Тәуелсіздік • 06 Шілде, 2021

Бозоқтан бүгінге дейін... елорда тарихына хронологиялық шолу

407 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Елдің астанасында ұлыс халқын біртұтас идеяға ұйыстыратын саяси-құқықтық шешімдер қабылдануымен қатар, бір орталыққа шоғарландырылған аймақтар ықпалдастығы ұйыстырылады. Осы арқылы мемлекеттің алтын діңгегі қаланады. Осы орайда, бұдан 30 жыл бұрын тәуелсіздікке қол жеткізген еліміз дара тұлға Нұрсұлтан Назарбаевтың басқаруымен дамудың даңғыл жолына түсіп, ең бастысы қос ғасыр тоғысында өзінің жаңа астанасын таңдады. Осы бір тарихи оқиға жайлы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы 2017 жылы жарық көрген «Тәуелсіздік дәуірі» тарихи публицистикалық еңбегінде: «Жас мемлекетке міндетті түрде жаңа, заманауи астана қажет екенін тәуелсіздіктің бірінші күні-ақ ойладым. Осы ойымның дұрыстығына нық сенімді едім. 1992 жылы Ақмолаға жұмыс сапарымен келгенде, астананы осында ауыстыру жайлы ойға бекіндім» дейді.

Бозоқтан бүгінге дейін... елорда тарихына хронологиялық шолу

Ежелгі қоныс, ескі жұрт

Осылай тарихи таңдау жасау арқылы Елбасы жас мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтумен қатар, еліміздің әлеуметтік-экономикалық үдерістерін жедел әрі тиімді басқарудың жасампаз жолын негіздей алды. Десек те, қазіргі таңда әлем көз тігіп, азуын айға білеген елордамыз тақыр жер, тайғақ өлкеде ғайыптан пайда болған жоқ. Елорданың өзіндік тарихы, хронологиялық тізбесі бар. Осыны көктей шолып айтар болсақ...

Ұлы даланың апайтөс байтағы, ежелгі түркі-қыпшақтың атамекен қонысы – сайын дала Сарыарқаның тарихы терең. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің бір еңбегінде: «Сарыарқаға алғаш аяқ басқанымда даланың адам бойына құятын ғаламат қуатына қайран қалдым әрі оны жан-тәніммен сезіндім», деген екен. Расында, Елбасы айтқандай, ғалам қуатына толы сахара жазираның ішке бүккен құпиясы көп. Соның бірі – елорда іргесінде орын тепкен ортағасырлық Бозоқ қаласы. Бұл ежелгі қоныс, ескі жұртты ғалымдар қазіргі елорданың «атасы» ретінде танып, қазақ даласындағы қала мәдениетінің көне үлгісі деген пайым жасауда.

Ежелгі Бозоқ қалашығы жайлы ақпарға біз 1820 жылы Ресей императорлық «Сибирский вестник» журналында жарияланған орыс кен инженері Иван Шангиннің күнделігі арқылы таныспыз. Осындағы деректе, Есіл-Нұра бойында Бұзық атты көлдің жағасында көне қоныстың орны жайлы баяндалған. Кейін анықталғандай, қала атауы Бозоқ екен.

Аталмыш нысанға Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың тапсырмасымен 1999 жылы танымал археолог Кемел Ақышев зерттеу жүргізіп, қалашық уақыттық тұрғыдан түрлі кешендерден тұратынын анықтады. Атап айтқанда, Түрік қағанаты, Қыпшақ хандығы, Алтын Орда және Қазақ хандығы, яғни нысан VII-IX ғасырлардан XVI-XVII ғасырларға дейінгі аралықта, ежелгі түркілердің киелі орны, одан кейін керуен саудасын бақылайтын қып­шақтардың қонысы болды деген па­йым жасалса, ескерткішке жүргізілген археологиялық зерттеулер қала құры­лы­сының тарихи хронологиясын анық­­тады. Ондағы қорытынды бойын­ша: «VI ғасырда ежелгі түркілер қуат­ты әскери мемлекет құрып, Өтукен да­ласы­нан батысқа қарай Дунайға көш­кен кезде VII ғасырда бұл территория­ны игерген» деген ғылыми болжам айтылуда.

