Аймақтар • 30 Маусым, 2021

Мұрат ӘЙТЕНОВ: Тарихи шешім Шымкенттің дамуына тың серпін берді

399 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Осыдан үш жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Шымкентке республикалық қала мәртебесінің берілуі мегаполистің жаңа тынысын ашты. Үш жылдың ішінде қала бюджеті 3,6 есе өскен. Оның 45%-ы әлеуметтік салаға бағытталған. Үш жыл бюджетінде 3,6 есе өсім бар қаланы дамыту үшін аз уақыт емес. Десек те бар мәселе қаржымен ғана шешілмейтінін, адами болмыс, сана-сезім, қарым-қабілет, түсінік пен талпыныстың да ықпалы мол екенін ескерсек, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларымен теңестірер үлкен өзгерістер үшін үш жыл аз секілді көрінеді. Осы орайда қала әкімі Мұрат Әйтеновпен әңгімелесіп, мегаполистегі өзекті мәселелердің шешілу барысы мен оң көрсеткіштері жөнінде мағлұмат алған едік.

Мұрат ӘЙТЕНОВ: Тарихи шешім Шымкенттің дамуына тың серпін берді

– Қызметке кіріскен ал­ғашқы айларда қалаға қо­сылған шалғай елді мекендердің әлеу­меттік жағдайына басым назар аударған болатынсыз. Осы орайда қалаға қосылған елді мекендердегі өзекті мәсе­лелер қалай шешімін табуда?
– Қала аумағына жаңадан қосылған 40 елді мекенде бір­қа­тар өзекті мәселенің бары үшін­­ші мегаполис мәртебесі бе­­­рілгеннен кейінгі айларда-ақ анық­­талған болатын. Иә, қа­ла­­ның орталығынан шалғай дер­­лік тұрғын алаптарындағы мә­­се­лелер біртіндеп шешімін тауып келеді. Мысалы, электр қуа­тымен қамтамасыз ету мақса­тында 2018-2020 жылдары қала әкімдігімен 14 елді мекенде электр желілері жаңартылып, пай­далануға берілді. Ал 18 елді ме­кен сапалы электр қуатымен қам­тылған. Қалған 8 елді мекен­де қаланың даму жоспары­на сәйкес 2021-2022 жылдары электр жүйелері жаңартылады. Сон­дай-ақ биылға дейін 18 елді ме­кенде ауыз су құбырларының құ­рылыс жұмыстары жүргізіліп, пай­далануға берілді. Енді 4 ша­ғын аудан 2023 жылға дейін ауыз ­су жүйелерімен қамтылады. «Көгілдір отынмен» қамту бо­йынша 2018-2020 жылдары қа­ла әкім­дігімен 7 елді мекенде газ кұбыры жүргізілген. Биыл жә­не келесі жылдары 9 елді ме­кенде табиғи газ құбырлары жа­ңартылады. Бұл қалаға қо­сылған елді мекендер бойын­ша.
Соңғы үш жылда, биылды қосып есептесек, 853,5 ша­қы­рым жол төселеді. Бұрын мұн­ша көлемдегі жол 10 жылда салын­ған. Жалпы, 2023 жылға дейін қа­ла тұрғындары 100% сапалы ауыз ­суға, 100% табиғи газға, 2025 жылға дейін 100% сапалы электр қуатына қосылады. Кө­лік кептелістерін болдырмау мақ­сатында 4 ірі жолайрықтың құ­рылысы жоспарланып, осы жылы 2-інің құрылысы басталды. Бір жолайрық жыл соңына де­йін пайдалануға беріледі. Нә­ти­жесінде, жақсы және қана­ғат­танарлық жолдардың үлесі жыл соңына дейін 63,6%-ға же­теді. Осы арада айта кетейін, жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасау үшін былтыр 590 жаңа автобус сатып алынып, оның 300-і жолға шықты, жыл соңына дейін 290 жаңа автобус қосылады. Сонда қоғамдық көлік 80%-ға жаңарады. Бұл автобустар газбен жүреді, кондиционері бар, мүгедектерге қолайлы.
