Қоғам • 25 Маусым, 2021

Органикалық химия саласының эталоны. ҚР ҰҒА академигі Қалдыбай Пірәлиев туралы сыр

668 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қалдыбай Пірәлиевтің ғылыми зерттеулерінің негізгі бағыты нәзік органи­калық синтез тәсілдерін жасау, отандық жаңа залалсыз әрі әсерлілігі өте жоғары дәрілік заттарды жасау. Осы еңбегі арқылы ғылыми шыңдарды бағын­­дырып, есімі химия ғылымы саласында бас әріппен жазылған ғалым-химик.

Органикалық химия саласының эталоны. ҚР ҰҒА академигі Қалдыбай Пірәлиев туралы сыр

Қалдыбай Жайлауұлы 1941 жылы 29 мау­сымда Оңтүстік Қазақстан облысы, Сай­рам ауданы, Қарабұлақ ауылында дү­ние­ге келген.

1965 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факуль­тетін үздік бітірді. Органикалық химия саласында жаңашылдық жасауға барынша күш салып, 1970 жылы канди­даттық диссер­тация, ал 1991 жылы док­тор­лық диссертация қорғап, 1992 жылы профессор атағын алды. 2004 жылдан Қазақстан Республикасы Ұлт­тық Ғылым ака­демиясының академигі атан­ды және бас директордың орынбасары болды.

Талантты және химияға бейімі барын байқаған профессор Д.В.Соколов кан­дидаттық диссертацияны қор­ға­ғаннан кейін жас ғалымды КСРО ҒКНТ-ның жоғары тиімді анальге­тиктерді-синтетикалық морфинді алмастырғыштарды іздеу жө­ніндегі ауқымды тақырыбының жауапты орындаушысы етіп тағайындады. Бұл Қалдыбай Жайлауұлының Қазақстанда және ТМД елдерінде, сонымен қатар шет мемлекеттерде де танымал көрнекті органик-химик, ғылымды ұйымдастырушы, қоғам қайраткері ретінде қалыптасуының бастамасы болды.

Академик Қ.Ж.Пірәлиев мектебінің соң­ғы кездердегі үлкен жетістіктері есірт­кі емес күшті анальгетиктік әсерлерге ие және апиынға антагонистік белсенділік көр­сететін заттар алынуы.

Қалдыбай Жайлауұлы өмірден тоқы­ғаны мол, кең ойлап, қамқор қолын ұсы­нып жүретін аяулы жан, озық ойлай­тын, жаны жомарт, қамқор да талапшыл басшы, ұлағатты ұстаз ретінде бел­гілі. Іскер басшылық, адамгершілік қарым-қатынас, талмай ізденулер мен  жаңалыққа деген құштарлық өз нәти­жесін беріп, ол алыс-жақын шетелдерге кеңі­нен белгілі, танымал ғалым атанды. ҰҒА академигі Қ.Ж.Пірәлиевтің ТМД елде­рінің медициналық практикасына жаңа тиімділігі жоғары және бірегей дәрі­лік заттарды енгізуге бағытталған бел­сенді инновациялық қызметін ерекше атап өткен жөн. Антидепрессант ЦЕФЕДРИН және ең аз наркогендік потенциалы бар морфинді алмастырушы орталық анальгетик – ПРОСИДОЛ алынып, медициналық практикаға енгізілді, олардың өнеркәсіптік өндірісі игерілді. Сондай-ақ Мәскеудің жетек­ші клиникаларында клиникалық сынақ­­тардың бірінші кезеңінен сәтті өткен жергі­лікті анестетик және антиаритмиялық КАЗКАИН ерекше қызығушылық тудырды.

Қ.Ж.Пірәлиев әрқашан химия ғылым­дары институтында ғана емес, бүкіл ел­дің қоғамдық және ғылыми-ұйымдас­тыру­­шылық қызметінің ортасында жүр. Көпте­ген жылдар бойы ол  «Ә.Б. Бектұров атын­дағы химия ғылымдары институты» АҚ ғылыми кеңесінің төраға орынбасары, Институттың диссертациялық кеңесінің төрағасы және орынбасары, ҰҒА химия – технологиялық ғылымдар бөлімшесі Бюро­сының мүшесі, түрлі ҒТК және түрлі ғылыми журналдардың редакциялық ал­қа­сының мүшесі, республикалық ір­гелі зерттеулер кеңесінің мүшесі, қа­зір­гі уақытта Қ.Ж.Пірәлиев – БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау коми­­теті прези­диумы­ның және ҰҒА Прези­диумының мүшесі.

ҚР ҰҒА академигі Қ.Ж.Пірәлиев басшылығымен  8 доктор, 34 ғылым кандидаты және 3 химия ғылымдары бойынша философия PhD докторы да­йындалды.

Академик Қ.Ж.Пірәлиев 1986 жылы ҚазКСР Министрлер кеңесінің  сыйлы­­ғына, 2002 жылы академик Қ.И.Сәтбаев атын­дағы,  2003 жылы ҚР Мемлекет­тік сыйлық­тарының лауреаты  атанды. Қал­дыбай Жайлауұлына 2001 жылы «Қазақстан Республикасының тәуел­сіздігіне 10 жыл» медалі, 2002 жылы Қазақ­стан Республикасының ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі, 2016 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы» атағы және 2021 жылы «Еңбек ардагері» төсбелгісі берілді.

Жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты ҰҒА академигі Қ.Ж.Пірәлиевті мағыналы ғұмыр­дың биік бір белесі – 80 жасқа алып жетті. Осы кемелдікке жігер, жарқын көңіл­мен келіп отыр.

Мерейтой – жүріп өткен жолды бағалау­ға мүмкіндік беретін тамаша шың! 

«Ә.Б.Бектұров атындағы химия ғылым­дары институты» АҚ-ның бас директоры, химия ғылымдарының кандидаты Дәметкен Фишер және ұжымы ҰҒА академигі Қ.Ж.Пірәлиевті 80 жас мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық және Қазақстанның химия ғылымының игілігі үшін жаңа шығарма­шылық табыстар тілейді.