Қоғам • 19 Шілде, 2021

Есте қалған езутартарлар

1086 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Өмір бойы жан серігіңе айналған кәсібіңнің шексіз кеңістігінде бастан кешкен сан алуан оқиға санаңнан еш өшпейді екен. Кейде бір көңіл толқыны үстінде езу тартқызар естеліктер еске түсе кетіп, ой иірімдерінде шыр айналып, шарқ ұратының да бар... Сағым-сағыныш боп қалған қоғамның құбылу сатысындағы өткен сол бір ұмытылмас ыстық сәттерді оқырман назарына ілтипатпен ұсынғанды құп көрдік!

Есте қалған езутартарлар

«Астроном» үшін өртелген газет

Шаруашылықтарда күзгі қой ұрық­тан­дыру науқаны жүріп жатқан. Дәл осын­­дай қарбалас-қауырт шақта аудандық «Екпін­ді еңбек» («Атамекен») газеті (Жам­был ­ауданы) аяқастынан «төтенше жағдай­ға» душар болды!..

Керемет ақын әрі таңғажайып эстет фототілші Сейітхан Молдахметов ақ же­лең жамылған қой ұрықтандырушы вет­техник-маманның микроскопқа үңіліп іс үстіндегі отырған бейнесін таспаға мұн­таздай тап-таза күйінде түсіріп әкеліпті. Айшықты бейне дереу нөмірге салынды. Содан не керек, қызық азанда, газеттің бетін ашып жібергенде басталды ғой. Микроскопқа күллі денесімен ұмсынған қой ұрықтандырушы-веттехник... овсерваторияда телескопқа тесіліп, көктен жұлдыз са­наған ғалым-астрономға айналыпты! Ал суреттің мәтінінде Ленин атындағы кең­шар­дың үздік қой ұрықтандырушы­сы... деп жа­зылған. Абырой болғанда, күн шық­пай аудан орталығынан алыстағы Рославль ауы­лына аттанатын пошта машинасындағы газет бу­малары оқырманға жетпей, жарты жол­дан кері қайтарылды. Барлығы 7 мың дана газет баспахана ауласында «құпия жағ­дайда» бірі қалмай өртелді. «Астроном вет­техникке айналып» газет қайта басылды, сол күнгі нөмір оқырманға бір күн ке­шігіп жетті...

Оқиға былай болған... Мырыш пласти­наға жапсырылатын клише-суреттер ол кез­де кешкісін пресс-қондырғыда тапталып,­ таңғы беске дейін сақталатын. Әрине әр бет­тегі әр суреттің көлемі әртүрлі болып келе­тіні бар. Бірақ баспаханаға газет басушы күн шықпай ерте келеді де суреттерді прес­тен босатады. Клише-суреттерді ре­тіне қа­рай құйылған қорғасын беттегі бос ұяшық­тарға орналастырады. Төрт бұрышы тең су­реттен «келіскен астрономның бей­не­сін байқаған» Антонина апамыз сурет астындағы мәтінге көз қиығын да салмай, салғанмен түсінбейді, бұрқыратып басқан да тастаған.

Партияның қателіктерді «майшаммен» қарайтын беймаза шағында күллі редак­цияны «Құдайдың сақтап қалғаны» бұл бір емес еді... Мәтін линотип машинасымен терілгенмен, мақала тақырыптары қолмен жиналып, кендір жіппен байланатын өткен ғасырдың технология атаулыдан «жұрдай» 70-80-жылдары емес пе?!. Бірде, ауыл-село тілшілеріне арналып шығарылатын «Газет – бұқараның органы» бетіндегі «айқайлап» тұрған үлкее-ен тақырыптан қас-қылғандай екі әріп ұшып кетіп... «Газет – бұқаның органына» айналып, «аймандай» болғанымыз да бар. О нөмір де бас­пахана ауласында өртелді...

 

Бұрыла алмаған «Волга» ма, Гриша ма?

Алматы облыстық «Жетісу» газеті астаналық болғандықтан «Социалистік Қазақстанмен» («Egemen Qazaqstan») бір баспада таң атқанша «жарысып-жағаласып» шығып жататын. Күнделік­ті жарық көретін бар басылым таңғы са­ғат 08.00-де партияның идеология хат­шысының (аудандық, облыстық, рес­пуб­ликалық) үстелінде бояуы кеппей, «буы бұрқырап» жатуы тиіс деген қатаң қағи­даның күйіп тұрған кезі ғой.

