Өткен ғасырдың 70-ші жылдары мен 80-ші жылдардың алғашқы жартысындағы біздің қоғамдық өмірдің кезеңі тарихта “тоқырау кезеңі” деген атпен қалғаны баршаға мәлім. Бір жағынан алғанда, айдаһардай айдыны әлемге танылған алып Кеңес Одағы деп аталатын мемлекеттің құрамында мамыражай өмір сүріп жатқанымыз рас болатын.Тамақ тоқ, көйлек көк. “Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз” дегендей, өзімізбен өзіміз тіршілік тауқыметінде жүріп жатқанбыз. Социалистік міндеттемелер асыра орындалады. Қойларымыз тек егізден қоздап жатады. Еңбек ерлерінің мәртебесі асқақ. Орыс тілін әбден меңгердік. Орыс әдебиетін түбін түсіре оқыдық. Біртұтас кеңес халқы деген жаңа қауымдастықтың ажырамас құрамына қарышты қадаммен кірдік. “Қазан төңкерісіне дейін қазақ деген жұрт надан болған, не тарихы, не іліп алар мәдениеті жоқ халық екен. 22 ғана қазақтың жоғары білімі болыпты. Олардың да елге тигізген пайдасы ауызға алуға тұрмайды екен. Революция бізге азаттық, теңдік әперді, көзіміз ашылды. Орыс халқы болмаса қайтер едік. Көсемге, Коммунистік партияға мың сан рахмет” деген сияқты ұрандарды, идеологиялық наным-сенімдерді әбден санамызға құйып алған кезіміз еді. Екінші жағынан алғанда, ұлттық рухымыз өшуге айналған, тіліміз отбасылық деңгейге түскен, ұлт есебіндегі болашағымыз күңгірт, тіпті өзімізден өзіміз жерінуге бет қойған кезең еді. М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында қойылған Әзірбайжан Мәмбетовтің спектакльдерін көргенде, қою бұлттың арасынан жарқ еткен күннің шуағындай болған “Дос-Мұқасанның” әндерін тыңдағанда немесе Ілияс Есенберлиннің “Көшпенділерін” оқығанда ғана бір сәтке елең етіп қалатынбыз. “Осы біз кімбіз, қайда кетіп барамыз?” деген сұрақтар ұлтжанды азаматтардың көңілінде түйткіл болып жүргені рас болатын. Әрине, ұлт тағдыры, ұлт намысы қабырғасын қайыстыратын, жан-дүниесін күйзелтетін, көргені мен білгені көп азаматтар баршылық болғанымен, олардың ойын ашық айтуға, пікір білдіруге немесе белгілі бір іс-әрекетке құлшынуға мүмкіндіктері мүлде жоқ еді. Сонау “отыз жетіден” қалған үрей, елуінші жылдардың басындағы ащы сабақ ой-санада бекем орын алған болатын. Оның үстіне бүкіл жүріс-тұрысың, айтқан сөзің, әрбір қимылың ашса алақанда, жұмса жұдырықта тұрғанда тырп ету қайда?
Ал жастарымыз, шынында да, жүйелі терең білім алып келе жатқан еді. Әсіресе, математика мен физиканы, жаңа техника мен технологияны игеруге құлшыныс едәуір ілгерілеген болатын. Шет дүниемен байланыс қаншама шектелген, өз тіршілігіміз қаншама тұйықталған болғанымен, әлемдік ақпараттық кеңістіктің әсерінен мүлде шетқақпай қалмаған жастардың көңіл-күйі, арман-мұраты шекарадан асып, ел аспанынан жоғарылап кеткен еді. Бірақ сіресіп тұрған идеологиялық құрсауды бұзу оңай болсын ба?
