Өнер • 01 Тамыз, 2021

Шоқпар жасайтын шебер

2923 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бес қарудың бірі шоқпар ежелден қасиетті қаруға баланған. Ердің бір қанатындай болған бұйым тіршілікке тірек қана емес, жалғыз жаяу жолаушының жан серігіне айналған кездер аз емес. Қарудың тасасында жұмбағы көп тылсым сыр тағы бүгіп жатыр. Әріден жеткен аңыз-дастандар да шоқпардың шоқтығы биік қару екенін әйгілейді.

Шоқпар жасайтын шебер

Уақыт ағымына сай қанжығаға шоқ­пар іліп жүретін замандар кейін қалғалы қашан. Бүгінгі ұрпақ бұл бұйымды кітаптар мен музейлерден кездестіріп, шоқпар деген осы ма деп таңырқап жатады. Сән үшін не ырымға балап төріне шоқпар ілген шаңырақтар ілуде бір кездесер. Көзден тасаланып бара жатқан құндылықты қайта тірілтіп, шоқпар жасаумен айналысып жүрген шеберлер де некен саяқ.

Өз үйінің бір бөлмесін шағын ше­берханаға айналдырған Нұрлыбек Рәбілұлы Алматының іргесінде тұрады. Үнемі ізденіс үстінде жүретін жан, қай жерде бұта қопарылып, ағаш сүріліп жатыр десе сол маңнан табылады. Алып техниканың көмегімен қопарылып жатқан кәрі ағаштың өн бойынан өзінің жаңа туындысын көріп, жас балаша қуанады. Әлгіні кесіп алып, қабығын аршып қалыпқа келтіргенше тыным таппайды. Моншақтап тамған тердің өтеуіндей, айналасы 4-5 күнде жаңа шоқпардың пошымы әзір болып, әрлеу мен әсемдеуге сұранып шыға келеді. Ең бастысы шебер кез келген ағаштың тамырын кесіп алып, кезекті туындысын жасауға бас-көзсіз кіріспейді. Алдын-ала ниет етіп, өзі шоқпарды сыйға тартатын жанды іштей белгілеп, дайын болғанда ырым етіп апарып береді. Баба рухынан сарын алған саф өнерді саудаға айналдырғысы келмейтінін айтады.

в

– Ырымға қырын қарауға болмайды. Аңыздарды сөйлетсек, байырғы бабаларымыз бір перзентке зар болған яки шаңыраққа ие болатын ер баланы аңсаған жандарға, Әуелі Алла тағаладан тілек етіп, ізгі ниет, жақсы ырыммен шоқпар жасап апарып беретін болған. Көп тілеуі қабыл болып әлгі үйде сәби үні естіліп, ұлан-асыр той салтанат құрған. Әрине, әуелі Алла. Пенде шіркін тек жақсылықтан үміт етеді. Жақсы сөз – жарым ырыс. Бұл өнермен алты жылдан бері әуестеніп келемін. Баба дәстүрін жаңғыртып, көңілім қалаған азаматтар­ға ізгі ниетпен ұсынып жүрмін. Олар да мәрттігін танытып, ат мінгізіп, шапан жауып жатады, бірі ақ тілекпен алғысын айтады. Шоқпарды сыйға тартатын жан­­ды бай-бағлан, жарлы-жақыбай деп ала­ламаймын. Шын ниетіммен апарып беремін. Еңбегіме ақы дәметпеймін. Айна­лып келгенде мұның бәрі баба жолы. Сол жол тарылмаса, жас ұрпақ қасиет-қалыбынан жаңылмаса, тегін біліп, тереңнен тамыр алса деген тілек қана, – дейді Нұрлыбек шебер.

Күні бүгінге дейін тоқсан адамға шоқ­пар сыйлаған кейіпкеріміз, олардың саны жүзге жеткенде «Шоқпарлар шеруі» атты кітап жазып жарыққа шығаруды ойға алған. Ол кітапта кейіпкер мен ше­бердің суреті, шоқпардың сыйға тартылу тарихы, бес қарудың қасиеті мен ерекшелігі тұтас баяндалмақ. Оның қо­лынан шоқпар алғандардың ішінде қарапайым шаруа адамынан бастап есімі елге мәлім өнер мен спорт саңлақтары бар. Токиода алауы тұтанған олимпия ойындарының қарсаңында Нұрлыбек шебер, қазақ боксының мақтанышы Мұхтархан Ділдәбековке «Толағай» ат­ты шоқпарды арнайы сыйға тартқан. Айтып өткеніміздей, шоқпар алдын-ала жасалып өз иесіне табысталмайды. Кезекті шоқпардың иесін туындыгер іштей түйсініп, атын да өзі қойып, өзі тарту етеді. Дегенмен, шебердің алдына арнайы келіп қолқа салатындар да жоқ емес. Орайы туса, шын ниетімен келген жанның меселін қайтармауға тырысамын дейді ол.