Сондай аласапыран түндердің бірі... Кезекшілікті тәмамдаған топты аузы-мұр­нынан шығара толтырып «тиеген» есік пен төрдей ақ «Волга» корректор қыздардың бірі тұратын «Компоттағы» қылдырықтай тар көшеге кіріп, тұмсық тіреген. Ентелеп келген көлікке тас қараңғыда кері бұрылу да оңай соқпай, алға бір ырғалып, артқа бір ырғалып тұрды да қалды. Көлікке бір отырса, қайтып түсуі мұң саналатын қанар қаптай нығыз, жирен қаба сақалы бет-аузын дым қалдырмай жапқан, «мойны жоқ» шопыр Гришаның ой, жаны қысылды-ай! Салонның алдыңғы орындығында оқиғаны сабырмен бақы­лап отырған бас кезекші – редактордың орынбасары Жұмаш аға Арғымбаев мұндай түн қызықтарын, сірә, бірінші көруі-ау, қапелімде «Өзі мынандай тар қуыста көлікке бұрылу да оңай емес екен-ау» деп қойды. Ырсылдақ семіз шопырдың шарасыз әрекетіне шыдамаған газеттің техникалық редакторы Әлия Сейілханованың сонда ғой қарап отырмай:

– Жұмаш аға, Гришаның машинасы емес... өзі бұрыла алмай жатыр?– дегені-ше...

Түні бойы бет оқудан қалжырап әрі ұйқы­сырап қажып отырған корректор ­қыз­­дарымыздың көз алдына күндізгі кә­дімгі «бауырсақ» Гришаның бейнесі елес­тей кетті ғой деймін, аяқастынан күлкі­нің тығыны атылды да кетті... Бұл кезде ­«қия­меттің қыл көпірінен» өтіп арқасы­нан ауыр жүк түскен жүргізушіміз түк­ке түсінбесе де білетін екі ауыз қазақша­сын іске қосып, риза көңілмен «Не бол-дээ» деп, күллі салонды одан да бетер күлкіге қарық қылды.

 

Әл-ло!.. Айып болмаса, авторды шақы­рып жіберіңізші!

Жоғарғы Кеңес бақуат еді ғой, бақуат... Құзырындағы парламенттік «Халық ке­­ңесі» газетінің жауапты хатшысы Бас­қар Битанов отыратын бөлменің әр бұры­шында нөмірі бөлек бір-бір телефоннан тұратын. Қолымыз қалт етіп «бақуат» «бас штабқа» бас сұға қалған бір күн еді...

– Бүгінгі мақаласымен Серік Жұ­ма­бекұлын құттықтадыңдар ма? – деген жа­уапты хатшы, орынтағын ашық тұрған терезеге бұрып, темекісін тұтатты. – Ке­ліңдер... оқырмандар атынан лебіз біл­діріп қоя­йық, – деді де, телефонның құла­ғын қуақыла­на көтерді.

Басқардың тосын тапқырлығы мен әзіл­қойлығына, әртістерше даусын құбылта салатынына әуелден тәнтіміз. Жауапты хатшының орынбасары Қыдырәлі Қойтай мен бас суретші Айдарбек Ғазиз – бірі макетке үңіліп, бірі бөлмедегі екінші телефонмен «сөйлескен» сыңай танытты. Самат Ибраим мен Серғазы Мұхтарбек және мен жауапты хатшының үстелінің айнала­сында басталған оқиғаның қалай өрбуін кү­тіп, тынши қалдық...

Бұрыштағы үшінші телефон «шар» етті. Дәлізде жүрсе керек, ішке жүгіріп кірген иесі Серік Жұмабекұлы телефонның құлағына жармасты. Бұл кезде Басқар «рөліне» алаңсыз кірген.

– Әл-ло... сәлеметсіз бе ағай, Серік Жұ­­ма­­бекұлын телефонға шақырып жібе­ресіз бе?

– Бұл кім болды екен?

– Газет оқырманымыз ғой, Серік ағай­дың бүгінгі «Атпен сүйреген атом бомбасы» деген мақаласын сүйсініп оқып шығып едік. Ағай, айып болмаса автордың өзін шақырып жіберіңізші...

– Серік Жұмабекұлы ағаларың тыңдап тұр...

– Ой... ағай, шын айтасыз ба?

– Шын, шын... өзіңіздің аты-жөніңіз кім, қалқам? Қай өңірден телефон шалып тұрсыз?

– Ой, ағай, сене алмай тұрмын, қал­жың­дамай Серік ағайды шақыры­ңыз­шы, бол­маса телефонның тұтқасын тас­тай саламын...

– Оу, айналайын, менмін деп тұрмын ғой Серік Жұмабекұлы, менмін..

– Шын айтасыз ба... Кәдімгі сақалы бар Серік ағайсыз ба?

– Иә...

– Ім-м... шашы жоқ Серік ағайсыз ба?..

Бір бөлменің екі бұрышындағы «автор мен оқырманның – жігіт пен қыздың» телефон-диалогы осы жерден үзілді. Өйтке­ні күл­кі буған жігіттер одан арыға шы­дай ал­маған...

Сақал-мұрты жарасып, бір бейнесі жазушы Сәтімжан Санбаевтан аумайтын тақырбас құрдасым Серік Жұмабекұлы бір рет, иә, бір рет... осылай Басқардың әзіл қақпанына «оңбай» түскені бар еді.

 

Майктің миын ашытқан «сони-гейн» мен «они-гейн...»