Сөйтіп, бір қарағанда тұтасып, момақан кейіпте өмір сүріп жатқандай болып көрінгенімен, қоғамның тіршілігі іштей ызаға, қайшылыққа, ұлтаралық дау-жанжалға, қым-қиғаштыққа толып, үлкен дауылдың алдында тып-тыныш бола қалған теңіздің суындай көрінетін. Қоғам қозғалысты, сілкіністі, үлкен бір бетбұрысты қалап тұрған кез еді десек, артық айтпағанымыз. Міне, осындай тұста қазақтың ұлттық санасының оянуына, ой мен санадағы серпіліске жол ашуына қарлығаштың қанатымен су сепкендей ықпал жасаған қоғамдық құбылыстардың бірі – Қазақ телевизиясында халқымыздың аяулы да көрнекті ұлдарының бірі Сағатхан Әшімбаевтың (оны біздер Сағат деп кеткенбіз) ұйымдастыруымен 1983-1985 жылдары ай сайын жүргізілген “Жүректен қозғайық” деп аталатын хабарлар циклы дер едік.
Сағатты сонау ҚазМУ-дың филология факультетінде оқып жүрген кезден-ақ жақсы білетін едік. Өткен ғасырдың 60-жылдарының екінші жартысында ҚазМУ-дағы Сұлтанғали Садырбаев жетекшілік ететін М.Әуезов атындағы әдеби бірлестік Алматы қаласындағы әдебиетке құмар ізденімпаз жастар жиі бас қосып, пікір алысып жүретін қызғылықты әрі беделді қоғамдық орта болатын. Әр басқосуда қадау-қадау әңгімелер айтылып, қызу пікірталастар болып жататын. Әр жиында көзәйнек киген, орта бойлы, қызу қанды, терең ойлы студент сөз алып, ағыл-тегіл сөйлейтін. Шешендігіне, терең біліміне, айтқан ойларының тұшымдылығына таң қалатын едік. Бұл Сағат Әшімбаев еді. Бірте-бірте баяғыдан бірге жүрген сырлас достардай араласып кеттік. Қазақ политехникалық институтында құрылып, тез арада атағы кеңге жайылып кеткен “Бәйшешек” әдеби бірлестігінің отырыстары мен әдеби кештерінде Сағат өз курстастары Нұрлан Оразалин, Жұматай Жақыпбаев, Жарасқан Әбдірашев, Қажытай Ілиясов, т.б. бірге қатысып жүрді. Ол қашанда философиялық ойының тереңдігімен, өткірлігімен дараланатын. Одан кейінгі кезде “Лениншіл жас” сияқты жастар арасында аса беделді басылымда жауапты қызметтер атқара жүріп, әдебиет сынына, елдің рухани әлеміне қатысты қадау-қадау, құлаш-құлаш маңызды мақалалар жариялап, тез арада-ақ көпшілік назарына ілініп, танымал қайраткер дәрежесіне көтерілген еді. Оның ойынша, әдеби сыншы философия тарихын жақсы игеріп, еркін ойлай білуі қажет болатын. Жоғарыда аталған телехабарды ұйымдастырар тұста ол Авторлардың құқығын қорғау агенттігін басқарып жүрген.
Сағатханның белгілеген уақытында біз Қазақ телевизиясына келдік. ҚазМУ-да оқытушылық қызмет атқаратын, белгілі тарихшы, өнер тарихының білгірі, сол кезде бүкіл жоғары мектеп ұстаздары мен студенттерінің құрметіне бөленген “Жеті муза” қоғамының жетекшісі Бақтажар Мекішев осында екен. Көзәйнек киген, ат жақты, толқынды шашы өзіне тым жарасатын ортадан ұзын бойлы, қараторы азаматты Сағат бізге Ғабдолла Құлқыбаев деген ғалым-дәрігер деп таныстырды. Бірден айта кететін нәрсе, кейіннен Ғабдолламен туған аға-бауырдай табысып кеттік, қазақтың салт-дәстүрін, ән-күйін, өнерін терең білетін, ағыл-тегіл шешен сөйлейтін, домбыраны шебер тартатын, күй шертіп, Арқаның әндерін бабына келтіріп орындайтын бесаспап азамат екен. Ғабдолла кейінгі уақытта Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының толық мүшесі болып сайланды. Ұзақ жылдар Қарағанды қаласында қызмет істегенін білеміз. Қайтыс болғанын естігенде “әттеген-айымыз” жүрегімізде тұрды, тек “иманды болсын, азамат еді” дедік.
