Қоғам • 04 Тамыз, 2021

Ұлттық мүддеге жұмыс істейтін уақыт келді

383 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Мемлекеттік этносаясат, оның ішінде этносаралық қарым-қатынас – өте нәзік те күрделі сала. Демек бұл бағыттағы жұмыс та мұқияттылықты талап етеді. Кейде ауыздан абайсыз шыққан бірауыз сөздің өзі үлкен келеңсіздікке әкеліп соғып жатады. Осыны ескерсек, бұл салада қызмет атқаратын барлық маманның іс-қимылы, көзқарасы мен ұстанымы скальпельмен күрделі ота жасайтын кәсіби хирургтің тыңғылықты әрекеті іспеттес болуы қажет. 

Ұлттық мүддеге  жұмыс істейтін уақыт келді

Этносаясат көзбояу­шы­лық, формализм, тоқырау мен жат­тан­дылықты жаратпайды. Бір жерде қоз­ғалмай тұрып қалсаң да немесе баяғы бір соқпақпен жүре берсең де көш­тен қалып қою қаупі туындайды. Ал оған жеңілтектік пен жайбарақаттық қосылса, қоғамның берекесі кетуі мүм­кін. Демек замандастарымыздың ұс­та­натын бүгінгі басты қағидалары жа­уап­­кершілік пен мұқияттылық, жа­ңа­шыл­дық пен патриотизм болуы қажет.

Елімізде этномәдени орталықтардың негізін қалаушылардың бірі болған маған бұл саланың тыныс-тіршілігі етене жақын, тарихы таныс, бағыты мен мақсаттары анық. Тұңғыш Прези­дентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың игі бастама­сы­мен құ­рыл­ған Қазақстан халқы Ассам­блея­сының көпэтносты қоғамның үй­ле­сімді тұ­тас­ты­ғын қалыптастыру жо­лында ат­қар­ған міндеті еңселі екені бар­ша­ға мәлім. Бірақ заман бір орнында тұрмайды ғой, қоғамымыз уақыт өте келе өзгерістер мен жаңартуларды талап етеді. Егер 90-жылдары қазақс­тан­дық­тардың ал­дын­да бір мақ­с­ат тұрған болса, бүгінгі күн­­­нің талаптары мен сұ­ра­ныстары мүл­дем басқа. Осыны ескере отырып,  аталған сала жұмысына да күрделі өзгерістер мен жаңа бағыттар енгізуіміз қажет. Этносаралық қарым-қатынас мә­дениетіндегі кейбір «ек­піндерді» ауыс­тырып, тың бастамаларды қолға алған жөн.

Мен нені меңзеп отырмын? Мысалы, біз құрған этнобірлестіктерді алайық (кезінде ұлттық-мәдени орталықтар деп аталған). Бастапқыда олар ұлттық жандану процестерін еңсеріп, әрбір этнос өз мәдени құндылықтары мен салт-дәстүрі, тілі мен дінінің дәріптелуін көздеді. Бұл мақсатты олар сәтті іске асырды деп айтуға болады. Өйткені мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау мен көмек жеткілікті болды. Оған өз басым куә. Шетелдерге сапарға шыққанда елімізде болып жатқан жаңалықтарды айтып, әр­бір этнос өкілдеріне көрсетіліп отыр­­ған қамқорлық жайында әңгіме қоз­ға­сақ, сұхбаттастарымыздың жү­зі­нен қызығушылықты байқап, елі­міз­дегі сара саясаттың жеңістерімен мақтанатынбыз. Бізде этнобірлестіктер үшін арнайы Достық үйлері салынып, оның жұмысы тыңғылықты қар­жы­лан­дыры­лады десек, шетелдіктер сенер-сен­бес­терін білмей, таңғалатын. Әлі де солай.

