Аймақтар • 26 Шілде, 2021

«1000 отбасылық ферма» жобасы басталды

2309 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қостанай облысында «1000 отбасылық ферма» деп аталатын ерекше жоба басталды. Мал басын көбейте отырып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруды көздейтін игі бастама алғаш рет Меңдіқара ауданында қанатқақты жоба ретінде қолға алынып отыр. Бұған Молодежный ауылынан – екі, Буденов елді мекенінен – бір, аудан орталығы Боровскойдан төрт отбасы қатысуда.

 

«1000 отбасылық ферма» жобасы басталды

Облыстағы алпауыт компания – «Олжа Агро» холдингі жобаға қатысушылардың әрқайсының алдына 100 бас ірі қарадан салып беріп отыр. Агрохолдинг мұның сыртында, отбасылық шағын фер­маларға жылы қора-жай, жайлы жайылым беріп, ветеринарлық көмек көрсетеді. «Олжа Агро» әр отбасы қысқы мал азығын даяр­лап алу үшін жалға техника беру, оларды кәсіпке оқыту, ша­руашылыққа, құқықтық салаға қатысты тұрақты түрде кеңес беріп отыру сияқты міндеттерді де өз мойнына алған.

– Шынтуайтына келгенде, біз өз кәсібіміздің бір бөлшегін аут­сорсингке беріп отырмыз. Бұл бәрімізге де тиімді. Жаңа жоба өңірдегі кәсіпкерлік пен мал ша­руашылығын дамытуға күшті сер­пін беретініне сенімдімін. Оның үстіне жалпы өңірлік өнімнің кө­лемі өседі, жергілікті бюджет­терге салық түсімі еселенеді, жаңа жұмыс орындары пайда болады, экспорт әлеуеті артады, ауылдың инфрақұрылымы дамиды. Келісімшартқа отырған кәсіпкерлер бізбен жыл сайын алған төлінің бір бөлігі есебінен 7 жыл ішінде есеп айырысады. Жеті жыл өткен соң шаруашылықтағы бүкіл қора-жай мен мал басы кә­сіпкердің өз иелігіне өтеді. Та­рап­тардың табысына қатысты бар­лық цифрларды есептеп, пы­сықтап қойдық. Бұл жерде ешкім ұтылмайды, – деді агрохолдинг бас­шысы Айдарбек Қожа­назаров.

Қанатқақты жобаға Буденов ауылында тұратын Сергей Штома да қатысып жатыр. Бүгінде «Буде­новское» деп аталатын жеке ша­руа қожалығын ашып, әйелі мен бала-шағасын бір ферманың айна­ласына ұйыстырған фермер аталмыш жобаның ауыл тұрғын­дарына берері мол екенін айтады.

– Бұл – ауылды дамытуға пайдасы тиетін, керек жоба. Осының арқасында ауыл тұрғындары ара­сындағы жұмыссыздықты азайтып, жалпы облыстағы ет және сүт өнімінің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік туады. Ең бастысы ауылды тастап кетіп жатқандардың легі толастайды. Екіншіден, ауыл тұрғындары аз табыс табады деген таптаурын түсініктің жойылуына ықпал етеді. Бізге қойылып отырған талап онша қиын емес. Ең алдымен, малды қырып алмай, дұрыстап бағу керек. Келесі жылдан бастап төлді өткізе бастаймыз, – деді С.Штома.

Отбасылық фермалар өсір­ген төлді лайықты бағамен хол­дингтің өзі сатып алып отырады. Яғни фермерлер өнімді қайда, кімге сатамыз деген мәселеге бас қатырып жатпайды. Жобаның басты шарттарының бірі – әр отбасы өздеріне берілген 100 бас сиырдан мейлінше көп төл алып отыруы тиіс. Бұл мақсатқа жету үшін серіктестік шағын фермаларға барлық жағдайды жасап беріп отыр. Тек қана тер төгіп, адал еңбектену керек. Мұның сыртында агрохолдинг әр фермерге 7 жыл бойы 350 мың теңге көлемінде айлық төлеп отырады.

Молодежный ауылының тұр­ғыны Жанболат Жұманазаров та жұбайы Гүлім екеуі осы жо­баға қатысып, жақында ғана отба­сылық фермасын ашқан. Жас­тайынан еңбекке араласып, мал шаруашылығы саласында мол тәжірибе жинақтаған фер­мер: «Бұған дейін жеке биз­несім болған жоқ. Енді мал басын кө­бейтіп кәсіпкерлікпен айна­лысуға мүмкіндік туып отыр. Біз осы ауылдағы екі отбасыға ортақ бір ферма аштық. Бізге мал өсіруге арналған үлкен қора берілген. Оны екі отбасы бөліп алдық. Қазір қораның іші сыртын сылау, ақтау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», деді.

Жанболаттың отбасына бе­рілген үлкен қораның екінші жа­ғын Кәрімовтер отбасы иелік етіпті. Ерлі-зайыпты Төкеш пен Жаңагүлдің үйіндегі үлкен ұл ал­дағы күзде отан алдындағы әскери борышын өтеп, ауылға оралмақ. Әке-шешесінің жүз шақты ірі қара алып, ферма ашқанын естіген Бекарыс әскерден оралған соң ауылда қалып, осы фермадағы мал басын көбейтуді жоспарлап қойыпты.

– Біз агрохолдинг мамандарымен ақылдаса отырып, қазақтың ақ бас сиырларын алдық. Бұл асыл тұқымды ірі қара мол ет береді. Біздің жақтағы қақаған қыстың қытымыр аязына да мыңқ етпейді, ыстық-суыққа бірдей төзімді болып келеді, – деді Т.Кәрімов.

Жалпы аумағы 180 мың гектар алқапты игеріп отырған ал­пауыт компания – «Олжа-Агро­ның» меншігіндегі малдың ұзын саны бүгінде 15 мыңның үс­тіне шыққан. Агрохолдинг жо­баға қатысатын отбасылардың әр­қайсына 100 сиыр, 4 өгіз, оған қоса осыншама малды бағып-қа­ғып, көбейтуге қолайлы қора-жай береді.

«1000 отбасылық ферма» жо­басына биылша холдингке қа­расты шаруашылықтарда жұ­мыс істеп жүрген отбасылар ғана қатыстырылып отыр. Жо­баға алдағы жылдан бастап «Ол­жа Агроның» шаруашылық құры­лымдары орналасқан 3 ауданда тұратын әрі мал бағудың қыр-сырын жақсы білетін кез келген отбасы қатыса алатын болады.

 

Қостанай облысы