03 Тамыз, 2021

Көпжақтылықтың күні өткен жоқ

304 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

БРЮССЕЛЬ. Кейінгі жылдары көпжақтылық жүйесі қорғанысқа көшті. Әлемдегі жағдайды көпжақты қатынастар емес, көпполярлық байланыс белгілейді. Сондықтан мемлекеттер арасындағы бәсекелестік ынтымақтастықтан гөрі басымдық таныта бастады. Бірақ жақында ғана қол қойылған халықаралық корпоративтік салық реформасы туралы жаһандық келісім – көпжақтылықтың күні өтпегенінің жарқын дәлелі.

Көпжақтылықтың күні өткен жоқ

Бірақ оның жағдайы да жақ­сы емес. Covid-19 панде­мия­сы кезінде жаһандану жал­ғаса берді (адамдар арасында оқшауланудың күшеюіне қарамастан, бұрынғыға қарағанда біркелкі емес). Алайда өзара тәуелділік шиеленісе түсті. Тіп­ті жұмсақ күш қаруға айналды. Вакциналар, мәліметтер, техноло­гиялық стандарттар сая­си бәсе­келестік құралына айналды.

Шартараптың да тынысы тарылып, азаттығы шектеліп барады. Тіпті демократия да шабуылға ұшырап, саяси және экономикалық жүйенің қайсысы азаматтарды қамтамасыз етуге қабілетті деген идеологиялық шайқас күшейді.

Еуропалық одақ ережелерге негізделген көпжақтылыққа, ашық нарықтарға, оң нәтиже­лерге, әлеуметтік әділеттілік пен ынтымақтастыққа сеніп, осы бағыттағы жұмысын жалғас­тырады. Пандемияға қарсы тұрудан бастап, климаттың өзге­руімен күреске дейінгі бү­гінгі күннің міндеттері тек жа­һандық ынтымақтастық ар­қы­лы шешілетініне сенім­діміз. Еуропалық одақ осылайша азаматтарға бұл тұжы­рымдаманың нақты артық­шылықтарын көрсету үшін ере­желерге негізделген көп­жақты жүйені жандандыруды жалғастырады. Тіпті бұл қы­зық­сыз әрі технократтық көрінуі де мүмкін.

Қысқасы, мұндай көпжақты ынтымақтастықтың баламасы, яғни «жалғыз әрекет ету» вакциналарға қолжетімділіктің төменд­еуіне, климаттың өзге­руімен күрестің әлсіреуіне, қауіпсіздік дағдарыстарының өршуіне, жаһандануды реттеуге жол бермей, жаһандық тең­сіздіктің артуына әкеліп соғады. Ешбір ел, тіпті алпауыт мемлекет те өз бетінше табысқа жете алмайды. Осы себептерге байланысты G20-дің қазіргі төрағасы Италия көпжақтылықты күн тәртібінің басты мәселесіне айналдырды.

Бірақ Еуропалық одақтың көпжақты қағидаларын жай ғана атап көрсетуі жеткі­ліксіз. Еуропа көпжақты ын­ты­мақтастыққа бүкіл әлем атсалысса, бәріне пайдалы болатынын көрсетуі керек. Жаңа жаһандық салық келісімі – осының айқын мысалы.

G20 елдерінің қаржы министр­лері шілдеде мақұлдаған, 132 ел қолдаған келісімде трансұлттық корпорациялар үшін кемінде 15 пайыздық мөлшердегі жаһандық ең төменгі салық ставкасы енгі­зіл­ген. Мұндай қадам сонымен қатар корпорациялардың пайда табатын елдерде де салық төлеуін қамтамасыз етеді. Бұл – жаһандануды әділетті ету жо­лындағы тарихи қадам және тиімді көпжақтылық үшін ма­ңызды жетістік.

