Тарих • 21 Шілде, 2021

Бөкей Ордасы

5670 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Биыл шежіре тұнған құт мекен Бөкей Ордасының құрылғанына 220 жыл болды. Ішкі Орда тарихына қатысты көптеген зерттеуші мен жазушы талмай қалам тербегенімен, оның бізге беймәлім тұстары жеткілікті.

Бөкей Ордасы

Ішкі Орданың құрылуында сұлтан Бөкей Нұралыұлының рөлі зор екендігі белгілі. Алайда халық санасында оған дейін атақонысқа ұмтылғандар болмаған деген пікір орнығып қалған. Дегенмен 1771 жылы Еділ қалмақтарының өз Ота­ны Жоңғарияға жөңкіле көшуі салдарынан Еділ мен Жайық аралығындағы тарихи мекенін қайтарғысы келетін қа­зақтардың қатары көп болды. Әсіресе ХІХ ғасырдың басында, яғни 1801 жылдан бастап Кіші жүз қазақтарының кейбір тобының Ресей патшасынан ішкі тарап­қа түпкілікті орнығу үшін арнайы рұқ­сат сұрағандығын байқаймыз. Ең алғаш болып ноғай руының старшыны Ислам Құрманқожаев 100 шаңырақпен өтуге ниет танытқан екен. Ізінше 1801 жылы 11 ақпанда Кіші жүздегі Хандық Кеңестің төрағасы Бөкей сұлтан Орынбор губернаторы Н.Н.Бахметевке емес, Грузия және Астрахань губерниясының басшысы К.Ф.Кноррингке Жайық пен Еділ өзендері аралығына көшу жөнінде өтініш білдірген. Бөкей Нұралыұлы­мен бір мезгілде Кіші Ордадағы кердері руы­ның старшыны Тілеп Қайбашев Астрахань маңындағы далаға орнығуды жоспарлаған. Ол тек басқаша жолмен, яғни Орал әскери кеңсесі арқылы қи­мыл­даған. Кіші жүз қазақтарының Қос­өзенге осындай қарқынмен ұмтылуы жо­ғарыда көрсетілген үш адамнан басқа «рес­ми рұқсат» сұрағандар санының көп бол­ғандығын болжауға мүмкіндік береді.

Бізге белгілі болып отырған ішкі тарапқа өтуге ниет білдіруші қазақ бас­шыларының әрқайсысының өзін­дік мүддесі болған. Старшындар И.Құрман­қожаев пен Т.Қайбашев өз руларын эко­номикалық тығырықтан шығару арқы­лы биліктерін сақтап қалуды мақсат тұт­қан. Олар қарасүйектен шыққандық­тан, жоғарғы хандық билікті армандамай-­
т­ын еді және сол себепті қай күнде болсын жеке басын тәуекелге тіге алды. Ал Бөкей Нұралыұлының жөні де, мақсат-мүддесі де алдыңғы екеуіне қарағанда өзгешелеу болған. Арғы тегін Шыңғыс ханнан тарататын сұлтандар тобынан шыққан ол Кіші жүздегі жоғарғы би­ліктен дәмелі еді.

Патша үкіметі ішкі тарапқа өтуге ниет танытқан басшылардың жеке мақ­сат-мүддесін сарапқа салып жатпады. Кіші жүзді саяси жағынан әлсіретуді көз­деген Ресей Қосөзен аралығына бүй­­регі бұрған қазақ басшыларына рес­­ми рұқсаттарын бере бастады. 1801 жы­­лы 25 ақпанда Ресей патшасы пол­ков­ник П.С.Поповтың атына стар­шын И.Құрманқожаевты ноғай руы­ның 100 түтінімен бірге Орал даласы­на өткізу жөніндегі рескриптісін шы­ғарды. Ал 1801 жылдың 11 наурызында I Павел патша Кавказ шебінің басшысы К.Ф.Кноррингтің атына Бөкей Нұр­алыұлын бодандыққа қабылдау жө­ніндегі Жарлығын жолдады.