Майк Уайл – мен алғаш әрі жақы­ны­рақ танысқан америкалық журналист. Бостон қаласындағы «7-ші арна» теле­компаниясының иесі, Қазақстан астанасында офис ашқан «Интерньюс нетуорк» (Халықаралақ ақпарат желісі – АҚШ) ұйымына медиа-тренер санатында келіп жүрді. Майк өткізетін 10 күндік тренингтен еліміздің әр түкпірінен келген қазақ тілді қаншама жас тележурналист дәріс алды. 1998 жыл. Шілде болатын...

Кезекті жаңа топпен танысу рәсімі жүріп жатқан. Бұл топтың ішіндегі ал­ғыры Шымкенттен келген жас өрен (есі­мін өз­герттім) болып шықты. Алғашқы сөз­ді «Май нейм Азамат...» деп бастаған теле­шәкірт, әрі қарай қазақша төпелетті, өзі жылдам сөйлейді екен: «Бір жыл бұ­рын Шымкенттегі мемлекеттік уни­вер­ситет­тің филология факультетін бі­тірдім, өнеге­йін жарты ай «Отырар» теле­арнасында сынақтан өттім... өнегейін ақпарат бөлі­мінде... өнегейін спорт бөлі­мінде...» деп судыратып ала жөнелді. Тәр­тіп бойынша, Азаматтың қазақшасын мен орысшаға аударып, ол орысшаны Ақтөбеден келген аудармашы жас жігіт Майк үшін ағылшын тіліне аударуы тиіс.

– Сәл кідірші, Азамат, мүмкін бол­са, «өнегейінді» айтпашы, өзіңді таныс­ты­руыңды басқаша айтып көрші.

Бұл кезде әр бұрыштан қыздардың күлген дауыстары шығып жатқан...

– Жарайды, аға. Қазір басқаша айтып көрейін.

«Бір жыл бұрын Шымкенттегі мем­ле­кеттік университеттің филология факуль­тетін бітірдім... сөнегейін жарты ай «Оты­рар» телеарнасында сынақтан өттім... сөне­гейін ақпарат бөлімінде ... сөнегейін спорт бөлімінде...».

Күллі аудитория күлкіден «тарс» жарылды.

 Әлі бірауыз сөз ағылшын тіліне ауда­рылмай аң-таң күйде отырған Майк Уайл америкалық кең пішімді жымиыс­пен, дымға түсінбей бізге таңдана қарай қа­лыпты.

Бүкіл жиналған қауым (қазақша түсі­не­тіндері) жарыла күлген осы оқиғаның мән-мағынасын, түп-төркінін екі сатылы аудармамен Майкке түсіндіріп бере алмадық! Ондай бір әріп ауысқанда күлкі шақыратын сөздер америкалықтарда да кездеседі деген Майк түсіністік та­ныт­қандай болып-ақ жатыр. Біздің тегі­міз, тіліміз, діліміз өзгеше екені өз ал­дына, «өнегейін мен сөнегейін» сөз­дері кездейсоқ үйлескенде неге күлкі шақы­ратыны өз алдына мүл­дем басқа бір лек­сикалық құбылыс еке­нін біз де сол күні өз хал-қадерімізше ұғы­нғандаймыз! Амери­калықтардың ауызекі сөйлегенде «р» әрпін айтпай аэропортты «аэпоот», мистерді «містә», интерньюсті «интееньюз» дегені секілді әр ұлттың тіл ерек­шелігі болады екен-н...

Үзіліс кезінде Майк бетіме бажайлап қарап, күлімсіреп «сони-гейн»... «они-гейн» дер еді. Менің күле қоймағаны­ма таңданғанын әріптестің ойлы көкшіл көзде­рінен байқайтынмын... Екі жылдан соң келгенде де ұмытпапты. Қайтала­ды. Қазақтың сөз тіркесіндегі, сөйлеу мә­не­рінде тек өзі­мізге ғана тән осы бір құбылысты біл­мей, ол жолы да Бостонына бос қайтты Майк мырза...

* * *

«Егеменнің» «партасына» үзіліс аралас­тырып отырған сегіз жылда өзім куә бол­ған, құлақпен естіген редакция «қы­зық­тары» қаншама! О-Һо-о! Ол әңгіме­лерді «СҚ»-ға тарыдай боп кіріп, «EQ»-дан тау­дай боп шыққан, редакцияда жарты ға­сырға жуық табан аудармай қалам тер­беген ардагер журналист, Ақпарат са­ла­сының үздігі, Халықаралық Жамбыл атын­дағы сыйлықтың лауреаты Гүлзейнеп Сәдір­қызының (Әбдірахманова) үлесіне «чел­лендж» ретінде қалдыруды жөн санадым...

Ел газетінің естеліктерін жақұттай жар­қы­ратып, болған уақиғаны көз алдыңа бояусыз елестетіп, әзіл-күлкісімен әрлеп айтса, шіркі-ін, әпкем айтсын!

 

АЛМАТЫ