Әлем • 29 Маусым, 2021

Коронавирус пандемиясы: Кей елде бәсеңдеп, кей елде үдеп тұр

301 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Коронавирус пандемиясы әлі де күшінде. Әсіресе, Үндістаннан табылған жаңа мутация – «Дельта» әлемді әбігерге салатын түрі бар. Қазірдің өзінде аталған штамм шартараптың бірқатар елінен табылып үлгерді. Дегенмен вакцина салдыру бойынша алда тұрған елдердегі эпидемиялық ахуал түзеліп келеді. Соған байланысты карантиндік шектеулер жеңілдетіліп жатыр.

Коронавирус пандемиясы: Кей елде бәсеңдеп, кей елде үдеп тұр

Үндістанның Мадхья-Пра­деш штатында Сovid-19-дың жаңа мутациясы – «Дельта плюс» штамының салдарынан алғашқы науқас қайтыс бол­ды. Қатерлі дерт әйел адам­ның өмірін жалмаған. Оның жасына қатысты әзірге ешқандай мәлімет жоқ. Тек оның жұбайының да бұған дейін коронавирус жұқтырғаны және кейінірек вакцинаның екі дозасын алғаны белгілі.
Штат министрі Вишвас Саранг­тың айтуынша, қазір­гі уақытта жаңа штамды жұқтыр­ған бес адам анықталған. Індетті жұқтырған азаматтардың ішінде коронавирус инфекциясына қар­сы екпені тек қайтыс болған әйел салдырмапты. Вакцинаны алған өзге төрт адамның жағ­дайы қазіргі таңда қалыпты.
Ал Махараштра және Керала штаттарында анықталған «Дельта плюс» мутациясы өте агрес­сивті екен. Вирус адам­ға көзді ашып-жұмғанша жұ­ғуы мүмкін. Үндістанның меди­ци­налық университеттері қауым­дастығының басшысы Рандип Гулерияның айтуынша, вирусты тасымалдаушы көшеде өтіп бара жатып-ақ бірнеше адамның ауруына себепші бола алады. Үндістандық мутацияның жаңа штамының үш ерекшелігі бар көрінеді. Жұқпалы ауру тез таралады, өкпе жасушаларының рецеп­торларымен байланысу қабілеті жоғары және антиденелерге төзімді.
«Дельта плюс» штамының вакциналарға қаншалықты төтеп беретіні әлі белгісіз. Үндістаннан бөлек, коронавирустың жаңа штамын жұқтыру оқиғалары Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Португалия, Жапония, Непал, Польша, Швейцария, Түркия, Ресей, Беларусь, Өзбекстан сияқ­ты елдерде тіркелген.
Өкінішке қарай, Үндістан таяу арада вирус жұқтыру көр­сет­кі­ші бойын­ша бірінші орынға шығуы мүм­кін. Қазіргі таңда елде 30 мил­лион­­нан астам адам науқас­танған. Күн сайын шамамен 40-50 мың адам­ның инфекция жұқтырғаны анықталады.
Әлемнің басқа елдерінде де эпидемиялық ахуал әлі де күрделі. Аустралияның ең ірі қаласында уақытша карантин жарияланды. Сиднейдің төрт ауданында COVID-19-ды жұқтыру оқиғаларының артуына байланысты шектеулер енгізілді. Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының премьер-министрі Глэдис Бере­жикляннің сөзіне сүйенсек, карантин бір аптаға созылуы мүмкін. Бұл аудандарға азаматтар тек қажет болған жағдайда ғана кіре алады. Жергілікті тұрғындардың үйден тек азық-түлік пен қажетті тауарларды алу үшін дүкенге, медициналық мекемелерге, қашықтан жұмыс істеуге немесе оқуға мүмкіндік бол­маған жағдайда жұмыс немесе оқу орнына шығуына рұқсат берілген. Топта тек 10 адамға дейін серуендей алады.
Бангладеште дүйсенбіден бас­тап қатаң шектеу күшіне енді. Мұның бас­ты себебі – елде үндіс­тандық штамм тез таралып барады. Жергілікті билік мемлекеттік және жекеменшік жұмыс орындарын жабуға шешім шығарды. Тұрғындар үйден тек шұғыл шаруа­мен ғана шыға алады. Денсаулық сақтау департаментінің мәліметіне сүйенсек, қауіпсіздікті сақтауды қамтамасыз ету үшін полиция мен шекара қызметкерлері тартылады. Қажет болған жағ­дайда әскерилер де осыған жұмыл­дырылуы ықтимал.
Өзбекстан астанасы эпиде­миялық жағдайдың ушы­ғуына байланысты екі апталық каран­тинге жабылды. Мұндай шешімді коронавирусқа қарсы іс-қимыл жөніндегі арнайы респуб­ликалық комиссия қа­былдады.
