Қоғам • 02 Тамыз, 2021

Кибербуллиң: Орынсыз ғайбат опындырмасын

1564 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Әлеуметтік желіде біреуді жабыла ғайбаттау, мәселенің анық-қанығын білмей жатып кісіге ауыр айып тағу, орынсыз ұрсып, зекіп тастау секілді әрекеттерге етіміз үйреніп барады. Экранның арғы жағында сол пікірлерді мұқият оқып, әрқайсысына мән беріп отыратын жандардың барын ұмытып кетіп жатамыз. Қоғамдағы кейбір мәселелер шегіне жетпей, шекемізге тимейтіні өкінішті-ақ...

Кибербуллиң: Орынсыз ғайбат опындырмасын

Технологияның қарыштап дамуы арқылы қалыпты тіршілігіміз өзгеріп, жаңа онлайн кеңістікке бейімделе бас­тадық. Алайда Интернет қанша шек­сіз болғанымен, біздің әрекетіміздің шекарасын анықтайтын ережелер мен шарттар әлі қалыптаса қойған жоқ. Күнделікті өмірде қоғамда орныққан қандай құ­қық­тық және моральдық ережелерге ба­ғынсақ, дижиталға өткенде тура сол ұс­танымдардан айнып кететініміз қалай? Бәлкім, көбіміз екі әлемді бөлек қарастырып, әлеуметтік желіні ережесіз алаң көретін болармыз. Дегенмен, сол кеңістікте жасалған әрекеттер үшін толық жауап беретінімізді әсте естен шығармау керек.    

Соңғы күндері қазақ қоғамы әлеу­меттік желідегі әдепсіздікті айтып, оның салдары мен себебіне үңіле бас­тады. Интернет дамығалы бері оның игі­лігін көріп қана қоймай, теріс әсері­мен кү­ре­­сіп келеміз. Соның бірі осы – желі­­де біреу­ге тіл тигізіп, қоқан-лоққы көр­­сетіп, балағаттау болып отыр. Оны ағыл­шынша анықтамасымен ки­бербу­л­ли­нг, дәлірек, кибербуллиң (ағыл­шын­ша дыбысталуы бойынша алуды жөн көрдік) деп атап жүрміз. Бұл – Батыс қоғамында бұрыннан көтеріліп, жан-жақты зерттеліп, адам құқығын қор­ғау мәселесінде алдыңғы қатарда тұр­ған тақырыптардың бірі. Желінің жойқын кү­шін бі­летін мамандар кибер қорлыққа тө­теп бе­ру мүмкін емес екенін айтып жүр.    

Жалпы, өзінен әлсізге әлімжеттік көр­­­сету жасөспірімдерге тән әрекет ре­тін­­де си­пат­талғанымен, жұмыс орнын­да ба­с­ты­ғының, әріп­тесі­нің, отбасында жа­қын адамының қысымына төзіп жүрген­дер қаншама. Бірақ мәселе Интер­нетке кіру мүмкіндігі бар жас пен кәрінің ара­сын­дағы әдепсіздікте болып тұр. АҚШ ғалым­дарының зерттеулерінің бірінде 12-17 жас аралығындағы жасөспірім­дер­дің 37 пайызы кемінде бір рет ки­бер­буллиңнің зардабын тартқаны айтыл­ған. Расымен, бұл жағымсыз әре­кет­пен әдетте дүние­таны­мы толық қалып­тас­паған жас­тар бетпе-бет келіп жатады. Алайда бұл кибербуллиң ересек­тер арасында кездес­пейді дегенді білдірмейді.

Ол үшін әлеу­меттік желіде белсенді кез келген таны­мал адамның, әнші, саясаткер, спорт­шылардың жазбаларындағы пікірлерге көз жүгіртіп шығу жеткілікті. Сындарлы сын мен кибербуллиңнің арасы бір-ақ қадам. Тіпті пікір білдіріп отырған қолдаушы өзінің артық кеткенін сезбей қалуы да ғажап емес.

Бұл мәселені ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйек­тегі халыққа Жолдауында көтергені мә­лім.

«Бүкіл әлемдегі сияқты Қазақстан­­ның азаматтары да интернеттегі ғайбат­тау­лар­дан қорғана алмай отыр. Бұдан ең алды­мен балалар зардап шегуде. Олар интер­нет арқылы тараған қо­қан-лоққы­ның әсерінен қатты қиналады. Өкі­ніш­ке қарай, соның салдарынан қайғылы жағдайға да ұшырап жатады. Азаматтарды, әсіресе, балаларды кибербуллингтен қорғау жөніндегі заңнамалық шараларды қабылдайтын кез келді», деп атап айтқан болатын Мемлекет басшысы.

