеғали Мыржықбай: Шыңғыстаудан Маңғыстауға, Өскеменнен Қаскелеңге дейін аралап ән салдым

– Көп адам өнерге құштар­лығын туған жерімен байланыс­тырып жатады. Сіздің бұл жолды таңдауыңызға не себеп болды?

– Ұлылар мекені, қасиетті Абай мен Шәкәрімнің елінде Саржал деген ауыл бар. Тура полигонның іргесінде орналасқан. Тып-тыныш мүлгіген сайын даланың, Дегелең тауының түбінен кенет дүрс еткен алапат үн шығады. Жер беті әлем тапырақтанып, тітіркеніп кетеді. Далада бейқам жайылған мал біткен жойқын жарылыс­тан оқыс ыршиды. Іле-шала көк аспанның жүзі сұрланып, алып «саңырауқұлақ» пайда болады. Бұл кесапаттың залалын жете сезінбей, әлгі көріністі өзімізше қызықтап, ұзақ қараймыз. Жа­рылыс орын алған төңіректі кө­руге асығамыз. Үлкен ойылған шұң­қырлар мөлдіреп суға толып жатады. Біз мұны көлге балап, күмп береміз. Жақын ор­наласқан ауылымның адамдары уақыт өте келе соның ащы зардабын тартты. Қаншама туған-туысымыз жарық дүниемен ерте қош айтысты.

Сол жерде мектеп бітірдім. Бала күнімнен спортқа жақын болдым. Бәйгеге көп шаптым. Ауылда радиодан естіген атақты әншілердің әндерін құлағыма құйып алатынмын. Газет-журнал­дың келуін сарыла күтеміз. Өнер­ге деген қызығушылығыма со­ның бәрі әсер етті. Ауылда көр­кемөнерпаздар үйірмесі бар болатын. Соның құрамында домбыра тартып, ән салдым. Көптеген спорт­­тық жарысқа қатыстым. Өнер­ге құштарлығымнан Семей­дегі М.Төлебаев атындағы музы­калық училищесіне оқуға түсіп, кон­серваторияға келдім. Ал­ма­тыда Бекен Жылысбаев, Ер­мек Серкебаев, Бибігүл Төле­генова, Роза Жаманова сияқты хас шеберлердің даусына қа­нығып, мұнан да биік белесті бағындыруға ұмтылдым. Ол кезде Италияға, Францияға барып оқу – қиял қанаты жетпес арман. Содан Мәскеу мен Ленинградта оқысам деп армандадым. Н.А.Рим­­­ский-Корсаков атындағы Ле­нинград консерваториясының во­кал-хор факультетін опера ән­шісі, концерттік әнші, педагог мамандығы бойынша 1981 жылы бітіріп келдім. Көркемдік кеңестің тыңдауынан сүрінбей өтіп, Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрына қабылдандым. Тамыз айында Сыдық Мұхамед­жановтың (либреттосын жазған Ғабит Мүсірепов) «Ақан сері – Ақ­тоқты» қойылымына да­йын­дық жүріп жатыр екен. Бі­лік­ті мамандар жас әншінің дең­гейін байқап көрмекке Ақан се­ріні сомдауды маған жүктеді. На­риман Қаражігітов, Сұлтан Бай­сұлтанов сияқты тенорлармен шығармашылық бәсекелесу жас әншіге аз сынақ емес еді. «Театр табалдырығын аттамай жа­тып мынадай үлкен рөлді қалай сеніп тапсырды?» деп сыртымнан күңкілдегендер, «Өзіміз жолымызды әуелі «Абай» операсындағы Көкбайдан бастағанбыз» дегендер табылды. Дирижер Валерий Руттер, режиссер Бәйтен Ома­ров, хормейстер Базарғали Жаман­баев­пен Құдайдың құтты күні дайындық жасадық. Содан жеме-жемге келгенде көркемдік кеңес тыңдап, біздің құрамды бекітті. Сөйтіп Х.Қалиламбекова екеуміз «Ақан сері – Ақтоқты» операсында Ақан сері, Ақтоқты болып сахнаға шықтық. Ғабеңнің, Ғабит Мүсіреповтің сұрауы бойынша «Қыз Жібекте» Төлегенді ойнадым. Қыз Жібекті сомдаған Нұржамал Үсенбаева ол кезде бесінші курста оқитын. С.Мұха­меджановтың «Жұмбақ қыз» лиро-эпикалық операсында дра­малық тенордың даусына лайық ауыр партия бар. Осы партияны Нариман Қаражігітов, Амангелді Сембиннен кейін мен орындадым. Ақан сері, Біржан сал, Ай­дар, Төлегенге қоса Ленскийді («Евгений Онегин»), Лыковты («Патша қалыңдығы»), тағы басқа да көптеген партияны сомдадым. Сахнадағы он жыл жинаған тәжірибем ескерусіз қалған жоқ. 1991 жылы Елбасының қолынан Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағын алдым.

