Елорда • 15 Шілде, 2021

Елордада мұғалімдер саябағы ашылады

172 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мұғалімдер саябағы Абылай хан даңғылы мен Пушкин көшесі қиылысында орналасқан Беласар көпірінің маңы Ақбұлақ өзені бойында салынып жатыр. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады, деп жазады Egemen.kz

Елордада мұғалімдер саябағы ашылады

Парктің ауданы - 1,2 гектар. Қолданыстағы саябақты қайта құру және Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-ға жақын екенін ескере отырып, демалуға арналған тыныш орындар, серуендеу және оқу орындарын құру жоспарлануда.

«Ustaz alany» саябағы мұғалімдерге арналған. Оның айрықша ерекшелігі – шағын сәулет нысандарында. Мәселен, әр орындыққа мұғалімнің аты-жөні мен шағын өмірбаяны жазылған тақтайша орнатылады. Сонымен қатар педагогтерге ерен еңбегі үшін алғыс ретінде грифель қабырғасы мен «Bilim japyraqtary» инсталляциясын орнату жоспарланып отыр», деді Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев.

Саябақ аумағында алмасып оқу үшін кітап қораптарын орнату жоспарланып отыр. Сонымен қатар саябақтың орталық бөлігінде таза ауада шеберлік сабақтарын өткізуге арналған орын ашылады. Елорданың дизайн-кодына сәйкес жарықтандырылған әткеншек орындықтары мен биік шамдар (торшер) аллеяны әсемдей түседі. Көгалдандыруға да ерекше көңіл бөлінбек. Ал саябақтың орталық бөлігіне емен отырғызу жоспарланған.

«Бұл саябақ Ақбұлақ өзенінің жанында орналасқандықтан, теңіз кейпіндегі балалар алаңқайы орнатылады. Бұдан бөлек ерекше шатырлары бар алаң ашылады», деді урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен.

Саябақтың жағасына сарғыш рең беретін жарық пен гирляндалар орнату жоспарлануда. «Адамға ыңғайлы қала» идеясын іске асыру аясында кедергісіз орта құрылады.

Естеріңізге сала кетейік, биыл елорда әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында 190-ға жуық аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланып отыр.

Өткен жылы 210 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылған болатын.