Кезек кердері руының старшыны Тілеп Қайбашевқа жеткендей болды. Ол алғашында өз туыстарымен ғана өтетінін айтып, кейіннен 1000-нан ас­там шаңырақты әкелуге уәде еткен. Т.Қай­башевтың өтінішін қабылдап ал­ған Орал әскери кеңсесі оны Ресей Сена­тының қарауына жіберген. Бөкей Нұралы­ұлы­мен бір мезгілде арыз жазған кердері руы старшынының ісі 1801 жылдың мау­сым айына дейін ұзап кетуіне қарағанда, ­Кіші жүз қазақтарының ішкі бетке өтуіне қарсы саясат ұстанған Орал әскери кең­сесі аталған өтінішті Сенатқа кеш жол­даған секілді. Себебі ноғай руының стар-­
­­шыны И.Құрманқожаев пен Хандық Ке­­ңес төрағасы Бөкей сұлтанның өтіні­ші бір ай көлемінде қанағаттандырылған. Ал Т.Қайбашев ісі 4 айдан соң, яғни 1801 жылдың маусым айының басында ғана Сенаттың талқысына түскен. 1801 жылы 20 маусымда осы жайттар туралы мәлімет жинау жөнінде нұсқау алған астраханьдық басшы К.Ф.Кнорринг бұл істі П.С.Поповқа тапсырған. Осы тапсырмамен жұмыстанған генерал Медердің анықтауы бойынша «Т.Қайбашев қа­ра­­сүйектен шықса да, арғы тегі атақты, даңқ­ты адамдар болған. Өзі ақылды, адал, мейірімді адам болғандықтан, Ор­да хал­қы арасында сыйлы. Жергілікті ха­лық жоғары мәртебелі хан мен басқа да қазақ сұлтандарының бұйрығын орын­дағаннан гөрі Т.Қайбашевтың ақы­лына өз еріктерімен жүгінеді» екен.

Сенаттың нұсқауын орындауға кі­ріс­­кен П.С.Попов Т.Қайбашевтың Жа­йық өзені бойынан көшіп кеткенін ес­тиді және оның қайда жол тартқаны белгісіз болып шығады. Біздің ойымызша, Т.Қайбашев патша үкіметінен ұзақ хабар келмегесін, даланың ішкі бөлігіне көшіп кетсе керек.

Рақыметті Бөкей хан өткен...

1801 жылы атақонысқа түпкілікті орал­ған қазақтар біраз қиындықты ба­сынан өткерді. Алғашында Еділ-Жа­йық аралығын қазақтар емін-еркін жай­лағанымен, біртіндеп олардың қонысы Орал казак әскері, князь Н.Б.Юсупов, граф И.Безбородко секілді отарлаушы патша үкіметі қолшоқпарларының та­рапынан шектеле бастайды. Архив құжаттарынан жайылым үшін таластың ашық тонауға ұласып отырғандығын, ал бұл мәселелерді шешуде негізгі күш Бөкей ханға түскендігін байқаймыз. Бөкей сұлтан ең алдымен Ішкі Орда шекарасын нақтылауға ұмтылып, 1803, 1806-1808 жылдары Орал әскери кеңсе­сінен бастап, Орынбор генерал-губернаторы және І Александр патшаға өтініш жолдаумен болды.

Алайда отаршыл Ресей империя­сының көздеген мақсаты бөлек еді. 1811 жылы күзде хандық билікті күштеп жоя алмаған орыс саясаткерлері Ішкі Ордаға және Кіші жүзге бөлек-бөлек хан сайлап тынды.

Бөкей сұлтанды хандыққа көтергендер қатарында Сары, Ниязғали Есімұлдары, барлық Нұралыұлдары, Кіші жүздегі Батыр хан ұрпақтары – Есенгелді, Сирек, Жарық Қарабайұлдары, Орта жүзден Қайып хан ұрпақтары – Жантөре Жиһангерұлы (Бөкейдің күйеу баласы), Нұрмұхамбет Жиһангерұлы және өзгелері болған.

1812-1815 жылдары Бөкей хан өзінің басқару мүмкіндігін кеңейтіп, айналасына беделді сұлтандарды, старшындарды жинады. Оның алдында жайылым мәселесі, Ішкі Ордадағы қоғамдық-саяси қатынастарды реттеу және тағы басқа да мәселелер тұрды. Ол өмірінің соңына дейін Орал казак-орыстарымен, Еділ қалмақтарымен, қондырау татарларымен, орыс помещиктерімен тілімдей жер үшін күрес жүргізді.

