– Токио Олимпиадасы жоғары деңгейде өтуде. Ұйымдастырушылардың тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұр. Алайда пандемияға байланысты бұрын болмаған шектеулер өте көп және де күн сайын ПТР-тест тапсыру да ыңғайсыздық тудырады, – деген Д.Карпов пандемия Олимпиадаға дайындалу үшін әжептеуір кедергі келтіргенін алға тартты. – 2020 жылы тек Қазақстанның емес, бүкіл әлем спортшыларының дайындық кезеңі бұзылды. Соның салдарынан Токио Олимпиадасы бір жылға шегерілді. Карантинге байланысты спортшыларымыз үй карантинінде болды. Жоспарланған құрама жаттығулары, жарыстар дер кезінде өтпегендіктен, Токио Олимпиадасында спортшыларымыздың қандай жүлде алатынын болжау мүмкін емес еді.
Өз кезегінде Ольга Рыпакова пандемия жағдайында жарыстың көрерменсіз өтуі, сәтсіз өнер көрсету мен алдағы жоспарымен бөлісті.
– Бүгінгі жарысқа баға беру қиын. Төртінші Олимпиадам екенін білесіздер. Әдетте, стадиондағы атмосферадан, трибунадағы қайнаған энергетикадан қуат алатынмын. Бірақ менің көрсеткішіме көрермендердің жоқтығы әсер етті деп айтуға болмайды. Мен бар күшімді көрсетемін, бар мүмкіндігімді жүзеге асырамын деп мақсат қойдым. Өзімді жақсы сезіндім. Дайындық оңай болған жоқ. Жасыңның ұлғайғаны да әсер етпей қоймайды екен. Жыл өткен сайын нәтиже де төмендей береді. Ал дайындық кезінде ескі жарақаттар сыр береді немесе басқа да кедергілер кездеседі. Өткен жылы сынға түсеміз деп ойладым. Бірақ өзім Олимпиаданың кейінге шегерілгенін құп көрдім, қосымша уақытта емделіп, дайындалуды көздедім, – деген О.Рыпакова қолдау көрсеткен жандарға алғысын айтты. – Ал мотивация туралы айтатын болса, өзің айналысатын спортты жаныңмен сүю керек. Сол кезде жанкүйерді қуанту үшін жұмыс істейсің. Олардың қуанышын көріп, одан әрі шыңдала түсесің. Басқаша болуы мүмкін емес. Әзірге, не болғанын бағалау қиын. Кейінірек бапкермен сөйлесіп, өз өнерімді қайта сараптап, байқайтын шығармын. Әйтеуір, бір нәрсе бөгет болды. Мүмкін, ескі жарақаттар шығар. Алайда айтарлықтай қиындық болған жоқ. Осылай болуы керек еді. Маған қолдау көрсетіп, жанкүйер болған барлық жерлестеріме рахмет. Сіздердің қолдауларыңызды сезіндім. Алғысым зор, – деді О.Рыпакова.
Сондай-ақ Ольга әлеуметтік желідегі танымалдылығы мен 2024 жылғы Париж Олимпиадасына қатысты ойын бөлісті.
– Ашылу салтанатынан кейінгі танымалдылыққа келер болсам, өзімді барлығынан оқшаулауға тырыстым. Өйткені жарыс алдында өзіме артық назар ауғанын қаламадым, әлеуметтік желіге де ештеңе жарияламай, өзімнің кішкентай әлемімде өмір сүруге ұмтылдым. Алаңсыз жарысқа дайындалуды жөн көрдім. Десе де, ашылу салтанатында өз жанкүйерлерімді қуантып, тілеулес жандардың санын одан әрі арттырғаныма қуаныштымын. Осы образды дайындау жолында күш салған Ұлттық Олимпиадалық комитет пен дизайнерлерге көп рахмет! Еңбектің бәрі сол кісілердікі, мен дайын киімді киіп, әлемге көрсеттім. Бәрі осылай сәтті болғанына қуаныштымын. Ал Париж Олимпиадасына келер болсақ, бұл өте қиын сұрақ. Қатысамын деп уәде бере алмаймын. Қызым да өсіп келеді, мүмкін, болашақта оның жетістіктерін көретін шығармыз. Бірақ асығудың қажеті жоқ. Ол кәсіби спортқа бейімделіп келеді. Егер оның талпынысы болса, біз тек қолдаймыз. Алдағы уақытта немен айналысатынымды әлі шешкен жоқпын. Спортқа қатысты ойларым бар. Мен жеңіл атлетиканың жанкүйерімін. Бұл спорт падишасының Қазақстанда да қанатын жая түскенін қалаймын. Кейінгі буынды өсіру үшін өз үлесімді қосқым келеді, – деді Рыпакова.
Айта кетелік, жарысқа қатысушыларға үш мүмкіндік беріледі. Ал финалдық сынға 12 спортшы жолдама алады. Ол үшін 14,40 метрді бағындыру керек. О.Рыпакова өзінің ең үздік мүмкіндігінде 13,69 метрге секірді. Бұл финалға өту үшін жеткіліксіз еді.
Сондай-ақ іріктеу кезеңінде Мария Овчинникова мен Ирина Эктова да сынға түкен болатын. Олар жарыстың бірінші айналымынан аса алмай, 26 және 31-орын алды.