– Сол жылдар тағы несімен есіңізде қалды?

– 1991 жылы көпшілікке жеке концертімді ұсындым. Асқар Тоқпанов, Әсет Бейсеуов, Нұрғиса Тілендиев, Ілия Жақанов, Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғалиев, Өмірзақ Айтбаев сияқты мәдениет пен әдебиеттің майталмандары, мемлекет қайраткерлері Советхан Нұрпейісов, Сиязбек Мұқашевтар келіп тамашалады. Телевидениеге түсірді, халық жақсы қабылдады. Өңірлерден өтініштер келіп түсе бастады.

– Жеке концертін өткізетін опера әншілері некен-саяқ. Сах­нада ән салумен қатар әрі жүр­гізу­шінің рөлін атқару өте сирек құ­былыс. Осы екеуін қатар алып шы­ғудың қиындығы неде?

– Кей әріптестерім кешті өзіңіз жүргізесіз, өзіңіз орындайсыз, деп таңғалады. Өйткені операда ария, ариоза ансамбльдерін орындап біткен әншінің сәл дамылдап, дауысын түзеп алуына мүмкіндігі бар. Ең күрделі деген операдағы сомдалатын партия әрі кетсе қырық минуттық. Ал концерттік бағдарламаның күр­­делілігі – екі сағат үзіліссіз орын­­дайсыз. Әр автордың стиль ерек­шелігі деген тағы бар. Мы­салы, бір композитордың ғана шы­ғармаларын шырқау онша қиын соқпауы мүмкін, ал енді бір концертте ән, романс, халық әні, эстраданы қатар орындау әншіге көп еңбектенуді, ізденісті, психологиялық дайындықты талап етеді. Осы тұрғыдан келгенде, концерт әншісінің бәсі бәрінен биік тұр. Атақты Мүсілім Магомаев Италияда білім алған әнші. Бірақ өмір бақи Үлкен театрда қалуды мақсат тұтпады. Сөйтіп концерт әншісі ретінде өнер көрсетті. Мұнан оның өнеріне халықтың сүйіс­пеншілігі кеміп қалған жоқ. Қайта тарихта аты қалды.

– Ақмолаға гастрольдік сапармен келуіңіз өміріңіз бен өне­ріңізге нендей өзгерістер алып келгенін айтып берсеңіз.

–1996 жылы 18 мамырда Конгресс-холлда (бұрынғы Тың игерушілер сарайы) өткен жеке концертімді қазір көз алдыма елес­тетсем, алабөтен күй кешемін. Қала тұрғындарының дені – өзге ұлт өкілдері. Орындайтын әндерімнің көбі – қазақ әндері. Содан аяқастынан бағдарламаны қайтадан өзгертуге тура келді. Украин, поляк, орыс әндерін қос­тым. Ақ­моланың бір-екі ауданын араладым. Осы сапар ба­рысында сыйлас ағамыз Аман­гелді Құсайыновқа сәлем бере кету үшін Целиноград инженерлік-құрылыс институты мен Целиноград педагогикалық инс­титутының бірігуі негізінде Еуразия университеті атауына ие болып жатқан жаңа оқу орнына бас сұқтым. Ректормен болған әңгімеміздің ауаны бірден астанамыздың болашағына қарай ойысқанда: «Қазақтың болашағы астанасымен ғана жарқын. Маған сен сияқты өнер адамдары керек. Осында көшіп кел!» деп тө­тесінен бір-ақ қойды. Мен аң­тарылып қалдым. «Жалғыз өзім келгенде қолымнан не келеді? Басқа әріптестеріме де осы ұсы­нысыңызды жеткізсем бола ма?» деп сұрадым. Ол кісі келісімін берді. Бірақ өкінішке қарай, қолқа салған әріптестерім көнбей қойды. Ақмоланың тез арада астана болып қалыптасып кететініне күмән келтірді.

