– Жақында мониторинг тобы осындай 74 іс-шараны анықтады. Бұл былтырғы осы кезеңде індеттің өршігенін ұмытқанымызды байқатады. Сондықтан тұрғындардың шектеу шараларын сақтап, вакцина алғаны жөн, – дейді М.Танауов.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қайсар Абдалиевтің мәліметінше, Атырауда маусымның соңы мен шілденің басында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 35,9%-ға өскен. Мәселен, 28 маусымда қауіпті вирусты 66 адам жұқтырған. Ал 1 шілдеде – 103, 2 шілдеде 137 жағдай анықталған.
– Қазір өңірде 2 098 төсектік 10 инфекциялық стационар дайындалды. Оның ішінде Атырау қаласында 460 төсектік орны бар үш стационар, Теңіз кен орнында 1 360 төсектік орындық стационар, жеті ауданда 278 төсектік орынға арналған стационар жұмыс істейді. Ал реанимациялық төсектік орын саны – 81. Бұған қоса, 750 төсектік орындық қосымша резервтік инфекциялық стационар дайын тұр, – дейді Қ.Абдалиев.
Оның айтуынша, 2 шілдеде модульдік ауруханадағы төсектік орынның 90 пайызына науқастар жатқызылыпты. Жансақтау бөліміне 24 пациент түскен. Оның жиырмасы ауыр халде жатыр. Жағдайы өте ауыр төрт науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылыпты.
Шындығында, Атырауда соңғы күндері коронавирус инфекциясына шалдығу дерегі үдеп барады. Мәселен, 3 шілдеде қауіпті вирусты жұқтырғандар Атырау қаласында, жеті аудан мен Теңіз кенішінде тіркелді.
– Бұл тәулікте 154 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның ішінде 99 науқас – Атырау қаласының тұрғыны. Сондай-ақ Құрманғазы ауданында – 11, Жылыойда – 11, Исатайда – 7, Индерде – 7, Қызылқоғада – 7, Махамбетте – 4, Мақат ауданында 2 адамнан вирус белгісі табылды. Ал Теңіз кенішінде 6 жұмысшы қауіпті індетке шалдықты, – деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.
Осыған байланысты өңірдегі инфекциялық стационарларда жатқан науқастардың саны 518 адамға жеткен. Оның ішінде модульдік ауруханада – 182, №2 облыстық ауруханада – 140, аудандардағы стационарларда – 119, Теңіз кен орнындағы стационарда 52 адам емделіп жатыр. Қазір үй жағдайында емделуге 512 адам оқшауланған.
Осындай деректерге қарамастан, коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салдыру қарқын ала бастағаны байқалады. Елімізде жаппай вакциналау басталған
1 ақпаннан 3 шілдеге дейін 94 340 атыраулық қауіпті вирусқа қарсы вакциналардың І компонентін салдырды. Вакциналардың II компонентін 51 633 адам ектірді. Ал 3 шілдеде Спутник V, QazVac, Нayat Vax вакциналарының I компонентін 3 611 атыраулық салдырды. Екпе алғандардың қатарында 212 дәрігер, 285 педагог, 38 студент, арнайы мекемелердің 27, құқық қорғау органдарының 21 қызметкері, 61 мемлекеттік қызметші, 175 созылмалы сырқатқа шалдыққан 175 адам мен жергілікті 2 792 тұрғын бар.
Өңірдегі эпидемиялық ахуалдың күрделенуіне байланысты бас санитар дәрігер М.Танауов карантиндік шектеулерді күшейтетін жаңа қаулыға қол қойды. Жаңа қаулы 5 шілдеде күшіне енді.
– Сауда үйлері мен сауда-ойын сауық орталықтарына (павильондар, бутиктер), сауда желілеріне сағат 10.00-ден 19.00-ге дейін (толтырылуы
объект сыйымдылығының 30%-нан асырмай, 1 келушіге 4 шаршы метрден кем емес) тек қана жұмыс күндері жұмыс істеуіне рұқсат етіледі. Бұл ретте оларда орналасқан аттракциондардың, ойын алаңдарының, ойын орталықтарының, қоғамдық тамақтандыру объектілерінің жұмысына тыйым салынады, – делінген қаулыда.
Сондай-ақ сұлулық салондары, шаштараздар, косметологиялық қызмет көрсететін нысандардың жұмыс күндері сағат 09.00-ден 19.00-ге дейін, спорт кешендері, фитнес-орталықтар, фитнес-клубтар, йога орталықтары, спорттық-сауықтыру нысандары (оларда орналастырылған бассейндер, сауналар, СПА, массаж, пилинг), сауналар, СПА-орталықтар, бассейндер жұмыс күндері сағат 07.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істейді. Ал Аshyq жобасына қатысатын нысандардың жұмыс режімі сағат 07:00-ден 24:00-ге дейін созылады.
Ал 5 шілдеде тағы да 149 атыраулық қауіпті вирусты жұқтырды.
Атырау облысы