Аймақтар • 18 Шілде, 2021

Аптаптан кейінгі алқап: Биылғы егіннің шығымы қалай?

1263 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қостанайлық диқан­дар көктемгі егіс науқанын ойдағыдай аяқтағаны­мен, одан кейін екі ай бойы көктен бір тамшы нәр тамбай қойды. Жаңбырсыз жаздың аптабы қылтиып шыққан дән сабағының еркін бойлап кетуіне ерік бермеді. Мұндай уақытта әдетте астығы жайқалып, теңіз болып толқып жататын топырағы құнарлы деген аудандардың өзінде егін еңкіш тартып, сабағы сар­ғайып, масағына шыр біт­пей жатып күюге айналған.

Аптаптан кейінгі алқап: Биылғы егіннің шығымы қалай?

Көптен бері дәл мұндай сараң­дық танытып көрмеген та­биғат­тың тосын мінезіне шаруа­лар енді шындап алаңдай бас­та­ған еді. Алайда 11 шілдеге қа­ра­ған түні көк жүзін қарасұр бұлт торлап, ертеңінде түнере төн­ген аспанның бауыры иіп сала берді. Қостанайлықтар мұндайда көктен ырыс жауды дейді.

Екі күн бойы ебіл де себіл егіл­ген ақ жауын әбден кеуіп қал­ған астықты алқапты жарыл­қап-ақ тастады. Көк­темнен бері көңілі күпті диқандар қауы­мы­ның осы жауыннан кейін-ақ күдігі сейіліп, үміті оянғандай бол­ды. Дегенмен 70 күнге созылған ап­тап­тың алқапта ізі қалды, сон­ды­қтан биылғы астық өнім­ді жыл­дағыдай жырғалтып бер­мейді. Былтыр әр гектардан орташа есеппен 15 центнерден өнім алған алқабы құнарлы, техникасы қуатты, технологиясы іргелі шаруашылықтардың өзі биыл әр гектардан 8-9 центнер түсім алсақ, соған да тәубе етіп отыр.

Жалпы, биыл Қостанай облысында 5 млн гектар алқапқа тұқым себілді. Оның 4 млн-ы – дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар. 4 млн гектарға жуық жерді бидай алқабы алып жатыр. Ал майлы дақылдың көлемі 600 мың гектарға жуықтайды.

Күннің ыстығы мен топырақ қаба­тын­дағы ылғалдың аздығы ауыл­шаруа­шылық дақылдарының өсіміне айтар­лықтай теріс әсер еткенін ресми орындар да мо­йындап отыр. Облыстық ауыл ша­р­уа­шылығы басқармасының мәлі­ме­­тін­ше, биыл өңірдегі 3 млн 875 мың гек­­тар дәнді дақылдың 3,8%-ы ғана жақ­­­сы, 59,1%-ы қа­на­ғаттанарлық, 35%-ы на­шар жағ­дайда. Ал 80,7 мың гектар не­­­месе 2,1% алқап мүлде күйіп кеткен. Ма­­ман­дардың сөзінше, қазір дәнді да­қыл­­­­дар жедел өсе бастаған. Бүгінде 1 491 мың гектар бидай масақтап үлгерсе, 502 мың гектар алқаптың масағы то­лыса бас­­таған. Яғни егін өсі­мі­н­ің барлық са­ты­­сын­да жедел даму байқалып, бидай­дың пісу қар­қыны 7-12 күн алда келеді.

– Соңғы аптада облыста орташа есеппен алғанда шамамен 30 мм ылғал түсті. Бұл бидай масағының дамуына, дәннің толысуына ықпал еткенімен, өнім­нің ұлғаюына айтарлықтай әсер ете қой­майды. Биылғы астықтың қаншалықты деңгейде өнім беретіні бидай толық пісіп, жетілген соң ғана белгілі болады. Бір аны­ғы – биылғы қуаңшылыққа байла­нысты көктемде жоспарланған өнімге қол жеткізе алмаймыз, – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Сембай Сағындықов.

Биылғы егіс науқаны – облыстағы ірі шаруашылықтардың бірін басқарып отырған Ыбыраш Естаев үшін елеулі кезең. Кәнігі диқан биыл елуінші рет жерге дән сеуіп отыр. Диқаншылықтың қыр-сыры мен Тобыл өңіріндегі күн ра­йын тамыршыдай тап басып болжайтын тәжірибелі шаруа биыл жиырма мың гектардан аса бонитеті алпысқа дейін баратын құнарлы алқапқа тұқым сепкен.