Төртеумізбен шұрқыраса амандасқан Сағат толқып тұр екен: “Қазақ телевизиясының басшылығына мың рахмет, бізге мүмкіндік тудырып, үлкен сенім артып отыр. Хабарлар циклының атын ұлы Абайдың “Жүректен қозғайық” деген ғажап тіркесімен атасақ деп отырмын”. Шынында да жүректен қозғап, халықты оятатын, жан-дүниесіне сәуле себетін уақыт жеткен жоқ па? Әрине, жүректен қозғау біз үшін де оңай болмас. Батыл, терең пікір айтады, ой қозғайды деп, өздеріңізді бұрыннан білетін болған соң осы хабарға тәуекел жасап бірге барайық деп шақырып отырмын. Бақтажар аға мен Ғабдоллаға тілектерін айта келді де: “Ал, Әбеке, философия деген ұлы ғылымның үлкен, беделді өкілісіз, ұлттың болашағы үшін тер төгіп жүрген азаматсыз, сіз айтар пайым-тұжырымдарды халық күтіп отыр. Ұлеке, жоғары оқу орнында басшылық қызметте студент жастардың тәрбиесімен тікелей шұғылданып жүрсіз, олардың көңіл әуенін, мақсат-мұратын жақсы білесіз, оның үстіне техникалық пен руханилықтың ара қатынасын зерттеп жүрген ғалымсыз. Сізге де түсер салмақ аз емес. Қысқасы, бауырлар, жолымыз ақ, ісіміз сәтті болсын!” – деп бітірді алғашқы сөзін. Телевизия тарапынан бұл хабарға жауапты ақын, журналист Жүрсін Ерманов екен. Ал хабарлардың тікелей редакторы болып журналист Әтина Ысқақова бекітіліпті.
Сонымен үлкен іске кірісіп кеттік. Алғашқы хабарды “Біз қандаймыз? Қазақ жұртының осы қоғамдағы алғаны, жеткені, жетістігі қандай? Жоғалтқаны қайсы?” деген мәселелер төңірегінен бастадық. Социалистік қоғамның ұлтқа берген жетістіктері қатарында, ең әуелі, білім деңгейінің артқанын, жаңа сипаттағы мәдениет пен әдебиетте, адами қарым-қатынаста қол жеткен табыстар бар екенін айта келіп, ұлттық мүдденің күңгірт қалғанын, өзімізді өзіміз танып білу мәселесі шетқақпайлыққа ұшырап отырғанына көңіл бөлдік. Одан кейінгі хабарларда бізді сыңаржақтылыққа ұрындырып, етектен тартып жатқан құбылыстарға егжей-тегжейлі тоқталдық. Бұл ретте қоғамда орын алып отырған тоғышарлық, ұраншылдық, көзбояушылық, науқаншылдық, әсіреқұмарлық, теңгермешілік, даңғазалық, шенқұмарлық, мақтаншақтық сияқты сан алуан құбылыстардың елдік болмысымызға тигізіп жатқан кері әсерлерін ашуға тырыстық. Соған орай енжарлық, бейжайлық, немқұрайдылық, немкеттілік, жалқаулық секілді кереғар құбылыстардың тіршілік салтына бойлай еніп, үйреншікті жағдайларға айналып бара жатқаны батыл сынға алынды. Ал ұлтымыздың асыл маржандай әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі ұмытылып, инабаттылықтың орнын дөрекілік, сезімталдық пен сергектіктің орнын қарабайырлық пен қарадүрсіндік басып бара жатқаны өз алдына әңгіме нысанына айналды. Осындай құбылыстардан қайтсек арыла аламыз, барар тау, басар жеріміз қайсы болмақ деген мәселелер төңірегінде пікірлер айтылып жатты. Осы әңгімелердің барлығының астарында ұлт тағдыры, ұлт мүддесі, ұлт рухын жандандыру сияқты айғайлап ашық айта алмайтын, бірақ жүрек түкпірінде жатқан көкейкесті ойлардың ұшқындары жалт етіп көрініс тауып жатты.