Әртүрлі келеңсіз оқиғаларға қара­мастан, Бөкей хан тұсында Ішкі Орда қазақтарының әлеуметтік жағдайы жақ­сарып, көшпелі халықтың мерейі артты. Жылдар бойы тусырап жатқан шұрайлы далада мал көбейіп, сауда өсіп, дәулет артты. 1802 жылы хандықтағы халық саны 6300 шаңырақты құраса, 1814 жылы 8500 шаңыраққа ұлғайды. Ал төрт түлік саны 3 миллионнан асып жығылды. Бөкей сұлтан тұсында бөкейлік қазақтар көршілес халықтармен сауда жүргізген.

Бар ғұмырын өз хандығының жерін қорғауға, халқына қызмет етуге арнаған Бөкей хан 1815 жылы 21 мамырда кешкі сағат 21.00 шамасында шемен ауруының дендеуіне байланысты көз жұмады.

Замандастары Бөкей ханның ел ара­сында аса сыйлы болғандығын атап өткен. Оның ауыз толтырып айтар­лық­тай байлығы болмағандығы жөнінде де аңыз-әңгімелер бар. Тіпті хан қайтыс болған кезде Жәңгір сұлтан Астраханьға губернаторға бару үшін атақты бай татар – Дәуіттің баласының киімін алған деседі. Бөкей татарша сауаттылығымен, ақылдылығымен, батылдығымен көзге түскен. Оның бірінші әйелінен – Тәуке, Әділ, екінші әйелі Атаннан – Жәңгір, үшінші әйелі шеркеш Жұмадан – Мең­дігерей туған.

1

Елді сауаттандыру, мәдениетке көп көңіл бөлген Бөкей хан заманының заңғар ұлы бола білді. Прогресшіл әрі өміршең саясат ұстанған Бөкей саяси, экономикалық, әлеуметтік дамуда үлкен жетістіктерге жетті. Ол халықтың әл-ауқатын арттыру үшін сауда ісін жаң­ғыртуға да жан-жақты жағдай жасады. Билеушісіне, көсеміне риза болған халық «хан Бөкейдің тұсында секер шайнап, бал жұттық» деп текке айтпаса керек. Сонымен қатар Жанұзақ жыраудың:

Байларға құба жайлатқан,

Жарлыға мыңдап жылқы айдатқан,

Алтынды тақтың үстінде

Рақыметті Бөкей хан өткен,

– деп жырлауында тарихи шындық жатыр. Одан әрі жыраудың:

Ежелгі Бөкей барында

Толықсып жайлап еді біздің ел,

– деп жалғастыруы сол заманның тынысын айқын бейнелейді.

«Қазақ халқын отырықшылық өмірге үйреткім келеді»

1815 жылы Бөкей хан дүниеден өткен соң билік уақытша оның інісі Шығай Нұралыұлының қолына өтті. Алайда өз тарапымыздан Нұралы ханның осы ұлының саяси сахнаға бұдан әлдеқашан бұрын көтерілгенін атап өтеміз. Ол ел басқару ісіне ерте араласқан және оған Орданың алғашқы ханы кез келген мемлекеттік істерді сеніп тапсырған.

Ішкі Орданы басқару жөніндегі Уақытша Кеңес төрағасы қызметін ат­қарған И.С.Ивановтың мәлімдеуінше, Бөкей Нұралыұлы хан болып таға­йын­далған соң да Жайық беттегі өзіне қарасты қазақтарды билеуді інісі Өзбекқалиға, ал ішкі тараптағы хандықты Шығайға жүктеген. Осы келтірілген мәліметтерге сүйеніп, 1815 жыл қарсаңында Шығай Нұралыұлының ел басқару ісіне әбден дайын болғандығын байқаймыз.

Шығай сұлтан билігі кезіндегі Бөкей Ордасындағы аграрлық қатынастар шиеленісе түсті. Жерді пайдаланудың рулық қауымдық түрі үстемдік еткені­мен, жайылым мен шабындықтың жетіс­пеушілігі айқын сезілді. Осы кезеңде алғаш рет ерікті және еріксіз түрде жерді жалға алу дүниеге келді.