– Елордалық филармония ашып, ұлт-аспаптар оркестрін құруға атсалысқан еңбегіңіз өз алдына бір төбе емес пе?

– Еуразия университетінде бір жыл қызмет істедім. Одан кейін филармония ашылды. Сол кез­дегі «Целинный» кинотеатры ғимараты берілді. Бір жыл бойы күрделі жөндеуден өткізіп, сахнасын, дайындық бөлмелерін әзірлеп, әні-міне кіреміз деп отырғанда жаңа жайымызды тартып алып, көңіліміз аяқастынан су сепкендей басылды. Кейін оған боулинг, мейрамхана, казино жайғасқанын естігенде, еңбегіміздің еш кетке­ніне өкіндік. 1997 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Жәнібек Кәрібжанов Ақмола облысына әкім болып тағайындалды. Сол уақытта «Қа­зақ әдебиеті» газетінде жа­рық көрген жанайқайымды оқы­ған әкім ағамыз мені филар­мония директоры қызметіне шақыр­ды. Алдымызда астананы қаза­қыландыру, жергілікті музыкант­тарды тарту міндеті тұрды. Өңір­лерден мамандар тарттық. Пав­лодардан дирижерлікке Мыр­зағали Айдаболов ағамызды ал­дырдық. Сөйтіп құрамы 60 адам­нан тұратын ұлт-аспаптар оркес­трінің негізін қаладық. Салтанатты ашылуы 1998 жылы сәуірде Жастар сарайында өтті. Сол жылы Музыка академиясында ән салу кафедрасы ашылып, ректоры Айман Мұсақожаеваның шақыруымен сонда бардым. Мұнда 2007 жыл­ға дейін кафедра меңгерушісі қызметін атқардым. Көптеген шәкірт даярлап, профессор атандым. Одан кейін Шығыс Қазақстан облысы Мәдениет басқармасында бес жыл қызмет істедім. 2012 жылы Еуразия университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың ша­қыруымен астанаға қайта оралып, «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігін құруға атсалыстық.

– Абай әндерін қай уақыттан бері насихаттап келесіз?

– Әлемнің 18 мемлекетінде өнер көрсеттім. Сол секілді Шың­­­ғыстаудан Маңғыстауға, Өс­­кеменнен Қаскелеңге дейін аралап ән салдым. Концерттік бағдарламаларым «Астанаға ән-шашу», «Ғабең және музыка», «Я встретил Вас», «Көктем сезім» деген атпен өтті. Сала-сала бойынша мұндай сегіз концертім бар екен. 2006 жыл Ресейде Абай жылы, Қазақстанда Пушкин жылы болып белгіленді. Соған байланыс­ты министрлік бұл сапарға лайық өнер адамын іздестірді. Сол тұста менің «Абай-Пуш­кин» жобам министрдің көзіне шалынып, концертімді өзі келіп тамашалады. Сөйтіп сол жылы Мәскеу, Санкт-Петербург қалала­рынан бастап, Ресейдің Астрахань, Орынбор, Самара, Омбы, Томск, Барнаул, Новосібір сияқты бірнеше өңіріне жолымыз түсті. Бір айға жуық Ресейді аралап, он бес концерт бердім.

Абай әндерін насихаттау мақ­сатымен 1994-1995 жылдары Қыр­ғызстанға, Өзбекстанға, Украи­наға, Ресейге, Түркияға, Иран мен Мысырға гастрольдік сапармен бардым. Алматыда тек қана Абай әндерінен тұратын жеке концертім өтті. Ұлы ақынның 160-170 жылдық тойларына арнаған ән тартуларым тағы бар. Сондағы таспаларым сақтаулы. Концерттік бағдарламамды сапарыма қарай біраз өзгертіп, толықтырып отырдым. Түркия, Франция, Польша, Германия, Румыния елдерінде өнер көрсеттім. Былтыр Арменияға барып қайттық. Абайды түркі әлеміне кеңінен насихаттау мақ­сатымен Түркиядағы іс-шараға қатыстым.

