27 маусымда 35 тұрғынның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны белгілі болды. Ауру жұқтырғандардың 28-і симптомды, 7-уі симптомсыз түріне шалдыққан. 28 маусым күні бір тәулікте КВИ-мен ауырған 10 жағдай тіркелді. Осылайша өңірдегі аурушаңдықтың өсу деңгейі 0,1%-ды құрады. Дүйсенбі күні пневмонияға шалдыққан 5 науқас ауруханаға жатқызылды.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сембаевтың хабарлауынша, пандемия басталғаннан бері облыста КВИ-мен ауырған 11 900 жағдай тіркелген. Оның 65,2%-ы (7 766) – ауру белгісі бар, ал 34,7%-ы (4 134) – симптомсыз жағдай. Пандемия басталған уақыттан осы кезге дейін 11 372 (95,5%) науқас жазылып шықты. Таратып айтқанда, Ақтөбе қаласында инфекция жұқтырған 8 784 жағдай тіркелді, оның ішінде 2 576-сы – симптомсыз. Аудандар бойынша симптомды түріне шалдыққан науқастардың саны төмендегідей: Алға ауданында – 488, Әйтеке би ауданында – 64, Байғанин ауданында – 111, Ырғыз ауданында – 79, Қобдада –167, Қарғалыда – 158, Мәртөкте – 349, Мұғалжарда – 460, Темірде – 396, Ойылда – 195, Хромтауда – 432, Шалқар ауданында 217 адам осы жұқпалы дертпен ауырып шықты.
Негізінен ауа тамшылары арқылы жұғатын коронавирус инфекциясымен ауырған 11 900 науқастың жұқтыру деңгейі төмендегідей: 1,7%-ы (204) сырттан әкелінген, 16,8%-ы (2001) ауру адаммен қарым-қатынаста болғандар, 81,4%-ы (9695) жергілікті жағдайлар, оның ішінде 23,8% (2313) профилактикалық мақсатта тексерілген кезде анықталған.
Қазіргі таңда үй карантиніне 1 284 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде. Эпидемиялық жағдайдың күрт өзгеруіне байланысты облыстың бас санитар дәрігері қандай карантиндік шектеулер енгізетіні жақын уақытта белгілі болады. Өңір дәрігерлері тұрғындардан мерекелік, отбасылық шараларды азайтып, барынша сақтық ережелерін сақтауға шақырады.
Ақтөбе облысы