Токио Олимпиадасында кімдерге сенім артамыз дегенде біраз бас қатыруға тура келеді. Себебі сегіз салмақта жолдама алған Сәкен Бибосынов (52 кг), Серік Теміржанов (57 кг), Зәкір Сафиулин (63 кг) Абылайхан Жүсіпов (69 кг), Әбілхан Аманқұл (75 кг) Бекзат Нұрдәулетов (81 кг), Василий Левит (91 кг) және Қамшыбек Қоңқабаевтың (+91 кг) қай-қайсысын алсақ та жүлдеге лайық спортшылар. Алайда жарыс болған соң, жеңіс пен жеңіліс қатар жүретіні заңды. Боксшыларымыздың деңгейі мен қазіргі шама-шарқын саралай келе, олардың қандай жүлде алуға мүмкіндігі бар екенін болжап көрдік.
Қола жүлде
Олимпиадада 52 кило салмақта ел намысын Азия, әлем чемпионаттарының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов қорғайды. Сәкен Олимпиада жолдамасына Иордания астанасы Амманда өткен Азия іріктеу турнирінде қол жеткізді. Ширек финалдан сүрінген жерлесіміз қосымша жолдама үшін филиппин Карло Пааламды жеңуі керек болды. Жеңді де. Сәкенге Токиода биік тұғырдан көріну үшін біраз тер төгу керек. Себебі 52 кило салмақта әлем және Олимпиада чемпионы, өзбек- стандық Шахобиддин Зоиров, Азия және Азия ойындарының жеңімпазы, үндістандық Амит Пангал бар. Болжауымызша, Бибосынов жартылай финалға дейін жету керек. Ал жартылай финалда жоғарыда аталған боксшылардан басым түссе, сөзсіз Олимпиада чемпионы атанады. Ал жеңіліс тапса, үшінші орынды қанағат тұтады.
57 килода сынға түсетін Серік Теміржановтың салмағында мықтылар жетіп артылады. Әсіресе, бұл салмақтың қожайыны – Азия ойындары мен Азия чемпионатының бар алтынын жинап алған өзбекстандық Миразизбек Мирзахалилов. Сондай-ақ Куба, Британия, Моңғолия секілді елдердің боксшылары әлемдік, құрлықтық жарыстардың бас жүлдесін кезекпен алып жүр. Олимпиада чемпионы деген атаққа талас жүргізетін де солар. Серікке бас жүлде алу қиынға соғады. Бірақ кемінде қола медаль үшін жұдырықтасуға қауқары жеткілікті.
Он жылдан бері Қазақстан чемпионатына тұрақты қатысып жүрген Зәкір Сафиулинге Олимпиада жолдамасы енді бұйырды. Басқа салмақ дәрежелерімен салыстырғанда 63 килода Олимпиадаға қатысатын боксшылардың бесеуі – Еуропа немесе әлем чемпионатында атой салғандар. Екі дүркін әлем чемпионы, кубалық Энди Крус, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, америкалық Кейшон Дэвис, әлем чемпионатының қола жүлдегері, үндістандық Маниш Каушик, Еуропа ойындарының жеңімпазы, армениялық Оганес Бачков және Еуропа біріншілігінің күміс жүлдегері ресейлік Габил Мамедов бар. Десек те, біз Закирден жүлде күтеміз. 34 жастағы сақа боксшының оған мүмкіндігі жетеді. Екі бірдей (2015, 2019 ж.ж.) Азия чемпионатында жұдырықтасып, екеуінде де күміс жүлде алған Закир биік мінберден көріну үшін Токио Олимпиадасы соңғы мүмкіндік екенін жақсы біледі.
«Қазақтың салмағы» деп аталып кеткен 69 килода жұдырықтасатын Абылайхан Жүсіпов – жасөсіпірімдер мен жастар арасындағы барлық беделді додаларда оза шапқан боксшы. Алайда ересектер дуына түскеннен кейін Абылай бас жүлде дегенді ұмытты. Ол 2017, 2019 жылдары өткен әлем біріншілігінде жартылай финалда сүрінді. 2017 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатында күміс медаль алды. Токиода барын салатынын айтқан Абылайдың жүлде алу үшін бұл – екінші мүмкіндігі. Риода ол жас болса, қазір тәжірибесі толысқан 24 жастағы боксшы. Оған ештеңе үйретудің қажеті жоқ. Дұрыс тактика қолданса, үздіктер қатарынан көрінуі ғажап емес. Бар болғаны ресейлік Андрей Замковой, өзбекстандық Бобо-Усмон Батуров, кубалық Рониэл Иглесиас Сотолонго секілді әлемде, Олимпиадада атой салған боксшылармен бірдей иық тірестіре ұрысқа шықса болғаны.
Күміс жүлде
Атқа мінген, көкпар тартатын спортшылардың бойында үрей болмайды, дейді білетіндер. Сол рас секілді. Себебі 75 кило салмақта сынға түсіп жүрген әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұл – қолы қалт етсе, көкпарға қатысып, салым салып жүрген боксшы. Алайда сол көкпар шапқаны кейде өзіне зиянын тигізіп те жатады. Себебі осыдан бір апта бұрын Әбілханның жеке бапкері Нұрлан Ақүрпековпен сөйлескенімізде, Әбілхан әлі де бабында емес екенін айтқан еді. Оған себеп – жарақаты. Жарақат алғаннан кейін, жаттығуды өткізіп алады. Ал дұрыс жаттығу болмаған соң нәтиже де көңіл көншітпейтіні анық. Алайда біз Әбілханнан көп нәрсе күтеміз.