– Концерттік бағдарлама­ңыз­да Абайдың қанша әні бар?

– Абайдың өзінің әндері мен ақын сөзіне қазақ композиторлары жазған шығармаларды қоса есептегенде, бас-аяғы 25 ән бар. Ал «Пушкин-Абай» бағдарламасында Пушкиннен – 12, ал Абайдан 13 ән орындап, кешті өзім жүргі­земін. Былтыр ақынның 175 жыл­дығына орай Абай әндері мен ақын өлеңдеріне жазылған қазақ композиторларының вокалдық шығармаларын Абай ТВ арнасы түгел жазып алды. Ұлы ақынды әспеттеу әлі де жалғасын табуда.

– Әншілердің жүрегі дауалай бермейтін ақын өлеңдеріне жа­зылған қандай үлкен шығар­малар бар?

– Алғаш Б.Жылысбаев ағамыз орындаған М.Маңғытаевтың «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес», М.Төлебаевтың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» романстарын орындауға кез келген әнші тәуекел ете бермейді. Ақын өлеңдеріне жазылған С.Мұхамеджановтың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», Н.Тілендиев ағамыздың кең диапазонды «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» романстары да өте сирек орындалады. Т.Ша­пайдың «Есіңде бар ма жас күнің» әні мен М.Ыбыраевтың «Қансонарда» желдірмесін алғаш рет мен орындадым. Ал Абайдың өзінің «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Қаламқас», «Сегіз аяқ» әндерін рояльге түсіріп айттым. Неміс ақыны Гетенің өлеңін Лермонтов «Горные вершины» деп тәржімаласа, мұны Абай «Қараңғы түнде тау қалғып» деп аударып, музыка жазды. Германияға барған сапарымда сүйемелдеусіз мен осы әннің бір шумағын немісше, бір шумағын орысша, сосын қазақша орындадым.

– Қазақ ұлттық операсы қазір қай деңгейде деп ойлайсыз?

– Бұрын опера әншілері танымал тұлға саналатын. Жұртқа Е.Серкебаев, Р.Жаманова, Б.Төле­генова, Ш.Үмбетәлиев, Х.Есімов, Х.Қалиламбекова, Ә.Ді­нішев сияқты опера саң­лақтарының сахнадағы өнерін тамашалау арман болатын. Бүгінде сондай қызығушылық аса аңғарыла қоймайды. Ұлттық қойылымдар там-тұм. «Абай», «Біржан-Сара», «Қыз Жібек»... осымен тәмам. Оның өзінде осы спектакльдерді кейін сырттан келген өзге ұлт өкілдерінің қойып жатқаны қын­жылтпай қоймайды. Тарихи дүниелерді олар қалай түсінеді? Мысалы, С.Мұхамеджановтың үш операсы бар. Бірақ қойылмайды. Неге? Драма театрларында режиссерлер бар да, ал операда кәсіби маман жоқтың қасы. Либрет­то жазатындар мүлдем жоқ. Дири­жерлер бар-ау, бірақ дені Батысқа еліктейді. Кей әншілер тілін шайнап, қазақшаны бұзып орындап тұрады. Баяғыда опера, балет жа­затындарға министрліктен әжеп­тәуір қаржы бөлінетін. Қазір у-шу мен шоу-бизнес алға озып тұр. «Қаламқас» пен «Ақбақайды» қыздар шырқап кетті. Дауыс диапазоны демі жетпей тұрған тұста мелизм, форшлаг қосып бұзып айтады. А.Жұбановтың «Қарлығаш» әнінің қайырмасындағы «Аха-ау» дейтін тұсын тастап, өздерінің мәнеріне салып орындаушылар пайда болды. Жаңа әндерді бұрмалағанына көнерсің, ал бірақ классикалық әндерді өйтуге болмайды.