Әр хабар өзіндік салмағына, көтерген жүгіне қарай мазмұны жағынан да, ұйымдастыру формасына қарай да өзінше даралануына Сағат ерекше көңіл бөліп отырды. Мәселен, әдемілікке, сұлулыққа, өнерге байланысты хабарларда жауапты болып Бақтажар белгіленді де, түсірілімге қосымша адамдар тарту, театрлар мен көрмелерден нақты көріністер алуға көңіл бөлінді. Сондай-ақ ұлттық салт-дәстүр, табиғи болмыс, жан мен тән тазалығы туралы хабарларда Ғабдолла Құлқыбаев белсенділік танытты. Қариялардың пікірі, жастардың тарихқа, дәстүрге қызығушылығы дегендей материалдар қосымша дайындалып, хабарларға қосылып отырды. Студент жастардың ортасына келіп, пікірталас кешін ұйымдастырып, олардың тыныс-тіршілігін өз өмірлері, айтқан ой-пікірлері арқылы көрсеткен хабарларымыз да көпшіліктің көңілінен шықты деуге болады. Оның куәсі – “Жүректен қозғайық” хабарына байланысты көрермен қауымнан келіп жатқан хаттардың, пікірлердің нөпірі. Әрбір келесі хабарда алдыңғы көтерілген мәселелерге қатысты көпшіліктің хаттары мен пікірлеріне талдау жасалып отырғанын да айта кеткен жөн.
Осыншама қыруар істі ұйымдастыруға, хабарлардың мазмұнды, мағыналы, жинақы болуына, айтылған пікірлер мен көтерген мәселелердің көпшіліктің санасына жетуіне Сағаттың төккен тері, атқарған ісі ұшан-теңіз болды. Әр хабардың барысына Сағат қызу араласып, түйдек-түйдек ой айтып, көтеріліп отырған мәселенің өткір, терең, мақсатты болуына бағыт беріп отыратын. Оның терең білімі, ұлтжандылығы, шешендігі, ойының ұшқырлығы кімді болса да бей-жай қалдырмайтын.
Бір қызығы, біздің пікір алмасуымыз хабар шеңберіне жиі-жиі сыймай қалатын. Сондықтан да тарап кете алмай, әңгіме-дүкенімізді ары қарай жалғастырған кездеріміз де көп болды. Телестудиядан шыққаннан соң таяу жердегі қымызханаға кіріп, ыстық бауырсақпен қымыз ішіп, сүтті шай іше отырып әңгіме үстінде талай дүниелерді аударып-төңкеретінбіз. Сағаттың өзі бірнеше рет қоярда-қоймай өз үйіне шақырып, тіпті мал сойып, кең, мол дастарқан жайған кездері де болды. Сағаттың жары Шәрбанудың Сәкеңнің ертіп келген қонақтарына деген үлкен құрметі, ілтипаты қандай десеңізші! Сағаттың пәтерінің босағасын аттаған қонақпен әңгімесі кітаптан басталатын. Бөлменің қабырғаларындағы сөрелер қайысып тұрған кітаптарға толы. Қандай кітаптар десеңші! Екінің бірінің қолына түсе бермейтін рухани құнды философиялық дүниелер. Сөрелердегі кітаптарда үлкен жүйе, реттілік бар. Кейбір үйлердегідей сәнге қойған дүниелер емес. Кез келген кітапты қолыңызға алып қарасаңыз, міндетті түрде Сағаттың салған белгісін, шетіне жазып қойған пікірін, астын сызған жолдар мен сөздерді табасыз. “Қашан және қай уақытта оқып үлгерген?” деген таңғаларлық сұрақ көкейіңізде тұрады.