Қалашық сонымен қатар, керуен жолдары түйіcінде маңызды рөл атқарып, егіншілік, балық аулау және керуен саудасын басқарумен айна­лы­сатын қоныс ретінде өмір сүрген. Бұған стационарлық, өндірістік және ир­ригациялық құрылыстар қал­дығы, тұрмыстық заттар, қару-жарақ, зер­герлік бұйымдар, монеталар және т.б. артефактылар дәлел. Ал ХІV ғасырда Нұра-Есіл аймағының исламданған ақсүйектерінің рухани орталығы болып, мәдени-мемориалдық кешендер салынды.

Сондай-ақ Бозоқ қалашығы – ир­ри­гациялық құрылыс жоспары жа­­сал­ған Орталық Қазақстандағы ал­ғаш­қы ескерткіш. Мұнда аумағы 1000х300 метрді құрайтын суару жү­йе­сі­мен жабдықталған диқандық кә­сіп аймағы анықталып отыр. Суару құры­лымы негізгі арнадан, бірінші, екін­ші таратқыштардан және валиктер жүйесінен тұрған. Негізгі арна Бұ­зықты көлінен шығысқа қарай 580 метр созылып жатыр. Оның ені 1, те­рең­дігі 0,3 метр. Мұндай суару жүйесі Есіл алқабының табиғи мүмкіндігін тиім­ді пайдаланып, көлдерді табиғи су қой­масы ретінде игеруімен құнды. Қой­малар көктемгі тасқын кезінде суға то­ла­ды. Жазда, қажет болған жағдайда суды ар­налар арқылы егіндікке ағызып отыр­ған.

Қазіргі таңда елорда іргесіндегі ежелгі қоныс, ескі жұртқа далалық­тардың Еуразия кеңістігінде қалдырған ізі деген тарихи баға беріліп, бұл идеяны орнықтыру мақсатында 2018 жылы «Бозоқ мемлекеттік тарихи-мәдени мұ­ражай-қорығы» құрылы. Аталмыш мекеме қалашық аумағында Ұлы Дала мәдениетінің жиынтығы іспеттес «Ас­па­насты музейін» ашу ісімен айналысып жатыр.

 Ақмола бекінісі және сыртқы округтың құрылуы

Келесі кезекте, яғни патшалық Ре­сей дәуірінде Ақмола бекінісінің ірге­сі қаланып, 1832 жылы 22 тамызда Ресей императоры І Николайдың бұй­рығымен «Ақмола сыртқы округы» ресми ашылғаны жайлы мәлімет бар. Осы жылдары Шығыс-Сібір генерал-губернаторы қызметін атқар­ған С.Б.Броневский жазбасында, бекініс тұрғызу шарасы жергілікті қазақ ат­қа­мінерлері Қоңырқұлжа бастаған сұлтандар өтініші негізінде іске асты делінсе, Батыс Сібір генерал-губернаторы И.А.Вельяминовтың бұй­ры­ғымен 1830 жылы бекініс орнын анық­­тауға келген Петропавл комендан­ты Ф.К.Шубин бастаған отряд жаңа бекіністің орнын таңдап, қазығын қақ­қаны жайлы дерек айтылып жүр.

Отряд басшысы Ф.И.Шубиннің есеп жазбасында, қазіргі қала тұрған жер округ орталығы ретінде таңдалуына бірінші себеп, бекініс іргесінде суы мол Есіл дариясы ағып жатса, екін­шіден бұл нүкте ежелден бері Сол­түстік өлкені Орталық Азиямен бай­ла­ныстыратын керуен жолының ма­ңыз­ды өткелі болғаны айтылыпты. Бұл таңдаудан біз ортағасырлық Бо­зоқ қалашығының тарихи миссиясы ке­йінгі ресейлік саяхатшылар тарапы­нан да аңғарылғанын байқаймыз. Үшін­шіден, өңірде тал-тоғайдың молдығы әкім­шілік орталықты отын-сумен қамдауға қолайлы.

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Зиябек Қабылдинов келтірген мәліметке жү­гін­сек, 1831 жылдың соңында округ қа­ра­мағында 131262 адам, 3576 ауыл болғаны жайлы айтылса, подполковник Шубиннің жазбасында, бекініс маңайында қарпық-алтай руларының қазақтары төрт түлік мал ұстайды, бұлар­дың қолында 332452 жылқы, 670775 қой, 31666 түйе бар. Әсіресе, қазақ жуандары Сапақ пен Жұман әрқайсысы 8 мың жылқы айдап жүр, делінген.