Операдағы кәсіби әншілер тасада қалып қойып жатыр. Не насихат, не жарнамасын көзіңіз шалмайды. Сол себепті мен өзім­­нің шәкірттерімді: «Неге жеке концерттеріңмен сахнаға шық­пайсыңдар? Бұлай қашанғы жүре бересіңдер?» деп жиі қамшылап тұрамын. Әттең, бірақ әлі сол қалпы, өзгеріс байқалмайды. Мен кезінде Ленинградта Борис Штоколов, Владимир Атлантов, Елена Образцова, Ирина Богачева сияқты саңлақтардың операмен қабат концерттік жиындарда да жанып тұрып өнер көрсеткеніне куә болдым. Опера әншісі қазақ әндерін шырқамасын деген қатып қалған заң жоқ. Кейбірінің қазақ композиторларына мұрын шүйіріп, менсінбей тұратынын ішім сезеді.

Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова ханым фонограмманы тоқтатса, осы бір-ақ ісімен тарихта аты қалар еді.

– Операда бұрындары Мәс­кеу мен Санкт-Петербург мекте­бінен өту үлкен жетістік саналатын. Қазір де солай ма?

– Қазіргілер италиялық ба­ғытқа көбірек жүгінеді. Бая­ғыда Е.Серкебаевтың, Б.Жы­лыс­­баевтың, ағайынды Абдул­лин­дердің, Р.Жаманованың, Б.Тө­ле­генованың, Н.Қаражігітов пен Ғ.Есімовтердің даусын бір-бірінен оңай ажырататын едік. Өйткені өзіндік үні, дауыс тембрі бір-біріне ұқсамайтын. Сонысымен жан баурайтын, сүйсінтетін. Ал қазір дауыстардың көбі инкуба­тордан шыққан сияқты бір-бірі­нен аумайды. Жаппай Италия мә­нерін игереміз деп жанталасады. Франция, Германия, Италия театрларында өнер көрсетіп жүр дегендей. Бірақ жеке өзінің үні болмаған әнші сахнаға жұтылады. Айналып келгенде, мұның зардабын қазақ ұлттық опера өнері тартады... Бізде қаншама оратория, кантата ескерусіз жатыр. Мысалы, С.Мұхамеджановтың сегіз бөлімнен тұратын «Ғасырлар үні» деген ірі ораториясы бар. Сонау «ақ табан шұбырындыдан» бас­тап, тәуелсіздік алғанға де­йінгі аралықты суреттейді. Хор, оркестр, солистер қатысады. Тәуел­сіздіктің 30 жылдығында осы дүниені неге қайта тірілтпеске деген ой келеді. «Есілдің бойына ел қондырған» қазақтың қазіргі күйімен байланыс­тырып, түпнұсқа туындыға нұқсан келтірмейтіндей сипатта әрі қарай жаңаша өр­бітетін композиторға тапсырса, ғаламат жаңалық болмай ма?! Алғаш мұны Р. Абдуллин, Б.Досымжанов, Б.Төлегенова одан кейін Х.Қалиламбекова екеуміз орындадық. Бір сағаттық алапат оратория сонымен ұмыт қалғандай.

– Қазақ ұлттық опера өне­рін басқа халықтар қалай қа­былдайды?

