Өнер • 29 Шілде, 2021

Қайта оралған қолжазбалар

322 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұйқыдағы әлем әдебиеті орнынан бір аунап тұрған шығар. Неге десеңіз, даңқты Дантенің қолжазбалары табылды. Ендігі жерде әдебиетшілердің ермегі сол болмақ. Қазақтың әдеби кеңістігіне ақиық ақын Мұқағали Мақатаев арқылы жол салған «Құдіретті комедияның» иесі тоғыз жүзжылдықты төбесінен аунатып, дүниеге қайта дүмпу салды. Баға жетпес мұра  – XIII ғасырдың еншісі. Ал оны тапқан Флоренция тақуа әйел Джулия Болтон Холлоуэй екен. Ең ғажабы сол, бұл данышпан ақынның мектеп қабырғасында жазған еңбектері көрінеді.

Қайта оралған қолжазбалар

Иә, «Әлемді жаратушы – жал­ғыз Құдай, ал Құдайдың ең ға­жайып жаратындысы – адам» деген идеяны негізге алған шұрай­лы шығарма уақыт мінберінен түс­кен емес. Қайта жыл өткен сайын оқырман санасында жұмбақта­ла түсуде. Италиялық ғалымдар ұлы туындының мән-мазмұнын зерттеуді тоқтатқан емес, толым­ды пікір айтуға да батпайды. Хол­лоуэй Ватикан мен Флоренция кітапханаларында көз майын тауыса отырып, атақты ақынның мұра­ларын індете зерттейді. Сол ізде­ніс нәтижесінде осындай ұлы дүние­ге тап болады. Мұны әсірелеп жа­зып отырған себебіміз, әлем тұң­ғыш рет сол арқылы Данте Али­гьеридің нақты қолтаңбасы қан­дай екенін көре алады. Бұрын-соңды мұндай қуаныш ешкімнің тәлейіне бұйырмаған. Сондықтан әлем әдебиетшілері әлгі жәдігерді көруге құштар екенін, қолымен ұстап көруге дәмелі екенін жасырмауда.

Бұл олжа XIII ғасырдың аяғын­да, яғни 1280-1290 жылдардың шеңберінде жазылған. Осы кезең­де жас ақын флоренциялық ғалым һәм философ Брунетто Латини­ден тәлім алады. Философ Данте үшін мұғалім ғана емес, сонымен бірге өзінің пікірлес досы бо­ла білген. Тіпті әкесі дүниеден оз­ған­нан кейін болашақ ақынның қам­қоршысына айналған. Мұны дан­тетанушылар дәріптеп те жүр.

Данте дәл осы Флоренцияда шы­ғармашылық ғұмырының ал­ғаш­қы қадамын басқан. Соған орай Холлоуэй қолындағы қағазды мектепте оқып жүрген шағында өмірге келген туындыға санайды. Дегенмен оның сөзіне сүйенсек, осы шағын қолжазбада болашақ данышпандықтың белгілері бар. Тақуа әйел негізінде Италия же­ріндегі ортағасырлық өнерді һәм әдебиетті жетік білетін маман. Бүгінде Нью-Джерсидегі Прин­с­тон университетінде студенттер­ге дәріс оқиды. Бірақ бұл ісін қойып, өзін толықтай Дантеге арнамақшы.

Холлоуэй қолындағы эссені қа­зіргі заманғы итальян тілінің атасы – идеалды тускан диалектісін­де жазылған деп түсіндірді. Сонымен қатар, онда кейінірек «Құдірет­ті комедияға» арқау болған көпте­ген ой жатқанын айтады. Нақты­рақ айтқанда, әдеп туралы тәлімді тезистер бар. Ренессанс ғалымы Леонардо Бруни қолжазбаның ұлы ақынға тиесілі екеніне күмән келтірмейді һәм өзі тапқан ақын мұраларына ұқсастығын да жасырмайды. Мәселен, қолжазбада шеңбердің үстіне салынған квад­рат бар. Бұл таңбаны қаламгер Құдайды сипаттау үшін «Құдірет­ті комедияда» қолданған көріне­ді. Сондықтан ұлы туындының алғашқы сызбалары екендігіне шүбә жоқтай.

Ал енді өзімізге келер болсақ. Естеріңізде болса, қазақ тіліне «Құ­ді­ретті комедияның» толық нұс­­қасын бертінде жазушы Кен­же­бай Ахметов аударды. «Та­мұқ», «Бәрзақ», «Жұмақ» атты үш­­тағаннан тұратын туындыда адам­ның жер бетіндегі өмірі, ­қы­з­-
меті, жан дүниесі суреттеледі. Кө­­­не дәуірдегі алуан түрлі об­раз­­­дар, ерте заман ақындары мен фи­лософ­тары туралы да шы­ғар­мада кеңінен қозғалады. Әлем әде­биетінің ең озық нұсқаларын сүт бетіне шыққан қаймақтай қал­қып алып, қазақы оқырманға қаз қалпында жеткізуді мақсат тұтқан қаламгердің еңбегі зор. Жастардың көңіл көкжиегін кеңейтіп, философия мен мифке қызығушылығын арттыратыны анық.

Уақыт құйыны айналып келіп соғатыны секілді, кейде жұмба­ғы шешілмеген жылдар қойнына бүккен асылды жасыра алмайды. Түбі адамзаттың игілігі үшін өмір­ге келген кез келген дүние бәрі­бір жер бетіне рухани азық болаты­ны даусыз. Өздеріңізге аян, отан­дық тарихшылар мен ғалымдар Еуропадан әл-Фарабидің трактаттары мен ғұндардың көсемі Еділ қағанның бейнесін елге әкелгені. Ұлы ұстаздың он дана қолжазбасы Испания мұражайынан табылып, бөркімізді аспанға атқанбыз. Дәл Дантенің шағын мұрасын ұрпақтары жер-көкке сыйғыз­бай, қазына есебінде қатарға қосып қойған секілді. Біз де кейде Еуропаның мұражайларында жатқан құнды мұраларымыз өз төрімізге келіп жайғасса деп ар­мандаймыз. Оны неге айтып отыр­мыз. Испаниядан әкелген рухани байлықтарымыздың ішінде әл-Фарабидің он трактатынан бас­қа, қазақ даласынан шыққан ға­лымдардың араб тіліндегі қол­жазбалары да бар.

Ұлы ғұламаның құнды мұра­сы бұзау терісіне жа­зылыпты. Бір өкініштісі, ешқай­сысының түпнұсқасы берілмеген. Тек, ең­бектердің көшірмесі мен СД-дискіге түсірілген нұсқасы ғана қолда. Жалпы, Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз 100-ге жуық трак­­таттың авторы. Бірақ оның он шақ­­тысын ғана өткен ғасырдың 60-жылдары отандық тарихшылар қазақ тіліне аударған. Солай. Бұл тұрғыда Дантенің беделі биік. Болашақтың қолына түскен алып­тардың мирасы қайтадан рухани түлеудің алғышарты емес пе? Қайта оянған қолжазбалардың қа­ғидасы осы.

Дантені италия­лық­тар дана­лық­тың темірқазығы санайды. Онысы ежелгі дәуірдің мәңгілік мәдени жауһары есебінде қадір тұтқаны. Ал біз әлі күнге әл-Фа­раби бабамыз жайлы әңгіме айт­сақ, сөзден сүріне береміз. Оны мы­салға алған себебіміз осы. Трак­таттарымен таңдай қақтырған ғұ­ламаның дан­телік деңгейге кө­терсек, ұлт руханияты тағы бір тү­лер еді.