Қоғамдағы өзекті мәселеге қатысты құқық қорғау органдарының пікірін білу үшін Ішкі істер министрлігіне хабар­ластық. Белгілі болғандай, қолданыстағы заң­намада кибербуллиң деген терминге анықтама берілмеген. Министрліктің Әкімшілік полиция қызметінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Лейла Алипбаева құқықбұзушы­лық болған жағдайда жауапты орган­ға хабарласуға болатынын ескертті. Ал қылмыс болмаған жағдайда жауаптыны жазалау мүмкін емес. Сарапшы қазір Парламент депутаттары, Білім және ғылым ми­нистрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен «Қа­зақстан Республикасындағы баланың құ­қықтары туралы» заңға кибербуллиң тү­сінігін енгізуді ұсынып жатқанын айтып өтті. Лейла Алипбаева егер осы ұғым заңнамаға енген жағдайда әрі қарай кибербуллиңмен күреске қа­тысты арнайы бағдарламалар дайын­дауға болатынын жеткізді.

Ал М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ-нің PhD докторы, заң­гер Абай Абылайұлы заңнамаға ки­бер­буллиң ұғымын енгізудің қажеті жоқ деп есеп­тейді. Маман кибербуллиңге жататын қорқыту, балағаттау, біреудің ар-намысына тию секілді әрекеттер онсыз да қолданыстағы заңнама шеңберінде қаралған деп есептейді.

– Бұл – қоғамдағы күрделі мәселе­лердің бірі болып отыр. Қазақстан заң­намасында кибербуллиңге анықтама жоқ. Оның формасы әртүрлі болуы мүм­кін. Сондықтан оны заң жүзінде енгізу оңай болмайды. Біріншіден, ондай әрекеттер деңгейіне байланыс­ты Әкімшілік құқықбұзушылық немесе Қылмыстық кодекске енгізілген. Әрекеттің зардабы мен салдары ауыр болатын болса, Қылмыстық кодекс шең­берінде қаралады. Мәселен, «өл­ті­ремін, мүлкіңе зиян келтіремін, отба­сыңа қас­тандық жасаймын» деген қорқы­ту­лар Қылмыстық кодекске жатады. Жала жа­бу немесе адамның жеке басына қол сұғу мәселелері Әкімшілік құқық­бұ­зушылық кодекстің шеңберінде қара­ла­ды. Сондықтан заңнамалық деңгейде ки­бер­буллиң анықтамасын енгізуге қа­жет­тілік жоқ деп есептеймін, – дейді заң­гер.

Осындай жағымсыз жағдайға тап бол­ған адам қалай әрекет етуі керек, әділетті қайдан іздейді деген сұрағымызға заңгер бірінші құқық қорғау органдарына жүгі­ніп, қылмыстың бар-жоғын анықтап алу керек деп кеңес берді.

– Көп жағдайда адамдар қай әрекеттің заң бойынша жауапқа тартылатынын білмей жатады. Сол себепті, ең алдымен, құқық қорғау өкілінен кеңес алған жөн. Заңгерге жүгіну қалтаны қағуы мүм­кін. Сол себепті полицияға барып, қыл­мыстың бар-жоғын анықтау керек. Қыл­мыс болған жағдайда өтініш беріп, сот­қа жүгінуге болады, – дейді Абай Абы­лайұлы.

Сөзбен түйреп, біреуге запыранын төгіп кету секілді әрекеттердің еш зала­лы жоқ деп есептейтіндер қате­леседі. «Келешек» психологиялық орталы­ғының директоры Наталья Семененко кибер­буллиңнің салдары зорлық-зомбылық құрбандарының жағдайымен бірдей болатынын жеткізді.

– Кибербуллиң салдарының әйел­дер, ер адамдар мен жасөспірімдер үшін еш айырмашылығы жоқ. Дамыған елдерде ол заңнамалық деңгейде зорлық-зомбылыққа жатқызылады. Мысалы, бізде тұрмыстық зорлық-зомбылықпен қалай күрессе, өзге елдерде онлайн қы­сыммен де тура солай күреседі. Интер­нет­те әдепсіз әрекеттердің құрбаны бол­ған жандар өзге қылмыстардың құрбаны секілді сезімдерді бастан кешіреді. Олар­дың ішінде қорқыныш, өзіңді бағала­мау, өзгелермен байланыс орната алмау, психосоматикалық ауруларға шалдығу бар. Тіпті қан қысымы көтеріліп, гипер­тонияға ұласады. «Менің жазбама теріс пікірлер айтылса ше?» деген қорқыныш басып тұрады, – дейді маман.

