Өнер • 28 Маусым, 2021

Жібек жіппен тоқылған портрет

520 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы Сәбит Мұқановтың му­­зейіне келушілерді ерекше таң­ғалдыратын бір портрет мемо­риалдық бө­лімнің төрінде ілулі тұр. Бұл портретті Хакасияның ерлі-зайыпты қолөнер шеберлері Григорий және Анна Аткниндер кестелеген.

Жібек жіппен тоқылған портрет

Г.А.Аткнин – кесте тігу шебері. Ол үшін шабыттың негізгі көзі хакас халқының қолөнері болған. Көркем кестелерден басқа суретші кескіндеме, графика және мүсін саласында да жемісті еңбек еткен. Григорий Алексеевич 1906 жылы 14 қарашада Усть-Абаканда дүниеге келген. 1926 жылы Омбыдағы Врубель атындағы көркемсурет техни­кумына, кескіндеме және декорация факультетіне оқуға түседі. Мәскеуде, Аба­канда, Ташкентте оқиды, қызмет істейді. 1962 жылы Алматы қаласына, отбасымен көшіп келген және дәл осы шеберлердің қолы­нан ақын-жазушыларымыз Ж.Жабаев, М.Әуезов, С.Сейфуллин, С.Мұқановтың пор­трет­тері кестеленген екен. Қолөнер шебері, суретші Г.Аткниннің ең үлкен еңбегі – кес­темен тоқылған портрет жасауды үздік өнер дәрежесіне көтеруі.
Музейде тұрған Сәбеңнің жеке портреті кес­те (мулине) жіппен шебер орындалған. 1970 жылы Қазақстан Жазушылар одағының арнайы тапсырысымен жасалып, жазушының 70 жыл­дық мерейтойына тарту етілген. Бұл туралы: «Ор­нымнан тұрып, қабырғада ілулі тұрған суреттерге қарай бастадым. «Мынау акварель, анау майлы бояумен салынған.. бұ­рыштағы ше? Кесте ғой. Мынау... бұл қандай ше­бердің қолы­нан шықты екен? Қағазға салған сурет те мұндай әдемі болмас... Сәбеңнің дәл өзі: үстінде қазақы түйе жүн шекпені, басында сусар бөрік, көзін сәл қысыңқырап, қулана күліп тұр. Кімнің өнері болса да, көз тимесін!» – деп тамсана жазған екен өзбек жазушысы Насыр Фазылов («Кәдімгі Сәбит Мұқанов», Естеліктер. 1984).
Портретті музейге Сәбеңнің 47 жыл отас­қан сүйікті жары Мәриям Қожахметқызы 1978 жылы табыстаған. Сәті түсіп музейге келу­ші­лер сүйсіне қарап, тамашалайтын құнды жә­дігер.


Жанар ТАЕВА,
«Алматы қаласының музейлер бірлестігіне» қарасты С.Мұқанов пен
Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің ғылыми қызметкері