Климаттың қатаңдығы, құбылма­лылығы көптеген көшпелілерді, оның ішінде Шығай сұлтанды үй, жер­төле­лер салуға мәжбүрлеген. Ішкі Орда би­леу­шісі өз ағасы секілді хандық хал­қын отырықшылыққа баулығысы кел­ді. Бұл жайында ол 1820 жылдың 28 қаң­тарында Астрахань казак әскерінің атаманы В.Ф.Скворцовқа: «Қазақ халқын отырықшы өмірге үйреткім келетіні Сізге бұрыннан белгілі. Оларға үлгі көр­сетпек мақсатта менің үй салуыма ағаш және дайын құрылыс материалдарын жіберуіңізді сұраған едім», деп жазды. Ал бұған ықпалын тигізген факторды губернатор П.К.Эссенге былайша көрсеткен: «Үй тұрғызуыма қазақ халқын үлкен шығындарға ұшыратқан ауыр қыс әсер етті». Осылайша 1820 жылдың жазында Каспий теңізі жағалауындағы Коневск постына жақын жерде Шығай сұлтанға тиесілі үй бой көтерген.

Шығай Нұралыұлы билігі тұсында Бөкей Ордасының мал шаруашылы­ғы қарқынды дамып, сандық көрсеткіш ­бо­йынша бұрын-соңды болмаған дең­гейге жетті. Табиғи жұт кесірінен көп­теген малынан айырылып отырса да, бө­кейліктер төрт түлігін аз уақыт ішінде кө­бейтіп алған. Мысалы, 1821 жылы Бө­кей Ордасында 92 643 түйе, 497 818 жыл­қы, 178 230 ірі қара, 4 849 809 қой, 652 195 ешкі, барлығы 6 264 695 мал болған. Бұл халықтың әл-ауқатының жақсы болғандығын көрсетеді.

Жәңгір хан реформалары

Бөкей хан көзі тірісінде хандық би­лікті ұлы Жәңгірге аманаттаған бола­тын. Жас сұлтан 1821-1823 жылдар ара­лы­ғында хандық тақты иелену жолында белсенді күрес жүргізді. Нәтижесінде, 1823 жылы 22 маусымда І Александр патша Жәңгір Бөкейұлын хан етіп таға­йындау туралы арнайы грамотаға қол қойды.

Жәңгір хан қазақ тарихындағы қа­рама-қайшылыққа толы тұлға болды. Кеңес идеологиясында үстемдік еткен «таптар күресі» принципіне байланыс­ты біз оның қоғамдық-саяси қызметіне бір жақты қарауға мәжбүр болдық. Кейін еліміз тәуелсіздік алған соң «Жұрттың хандары жақсы, ал неге біздің хандар жаман болған?» деп ойлана бастадық.

Жәңгір хан билікке келісімен жер реформаларын жүргізуге кірісті. Көпші­лік ойлап жүргендей, ол тек шұрайлы жерлерді өз туыстары арасында бөліс­ке салумен ғана айналыспады. Оның жер реформаларын біз зерттей келе екі кезеңге бөлдік. Бірінші кезең, яғни 1825-1830 жылдарда Жәңгір хан Орда тер­риториясын нақтылап, шекараны шегендеуге ұмтылды. Бұл кезеңде қа­зақ-татар, қазақ-қалмақ, қазақ-орыс ара­сындағы жер даулары қарастырылды. Еділ-Жайық аралығын мекендеген ха­лықтарды өзара қырқыстыру саяса­тын ұстанған Ресей империясы жер мәсе­лесін шешуге еш асықпаған. Жер ре­фор­маларының екінші кезеңі, яғни 1831-1845 жылдары сыртқы жаулармен күрес жалғасқанымен ішкі жер реформаларын жүргізуге басымдық берілді. Дегенмен ел ішінде жүргізілген жер реформалары тек азшылықтың көсегесін көгертті, ал көпшіліктің экономикалық сұраныстары ескерілмеді. Өз туыстары мен айналасындағыларға шұрайлы жерлерді тарату арқылы қатардағы ха­лықты оларға тәуелді етіп қойды. Осы­лайша, ішкі жер саясатының басты кем­шіліктері көпшілік тұрғындардың жерсіз қалуынан, әлеуметтік жіктелістің күшеюінен, парақорлықтың жаппай етек алуынан, мал шаруашылығы­ның дағдарысқа ұшырауынан, елдегі ұр­лық-қарлықтың артуынан анық көрінді. Соның салдарынан Бөкей Ордасында 1836-1838 жылдары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы жетекшілік еткен ұлт-азаттық қозғалыс және 1842-1843 жылдары А.Қошаев пен Л.Манатаев бастаған күрес болып өтті.