Көп кешікпей Ақмола бекінісі Орта­лық Қазақстанның ірі әскери-әкімшілік сауда орталығына айналды. Бұл жерге атты казак жасағы орналасты. Оларға Орталық Азиядан Батыс Сібірге бет алған сауда керуендерінің қауіпсіздігін бақылау міндеттелді. Сөйтіп Ақмола бекінісі дала округтерінің қуатты плац­дармына айналды. 1834 жылы әкім­шілік ғимарат және шенеуніктер мен әскери қызметшілерге арналған тұрғын үйлер салына бастады. Сөйтіп өңірде ресейлік биліктің нығаюына байла­нысты өзгерістер пайда болды.

Одан кейін ХХ ғасырдың басында Ақмола қаласы облыс орталығы ретінде танылды. Төңкеріс жылдары бұл қалада қазақ қайраткері Сәкен Сейфуллин «Жас қазақ» атты ұйым құрып, «Тіршілік» атты газет шығаруды қолға алды. Қала Кеңес үкіметі кезінде облыс орталығы міндетін атқарды. Кейін Тың өлкесі құрылуына байланысты Солтүстік өңірдегі ірі әкімшілік құрылымның эпицентрі болды.

 

Тың игерудің орталығына айналған қала

КОКП Орталық Комитеті 1954 жы­лы өткен пленумында «Тың және ты­ңайған жерлерді игеру» жайлы шешім қабылдап, Қазақстан аумағында бос жатқан 6,3 млн. гектар тың жерді игеру мақсаты қойылды. Сөйтіп, 1960 жылы 26 желтоқсанда Тың өлкесі құры­лып, құрамына Ақмола, Көкшетау, Қос­танай, Павлодар және Солтүстік Қа­зақстан облыстары біріктірілді. Өл­ке орталығы ретінде Ақмола қаласы таң­­да­лып, 1961 жылы 20 наурыз күні Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Төралқа қаулысымен қала аты «Целиноград» деп өзгертілді.

Тың өлкесіне қарасты 600 мың шаршы шақырым аумаққа 508 кеңшар мен 107 ұжымшар және 14 ауданға қарасты 5000-нан астам елді мекен кірді. Халық саны 3,6 миллион адамды құрап, рес­публика тұрғындарының үштен бірін иеленді.

Өлкенің әкімшілік орталығына айнал­ған қала қарқынды дамуды бас­тады. Шаһардың бас жоспарын ленин­градтық Горстройпроект бөлімшесі жасады. Қала тұрғындарының күрт өсуіне байланысты жаңа шағынаудандар жос­парланды. Бес қабатты тұрғын үйлер салынды. Ал олардың көлемі шағын болғандықтан «хрущевка» деп аталды. Қалада тұрғын үй құрылысының қарқын алғаны соншалық 1961 жылдың басында тұрғын үй қоры 600 мың шаршы метрге артып, 115 мың адам баспаналы болды.

Осы жылдары жаңадан бірнеше мөлтек аудан бой көтерді. Соның бірі қазіргі «Целинный» ықшам ауданы. Елорда көшінің алғашқы жылдары Пар­ламент Мәжілісі мен Сенат депу­таттары орналасқан бұрынғы «Кеңес­тер Үйінің» алдына арнайы «экран сөре» орнатылып, жаңа фильмдер көрсетілді. Оны тыңгерлер келіп тобымен тамашалай алды.

Осы жылдары Латвия архитекторлары жобалаған 2355 орынға лайық Тың игерушілер сарайы салынды. Бұл нысан көлемі мен жабдықталуы жағы­нан Кремльдегі съездер Сарайынан ке­йінгі екінші орынды иеленді. Қазіргі «Жастар сарайы» мен «Есіл» қонақүйі осы жылдары бой көтерді. Бұған қоса, Тың теміржолының құрылысы бас­талды. Сонымен қатар өнеркәсіптік аса ірі нысандар: «Казахсельмаш», «Целиноградсельмаш» өндірістері, газ аспаптары, шойын қорытатын, вагон жөндейтін, керамикалық комбинат т.б жұмыс жасап тұрды. Азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп, кірпіш өндірісі мен темірбетон өнімдерін өндіру қарқынды дамыды.

Сөйтіп Целиноград қаласы Солтүс­тік Қазақстанның ірі өндіріс ошағына айналды. Бұл жерде назар аударатын оқиға сол тұста Тың өлкесін көрші Ре­сей Федерациясының құрамына қосу ту­ралы мәселе көтерілді. Мәскеу «Тың өлкесін тікелей Ресей Федерациясының құрамына бағындыру» жайлы құжат дайындап жатты. Бірақ бұл жос­пар қазақ зиялыларының табанды қар­сылық танытуының арқасында іске аспады. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы Целиноград қаласы мен облыс атауы қайтадан Ақмола деп өзгер­тілді.