Әңгіме барысында кейіпкеріміздің ішкі әлемін барлай отырып, терең сыр аңдадық. Әр сөзі мірдің оғындай шешен сөйлейтін Нұрекең, бес қарудың тарихы мен оларға қатысты аңыздарды әңгімелегенде тыңдаған жанды ұйытып алады екен. Көңілдің кей сәттерін өлең­мен өрнектейтін ол «Теңізге тамдым там­шы боп», «Өлеңмен өрілген өмір» жыр жинақтарының авторы. Аяғына саптама етік киіп, беліне қазақы белбеу тағынған палуан денелі Нұрлыбек шеберді баяғының батырлары дерсіз. Айтпақшы, кейіпкеріміз таэквандодан қара белбеу иегері. Елуді еңсерсе де спорттан қол үзбеген ол күніне 5-10 ша­қырым жүгіріп, жаттығу жасайтынын айтады. Сөзінше, адамның ішкі қуаты мен сыртқы сауыты сай болмаса рух кемеліне келе алмайды. Жақсы туынды жасауға да қайрат пен рух керек. Көзге түскен тал-теректі жоңғылай берсем шоқпар дайын болмай ма десеңіз қателесесіз. Туындыгер тылсым күш тынысын ашып, көңіл әуені шырқау биікті шарлаған шабытты шақта ғана қолына құралын алып қарсы алдындағы бір қайнауы кем боп тұрған шоқпарға өзінше бедер беруге тырысады. Түрлі тастармен, ою-өрнекпен нақыштап, енді бірін асықпен әспеттейді. Осы бір іспен әуестенуді қалай қолға алдыңыз деген сауалымызға шебер былайша жауап берді:

«Жылқының жалында, түйенің қо­мын­да жүрген аталарымыз шоқпарды аруақты ердің айбары деп білген. Бұл жай ғана қу ағаш емес, тарих пен тағы­лымның айнасы. Жаугершілік заманда оларға серік болған, төрінде ілулі тұрған құнды мұрасы еді. Бұл қарудың киесі жайлы ата-әжелерімізден көп еститінбіз. Бүгінгі ұрпақ бес қарудың бағасын, қадір-қасиетін біле ме? Оны неге ұмыттық? деген сауалдар үнемі көкейімде тұратын. Жүрген жерімде осы туралы айтып жүремін. Тарихта Абылай мен Қабанбайдың оң қолы атанған, Шығыс Қазақстанның тумасы, Іле ауданы, Шу бойында қалың қырғыздың қолынан қаза тапқан Көкжал Барақ батырдың тікелей ұрпағымын. Сол кісінің Дос деген ұлы болған. Бір күні Дос атамыз түсіме еніп, ақ шоқ­пар көрдім. Ертесі ұйқыдан оянғасын, бұл жай көңіліме тыныштық бермеді. Алғашқы шоқпар осылай дүниеге келіп еді. Оны ырымдап Рақым-Сәуле есімді достарымызға ұсындым. Өмірге үш қыздың артынан Жәңгірхан есімді перзент келіп, мұны жақсылықтың нышаны деп пайымдадық. Содан бері қаншама шоқпар өз иесін тауып келеді. Баба дәс­түрі балаға мұра болса игі», дейді Нұр­лыбек Рәбілұлы.

Нұрекең тілге тиек еткен оқиға жай­лы белгілі ақын Хасен Зәкәрия «Шоқ­пар» атты баллада жазып, екі достың ара­сында болған ғибратты жайды баян еткен. Шығармада үш қыздан соң ат ұстар ұл аңсаған Рақым досына Нұр­лыбек шебер Шоқпар сыйлайды. Ар­тынша ұл бала дүниеге келіп, Рақым досына ат мінгізеді. Нұрлыбек те өз кезе­гінде мәрттік танытып әлгі жылқыны сойып, ауыл-елге той жасап таратып береді. Нағыз ерлер достығының үлгісін танытқан шағын балладада шоқпардың киесі, бабалардың таным-тағылымы кеңінен көрініс тапқан.

Баба мұрасын әспеттеу – қастерлі борыш. Өткеннен өнеге алмай кемел келешекке керуен тарту мүмкін емес. Өмір­лік мұратын ұстаздық жолмен ұш­тас­тырған Нұрлыбек Рәбілұлы өске­лең ұрпақтың бойына ізгіліктің нәрін құ­йып, баба өнеріне баулып жүр. Қаз­ақы­­лық­тың қалыбынан жаңылмаған аза­матқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

 

АЛМАТЫ