Қоғам • 07 Шілде, 2021

Мүфтият құрбан шалу тәртібін жариялады

1355 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл Құрбан айтқа құрбандық шалу рәсімін қалай өткізетіндерін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мүфтият құрбан шалу тәртібін жариялады

ҚМДБ қала тұрғындарына өз атынан қашықтан құрбандық шалу қызметіне тапсырыс беруді ұсынды.

«Биыл құрбандық шалу рәсімін екі жолмен жүзеге асыруды ұсындық. Санитариялық талаптарды қатаң сақтай отырып, мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдарынан рәсімді өткізуге рұқсаты бар жергілікті қасапханаларда офлайн режимде және шариғат ережелеріне сәйкес qurban2021.kz сайты арқылы онлайн режимінде құрбан шала аласыздар», делінген хабарламада.

ҚМДБ карантин жағдайында қалада тұратын тұрғындар үшін өз атынан құрбандық шалу қызметіне қашықтан тапсырыс беру - ең жақсы шешім екенін атап өтті.

«Шариғат ережелеріне сәйкес, мұсылман басқа мұсылманға оның атынан бірдеңе жасауға рұқсат бере алады. Бірде Пайғамбар Хаким ибн Хизамға жануарды өз атынан құрбандыққа шалуды бұйырды. Құрбан шалуды уәкілетті тұлға арқылы жүзеге асыруға болатындығын осы жағдайдан анық көруге болады», делінген ҚМДБ жариялаған хабарламада.

Өткен жылы карантинге байланысты ҚМДБ құрбан шалуға арналған арнайы сайтты іске қосты. Онда қазақстандықтар құрбандық шалу рәсімін онлайн режимінде өткізуге өтінім рәсімдей алады. Тапсырыс беруші қызметке ақы төлеп, фото және бейне есебін сұрай алады.