Президент • 02 Тамыз, 2021

Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысына есеп берді

153 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың есебін тыңдады, деп хабарлайды Egemen.kz Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәлидің фейсбуктегі жазбасына сілтеме жасап.

Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысына есеп берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевпен шаһардағы коронавирус індетінің таралуына қарсы атқарылып жатқан шаралар және қаланың инфрақұрылымын дамыту мәселелерін телефон арқылы талқылады.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, «дельта» штамының таралуына байланысты Алматы қаласындағы эпидемиологиялық жағдай күрделі болып тұр. Өткен аптада індет жұқтыру 1,5 есе артып, 6397-ден 9852-ге жеткен. Бір тәулікте вирус жұқтыру 1,7 пайызға көбейген. Соңғы тәулікте жаңадан 1540 науқас тіркелсе, олардың 1404-інде індеттің белгілері бар.

Науқастар санының артуына байланысты қосымша жұқпалы аурулар ауруханалары ашылуда. Қазір 7625 науқас ем қабылдап жатыр, 2400 орындық төсек-орын қоры жасақталды.

Қаланың дәріхана желісін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатында 5 миллиард теңге көлемінде тұрақтандыру қоры құрылды. 68 түрлі дәрі-дәрмектің қажетті мөлшері жасақталды. Қаланың медициналық ұйымдары дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныш құралдарының екі айлық қоры қамтамасыз етілген.

Тұрғындарға жаппай екпе салу жалғасып жатыр. Қалада 167 вакцина салу пункті жұмыс істеп тұр. 2 тамыздағы жағдай бойынша 725 575 адамға екпенің бірінші компоненті, 510 989 тұрғынға екінші компоненті салынған.

Мемлекет басшысы Алматы қаласының әкіміне коронавирус індетінің таралуына жол бермеу бойынша жұмысты күшейтуді және шектеу шараларының сақталуын қатаң бақылауға алу жөнінде тапсырма берді.

Әңгімелесу барысында Бақытжан Сағынтаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Наурызбай ауданына қосылған ықшам аудандардағы тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және Абай даңғылын қала шекарасына дейін ұзарту жөнінде баяндады. Сонымен қатар қаланың тарихи орталығындағы құрылыстарды шектеу мәселелері көтерілді.