– Біз мысалы, 1986 жылы «Бір­жан-Сара» операсын Гер­мания жұртшылығына апарып көрсеттік. Әй, сондағы немістердің тамсанғаны-ай! Драматургиясы қандай десеңші? Мұнан асқан классика бар ма?! Немістер: «Шіркін, мына спектакльді неміс тіліне аударып қойса ғой» деді. Ал біз шетелге гастрольдік сапарға шыға қалсақ, шетелдің классикасын апарамыз. Бұл оларға таңсық дүние емес. Вердиді, Шекспирді олар бізден жақсы біледі. Сондықтан ұлттық операны көбірек насихаттауымыз керек. «Біржан-Сарада» музыка десең музыка, би десең би, ән десең ән, айтыс өнеріне дейін бар. Құдай-ау, мұндай бай құндылық қай елде бар! Музыкасы, ариясы, ансамбльдері қандай ғажап! Соны неге мысалы, Татарстан театры татарша, башқұрттар өз тіліне аударып қоймасқа. «Біржан-Сараның» орысша нұсқасы радиода сақтаулы көрінеді. 70-жыл­дары таспаға басылып алын­ған болса керек. Ғажабы, мұны орыс тілінде Ресейдің әншілері орындаған. Осы туралы алғаш өнер зерттеуші Жарқын Шәкә­рімнің өз аузынан естідім. Әмі­ренің даусын тауып әкелген сапарында сондай тамаша дүниені Ресей қорынан көзі шалыпты. Біз П.Чайковскийдің «Қарғаның мәткесін» қойып жатқанда, қазақ­тың төл операсы неге Ресей театрында сахналанбауы керек?! Кеңес уақытында Вердидің, Пуч­чинидің шығармалары түгел орыс тілінде орындалатын. Бүгінде әр туынды өзінің төл тілінде жет­кізіліп жүр. Сол сияқты Италия театрларына да: «Біз Дж.Вердидің «Риголеттасын» сахналаймыз, ал сіздер «Біржан-Сараны» италиян тілінде қойыңыздар» деп, екі жаққа бірдей тиімді ортақ келісімдерге қол жеткізілсе, керемет емес пе? Өз басым Е.Рахма­диевтің симфониялық күйлері – «Дайрабайы» мен «Құ­даша-думанын» естігенде шетелдік көрермендердің орындарынан тік тұрып, құрмет көрсеткеніне куә болғанмын. Өйткені онда ұлттық нақыш пен ұлттық рух бар!

– Қазақ композиторларынан кімдермен тығыз шығар­ма­шы­лық байланыстасыз?

– Өкінішке қарай, кәсіби классик композиторларымыз А.Жұбанов, М.Төлебаев, С.Мұ­хамеджанов, М.Маңғытаев, тіпті Ә.Бейсеуовтің өзі ұмытылып бара жатыр. Алдыңғы буыннан көзі тірі арамызда жүрген Ілия Жақанов ағамыздың 15 шығар­­масын білемін. Биыл ком­по­зитордың 85 жылдығы. Осының құрметіне биыл Атырауға барып қайту жоспарымызда бар. «Кәу­сарда» шығармашылық кез­десуін өткіздік. Мен ол кісінің кең тараған «Әсел», «Даниярдың әні», «Балқантау», «Жайлаукөл кештері», «Еділ мен Жайық» ән­дерін орындадым, ал композитор әр әннің шығу тарихын баяндап берді.

– Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігіне сіңір­ген еңбегіңіз ұшан-теңіз. Осы түсірілімдерді көпшілік көрер­менге телеарналар арқылы ха­лыққа жеткізу ойларыңызда бар ма?

– «Кәусар» бірлестігі 2012 жылы құрылды. Содан бері қаншама танымал тұлғалармен, қаламгерлермен, ғалымдармен кездесу өткіздік. Е.Рахмадиев, І.Жақанов, К.Салықов, С.Қас­қабасов, Н.Оразалин... бәрін түгел тізіп айту мүмкін емес. Сим­фониялық оркестр, Аюхановтың балеті, 40 жылдан астам тарихы бар «Қаламқас» ән-би ансамблі бізде қонақта болды. Жастарға эстетикалық тәрбие беру үшін бірлестік өте көп жұмыс істеп жатыр. Бір әттеген-айы, бұл тү­сірілімдерді телеарнаның форматына сәйкес келмеуі себепті көпшілік көрерменге тарата алмай отырмыз. Бірақ алдағы уақытта жеке альбом етіп басып шығару ниетіміз бар.

– Жалпы, сахналық қал­пыңызды, даусыңызды бұзбай сақтап қалуыңыздың сыры не­де?

– Болмашы нәрселерге бола көңіл күйіңді бұзбау, саламатты өмір салтын сақтау, дұрыс тамақтану, уақтылы ұйықтап, тынығу, күйзеліске түспеу, ашуға берілмеу – осының бәрі түр-сипатыңа, даусыңа әсер етеді. Сондықтан концерт болатын күні ешкіммен сөйлеспеуге тырысамын. Өйткені тенор өте нәзік лирикалық дауысқа жатады, кез келген нәрсеге әсерленеді, ұсақ-түйек кейістіктің өзіне жаны тез жараланады. Мұны айтып отырғандағы ойым, қазір сахна мәдениеті дегенге көп адам мән бермейтін сияқты.

 

Әңгімелескен

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»