«28 маусымнан бастап 12 шілдеге дейін Ташкентке көр­ші облыстардан автокөлік құралдарымен (автомобильдер мен автобустар) кіруге шектеу қойылады. 28 маусымнан бастап бүкіл ел бойынша барлық ойын-сауық нысандары (мейрамханалар, түнгі клубтар, караоке, бильярд және компьютер залдары, қоғамдық тамақтану орындары дәмханалар, асханалар мен шайханалар) кесте бойынша 8.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Ал осы мекемелерге келушілер саны жалпы көлемнің 50 пайызынан аспауы тиіс», делінген Өзбекстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.
Әйтсе де, вакцина салдыру көр­сеткіші жоғары елдерде қауіпті дертке шалдыққан науқастар саны азайып келеді. Соған байланысты карантиндік шектеулер біртіндеп жеңіл­детіліп жатыр. Мәселен, Мысыр билігі коро­навирустың жаңа штамдары та­ралмаған елдерден келетін турис­терге мемлекетке кіру талаптарын жеңілдетті. Олардан ПТР-тесттің теріс нәтижесі бар анықтамалар талап етілмейді, бірақ меймандар вакцина салдыруы тиіс.
Мысырдың Денсаулық сақтау министрлігінің дерек­теріне сүйенсек, келген жолаушылар коронавирусқа қарсы екпені алғанын растайтын куәліктерін ұсынуы тиіс. Сондай-ақ құжаттың QR коды болуы керек.
Айта кетерлігі, Спутник V,­­ Pfizer, AstraZeneca, Moderna, Sinopharm, Sinovac секілді Дүние­жүзілік ден­саулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) мен Мысырдың дәрі-дәрмектер бас­қармасы мақұлдаған препараттарды салдырғандар ғана елге емін-еркін кіре алады. Бұл ретте вакцинаның екінші дозасын қабылдағаннан кейін 14 тәулік өтуі қажет. Ал вакцина алмаған турис­терге қойылатын талаптар өзгерген жоқ. 6 жасқа дейінгі балалардан басқа азаматтардың бәрі ПТР зерттеу нәтижесі бар анықтама ұсынуы керек.
Швейцарияда 26 маусымда елде қашықтан жұмыс істеу режімі, көшеде бетперде кию міндеті алынып тасталды. Сондай-ақ азаматтар өзінің екпе салдырғандығын растайтын куәлік, COVID-19 инфекциясынан сауығып шыққаны туралы немесе ПТР -тесттің теріс нәтижесі бар анықтама ұсынған жағдайда, мейрамханаларға кіруіне рұқсат етілмек.
Шенген аймағындағы басқа елдердің азаматтары Швейцарияға келгеннен кейін енді карантинге жатуға міндетті емес. Бірақ Үн­дістаннан, Ұлыбританиядан және коронавирустың жаңа нұсқалары қарқынды таралып жатқан елдерден келетін азаматтар үшін шектеулер күшін жойған жоқ.
Сингапур туристік және іскерлік сапарларды тез арада қайта жандандыру мақсатында денсаулық сертификаттарын өзара мойындау перспективаларын бірқатар елмен талқылауға бастамашылық танытты. Бұл туралы республиканың СІМ басшысы Вивиан Балакришнан «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясындағы Азия – Тынық мұхиты бейнеконференциясында мәлімдеді.
«Сингапур көптеген серік­тес­терімен, соның ішінде ҚХР-мен қауіпсіз сапарлар режімін жеңілдету үшін денсаулық сертификаттарын өзара мойындау мәселелері жөніндегі келіссөздерді жүргізе бастады», деді министр. Балакришнанның айтуына қарағанда, мұндай шара пандемиядан кейін әлемді қайта қалпына келтіру үшін аса қажет.
Түркия билігі 1 шілдеден бас­тап эпидемиялық жағдайдың жақсаруына байланысты коронавируспен күреске қатысты шаралар тағы да жеңілдетілетінін жариялады. Ішкі істер министрлігі таратқан нұсқаулыққа сәйкес, алдағы бейсенбіден бастап комендант сағаты тоқтатылып, қалааралық қатынас шектеулері алынып тасталады. Сонымен қатар аталған мерзімде барлық жұмыс орындары ашылып, пандемияға байланысты қызметін тоқтатқан кинотеатрлар қайта жұмыс істей бастайды. Дәмхана мен мейрамханалар келуші санын шектемей, ғимарат ішінде және далада қызмет көрсете бастайды.
Бұдан бөлек 1 шілдеде үйлену тойы ашық жерде қонақ санын шектеместен өткізіледі. Концерт және фестиваль өткізуге бұған дейін белгіленген сақтық шаралары бұзылмаса, рұқсат беріледі. Саябақ, даладағы серуен орындары мен кемпингтер де ашық болады.
Коронавирус көлік компаниялары кірісінің азаюына себеп болды. Германия Федералды үкіметі коронавирустық дағдарысқа байланысты зардап шеккен қоғамдық көлік кәсіпорындарына қосымша 1 млрд еуро мөлшерінде қаражат бөлмек. 2020 жылы Германия үкіметі жолау­шылар тапшылығына байланысты қиындыққа ұшыраған муниципалдық және аймақтық көлік қажеттіліктеріне 2,5 млрд еуро бөлген еді.