Әйткенмен, әрбір қол жеткен жетіс­тік те заман талабына сай өзгеріс­ті қа­жет етеді. Бүгінде Қазақстан өрке­ниет тө­рінде орнын ойып алған ірі мем­ле­кетке айналды. Демек арман-мақсат­та­рымыз да ірілікті қажет етеді. Бұл бағытта этнобірлестіктердің де алға қойған жоба-жоспарлары мен мақсат-мүдделері өзгеруге тиіс. Ортақ ұлттық мүддеге жұмыс істейтін уақыт келді. Ол – Ұлы дала мүддесі, туған жердің төл мәдениеті мен тілін, төл рухания­тын дәріптеу мүддесі. Біз тұтас ел бо­лып қалыптасып, кіндік қанымыз тамған жерге деген сүйіспеншілікті арт­тырып, қасиетті топырағымыздың болашағы үшін үлкен жауапкершілікті толығымен сезіну үшін ортақ тіл – қазақ тілінде сөйлеуіміз қажет. Ұлы даланың салт-дәстүрін, мәдениеті мен өнерін дәріптеуіміз қажет. Сайып келгенде, бұл – біздің ортақ борышымыз, ар-ұяты­мыз­ға сын, тіпті күнделікті тір­ші­лігі­міз­ді же­ңілдететін фактор бол­мақ.

Мысалы, мен таза қазақ ортасында жиі боламын. Бірақ ешкім менің ұлтым мен шыққан тегімді сұрап, есіме салған емес. Үлкен құрмет танытып, төбелеріне көтереді. Қазақтарға мен туған-туыстай болып кеткеніме қанша уақыт болды. Өйткені мен айналамдағылармен бір тілде сөйлесемін, салт-дәстүр мен ғұрыпты жетік біліп, берік ұстанамын. Содан кейін де мен өзімді осы елдің толыққанды мүшесі ретінде сезінемін. Мұндай сезімді әрбір қазақстандықтың бо­йынан көруіміз қажет. Бұл қағи­да­ның нормаға айналғаны абзал. Бір­тұ­тас халық деп осыны айтады. Әйт­пе­се, әлі де тілдік, мәдени және бас­қа да бел­гі­лерге бөлінген қоғамда өмір сүруді жал­­ғастыра береріміз анық.

Қозғайын деген келесі мәселе де екі­жақты пікір тудырары анық. Айтайын дегенім – этнобірлестіктердің жұмысы жайлы. Тоқсаныншы жылдардың басында құрылған бұл орталықтардың көздеген мақсаты әрбір ұлттың мә­де­ниетін, тілін, ділін жандандыру бол­ды. Кеңестік ортақ саясатқа байла­нып қалған этнос өкілдерінің сана-сезі­мін оятып, тәуелсіздік тарту еткен бостан­дық­тың игілігін көру болды. Бұл ше­шім­нің сол кездегі қоғам дамуына тигіз­ген оң ықпалы мен өзектілігін уа­қыт дә­лел­деді. Осы жетістікті негізге ала оты­рып, біз бүгін дамудың жаңа саты­сына көте­рілуі­міз қажет.

Атап айтқанда, этнобірлестіктер ая­сын­­дағы таяз тіршіліктен бірте-бір­те бас тартып, біртұтас ұлт болу әре­кет­те­ріне көшетін уақыт жетті. Бір Шаңы­рақ пен бір Тудың астында жыл­дар бойы өмір сүріп, Отаны мен төлқұжаты ортақ болған адамдардың мә­дениет, тіл, дін бағы­тында сан са­лаға бөлінуі сырт көзге ерсі көрініп, бүгінгі сұраныстарға қара­ма-қайшы әсер ететіні анық. Этнос-этносқа бө­лін­ген қоғамнан түбінде не қайыр бо­лады? Осындай бөліну арқылы бір-бірі­мізден алыстап бара жатқан жоқпыз ба? Ой­­ланатын, шешім қабылдайтын уақыт жетті деп білемін.

Ассамблеяның кезекті сессиясы бол­­ған кезде журналистер менен жиі сұх­бат алып тұрады. Сондайда қойы­­ла­тын ең басты сұрақ – «Қай этнос өкілі боласыз?». «Қарақтарым-ау, менің қай этнос өкілі екенімді не қыла­сың­дар?! Ең бастысы, мен – өз елімнің азама­тымын! Патриотпын! Қазақстан хал­қының өкілімін! Шыққан тегім – ол өз басымның мәселесі ғой», деп шыр-пыр боламын. Абдырап қалған әріп­­тестерімнің көңілін аулап: «Мен Талдықорған жақтағы Көксудың жала­йы­­рымын. Жалайырдың ішінде түске дейін андаспын, түстен кейін мырзамын», деп қалжыңға да бұрып жіберемін.