Жәңгір ханның басқа қазақ хандарынан ерекшелігі – оның еуропалық өмір­мен жақсы таныс болуында. Астрахань губерниясында білім алып, кейін елге оралған соң ауыл шаруашылығына қа­тыс­ты газет-журналдарды оқыған ол эко­­номика саласын жетік меңгерді. Нә­ти­­жесінде, 1832 жылы алғаш рет жәр­мең­ке ұйымдастырып, сауданың кө­рі­гін қыздырды. Мысалы, 1833 жылы ұйым­­дастырылған жәрмеңкеге 562 971 мың бас мал әкелініп, 339 174 сом­ның тауары сатылды. Жылына 2 рет өте­тін бұл жәрмеңкеде хан кеңсесінің мәлі­меті бойынша 1839 жылы даланың әр түк­пірінен сатуға 4 122 бас ірі мал (түйе, жылқы, ірі қара), 68 498 қой, 6 419 пұт жүн, 30 009 дана тері-терсек әке­лінген. Ал өзге ел­дерден келген сау­да­гер­лер жібек, қағаз, нан, шай, қант, кір­піш, ыдыс аяқ жә­не тағы басқа тауарларды әкелген. Соны­мен қатар жәр­меңкеде ұрлық, жанжал секілді ке­лең­сіздіктердің болмауы үшін уәзір-сұл­тандар тағайындалған.

Жәңгір хан білім, ғылым, мәдениет саласында да игі бастамаларды жүзеге асырды. 1835 жылы мешіт салдырып, 1838 жылы дәріхана, архив ашып, 1841 жылы пошта-телеграф байланысын орнатты. Сонымен қатар 1841 жылы жаңа мектептің іргесін қалап, хандардың ара­сынан алғаш рет Қазан университеті ғылыми кеңесінің құрметті мүшесі болып сайланды. Хан Жәңгірдің алғашқы қазынашылық қызметті іске қосу, тұр­ғын­дарға медициналық екпе салдыру, құм басудың алдын алу мақсатында қарағай отырғызу сияқты игі істері ұр­пақтар жадында мәңгілікке сақталады.

Сөз соңы

Бөкей хандығының құрылғанына 220 жыл болғанымен, бұл салада өз зерттеуін күтіп отырған мәселе жеткілікті. Ол үшін төмендегі шараларды жүзеге асыруымыз қажет деп санаймыз:

Біріншіден, Бөкей Ордасы билеу­ші­лерінің қоғамдық-саяси қызметі әлі күнге дейін толыққанды зерттелмей кел­еді. Әсіресе Бөкей хан мен Шығай сұл­танның атқарған қызметтеріне қатысты арнайы ғылыми еңбектер жарық көрмеді. Тіпті Ресей империясының жымысқы саясатының құрбанына айналып, елден жыраққа кетуге мәжбүр болған Жәңгір хан ұрпақтарының кейінгі тағдыры назардан тыс қалып қойды.

Екіншіден, Бөкей Ордасы тарихына қатысты біздің еліміздегі және Ре­сей Федерациясындағы архивтерде жат­қан құжаттарды жинастырып, арнайы жинақтар шығару қажет. Бүгінгі қолда бар жинақтар ғылыми айналымға еніп болды. Ендігі кезекте Орда тарихы тың архив құжаттарына мұқтаж.

Үшіншіден, Бөкей Орда ауданын республикалық, тіпті әлемдік дең­гей­дегі туристік орталыққа айналдыру ба­ғытындағы жұмыстарды жандандыратын кез келді. Ол үшін инфрақұрылымды жақсарту (жол салу, қонақүйлер желісін қалыптастыру және т.б.), туризмді жар­намалаудың заманауи әдістерін пайдалану бағытында жұмыстануымыз қажет.

Саялбек ҒИЗЗАТОВ,

ҚР Ұлттық музейінің ғылыми хатшысы,

тарих ғылымдарының кандидаты