Білім • 29 Маусым, 2021

Педагог мамандығының құндылығы

3172 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қазіргі әлемнің даму қарқыны көнеден келе жатқан мамандықтардың бірі – мұғалім кәсібін өзгерту қажеттілігін мойындатып отыр. Мойындау және қабылдау – бұл алғашқы қадам, ал екіншісі одан да қиын. Бұл «Қалай өзгерту керек?», «Нені өзгерту керек?» және «Қаншалықты өзгерту мүмкін?» деген сұрақтарды қамтиды.

Педагог мамандығының құндылығы

Егер де мектеп партасындағы бала­лар­ды түсіне алсақ, онда жауабын таба аламыз. Зерттеушілердің пікірін­ше, қазіргі әлемде педагогтер альфа буын­дағы балалармен жұмыс істейді. Мұндай балалардың басты ерекшелігі – өзін өзі жетілдіруге қабілетті, ашық, шығармашылық, интеллектуалды дамы­ған тұлға. Өздері қалаған нәрсені жасайды, оларды бір нәрсеге мәжбүрлеу мүм­кін емес. Олар өздеріне қажет білім­ді ғана алуға ниеттенеді. Қазіргі балалар әлеуметтік қажеттілікке сүйеніп білім алады. Шамасы, мұның да өзіндік заң­ды­лығы бар. Өйткені альфа ұрпағына адамзат алдында бұрын-соңды болмаған мәселелердің шешімін табуға тура келеді. Оларға жүктеліп отырған міндет те жеңіл емес.
Жалпы алғанда, альфа балалар (бүгін­де 10 жасқа толған балалар) – бұл тех­­нологияландырылған, цифрланды­рыл­ған, ақпараттық гаджеттерді жетік меңгерген ұрпақ. Бірақ бұл жас ұрпақтың бізбен, аға буынмен ортақ мәдени коды бар. Егер ойланып қарасақ, олардың әлемді тануы көшпелі философиядан бастау алады.
Еуразия орталығын мекендеген көш­пелілерге қоршаған ортаны танумен және өз орындарын табу негізінде ойлаудың ерекше тәсілі тән болатын. Басты міндет – қоршаған табиғатпен үйлесімді және оның бір бөлігі болу, оның мүмкіндіктерін өз мақсаты үшін ұтымды пайдалану және табиғат сәйкестігі қағидаты бойынша өмір сүру. Басқаша айтқанда, табиғаттан алып, оны қайтара білу. Осы философия негізінде әлемді түсіну және сақтау идеологиясы құрылды.
Егер тарихқа қысқаша шолу жасасақ, онда өткен ғасырдың басында өзіндік ерекшелігінен айыруға, ұлттық сананың жойылуына негізделген идеологияның болғаны айқын. Салдарынан, адам­дардың бәріне, соның ішінде бала тәр­биесіне тұтынушылық қатынасы пайда бола бастады. Отбасы баланы тәрбиелеу мін­детінен босады. Барлығы педагогтің қолына берілді – бөбекжай, балабақша, мектеп, интернат, училище, техникум, ЖОО. Ата-аналардан мемлекет ортақ үйдің өркендеуін талап етті де, ал балалар толығымен жаңа білім мен тәрбие жүйесіне берілді.
Кеңес мектебінің идеологиялық негізі – марксизм-ленинизм және
атеизм идеялары. Педагогикалық процесс сая­саттандырылып, халықтың мәдени дәстүр­лерінде көрініс тапқан алдыңғы тәжіри­бені жойды. Тоталитарлық мем­лекеттің идеологиясы адамды дара­лығынан айырып, еңбек ұжымын қалып­тастыруға негізделді. Ғасырлар бойы көрініс тапқан педагогикалық дәстүр еленбеді, табиғатпен, сыртқы әлеммен байланыс бұзыла бастады.
Алайда осы кезеңнің идеологияландыру үдерістерімен қатар көшпелі далада шындықтың жаңа сын-қатерлеріне жауап ретінде өзіндік идеология да сақ­талды. Ұлы Отан соғысы жылдарында көш­пелілік рухтың болуы ерекше сезілді. Соғыс ғаламды жоюды көздеген әлемдік дағдарыс ретінде танылды. Осы кезде әлемді қорғау сезімі пайда бола бастады. Бұл да – идеология. Көшпендінің идеологиясы – өзіне және айналасына үйлесімді әлем құру.