– Қала тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамтуда бірқатар жұмыс атқарылған екен. Дегенмен үшінші мегаполис тұрғындары жиі ша­ғым­данатын коммуналдық са­­ланың бірі – электр қуа­тымен қамту. Кей аудандарда жа­рықтың қуаты аз, ең өкі­ніш­тісі, жел тұрса жарығы сө­не­тін шағын аудандар көп. Осы мәселе бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
– Иә, жарықтың сөнуіне қа­тысты мәселе бар және оны ше­шу жолдары бойынша тиісті жұ­мыстар атқарылуда. Жоспарға сәйкес биыл шілде айында қо­салқы стансаның құрылысы аяқ­талады. Асар-2 елді мекенін тұрақты электр көзіне қосу жұ­мыстары 1 тамызға дейін толық аяқталады деп күтілуде. Жоба­ға сәйкес 2 765 тұрғын үй сапа­лы электр қуатымен қамтамасыз етіледі.
Қала аумағындағы шағын аудандар мен тұрғын алаптарда электр жүйелерінің апатты өшуінің басты себептері­нің бірі – жауын-шашын, дауыл әсе­рі. Осы орайда қала аума­ғын­дағы электр жүйелерінің тех­ника­лық жағдайының, электр энер­гиясының жиі сөнуінің себебін анықтау мақсатында арнайы жұмысшы топ құрылып, зерттеу жұмыстарын жүргізген болатын. Нәтижесінде, өшулердің басым бөлігі жекеменшік желі­лер тартылған елді мекендерде орын алып жатқаны анықтал­ған. Жекеменшік желілер арқылы электр қуатын алатын 16 елді ме­кенде жаңа электр желілерін тарту жұмысы басталды. Ол 2022 жылға дейін жүргізіледі. Сонымен қатар биыл электр желілеріне ағымдағы жөндеу жұ­мыстарын жүргізуге, күтіп ұстауға қала бюджетінен 1 млрд теңге қаржы бөлінді. Осы жұ­мыстар толық аяқталғаннан ке­йін электр жүйелерінде се­бепсіз апатты өшулер азаяды. Ал­дағы айдың басында қала дамуы үшін аса маңызды жоба – Бозарық қосалқы стансасының құрылысы аяқталады. Сондай-ақ Президент тапсырмасына сәйкес халыққа қолайлы қала қалыптастыру жұмыстары аясында мемлекет-жекемен­шік әріптестікпен «Шымкент қа­ласын жарықтандырудың құ­­рылысын салу, қайта құру және пайдалану» жобасы іске асы­­рылуда. Көшелерді жа­рық­­тан­дыру жұмыстары да қар­қынды жүргізілуде. Мысалы, 2021–2023 жылдары жоба аясында тұр­ғындардың жайлылығы мен қа­уіпсіздігі үшін 312 көше жа­рықтандырылады.
– Миллионды қаланың бү­гінгі демографиялық жағдайы қалай? Тұрғындарды баспана­мен қамту мәселесі қалай ше­шілуде?
– Тәубе делік, қалада жас ұр­пақ саны арта түсуде. Мысалы, 2020 жылы Шымкент қаласын­да 31 445 бала дүниеге келген. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен са­лыс­тырғанда 3 342-ге артқан. Үшінші мегаполисте күніне орташа есеппен 120 сәби дүниеге келеді. Яғни әр он бес минут сайын бір шымкенттік дүние есігін ашады. Өткен жылы дү­ние­ге келген сәбилердің арасын­да егіздер мен үшемдердің де са­ны артты. Иә, қала халқы 90-жылдардағы 400 мыңнан қазір бір миллионнан асты. Де­мо­графиялық өсім де – ел тә­уел­сіздігінің жемісі, яғни Шым­кенттің әр екінші тұр­ғыны – тә­уелсіздік тумасы. Отыз жыл бұ­рын қалада 69 мың оқушысы бар 72 мектеп болса, қазір 226 мың оқушы оқитын 186 мектеп бар. Үш жыл бұрын 402,5 мың шаршы метр тұрғын үй берілсе, биыл бір миллионға жет­кізуді жоспарлап отырмыз. Қа­зіргі таң­да қалада жеке салушы­лар есе­бінен 8 639 пәтерлі 178, бюджет есебінен 5 912 пә­терлі 97 көпқабатты тұрғын үй­лер­дің құрылысы жүргізілуде. Шым­кент қаласында тұрғын үйді пай­далануға беру көрсеткі­ші өт­кен жылдың тиісті кезеңі­мен са­лыстырғанда 70,9 пайызға арт­қан.
