Қазақстан • 19 Шілде, 2021

«Бәйтерек» АҚ директорлар кеңесі Президент тапсырмаларын талқылады

158 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің отырысын өткізді6 деп хабарлайды Egemen.kz Рrimeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

«Бәйтерек» АҚ директорлар кеңесі Президент тапсырмаларын талқылады

Отырыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жұмыспен қамтудың жол картасын ұзарту және осы бағдарламаны жалпы сомасы 200 млрд теңгеге қосымша қаржыландыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында облигациялық қарыздардың шарттары қаралды.

Қаражат «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Қазақстанның даму банкі» АҚ және «Қазына капитал менеджмент» АҚ еншілес ұйымдары арқылы агроөнеркәсіп кешенін, инфрақұрылым мен бизнесті қаржыландыруға жұмсалады.

Директорлар кеңесі 2020 жылға жылдық есепті және 2023 жылға дейінгі түзетілген Даму жоспарын бекітті. Холдингтің 2020 жылғы шоғырландырылған активтері 6 трлн 813 млрд теңгені құрап, 23,4%-ға артты. Бұл ретте «Бәйтерек» холдингінің таза табысы 73,1 млрд теңге мөлшерінде алынды, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 42%-ға артық.

Кредиттік және инвестициялық портфельдердің үлесі 78,5%-ға жетті, ал тартылған қорландыру көлемі бір жыл ішінде 1 трлн 596 млрд теңгені құрады. 609,4 млрд теңге немесе республика бойынша ипотекалық кредиттердің жалпы көлемінің 58%-ы сомасына ипотекалық кредиттер берілді.

Сондай-ақ отырыста Холдингтің еншілес ұйымы – «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ қызметінің қорытындысы талқыланды. 2020 жылы компания 134,6 млрд теңгеге сақтандыру міндеттемелерін қабылдады, бұл 2019 жылдың көрсеткішінен 37,6 млрд теңгеге артық.

Эпидемияның таралуы аясында қатаң шектеулер енгізілгеніне қарамастан, сақтандыру арқылы қолдау 91 экспорттаушыға көрсетілді, оның ішінде 40 экспорттаушы алғаш рет осындай қолдауға ие болды. Компания активтері 122,9 млрд теңгені, меншікті капиталы 109,4 млрд теңгені құрады.

Холдингтің өткен жылғы тұрақты дамуы туралы есеп және Қарағанды облысында шиналар өндірісін және Қостанай облысында жүк техникасының жетекші білдектерінің берілістерін ұйымдастыру бойынша екі ірі инвестициялық жобаны іске асыру үшін қаржыландыруды тарту қосымша қаралды.

Аталған жобаларды іске асыру шикізаттық емес өнім экспортын 925 млрд теңгеге ұлғайтуға және 1479 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.