Аймақтар • 20 Шілде, 2021

СҚО жолдарында 4 күнде 24 мас жүргізуші ұсталды

681 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Мас жүргізуші» облыстық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткен төрт күнде 24 мас жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

СҚО жолдарында 4 күнде 24 мас жүргізуші ұсталды

Олардың бәрі өзіне ғана емес жол қозғалысының басқа қатысушыларына нақты қауіп төндірді деуге болады. Соның ішінде жаяу жүргізушілерді де соғып кету қаупі жоғары.

Ұсталғандардың бірі «Honda» маркалы автокөліктің жүргізушісі. Ол Караванная көшесінде қалаға кіріп келе жатқанда ұсталды. Медициналық куәландыру оның масаң күйде екендігін көрсетті, ол көлікті орта дәржедегі алкогольдік масаң күйде жүргізіп келген. Аталған факті бойынша  Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып,  іс сотқа жіберілді. Осы баптың санкциясына сәйкес құқық бұзушы енді жеті жылға көліктің рөліне отыруды ұмытуына тура келеді.

Осыған ұқсас факті қаланың Зайсан ауданындағы Свободная көшесінде де анықталды. Тексеру үшін «Toyota RAV4» көлігінің жүргізушісі тоқтатылды. Мән-жайды анықтау барысында 45 жастағы қала тұрғыны есірткілік масаң күйде рөльге отырғаны белгілі болды. Нәтижесінде әкімшілік хаттама толтырылды, ол да жеті жылға көлік басқару құқығынан айырылмақ.

СҚО ПД бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Қанат Айтбаевтың айтуына қарағанда «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы шілденің 15-сі мен 31-і аралығында өткізіледі. Мақсаты – жол қозғалысы ережелерінің өрескел бұзушылықтарын анықтау және оның жолын кесу. Төрт күннің ішінде жол қозғалысы ережелерінің 1995 түрлі бұзушылығы анықталған. Соның ішінде қауіпсіздік белдігін пайдаланбау және рөлде телефонды пайдаланудың бірнеше жүз фактісінен бөлек, жылдамдықты бұзудың – 171 фактісі, маневр жасаудың – 65, сондай-ақ бұрын басқару құқығынан айырылған тұлғалармен көлік басқарудың – 56 фактісі анықталған.