Үшінші мегаполисте қазір­гі таңда 44 850 азамат тұрғын үй кезегіне тіркелген. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарлама­сы аясында биыл 976 отбасын арендалық пәтермен қамту жос­парланып, бүгінде құрылыс басқармасы тарапынан 696 пә­тер пайдалануға тапсырылды. Оның ішінде 300 пәтер жұмыс істейтін жастарға жыл басында табыс етілген болатын. Ал 308 пәтер бойынша тұрғын үй комиссия­ның шешімі қабылданып, жалдау шарт­тарын беру толығымен аяқ­талып, оның ішінде 142 пәтер халықтың әлеуметтік жағы­нан әлсіз топ мүшелері санатына, 18 пәтер жетім және ата-анасы­ның қамқорлығынсыз қалған ба­лаларға, 148 пәтер көпбалалы от­басыларға қолданысқа беріл­ді. Жыл соңына дейін 368 отбасы жалдамалы баспанаға қол жет­кізеді. Бұдан бөлек жыл ба­сынан бері «Нұрлы жер» мем­ле­­кеттік бағдарламасының не­сие­лік бағыттары бойынша ­
1 300-ге жуық азамат баспана ие­ленді. Оның 286-сы – тұрғын үй кезегінде тіркелгендер.
– Қаланың экономикалық-әлеуметтік ахуалына қысқаша тоқталып өтсеңіз. Ілгеріде қа­лада өнеркәсіп орындары көп болатын, бертінірек жеңіл өнер­­кәсіпке, тоқыма өндірісі­не ба­­­сымдық берілді. Қазіргі ­ахуал қандай?
– Еліміздің тәуелсіздік жылдары өсіп-өркендеуін біздің қа­ламыздың экономикалық-әлеу­меттік ахуалынан да аңғаруға болады. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын қай салада болсын жоғары көрсеткіштермен қар­сы алып отырмыз. Бір ғана мысал, қала бюджеті 1991 жылы
1 млрд теңге болатын, күні бү­гін 480 млрд теңгеден асты. Ин­­вестиция көлемі соңғы үш жыл­­да 1,9 есеге өсіп, 214 млрд тең­­геден биыл 400 млрд теңгеге же­­теміз деп отырмыз. Осыдан
3 жыл бұрын өнеркәсіп өнім кө­лемі 411 млрд теңге болса, жыл со­ңында 710 млрд теңге болады деп күтілуде. Салық базасы өсіп, жергілікті бюджетке түсімдер ­
57 млрд теңгеден 150 млрд тең­геге жетті. Үш жылдық инвес­ти­ция 1,2 трлн теңгеден асты. Қа­­­ла­ның негізгі экономикалық көр­­­сет­кіштеріне тоқталсам, өсім қар­­қын алып келеді. Жалпы, 2021 жылдың қаңтар-мамыр айла­рын­да өнеркәсіп өнімінің кө­лемі 243,3 млрд теңгені құрап, өт­кен жыл­ғы тиісті кезеңімен салыс­тыр­ғанда 13,5%-ға артты. Ал өнер­кәсіп саласында үлесі 84,4%-ды құ­райтын өңдеу өнеркәсібінде 205,9 млрд теңгенің өнімі өнді­ріліп, 14,4%-ға өсті.
Өзіңіз білесіз, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында өңдеу өнеркәсібін алдағы 5 жылда кем дегенде 1,5 есеге өсіруді тапсырды. Осы мақсатта бірнеше бастаманы қолға алып отырмыз. Солардың бірі – «Жұлдыз» индус­триалды аймағы. Қазіргі таңда инфрақұрылымын қалыптасты­ру жұмыстары басталып кетті, 306 гектар аумақта құрылыс, металлургия, фармацевтика, жи­һаз өнеркәсібі дамитын болады. Бес мыңнан астам жұмыс орнымен 200 млрд теңгеге 50 ин­вестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Одан бөлек жеке ин­дустриалды аймақтарды ашу бойынша да жұмыс жүргізілу­де. Шымкенттің 3 индустриалды аймағында алғашқы бес айда 1,8 млрд теңгеге 274 жұмыс орнымен 4 жоба жүзеге асырылды. Осы жылдың соңына дейін инвестиция көлемі 38,1 млрд тең­геге 754 жұмыс орнымен 13 жоба іске қосылады. Қазіргі таң­да 689 кәсіпорын белсенді жұ­мыс істейді. Оның ішінде 24 ірі және 49 орта кәсіпорын бар. Өнеркәсіп саласында 32 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылған. Ал жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі жыл басынан бері 9 566,7 млн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 134,1%-ға артқан. Қалада өндірілген өнім­нің жалпы көлеміндегі жеңіл өнер­кәсіптің үлесі 3,9%-ды қам­тыса, республикадағы жеңіл өнер­кәсіптің үлесі 20,7%-ды құ­райды. Шымкент қаласының же­ңіл өнеркәсібін тоқыма бұ­йым­дарын, киім-кешек, был­ғары және оған жататын өнім­дер өндіретін кәсіпорындар ұсы­нады. Қазіргі уақытта тоқыма өнеркәсібін дамыту және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, отандық мақтаны тұтыну үлесін ұлғайту және қосылған құны жоғары дайын тоқыма өнімін шығару бағытында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Аймақтың инвес­тициялық портфелі жалпы құны 86,1 млрд теңге болатын 44 жо­бадан тұрады. Бүгінде 22 жо­ба іске асырылып, 32,6 млрд тең­ге инвестиция тартылды, 2282 жұмыс орны құрылған. Айта кетейік, «Оңтүстік» АЭА қа­ты­сушы кәсіпорындары іске қо­­сылған сәттен бастап 82,1 млрд теңгенің өнімін өндірді. Ол өнім­нің жартысынан көбі, яғни 45,1 млрд теңгенің өнімі жа­қын және алыс 22 елге экспорт­тал­ды. Президент Жолдауында­ғы ­ба­сым бағыттардың бірі – әлеу­мет­тік маңызы бар азық-түлік тауар­ларымен өзімізді толық қамтамасыз ету. Осы ба­ғытта 2 бірдей агро-индус­триал­ды аймағын іске қосу жұ­мыстарын бастадық. Бірі – заманауи өнеркәсіптік жылыжай кеше­ні, екіншісі – «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды айма­ғы. Қазір екі агроөндіріс айма­ғының да жобалау-сметалық құ­жат­тары жасақталуда. Алдағы айда құжаттамасы сараптама­­дан шық­қан соң, құрылыс жұмы­сы бас­талады.
Жалпы, Шымкентте агро­өнім­дерді өңдеуге басымдық бе­рілуде. Мәселен, биыл ауыл ша­руашылығында жалпы құны 24 млрд теңге болатын 32 инвес­тициялық жоба іске асырылу­да, 9,3 млрд теңгенің өнімі өн­дірілді. Қаладағы 68 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісінде 163 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Шағын және орта бизнес субъектілерінің санын 2025 жылға дейін 100 мың бірлікке дейін, жұмыспен қамтылғандар санын 190 мың адамға дейін, жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 40%-ға дейін жеткізу жоспар­лануда. Жоғарыда айтып өтке­німіздей табиғи өсімі жоғары Шымкентте 18 732 орындық 32 мектеп салынуда. Жыл соңына дейін 10 222 орындық 20 мектеп пайдалануға беріледі. Оның 16-сы жеке инвесторлардың есе­бінен салынуда. Нәтижесінде, Шымкент жаңа оқу жылын апат­тық мектепсіз бастайды. Үш ауысымды мектеп саны 14-тен 9-ға дейін төмендейді. Жалпы, 2025 жылға дейін Шымкентте 68 500 орындық 72 мектеп бой көтереді. Сонымен қатар қалада жаңа ипподромның құрылысы басталды. Әуежайдың жаңа терминалының құрылысы жүр­гізілуде, ол өткізу қабі­летін арт­тыруға, сондай-ақ жолау­шы­лардың өсіп келе жатқан ағынын қанағаттандыруға мүмкіндік бе­реді. Қала Орталық Азиядағы ең ірі авиациялық хабқа айналады.
– Қала тұрғындары арасын­да қызу талқыға түскен, әлі де пікір қайшылықта­ры бар мә­селелер де жоқ емес. Мы­­­са­­лы, ипподромның орны­на са­лынатын тұрғын үй ке­ше­ні, Дендро­саябаққа ком­мер­ция­лық нысан салу бойынша жа­салған әрекеттер, балалар те­мір­жолының бүгінгі ахуалы. Осы мәселелерге қатысты пікіріңіз және қолданылған
шаралар жөнінде айтып өт­сеңіз?