Әбілханның қарсыластары жетерлік. Біріншісі – 2017 жылы Гамбургте өткен әлем чемпионатының финалында есе жіберген украиналық Александр Хижняк. Сондай-ақ Мэнни Пакьяоның отандасы Эумир Марсьяль. Соңғы жылдары кәсіпқой боксқа да көп көңіл бөле бастаған филиппин боксшысы отандасымыздан Азия іріктеу жарысында басым түскен. Сонымен қатар 2019 жылғы әлем чемпионы ресейлік Глеб Бакши де осы салмақтағы басты қарсыластың бірі.
Дәл қазір 91 кило салмақта Рио Олимпиадасының финалисі, Азия чемпионатының үш дүркін жеңімпазы, әлемдік жарыстың екі дүркін қола медаль иегері Василий Левитке жұрт назары түсіп отырғаны анық. Себебі Рио-2016-да ресейлік Евгений Тищенкомен өткен финалдық айқаста төрешілердің көмегімен Васяның қалай «жеңілгені» көз алдымызда. Бірақ қазір жағдай басқаша. Бүгінде Вася бес жылдағыдай бабында емес. Сондықтан қоржынында барлық ірі доданың медалі бар Левит кемінде Риодағы жетістігін қайталап жатса, соның өзі ерлік болар еді. Өйткені 91 килоға дейінгі салмақта Олимпия ойындарының бас жүлдесінен үміттеніп отырған мықтылар баршылық. Әсіресе, 81 килодан 91 килоға ауысқан кубалық Хулио Сесар Ла Круздың құлшынысы ерекше. Шетелдің көптеген бұқаралық ақпарат құралдары 91 килоның алтынын дәл осы Ла Круз алады деп болжам жасап отыр. Сарапшылардың мұндай болжамдары бекер емес. Өйткені 2019 жылы әлем чемпионатында 81 кило салмақта біздің Бекзат Нұрдәулетовтен нокдаун алған Куба қабыланы соңғы кезде салмақ қосып, соққыларын нықтай түскен. Сонымен қатар Левитке басты қарсылас ретінде әлем чемпионы Муслим Гаджимагомедов (Ресей), әлем чемпионатының күміс жүлдегері Хулио Кастильо (Эквадор), әлем чемпионатының қола жүлдегері Радослав Панталеев (Болгария) бар.
Алтын жүлде
Жақында ғана өткен Азия чемпионатында 81 кило салмақта сынға түскен Бекзат Нұрдәулетовтің жүлдесіз қалғаны дұрыс болды. Себебі 2019 жылы Екатеринбург қаласында өткен әлем чемпионатында жеңіске жеткеннен кейін Бекзат мықты деген бірде-бір жарыстан жүлдесіз оралған емес. Енді сол жіберген қателігінен сабақ алып, Токиода бас жүлде үшін барын салады деп үміттенеміз. 23 жастағы боксшының басты қарсыластары қатарында Шаббос Негматулоев (Тәжікстан), Арлен Лопес (Куба), Лорен Альфонсо Домингез (Әзербайжан) және Бенджамин Уиттакер (Ұлыбритания) сынды былғары қолғап шеберлері бар.
Еліміздің жанкүйерлері аса ауыр (+91) салмақ дәрежесінде әлемнің екі дүркін күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевқа ерекше сенім артатыны жасырын емес. Өйткені бокстан ұлттық құрама команданың капитаны Қамшыбек – нағыз көшбасшы боксшы. Оның үстіне, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі оған сенім артып, Көк туымызды ұстатқаны бар. Осындай ауыр жүкті арқалаған отандасымыз Токиода бас жүлде алса дейміз. Әйткенмен, Қамшыбектің ежелгі қарсыласы бар екені белгілі. Ол – өзбекстандық Баходир Жалолов. Екеуі осыған дейін жеті рет кездескен. Соның төртеуінде өзбек боксшысы басым түсті. Әсіресе әлем, Азия чемпионаттарының финалында өзбек боксшысының жолы болып жүр. Егер Қамшыбек чемпион болуды көздесе, бірінші кезекте осы Жалоловқа қарсы тыңғылықты дайындалуы тиіс.
«Соңғы турнирлерде финалда өзбек боксшысымен кездесіп жүргеннен кейін көбісі мені финалға дейін жетеді деп ойлайды. Бірақ Олимпиадада екеумізден бөлек тағы 14 боксшы бар емес пе?! Сондықтан барлығына тыңғылықты дайындалып жатырмыз. Финалға жетіп жатсам, мүмкіндігімді пайдалануға ұмтылатын боламын», дейді Қоңқабаев.
Қазақстан бокстан көшбасшы елдер қатарында. Жігіттердің дайындығын «Ақбұлақ» олимпиадалық орталығында байқадық. Көрдік. Бәрекелді дестік. Енді барлығы өздеріне байланысты. Бағы мен бабы қатар шапса, боксшыларымыз жүлдесіз қалмайды деген үміт бар.