Әлі есімізде, соңғы хабарымыз 1985 жылдың 29 қазанына, комсомолдың туған күніне сәйкес келді. Тақырыбымыз да жастар ұйымының шынайы хал-жағдайы қалай деген төңіректе өрбіді. Комсомолдың жастар арасындағы беделі қандай, не тындырып жатыр деген сұраққа жауапты арнайы түсірілімдер арқылы жастардың өзіне айтқыза отыру барысында сол кездегі идеологиямен сыйыспайтын жаңа пікірлерге жол берілді. Айта кететін бір жай, хабарлар тікелей эфир арқылы жүргізілетін. Келесі күні Сағатты және осы жолдардың авторларын Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіне шақырды. Үлкен партиялық лауазымдағы ағамыз сөзді қысқа қайырып, “Жүректен қозғайық” хабары бұдан былай эфирге шықпайды, хабар тоқтады” деді де, бізді бөлмесінен шығарып жіберді. Ерте ме, кеш пе түбі осылай боларын өзіміз де сезіп жүргенбіз. Көп қайғыра қойғанымыз жоқ. Ең бастысы, шамамыз келгенше халықтың, жастардың ойына қозғау салдық. “Жүректен қозғаған” ісіміз із-түссіз қалған жоқ, 1986 жылдың Желтоқсан көтерілісінен біршама көрініс тапқанына сенімдіміз. Ойға алған ісін аяғына жеткізбей тоқтамайтын, үнемі ізденуде жүретін Cағат Әшімбаев кейіннен “Қайта құру” деп аталатын Горбачевтың дәуірінде “Қарыз бен Парыз” аталатын әйгілі хабарлар циклын қалың қауымға тарту еткені баршаға мәлім.
Қазақтың Сағаты дербес ел, тәуелсіз ұлт болуды, ұлттық мүддені көздің қарашығындай қорғауды, қазақтық болмысымызды аман-есен сақтауды армандаған қайраткер.
Бүгінгі заманда ұлтжанды болу ұлтшылдық емес. Өзінің ұлтын жүрегімен сүймей, басқаны сыйлау және құрметтеу мүмкін емес. Өзінің ұлтын сүю арқылы оның тілін, ділі мен дінін тазалықта және бірлікте ұстап, шынайы ұлтжанды болғаны абзал. Сағат Әшімбаев осындай ұлтжанды азамат болатын.
Өткен ғасырдың басында данышпан ойшыл-ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы “Білімділерге бес сауал” атты мақаласының бесінші сұрағында былай депті: “Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара ма? Қай түрлі жауап берсеңіз де дәлеліңіз не?” Бүгінгі күні көріп отырғанымыздай, адамдардың адамшылығы, кісілігі, парасаттылығы, имандылығы бұзылып бара жатқан сияқты. Оған дәлел көп. Адам атымыздан гөрі пенде деген затымыз басымырақ болып бара жатыр. Бұл ұлтқа, мемлекетке, ұлттық бірлікке үлкен қауіп.
Шәкәрім өзінің “Адамдық борышы” деген өлеңінде өзі қойған сұраққа былай деп жауап қайтарады:
“...Өміріңді сарп қылып өлгенше,
Жоба тап,
Жол көрсет,
Келешек қамы үшін.
Қайтадан қайырылып,
Қауымға келмейсің.
Барыңды
Нәріңді,
Тірлікте бергейсің.
Ғибрат алар артыңда із қалдырсаң
Шын бақыт,
Осыны ұқ,
Мәңгілік өлмейсің”.
Қандай терең мазмұнды жауап. Біз заман өткен сайын әрбір адам “барын, нәрін тірлікте беріп, ғибрат алар артында із қалдырып” отырса, шынайы бақыт осы екенін терең ұғынса екен деген тілектеміз. Адамда жақсы қасиет болмаса, ойшыл-философ Жүсіп Баласағұн айтқандай, оған бақ та, бақыт та қонбайды. Рухани жағынан бай адам ешқашан елін, халқын сатпайды, өзінің ұлттық болмысын кеңейіп бара жатқан жаһандану заманында таза ұстауға бар күшін салады. Сағат Әшімбаев та қазақты жүрегімен сүйетін ұлтжанды азамат болды. Біреуді жақсы көру, біреуді жан-тәніңмен сүю, біреуге жақсылық жасау тек рухани бай адамдарда ғана болатын жақсы қасиет.
Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ, Ұлықпан СЫДЫҚОВ.