Көбіне әлеуметтік желіде танымал адам­дарға жағымсыз сөз таныс емес адам­дардан келеді. Ал одан бөлек, біз біле бермеймін әлеуметтік желіде аңду деген жағдай да көп кездеседі екен. Мә­се­лен, бұрынғы жұбайлар немесе араз­дасқан жандар бір-бірін әлеуметтік желіде аңдып, ғайбат сөз айтып, жала жабатындары бар. Психолог желіде осындай қысымның бар екенін айтты.

– Кейде бұрынғы жұбайлары әлеу­меттік желіде аңдып, күн көрсетпей жүр деген мәселемен келетіндер бар. Бұл да – кибербуллиңнің бір түрі. Желіде зәбір көріп, еркін өмір сүре алмаймын дейтіндер саны әлдеқайда артты. 10 жыл бұрын мұндай болмайтын. Басқа мәсе­лемен келіп, бүгінгі жағдайын талдап, таразыға салғанда кезінде әлеуметтік желіде болған оқиғадан басталғаны анықталып жатады. Кибербуллиңнен қорғансыз екенімізді мойындау керек. Жоғарыда айтқанымдай, интернеттегі дискуссияның не қудалаудың салдары өмірде зорлық-зомбылық көргенмен бірдей, ең қорқыныштысы – суицидке итермелеуі әбден мүмкін, – дейді психолог Н.Семененко.

Мәселенің өзектілігін қоғамдағы күн­делікті оқиғалардан көріп-біліп жүрміз. Осыған дейін жеке пікірін білдірген халық әртісін жерден алып, жерге сал­ғандарды көрдік. Жауапкершілікті құ­қық қорғау органдарына артудан бөлек, қандай шаралар қолдануға болады деген сұраққа жауап іздедік. Бұл ретте Мәжі­ліс депутаты Ерлан Сайыров Facebook парақшасында әлеуметтік желіде өзін өзі ұстау мәдениетін қалыптастыру үшін адамның жеке басына қол сұқпай, біреу­дің ар-ожданын ардақтау секілді қа­ра­пайым қадамдардан тұратын «Әлеу­мет­тік желі кодексін» ұсынған екен.

Әрине, аталған мәселенің жоғары мінбер­ден көтеріліп, талқыланып отыр­ғаны бүгін ғана емес. Сол себепті мем­лекет­тік шешімдерді былай қойғанда, біз қоғам болып не істей аламыз деген мә­селеге көңіл бөлгеніміз жөн секілді. Қа­лай болғанда да, әдеп сақтамай, ғайбат сөйлеп отырғандар – сіз бен біз, таныс­та­рымыз бен жақындарымыз. Сол се­бепті сарапшылар ұсынған қарапайым қадамдарды айтып кетуді жөн көрдік. Ең алдымен, шабуылға ұшырағандар­дың психологиялық жай-күйіне бейжай қара­мау маңызды. Осындай жағдайға куә болғандар, ең алдымен, әлеуметтік желіде кез келген хабарламаның зорлық-зомбылық сипаты барын хабарлай алады. Әлеуметтік желінің ақпараттық технологиясы шағым түскен әр жазба мен ак­каунт­ты өзінше зерттеп, бұғаттауға де­йін шара қолданады. Екіншіден, кибербул­лиң сипатындағы әңгімеге араласып, қолдау білдіріп, оны біреуге жолдаудан аулақ болу керек. Үшіншіден, қысыр сөз­дің нысанасына алынған жәбірленуші жанға бір ауыз жылы сөз жазып кетуге болады. Кім біледі, дәл осы сөз сол адамның көңілін жұбатып, демеу болуы мүмкін. Одан бөлек, ішіңдегінің бәрін әлеуметтік желіде ақтарып тастауға болмас. Жазылған әр дүние ұмытылмай, мәңгілікке сақталатынын ұмытпаған жөн. Кейде әлеуметтік желіден үзіліс алуға да болады. Бұл – сарапшылардың берген қарапайым ұсынысы. Құлақ асып, орындау – әркімнің өз еркінде. Байқаусыз айтылған бірауыз сөз біреуді құтқарып не жоқ қылатыны санамызда жаңғырып тұрса, құба-құп.