– Біз егінді уақытында септік, биыл топырақ қыртысындағы ылғал тез кеуіп кетті. Өйткені жылда мамыр айының ортасында, аяқ кезінде шамалы жаңбыр бүркіп өтіп, ылғалдың мөлшерін еселеп, толтырып кететін. Ал биыл бұлай болмады, аптап ыстық мамыр айынан басталып кетті де, өткен аптаға де­йін жерге бір тамшы түспеді. Күн ра­йын әуелден аңдағандықтан, дәнді 9 см-ге дейін тереңдетіп септік. Әдеткі жыл­дары 5-7 см жеткілікті болатын. Биыл дән се­бу науқанын ерте бастаған шаруа­шы­лық­тарға қиын болып тұр. Тіпті бірінші ма­мырдан бастағандар бар. Бұл түйенің мой­нынан қисық, өйткені мұндай уақытта дән себуге болмайды. Ерте еккен егіннің сабағы тез көтерілгенімен, оған түп тас­тайтын кезде ылғал жетпей қалады. 22-25 күннен кейін бір түптен 4-5 бидай сабағы шығады. Ол 75 пайыз ылғалды пайдаланады. Ал бидайдың шығуына 5-ақ пайыз ылғал жеткілікті. Ерте сепкендер осыны сәйкес келтіре алмай қалады. Ал енді тәжірибесі мол шаруашылықтар тұқымды мамырдың жиырмасына қарай себеді. Өз басым көктемгі науқанды 21-22-сіне қарай бастаймын. Техникам бар, күшім көп, әйтеуір, өзіміз «қызыл жолақ» дейміз, сол 30 мамырдан әріге қалдырмау керек. Осының нәтижесінде, қазір, міне, құдайдың рахатын көріп отырмын. Осыдан бір жеті бұрын жаңбыр жауып берді. Кеңес уақытында талай жыл кеңшар басқардым, сонда 30-35 мм жаңбыр жауса, директор біткеннің бәрі бөркін аспанға атып қуанатын. Ал өткен аптада кейбір аудандарда 75 мм-ге дейін ылғал түскен, өз шаруашылығымда 42 мм жауын жауды. Сондықтан менімен қатар сепкен диқандардың бәрі биыл лайықты өнімге қол жеткізеді деп ойлаймын. Бұлай дейтінім, жаңбыр тоқтаған соң, екі-үш күннен кейін алқап басына бардық. Сарғайып тұрған масақ әп-сәтте қоңырқай тартып, сабағы көкпеңбек болған, – деді Ы.Естаев.

«Егіннің жайын еккен біледі». Тәжі­ри­белі диқанның айтуынша, биылғы құрғақшылықтың зардабы, әсіресе, дәнді мерзімінен ерте сепкен шаруашылықтарға ауыр тиеді. Өйткені олардың дені тұқымды мамырдың басында-ақ егіп тастаған. Осылайша, сабағы ерте шығып, бас алып кеткен егін жаңбырсыз жаздың екі айлық аптап ыстығына ұрынып, әрі қарай бойлай алмай бір-ақ қарыс болып қалды. Мұндай егін енді астынан құйсаң да, үстінен құйсаң да, жарытып өнім бере алмайды. Ал дер уақытында жерге түскен дәннің сабағы бүгінде тізеден асып кеткен.

Қостанай облысына қарасты 16 аудан­дағы егіннің жағдайын қалт жібермей бағып отыратын Ыбыраш ағайдың сөзін­ше, биыл Амангелді, Арқалық өң­ірінде егін жоқ, Науырзым ауданында жоқ­тың қасы, Әулиекөл, Денисов, Жіті­қара, Қамысты аудандарында да егін шығымы мәз емес. Ал Сарыкөл, Ұзынкөл, Меңдіқара, Қостанай, Федоров аудандарында егін бар, бұл өңірлер биыл аса жо­ғары болмағанымен, орташа өнім алады.

Қостанай облысында биылғы бидай түсімі жылдағыдан төмен болатынын Меңдіқара ауданындағы бидайдың элиталы тұқымын өсіретін «Қарқын» агрофирмасының басшысы, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов та айтып отыр.