 

Елбасының таңдауы немесе жаңа дәуір жаһұты

Қазақ елінің астанасын Сарыарқа төріне көшіру идеясы өткен ғасырдың басында алаш қайраткерлерінің аңсары болды. Мысалы, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов «Григорий Николаевич Потанин» атты мақаласында: «Қазақ­ты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаш­тың ортасы болса, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ... Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тап­қан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» деп өзекжарды ойын жазып кетсе, Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің естелігінде, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы кезінде қолыма академик Қаныш Сәтбаевтың баянхаты түсті. Ол анау-мынау мәселені емес, Қазақ КСР-ның астанасын Қазақстанның географиялық орталығы Қарағанды не Целиноградқа көшіруді ұсыныпты. Есімде қалғаны: осы хат Мәскеуге жіберілген екен. Мәс­кеу: «Басқа істейтін істерің жоқ па?» деп келте кесіпті, дейді (Назар­-
баев Н. «Еура­зия жүрегінде». – Алматы: Атамұра, 2005. - 88 б).

Жоғарыда алаш қайраткерлері мен кеңестік ұлт зиялыларының ар­ман-аңсарын ХХ ғасыр аяғында Н.Ә.Назар­баев іске асырды. «Қазақстанның жаңа астанасын таңдау кездейсоқтық емес. Тәуелсіздік алған күннен бас­тап жаңа жағдай ерекшеліктерін көл­де­нең тартқан мүлде басқа ахуал қа­лып­тасты. Уақыттың шындығы мен бір­қатар геостратегиялық факторлар бізді өз геосаяси кеңістігімізді қайта­дан құруға мәжбүрледі» деп жазады Нұрсұлтан Әбішұлы 2017 жылы жа­рық көрген «Тәуелсіздік дәуірі» атты кіта­бының 117-ші бетінде. Тұңғыш Пре­зидентіміздің жоғарыдағы пайымынан мемлекет астанасын ауыстыру мәселесі кездейсоқ туындаған дүние емес екенін аңғарғандаймыз.

– 1994 жылы 6 шілде күні Парламент сессиясының жалпы отырысында астананы Алматыдан республиканың ор­та­лық өңірі Ақмолаға көшірудің қа­жеттілігін қисындық және мән-жайлық тұрғыдан негіздеп сөз сөйледім, – дей­ді Нұрсұлтан Әбішұлы 2010 жылы жарық көрген «Еуразия жүрегінде» атты еңбегінің 94-ші бетінде: «Астаны көшіру тәуелсіздіктің ең жоғары талабы дегенді айттым. Бұл орайда тың­ғылықты зерттеу жүргізіліп, 32 өлшем бойынша талдау жасалғанын, осы­ның ішінде Ақмола барынша ар­тық­шылыққа ие екендігін атап айттым. Нәтижесінде, Жоғары Кеңестің «Қа­зақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың мемлекет астанасын Ақмола қаласына ауыстыру туралы ұсынысына келісім берілсін» деген шешім залда жарияланды. Сөйтіп 1996 жылы 6 шілдеде Қазақстан Респуб­ликасының Үкіметі «Қазақстан Респуб­ликасының астанасын көшіру туралы» тарихи қаулы қабылдады. Бір жыл­дан кейін, яғни 1997 жылғы 20 қа­зан­да Қазақстан Республикасы Пре­зи­дентінің «Ақмола қаласын Қа­зақстан Республикасының астанасы деп жария­лау туралы» аса маңызды Жарлығы қабылданды» – дейді Елбасы.

Осылай ел кіндігі Арқаға қоныс теп­кен ширек ғасырда елорда адам та­нымастай өзгерді. Осы жылдары құ­йылған инвестициялар бүгінгі таңда муль­типликативті экономикалық тиім­ділік берді. Қала тарихында ірі халық­аралық саяси-экономикалық шаралар: ЕҚЫҰ Саммиті, Азиада ойыны, ЭКСПО-2017 қатарлы аса ауқымды оқи­ғалар болды. Қала атауы 2019 жылы 20 наурыз күні Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жарлығымен Нұр-Сұлтан деп өзгертілді.