Сол жылы 15-19 сәуірде Ақмешітте өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық V съезінде халқымыздың орысша «киргиз» деп аталуын «қазақ», «Киргиз АКСР»-ді «Қазақ АКСР» деп өзгерту, ал республиканың жаңа астанасы Ақмешіт қаласын Қызылорда деп атау туралы қаулы қабылданады.
Астана мәртебесін иеленген төрт жыл алып дария бойындағы шағын шаһар өміріне көп өзгеріс әкелді. Жаңа астананың саяси, экономикалық орталық ретіндегі қызметін орнықтыру бағытындағы жұмыстармен қатар, мәдени-рухани салада да бастамалар көп болды. Осының нәтижесінде Сыр өңірінде мерзімді ұлттық басылымдар жұмысы жүйеге түсті. Бірқатар газет-журнал елдің әр түкпіріне Қызылордадан тарап жатты.
Қазіргі «Қазақстан әйелдері» журналы да алғаш рет осы қалада жарық көрген. Ұлт баспасөзінің өткенін тереңдей зерттеп жүрген мамандар журнал тарихы әйелдер қауымына арналған «Азат әйел» және «Теңдік» газеттерінен бастау алатынын айтады. 1926 жылдан бастап «Әйел теңдігі» журналы болып шыға бастаған. Заман ағымына қарай кей жылдары «Сталин жолы» аталып, 1955 жылдан «Қазақстан әйелдері» болып шығады. Басылым тарихына қатысты «журнал тұңғыш рет 1925 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің қосымшасы болып шыққан» деген де дерек бар.
– Қызылордада қазір осы журналдың 1928 жылы шыққан жалғыз данасы ғана сақталған, – дейді облыстық тарихи және өлкетану музейі «Ақмешіт» филиалының меңгерушісі Кенжегүл Ахметова.– Журналдың редакторлық қызметін Сара Есова, Нұржамал Сәнәлиева, Нағима Арықова атқарып, басылым қазақ әйелдері арасындағы саяси-тәрбие жұмысына, оларды елдің қоғамдық-саяси өміріне қатыстыру мәселесіне баса көңіл бөлді. Жаңа журнал жұмысына Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Қошке Кемеңгеров, Жүсіпбек Аймауытов секілді Алаш қайраткерлерінің де үлес қосқаны байқалады. Алғашқы нөмірлерінде «Дені саудың – жаны сау» айдарын ашып, отбасылық тазалық, бала мен әйел күтімі, жұқпалы аурулармен күрес турасында дәрігерлер кеңесі басылған. Осы орайда анықтай кетер бір мәселе – журнал тарихы Қазақ өлкелік партия комитеті жанындағы әйелдер бөлімінің газеті саналған «Теңдік» шыққан 1925 жылдан бастау алады деп жүрміз. Бірақ журнал күйінде жарық көре бастағанына биыл 95 жыл толып отыр. Алғашқы редакторы – Сара Есова.
«Әйел теңдігінің» 1927 жылғы наурыз айындағы нөмірінде Сара Есова «Қатарымыз өсіп келеді» деген тақырыпта мақала жазып, журнал жұмысына араласа бастаған Ұрқия Тоқсанкелінінің ақындық талантына тоқталады. Нағима Арықова да «Сталин жолы» атауын иеленіп тұрған журнал жұмысына көп үлес қосыпты.
Айтпақшы, астана болған Ақмешітте дүниеге келген басылымдардың тағы бірі – «Ауыл тілі» газеті. 1926-1929 жылдар аралығында шығып тұрған газет ауыл шаруашылығына арналған тұңғыш салалық басылым екендігімен құнды. «Ауыл тілі» де сол кезеңдегі барлық басылымдар сияқты, оқу-ағарту, денсаулық, ауылды кеңестендіру, қазақ байларын тәркілеу, индустрияландыру мәселелерін көтерді. Газетте ауыл тілшілерімен қатар, Жүсіпбек Аймауытов, Ғабит Мүсірепов пен Сәкен Сейфуллиннің мақалалары жарияланып тұрыпты.
«Теңдіктен» де бұрын шығып, әйелдер баспасөзінің алғашқы қарлығаштары саналуға лайық басылымдар да болған. Бірақ Ақтөбеде, Жетісуда, Семей мен Қарқаралыда жарық көрген бұлардың барлығы көп ұзамай жұмысын тоқтатыпты.
Ал «Теңдіктен» басталған тарих ғасырға жуық жолды артқа тастап, бүгінге жетіп отыр.
Қызылорда