Кейінгі жылдары көптеген ел жеке тұлғалардың салық тө­леу­ден жалтаруымен күресу үшін бірқатар маңызды ша­ра қабыл­дады. ЭЫДҰ мәлі­мет­­теріне сүйенсек, 2009-2019 жылдар аралығында мемлекет­тер арасындағы салықтық ақпа­­рат­тардың автоматты түрде алмасуы G20 елдеріне 95 миллиард еуро қосымша салық­тық түсім әкелді. Ал салық оффшор­ла­рын­да­ғы депозит­тер­дің мөл­шері 34 пайызға төмендеді.

Дегенмен, трансұлттық ком­паниялардың салық төлеуден жалтаруы әлдеқайда үлкен мәселе әрі оны бақылау қиынырақ. ЭЫДҰ бағалауы бойынша, трансұлттық корпорациялардың салық төлеу­ден жалтаруы жыл сайын бүкіл әлемдегі мемлекеттерді 100-200 миллиард доллар көлеміндегі қара­жаттан айырады. Бұл барлық кор­поративтік салықтардың 4-10 па­йызын құрайды. Соны­мен қатар қолданыстағы корпо­ра­­тивтік салық жүйесі осыдан жүз жыл бұрын жасал­ған. Қазіргі жаһандану мен цифрлан­дырылған экономикаға сәйкес келмейді.

Еуропалық одақ көптен бері бұл мәселенің бүкіләлемдік ше­ші­мін табуға ұмтылды. Бірақ АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігінің сындарлы аралас­уы арқасында ғана соңғы алты ай ішінде бұған оң серпін берілді. Бұл – Американың көпжақты әлем тұжырымдамасын қолдай­ты­нының айқын және өте оң бел­гісі.

Бүгінге дейін жаңа корпо­ративтік салық шартын қолда­ған 132 мемлекет әлемдік ішкі жалпы өнім көлемінің 90 па­йызын құрайды. Келісім көп­ұлт­ты фирмалардың салық тө­леуден жалтару мәселесін шеш­­песе де, ол – осы проблема­ны шешуге бағытталған соны қадам. Осылайша, кор­по­ра­тив­ті салықтардың ең тө­мен­гі мөлшерлемелері бо­йын­­ша жа­һандық жарыстың аяқ­талуы басталғанын білдіреді. Яғни өте бай жеңімпаздар мен миллиард­та­ған қаражат жоғалт­қандар ара­сын­дағы бәсеке бітпек. Енді олар қайтадан ере­же­лер­дің күші­не сене алады.

Бұл келісім барлық ел пан­демияға байланысты шығын­дар­ды жабуға, климаттық дағ­да­рыс­пен күресуге қажетті инвестицияларды тартуға мәж­бүр болған кезеңде мемле­кет­тік кірістерді көбейтуге және тұрақтандыруға мүмкіндік бере­ді. Сондай-ақ дамыған және дамушы елдер арасындағы теңсіздіктер өсіп келе жатқан уақытта теңгерімді сақтауды қамтамасыз етеді.

Бірақ бәрінен бұрын, жаңа салық келісімі көпжақты әрекет жаһанданудың әділ формасын құра алатынын көрсетеді. Бізге қазір вакциналарға қол жет­кі­зу­ден, климаттық дағ­да­­рыспен күресуден бастап, мәліметтер қауіпсіздігі мен технология стандарттарына дейінгі басқа да салаларда тиімді халық­аралық әрекет қажет.

Егер біз пандемиядан са­бақ алмасақ, болашақ ұрпақ бізді кешірмейді. Біз бәріміз біргеміз. Шын мәнінде бәрімізге көпжақты күн тәртібін қам­тамасыз ету үшін бізге ақылды стра­тегия мен батыл тактика қажет.

 

Жозеп БОРРЕЛЬ,

Еуропалық одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі, Еуропаны әлемде нығайту жөніндегі Еуропалық комиссия төрағасының орынбасары,

Паоло ДЖЕНТИЛОНИ,

Еуропалық одақтың экономикалық комиссары, Италияның бұрынғы премьер-министрі (2016-2018) және сыртқы істер министрі (2014-2016)

 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org