– Бұл мәселелер бойын­ша қоғамдық тыңдаулар өткі­зі­ліп, тұрғындардың ұсыныс-пі­кір­лері ескерілгенін айта ке­­тейін. Жалпы, қаланың бо­лашағына байланысты, бүгін­гі мәселелеріне қатысты кез келген шешім халықпен кеңесіп, ортақ келісімге келу арқылы қа­былданады. Ипподромды жа­­ңартуды қолдаймын, себебі бұ­рынғы атшабар ескірген, қазіргі таңда заманауи ипподром керек. Ал Дендросаябақта 2020-2021 жылы ешқандай ағаш кесілме­ген, тек ауырған, желден сын­ған ағаштар алынып тасталған. Ауыр­ған ағаштар ғалымдардың ар­найы қорытындысына сәй­кес кесіліп алынады. Балалар те­мір жолы бойынша қазіргі таң­да мем­лекет-жекеменшік әріп­тес­тік шеңберінде жаңарту шарала­рын жүргізу жобасы дайындалған.
– Әйтенов қандай әкім? Бұл әрине, негізінде Сізге емес қала тұрғындарына қойылуы тиіс сұрақ. Дегенмен Сіз де Шым­кенттің тұрғынысыз, ендеше Әйтенов қандай әкім?
– Әрине, біз – халық қызмет­шісіміз. Яғни еңбегімізді баға­лайтын қала тұрғындары. Де­генмен Шымкент қаласындағы мемлекеттік органдар мен түрлі мекемелер халықтың өмір сапасын арттыру үшін иық тіресіп күнделікті жұмыс істеп жатқанын жеткізгім келеді. Қалада қандай мәселе барын жақсы білеміз. Ауызсу жетпей жатқан, жолы на­шар, газ жүргізілмеген тұрғын алаптары да жоқ емес. Қажетті инфрақұрылымды қалыптасты­ру үшін нақты жоспар да бар. Әкімдік қызметіне әркім өз бе­лесінен баға береді. Сапалы өмір сапасына жетер жолда түрлі қиын­дықтармен кездесіп жүрген адамдар үшін мемлекеттік органдар әрекетсіз отырғандай көрі­нуі мүмкін. Ал өмірі бір арнаға түскен адамдар үшін қол жеткен қоғамдық игілік солай болуы тиіс сияқты қабылданар. Осы тұр­ғыдан қарасақ, биікке шыққан са­йын төңірек түгел көрінетін­дей, биыл Тәуелсіздіктің 30 жылды­ғы қарсаңында, ел дамуының бір көрінісі – Шымкент қаласы­ның жеткен жетістігін ешкім жоққа шы­ғара алмайды деп ойлаймын.
Сондай-ақ Мемлекет бас­шы­сының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдама­сын басты бағдарда ұстаймыз. Осы тапсырмаға сәйкес өт­кен жылы «109» желісі арқылы iKomek байланыс орталығын ашқан болатынбыз. Міне, тұп-тура бір жыл болыпты. Бұл орта­лық өзінің өміршеңдігін көр­сетті. Тәулігіне 24 сағат демалыс­сыз қызмет ететін орталық аза­мат­тардың өтініші бойынша әлеу­меттік мәселелерді шұғыл шешумен айналысады. Бір жылда 150 мыңнан астам өтініш келіп түскен екен, оның 98 пайызы бүгінде шешілген. Одан бөлек өзім, орынбасарларым және бас­қарма басшылары апта сайын әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдары арқылы тікелей эфирге шығып, халық сұрағына жауап беріп отырмыз. Биылдан бас­тап қаладағы 4 ауданға «Ха­лық қатысатын бюджет» жобасы енгізілді. Қаланың кез кел­ген тұрғыны «электронды үкі­меттің» веб-порталына кіріп, өз ұсыныстарын қалдырып, кері жауап алу мүмкіндігіне ие. Әр айдың алғашқы дүйсенбісінде аппараттық жиналыста орталық бас­шысы айлық мерзімде қан­ша арыз-шағым түсті, бас­қармалар, аудан әкімдіктері мен мекемелердің ол арыз-ша­ғым­дарды орындауы, қала тұр­ғындарының арыздары негізінде жасалған сараптамалар мен ше­шілмей жатқан немесе басты на­зарға алынғандары бойынша есеп береді. Әрбір арыз-шағым, әлеуметтік желіге келіп түсетін ұсыныс-пікірлер ұдайы менің бақылауымда. Бәрімен таныс­пын және тұрғындар көтерген немесе өтініш еткен барлық мәселе заң шеңберінде қаралып, қа­былданған тиісті шешім мен жауаптардың дер кезінде жеткізілуі қадағалауға алынған.

Әңгімелескен
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»

Шымкент