Содан кейін коммунизмнің идеоло­гия­лық дағдарысы басталды. Көптеген жыл бойы бөтен нәрсе маңызын жоғал­та бастады. Ақыр аяғында дағдарыс көш­пенділердің көп ғасырлық идеоло­гиясының жандануына алып келді. Көшпендінің санасында білімі бар, оның үстіне осы білімді беретін адам құр­метке лайық және сөзсіз беделге ие болды. Мұғалімге құрметпен қарау, оның мис­сиясының маңыздылығын мойындау дала философиясының мазмұнына кірді. Бұл – айқын мәдени құбылыс. Осы жай­лы ұлы Абай, Ыбырай Алтынсарин, Мағ­жан Жұмабаев және халқымыздың басқа да ағартушылары жазды. Бірақ мұғалімнің адам өміріндегі орны мен рөлін анықтаумен қатар, қоғам әрқашан да оның жеке басына жоғары талаптар қоя білді. «Білімді халықта балаларды педагогикалық ғылымды меңгерген арнайы арнада оқытады. Бұл өте дұрыс, себебі сот заң істерін оқыса, дәрігер ме­дицина ғылымын игереді, ал педагог педагогиканы меңгеруі тиіс», деп Ахмет Байтұрсынұлы жазған.
Сөз жоқ, қазіргі кездегі педагогикалық ЖОО-лар мен колледждер қарқынды білім беру технологияларын құрып, пәндік саладағы педагогика мен психологияны оқытады, болашақ мұғалімдерді бала оқыту мен тәрбие беру ісіне қа­жет тактикалар мен стратегияларды үй­­ре­теді. Бірақ та осының барлығында қо­ғам мен сананың адамгершілігі мен руха­­нилығын көрсететін құндылықтар басым болуы тиіс. Осы тарапта заманауи университеттер тұлғаны негізге ала­тын жаңа педагогикалық идеология­ны қа­лыптастыруда қажетті басым мүм­кін­діктерге ие.
Әдетте идеология саясатпен, оның сая­си формасымен анықталады. Бірақ білім беруде педагогикалық идеологияны қалыптастыру керек. Бұл жерде кез келген идеологияның құндылықтар төңі­регінде дамитынын түсіну маңызды. Сонда педагогикалық идеология білім берудегі құндылықтар көзқарасының жиынтығы бола алады. Мысалы, жоғары білім беру саласында педагогикалық идео­логия – бұл жоғары біліктілік идеологиясы, яғни жоғары академиялық және кәсіби біліктілік құндылығы. Бұлар­дың болмауы адамның әлеуметтік мәр­тебесінің төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Педагогикалық идеологияны қалып­тас­тырудың күрделілігі құндылықтар жүйесін анықтауды талап етеді. Сонымен қатар бұл құндылықтар көбінесе өз­дігінен қалыптасады және олар белгілі бір қоғамның өмір салтына байланысты болады. Нәтижесінде педагогикалық идео­логияның қалыптасуы мақсатты болуы керек. Сондықтан мектептегі білім берудің жаңа мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарында (МЖМБС) құндылықтар айқындалғаны заңды болып көрінеді. Бұл елдегі білім беруді стандарттау тарихында алғаш рет болып отырған құбылыс. Стандарттар қазақстандық патриотизм және азаматтық жауапкершілік, құрмет, ын­тымақтастық, ашықтық, еңбек пен шығармашылық, өмір бойы білім алу. Басқа сөзбен айтқанда, мектептің білім беру жүйесінде осы құндылықтардың қол­данылуын қамтамасыз ету Қазақстан идеологиясының мәнін құрайды.
Жаңа МЖМБС қабылдау кезінде көптеген сұрақ туындағанын атап өткім келеді: неліктен дәл осы құндылықтар? Олар қазақстандықтардың жас ұрпағы үшін қаншалықты өзекті? Мұғалімдер аталған құндылықтарға қалай сай келеді? Бұл құндылықтар мұғалімнің дара қасиеті екенін қалай анықтауға болады? Ең соңғысы, мұғалімдер осы құн­ды­лықтарды күнделікті мектеп өміріне қалай енгізеді?