– Бірақ мына 11-12 шілдедегі жаңбыр жақсы құйды. Облыс бойынша 50-60 мм ылғал түсті. Бірақ бидай басын жарып үлгерді. Яғни бидайдың басы жарылған соң, жауын шелектеп құйса да, масақ қауызындағы дәннің саны көбеймейді. Сондықтан бұл жаңбырдың егіннің пісіп, толысуына ғана пайдасы тиеді. Дән аз болғанымен, салмақты болады. Менің ойымша, Меңдіқара ауданында биылғы астық орташа есеппен әр гектардан 10 центнерден өнім беруі мүмкін. Бұл жаман емес. Егер егін түсімі аз болса, бидайдың бағасы көтеріледі. Сондықтан биыл баға жоғары болады деген үміт бар. Тоннасы жүз мың теңгеден артық болуы тиіс. Бұл шаруаларға тиімді. Соңғы жауған жаңбырдың, әсіресе, күн­бағыс, зығыр, рапс сияқты майлы да­­қыл­дарға тиетін пайдасы зор. Бірақ би­дай жылдағыдай түсім бермейді. Өйткені сұмдық қуаңшылық болды. Мұндай жаздың қашан болғаны есімде жоқ. Мамыр айынан бастап күннің ыстығы 35 градустан төмен түспей қойды, – деді әйгілі диқан.

Қостанай облысының солтүс­ті­гі­не қарай орналасқан аудандардың то­пы­­рағы құнарлы болғандықтан, қан­дай қуаң­­­шылық болса да, бұл өңірлер өнім­сіз қал­майды. Биылғы құрғақшылық облыстың оңтүстігінде жатқан Амангелді, Арқалық, Науырзым, Жітіқара, Қамысты аудандарына ауыр тиді. Бұл аудандарда, тіпті шөптің өзі күйіп кетті.

Науырзым өңіріндегі диқандардың айтуынша, биыл егін нашар. Жоғары өнім болмайды. Бидай сабағы қысқа. Қос­­та­най төңірегінде жауған ақ жауын кей­­бір жерлерге сәл ғана себелеп өткені бол­­маса, Науырзым ауданына жеткен жоқ. Сон­дықтан биыл бұл аудандағы жер­ге түс­кен дән көктемде есіл кеткен қып-қызыл шығынды ақтай алмайды. Диқан­дар, тіпті сепкен тұқымның өзін өндіріп ала алмаймыз деп отыр. Құрғақшылық ұрып, аса ауыр жағдайға душар болған бұл өңірде егін­ді ерте септі не, уақытында септі не, бә­рі­бір биыл еш қайыр болмайтын сыңайлы.

– Наурзым ауданында көктем шық­қа­лы жаңыбыр жоқ. Алқаптарға үш-төрт күн бұрын аз ғана ала-құла жа­уын себелеп өтті. Бұл – мамырдан бергі екі жарым ай ішінде жауған бірінші жаң­быр. Раздольныйда мүлде жаңбыр жоқ. Науыр­зым ауданы бойынша биыл әр гектардан 2-3 центнер өнім алсақ жақсы. Бірақ ауа райын болжай алмаймыз, әрі қарай не болатыны белгісіз. Биыл топырақ қыртысы ерте кеуіп кеткендіктен, жерге түскен дән­нің біразы шықпай қалды. Көбінің саба­ғы қылтиғанымен, күннің ыстығы 40 гра­дустың үстіне шығып кетіп, бидайдың әрі қарай өсуге дәрмені жетпеді. Өйткені күннің қызуы 40 градус болса, құмды топы­рақтың қызуы одан да жоғары болып, сабақты күйдіріп жіберді. Көтерілген са­бақтың биіктігі бір-ақ қарыс, 30-35 см ғана. Бұл өңірде тұқымын кейін еккен кей­бір шаруашылықтарда бидайдың сабағы та шықпай қалды. Түгелдей күйіп кетті, – дейді шарасы таусылған диқандар.

Жалпы, Науырзым, Жітіқара сияқты оңтүстік аудандарда егіннің бітік шығуы – сирек кездесетін құбылыс. Бұл өңірлердегі диқандардың көбі соңғы жылдары тек қа­рызға батқаны болмаса, аузы майланып жер ырыздығына қарық болып көрген емес.

Қостанай облысы