Коронавирус • 19 Шілде, 2021

Карантин талаптары қатаңдатылды

131 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өңірде кезекті №16 қаулы жарияланды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау депар­таментінің басшысы Батырбек Әлиев мәлім етті. Шектеу­лердің күшейтілуіне індет жұқтырып, сырқаттанғандардың көбеюі және елдегі эпидемиялық ахуалдың нашарлауы себеп болған.

Карантин талаптары қатаңдатылды

Шілде айының 4-інен бас­тап «қызыл аймақта» тұрған өңірімізде карантин қай­та кү­шей­тілді. Саралай келгенде, облыс орталығы, Ақсу, Екі­бастұз қа­лалары, Ақтоғай, Успен, Баян­ауыл, Шарбақты аудандары «қызыл аймақта», ал «сары ай­мақта» Павлодар, Ертіс, Же­лезин, Тереңкөл аудандары болса, Аққулы мен Май аудандары «жа­сылда» тұр.

Сонымен жаңа №16 қаулыға сәйкес 15 шілдеден бастап Ashyq жобасына қатысатын нысан­дардан басқа, облысаралық, об­лыс­ішілік, қалааралық, аудан­аралық автобус, шағын автобус жолаушылар тасымалы тоқ­та­тылды. Сондай-ақ балалар ойын-сауық орталықтарының (ойын алаңдары, жабық үй-жайлардағы аттракцион­дар), театр, кино­театрлардың, концерт залдарының жұмысына, спорт­тық іс-шаралар өткізуге тыйым салынды. Демалыс күндері сауда үйлері, қала­лық автобустардың қозғалысы шектелді. Жұмыс күндері Ashyq жобасына қаты­сатын қоғамдық тамақтану орын­дары мен фудкорт­тардың қызметі сағат 20.00-ге дейін, қатыспай­тындардың жұмысы 18.00-ге дейін шектеледі.

Ал өңірде екпе алушылар қа­тары күн­­делікті артып келеді. Вакцинаның бірін­ші ком­понентін облыстың 179 931 тұр­ғыны алса, екіншісін 94 403 тұрғыны алған. Вак­ци­наны медицина мамандары, мұға­лім­дер, құ­қық қорғау ор­ган­­дарының қызмет­керлері алуда.

Облыс орталығында, Ақсу қаласында екпе алған тұрғындар арасында ұтысқа смартфондар мен тұрмыстық техникалар ойнатылуда. Демеушілер есебінен қалалықтар үшін IPhone 12 Рrо, сондай-ақ әрқайсысы 50 мың болатын 20 сертификат берілмек. Ұтыс ойыны он күн сайын онлайн режімде өткізіледі. Енді IPhone 12-ні кім алатыны 20 шіл­деде бел­гілі болады.

Сонымен қатар Ақтоғай, Қо­жам­жар, Жолболды, Жа­лауыл, Мүткенов ауылдарын­да вакцина­ның бірінші ком­понентін алушы­ларға бағалы сый­лықтар да­йын. Мысалы, Май ауданында ек­пе алудан өткен отбасылар «Май сервис» КМК-ның сумен жабдықтау қызметі үшін айлық төлемнен босатылады.

– Жалпы, облыс орталығында еңбек ұжымдарына арналған 67 мобильді топ жұмыс істейді. Өңір бойынша 153 екпе кабинеті бар. Сауда орталықтарында 5 екпе кабинеті, 3 жылжымалы ме­ди­цина­лық кешендерде екпе жасалады, – дейді Ден­саулық сақ­тау басқармасының бөлім басшысы Ерғалы Асылбек.

Елімізде күзге дейін ұжым­­дық им­мунитетті қалыптас­тыру міндеті тұр. Ін­деттің түр­лі штам­дарына қарсы тұру үшін ек­пе алып, тұрғындар өз ден­саулығын сақ­тауы қажет.

Бүгінгі күндері облыстық Тө­тенше жағ­дайлар депар­та­мен­­ті­нің қызметкерлері түгел­­дей екпе қа­был­дауда. Депар­та­менттің баспасөз қыз­­метінің мәліметінше, қыз­мет­кер­лер­дің сани­тарлық-эпидемиялық са­ла­мат­тылығын қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылатын ин­­фек­ция­лық ауру­­лардың им­муно­про­фи­лак­ти­калық іс-шара­лары жүр­гізілуде.

 

Павлодар облысы