29 маусымда Қарағанды қаласының Орталық полиция бөліміне 39 жастағы қала тұрғынынан арыз түсті. Жәбірленушінің айтуынша, бір ер адам алаяқтық жолмен 94 мың теңге ақшасын ұрлап кеткен.
Мультимедиялық жүйені сатып алып, орнатуды жоспарлаған жәбірленуші әлеуметтік желідегі жарнамада өзін ІТ технологиялар саласының маманы, сондай-ақ бейне және аудио жабдықтарын сататын және жөндейтін компанияның маманымын деп таныстырған азаматпен байланысқа шыққан.
Алаяқ өзінің жұмысы үшін алдын-ала 94 мың теңге төлеуді талап еткен. Ақшаны алып алғаннан кейін жалған компания өкілі байланысын тоқтатып, хабарсыз кеткен.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
21 шілдеде жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері 30 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Күдікті кінәсін мойындап, сотқа дейінгі тергеу барысында криминалдық полиция оның тағы 12 ұқсас қылмысқа қатыстылығын анықтады. Жалпы шығынның сомасы 300 мың теңгені құрайды.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.