Технология • 16 Шілде, 2021

Ozon сауда алаңына да жол ашылды

323 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

16 миллион клиенттік базасы бар, ай сайын 80 миллионнан астам пайдаланушы кіретін ресейлік Ozon платформасында енді қазақ кәсіпкерлері де өнімдерін саудалай алады. Маркетплейсте киім мен тағамнан бастап, балалар өнім­дерінен косметикаға дейінгі 20 түрлі санаттағы тауарлар бар.

Ozon сауда алаңына да жол ашылды

Сауда және интеграция ми­нис­трі Бақыт Сұлтановтың ай­туынша, ресейлік e-commerce ал­пауытына шығар жолдың ашылуы – қазақ кәсіпкерлері үшін үлкен әлеует.

«Біздің тауарлар – аяқкиім, зергерлік бұйымдар және ауыл­шаруашылық өнімдері осыған дейін де Ozon-да ұсынылған. Бірақ Wildberries сияқты, сайтқа кіру үшін біздің компаниялар Ресей Федерациясының аумағында филиалдар ашуға мәжбүр болды. Бұл бизнес үшін өте ыңғайсыз және қымбат. Логистиканы же­тілдіру жергілікті бизнестің Ozon-ға шығуына ықпал етті: мамырдан бастап біздің кәсіпкерлер Ре­сейге тауарларды тікелей клиентке өздері немесе үшінші тарап тасымалдаушыларының көме­гімен жеткізе алады», дейді министр.

Ресейлік компания жақын ара­да қазақстандық бизнестің тауар­ларын Ресейге тасымалдайтын серіктес-логистердің тізімін ұсынбақ. Отандық тауарларды Ресей мен өзге де өңірлерге жет­кізу үшін қоймаға орналастыру шаруа­сы да пысықталып жатыр екен. Ведомство басшысы бас­қа маркетплейстермен де келіс­сөздер жүріп жатқанын айтады.

«Біздің міндетіміз – өнді­рушілеріміз үшін әртүрлі сауда алаңдарына қолжетімділікті барынша жеңілдету. Бұл сауда үшін де, өндіріс үшін де жақсы ынталандыру болатынына сенім­дімін», дейді Сұлтанов.

Ozon-ға тіркелудің еш қиын­дығы жоқ. Алдымен seller.ozon.ru сайтында сатушы ре­тінде тір­келесіз. Компанияның жар­ғы­лық құжаттарын тіркегеннен кейін тексеруді күту қажет. Кейін нарықтағы ұсыныстарды қа­был­дай бастайсыз. Адамдар интернет арқылы сауда жасағанда бірінші кезекте өнімнің сыртқы түр-сипатына ерекше назар ауда­ратындықтан өнім картасын жасайсыз. Қойманың қай жерде орналасқанын, тауарларды қайдан жеткізетініңізді де көр­сетіп қойыңыз. Көп ұзамай ал­ғашқы тапсырыстар да түсе бас­тай­ды. Толық ақпаратты global.ozon.ru сайтынан алуға болады.

Еске салсақ, министрлік осы­ған дейін қазақ кәсіпкерлеріне өнімдерін Amazon платформасында тікелей сатылымға шығару мүмкіндігін ұсынған еді. Соңғы уақыттары еліміздің e-commerce тарапындағы дамуында біршама серпіліс бар екенін аңғаруға болады. Кәсіпкерлердің халықаралық онлайн нарықта өнім сауда­лай бастауы олардың осы бағыт­тағы жұмысын құлшына істеп, жақын келешекте отандық плат­фор­малардың негізін қалап, дамы­туға деген ықыласын да оятары сөзсіз.

«Саланы үш құралдың көме­гімен дамытуға болады, біріншісі – электронды саудаға ынталандыру және шағын және орта бизнесті оқыту. Екіншісі – логистикалық сервис пен жеткізу қызметін да­мыту. Үшіншісі – онлайн-транс­шекаралық сауданы дамыту», дейді Сауда және интеграция вице-министрі Әсел Жанасова.  

Ведомство 2025 жылға таман жалпы саудадағы e-commerce үле­сін 15 пайызға жеткізуді көз­деп отыр. Министрліктің мәліме­тін­ше, биыл электронды сауда үлесі 9,9 пайызға көтеріліп, 1,4 трлн теңгені құраса, 2025 жылы 15 па­йызға өсіп, 3,6 трлн теңге болмақ.