Көріп отырғаныңыздай, бұл сұрақтар­дың көпшілігі мұғалімнің жеке басына қатысты болды. Осы сұрақтарға жауап беруде әр педагогтың, педагогикалық ұжым­ның жүйесі ретінде педагогикалық идео­логияны тану болып табылады.
Бүгінгі таңда бұл құндылықтар Қазақ­стан педагогінің кәсіби стандартында ай­қындалған: білім алушының тұлғасына, оның құқықтары мен бостан­дық­тарына құрмет; басқа нанымдарға, әлем мен әдет-ғұрыптарға деген көзқарасқа төзімділік; мәдени сан алуандылыққа ашықтық; икем­ділік, бейімделушілік, эмпатияға қабілеттілік; жеке адамның, тіл мен ком­муникацияның құндылықтарын түсіну; өзін өзі оқыту, талдамалық және сыни ойлау дағдылары; коммуникативтік және тілдік дағдылар; ынтымақтастық дағдылары, жанжалдарды шеше білу.
Бүгінгі таңда педагогикалық идео­логия­ның маңызды құрамдас бөлігі – «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы. Осы заңды қабылдай отырып, біз жауапкершілікті көтеруге және еліміздің білімді халық ретінде қалыптасуына жағдай жасауға дайын екенімізді көрсеттік деп санаймын.
Заңның қабылдануы – Тәуелсіздігі берік мемлекеттің саясатын жүйелі іске асыру және мақсатты жұмыстың нәтижесі. Жалпы алғанда заңды қа­былдау туралы алғаш міндеттемені Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев өзіне алды. Сайланған бағыт­тың сабақтастығын көрсете отырып, Президент Қ.Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасына педагог мәрте­бесін арттыру міндеттерін енгізді. Бү­гінгі таңда біз орын алған фактіні – құқық­тар мен міндеттерді, әлеуметтік кепілдіктерді, этикалық мәселелерді, педа­гогикалық қайта даяр­лаудан өтудің шарттары мен талаптарын, педагогтердің біліктілік деңгейін айқындау тетіктерін және педа­гогтің қазіргі қазақстандық қоғам­дағы орны мен рөлін стратегиялық тұр­ғыдан қа­лып­тастыратын басқа да мәселелерді айқындайтын нақты заң қабылдауды тұжырымдай аламыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың педагог мәртебесін бекіту жөнін­дегі бастамасы мұғалімдерге акаде­миялық еркіндік пен әлеуметтік кепіл­діктер берді.
Заң педагог еңбегін лайықты баға­лау­ға кепілдік береді, бұл ретте міндет­ті шарт – «Білім алушылардың, тәрбиелену­шілердің және олардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкілдерінің ар-на­мысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге; балаларды заңға, адамның және азаматтың құқықтарына, бостандықтарына, ата-аналарына, үлкендеріне, отбасылық, тарихи және мәдени құндылықтарға, мемлекеттік рәміздерге, жоғары иман­дылыққа, патриотизмге, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға құрмет рухында тәрбиелеу».
«Педагог мәртебесі туралы» Заңда маманның біліктілігіне қойылатын талаптар – маңызды тармақ. Демек, мұғалімнің балаларды оқыту мен тәрбиелеуді сеніп тапсыруға болатын маманның сапалық талаптарына сәйкестігі оған қоғамдағы ерекше мәртебеге кепілдік береді.
Көріп отырғанымыздай, барлық қа­был­данған ресми құжат бір-біріне қай­шы келмейді, керісінше, мұғалім кәсі­бінің құндылық мазмұнын күшейтеді.
Мемлекет кепілдік береді, бірақ мұға­лім сол кепілдікке сай болуы тиіс. Осыған байла­нысты Уинстон Черчилльдің әй­гілі сөзін келтіргім келеді: «Мектеп мұға­лім­дері премьер-министрлер армандай алатын күшке ие». Мұғалімге билік берілді, бұл жерде «Қандай мұғалімге билік берілді?» деген сұрақ туындайды.
