Көкірегінің көмбесіне көз салсаң тым күңгірт. Жанды уатады, көңілді аласапыран ететін күшке ие. Картинада жүректі қазақтың жүзі менмұндалап тұр. Туындының тақырыбы – «Ақынның басы». Авторы – танымал суретші Амандос Ақанаев. Тұйғын мінезді таланттың кенеп бетіндегі кескіні жігеріңді қайрайды. Мұны жасыру мүмкін емес.
Бұл картинаны психологиялық портрет жанрына жатқызуға әбден болады. Көркем портрет адамның ішкі әлемін және күйзелісін, адами сезімдері мен әрекеттердің алуан түрлілігін көрсетуге, оның тұлғасын шынайылықпен жеткізуге арналған. Суретші өз туындысында Халық жазушысы, даңқты ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовті бейнелеген.
Өткен ғасырдың аяғында суретші Амандос Ақанаев өз шеберханасында ақын Олжас Сүлейменовпен кездеседі. Қайсар қаламгердің «Қыш кітабы» суретшінің ең сүйікті шығармасының бірі болатын. Қаламгер мен қылқалам шеберінің жүздесуі үлкен достыққа ұласады. «Аз и Я» кітабы шыққаннан кейін айбарлы ақын СОКП саяси бюросының, ғылымдағы шенеуніктер мен генералдардың қуғынына түсті. Әйтсе де ақын сол алмағайып заманда көне түркілік өркениеттің маңызын, оның ұлы мәдениетін және көнеден бүгінге дейінгі жалпы әлемге әсерін баяндап, тарихи әділдікті қалпына келтірді. Міне, суретшіні шабыттандырған сол ерлік-тұғын.
Автор өз туындысында экспрессионист-суретшілерге тән кенеттен сынған сызықтар, қарама-қайшы түстер, абстрактілі пішіндер, асыру және жеңілдету сынды амалдарды қолданады. Кейіпкерінің мінезін жеткізу үшін түстердің символикасын пайдаланады. Ол моделіне қызыл түсті жейде кигізеді. Себебі қызыл түс көркем өнерде – батылдықты, қуатты, табандылықты, адамгершілікті, билікті, соғысты һәм қанды білдіреді. Портретке жан бітіру үшін Сүлейменовті көк фонға орналастырады. Мұнда көк түс – намыстың, адалдықтың, шынайылықтың және мінсіздіктің түсі.
Ашық қызыл түсті жейде мен қою шаштың қарама-қайшылығы, яғни жарық пен көлеңкенің антонимі картина кейіпкерінің мінезі мен эмоциялық ахуалын көрсетеді. Сұлбалардың ашықтығы, бояулардың айқын жағылуы, түстердің қарама-қайшылығы өмірдің иллюзиясы мен қозғалысын жасайды. Қараңызшы, ақын Олжас Сүлейменов біздің көз алдымызға қайраткер-ақын, шындық жолындағы күрескер, өмірлік позициясы белсенді адам ретінде елестейді. Оның тау тұлғасы асқақ жазылған.