Бұл жерде колледждер мен жоғары оқу орын­дарының педагогикалық маман­дықтарына талапкерлерді іріктеу – бас­ты ұстаным. Бұл тұрғыда шет елдердің тәжірибесі ерекше. Педагог мәртебесі жоға­ры елдерге Қытай, Малайзия, Тай­вань, Оңтүстік Корея, Сингапур, Фин­ляндия, Канада, Ұлыбритания кіреді. Бұл елдерде талапкерлер арасында пе­да­гогикалық оқу орындарының таны­малдығы мұғалім мамандығының беделін анық­тайды. Мұның бәрі мұғалімдердің жоғары табыс деңгейімен, қоғамдағы лайықты мәртебесімен бекітілген. Педа­гог­­тер жақсы нәтижелер беріп, халық сапалы адами капиталға ие болып, мемлекет әлемдегі өз ұстанымын нығайтып жатыр. Ол қарапайым сызба және барлығы қисынды.
Бүгінгі таңда Қазақстанда педагоги­калық мамандықтарға түсу үшін талаптарды күшейту бойынша маңызды қадамдар жасалды. Егер өткен жылы талапкерлерге педагогикалық маман­дықтарға түсу үшін 70 ұпай жинау қажет болса, биыл бұл көрсеткіш жоғарылап, енді ол 75 ұпайға тең.
Мемлекет Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қолдауының арқасында педагоги­калық мамандықтардың студенттері үшін шәкіртақы мөлшері ұлғайтылғанын ерекше атап өткім келеді.
Нәтижесінде, үміткерлердің сапалық құрамы өзгерді. Педагогикалық жоғары оқу орын­дары Үкімет тарапынан айтар­лықтай қолдау алады, лайықты әлеу­меттік мәртебесі бар, мемлекет тарапы­нан жоғары табыс деңгейімен нығай­тылған кәсіптің түбегейлі жаңа форматы құрылды. Жастар бұл мамандықты өз­дері үшін болашағы бар деп санайды. Біздің міндетіміз – жастардың үмітін үзбеу, олар­ға саламатты бәсекелестік орта­да жұ­мыс істеуге мүмкіндік беретін оқыту­дың жаңа форматтарын құру.
Соңғы жылдары Білім және ғылым министрлігі Президенттің бірқатар негіз­­гі тапсыр­маларын орындағанын атап кету керек. Түбегейлі жаңа идеялар жү­зеге асырылып, ауқымды өзгерістер жүр­­гізілуде. Олар білім беру сапасын арт­тыру үшін қажет. Сонымен қатар жаһан­дану­дың негізгі тұлғасы – жаңа ойлау мен дүние­танымға ие оқушыға сай келетін мұғалім.
Сондықтан педагогикалық идеология­ның негізіне болашақ мұғалімдерді озық даярлау идеясы алынуы тиіс. Қазіргі мұ­ғалімнің міндеті – қарқынды өзгеріп жат­қан әлемде оқушының тәлімгері бо­лу, оны бағыттай білу, маңызды құн­ды­лықтарды қалыптастыру және қолдау, оның жеке басы қалыптасуының барлық кезеңдерінде өзін өзі жүзеге асыруға мүмкіндік беру. Бүгінгі таңда кәсіби мұға­лімнің негізгі императиві тек өз пә­нінің аясында шектелмей, Мета-пән деңгейіне жету болып табылады.
Бұл жағдайда педагогикалық кол­лед­ждер мен жоғары оқу орындарының мін­деті мен оқыту траекториясын құру­да және қосымша құзыреттерді игеруде жаңа тәсілдерді пайдалана оты­рып, өткен, бүгін және болашақ үрдіс­терінің тарихи сабақтастығын ескере отырып, білім беру процесін құру деп білемін. Яғни бүкіл үрдіс қабылданған құндылықтарға негізделуі керек. Сонда ғана жаңа қазақстандық қоғам құрудың стратегиялық бағдарын көрсететін, ха­лықтық педагогиканың көп ғасырлық мәдениеті мен дәстүрлерін бейнелейтін түйінді тұжырымдамалардан тұратын жаңа педагогикалық идеология іске асырылады. Біздің алдымызда жинақталған тәжірибені сақтай және дамыта отырып, алға жылжу міндеті тұр.

Жанбол ЖИЛБАЕВ,
Павлодар педагогикалық университетінің басқарма төрағасы – ректор