Әрине, мен бұл жерде этно­бір­лес­тіктерді дереу таратып жіберің­дер деп отырған жоқпын. Бұл тақырып кең тал­қылауды қажет етеді. Көпшіліктің де пікі­рін тыңдағанымыз абзал. Бірақ өз басым жоғарыда айтылған ұсыныстарыма берікпін. Өйткені өмірде жинақтаған тәжірибем де мол, көргенім де аз емес. Дұрыс пен бұрысты айыратын жасқа да келдім. Ескеретін жағдайлар да көп. Себебі біз – федеративтік мемлекет емеспіз ғой, біз – біртұтас мемлекетте өмір сүріп жатқан, көп этностан құ­ралған біртұтас халықпыз. Демек мақ­­сатымыз да, мүддеміз де, көздеген мұратымыз да бір, соған апарар жолдың да бір болғаны абзал, бұл бағытта ойластырып қойған ұсыныстарым да бар. Тыңдар құлақ болса.

Атап айтсам, бүгінгі этнобірлес­тік­­тердің орны­на баламалы құры­лым­дар енгізу тура­лы. Еліміздің түкпір-түкпірінде орна­ласқан жүздеген этномәдени орта­лықтардың жұмысын өңірлік ассамблея мен Достық үйінің жанынан арнайы құрылатын этностық рухани құн­дылықтарды дамыту секторлары ал­мастырса деймін. Атқарылатын міндеттің мән-мағынасы сол баяғы – мәдени сан алуандықты сақтау болып қала береді, бірақ нысаны өзгереді: бір-бірінің жұмысын қай­та­ла­ған құ­рылымдар жойылып, біртұтас ха­­лықты этнос-этносқа бөлшек­теу, ыды­рату факторы азаяды. Ең бастысы, са­намыз өзгереді, бірлігіміз бен ынты­ма­ғымыз артады.

Айтқанымның барлығы ақиқат деу­ден аулақпын. Дегенмен тағы бір өзек­­тілігі артып тұрған мәселені қоз­ғау­­ды жөн көрдім. Әрине, полиэт­нос­­тық тұрғыдан қазақстандық қоғам шыны­мен де сан алуан. Тілдік, діндік, этностық, т.б. ерекшеліктер бар. Бірақ бүгінгі қоғам шындығына жүгінсек, ішкі және сыртқы қысымдар мен қа­уіп­терді ескеретін болсақ, біздің қо­ғамды бірік­тіретін, ынтымақ пен бере­кеге ша­қыратын негізгі күш қажет. Менің пайым­дауымша, бұл күш – ха­лық­тың рухани біртұтастығында. Ал бұл биік­ке шығу үшін әрбір этнос өзінің «ұлттық ұяшықтарынан» шығып, ортақ мүдде мен ортақ мұратқа жұмыла жұ­мыс істеуі қажет. Қазақ даласының өркен­деуіне жұмыс істеуіміз керек. «Мен» деген позициядан «Біз» деген позицияға ауысуымыз абзал. Ең бастысы, барлық этнос өкілдері бір тілде – қазақ тілінде сөйлеуі керек. Сонымен қатар қазақ халқының салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын дәріптеуіміз, өнері мен мәдениетіне еңбек сіңіруіміз қажет. Ұлы дала мәдениетін ментальдық, пси­­хо­­логиялық тұрғыдан терең тануы­мыз қажет. «Кімсің?» деп сұрағанда «Мен – қазақпын!» деп жауап беретін деңгейге жетуіміз керек. Бұл жерде мен шыққан текті емес, рухани болмысты айтып отырмын. Туған жерге, Ұлы дала халқына деген құрмет пен адалдық жайында айтып отырмын. Тек осы биікті еңсерсек қана біз бірлігі мыз­ғы­мас елге айналып, шаңы­ра­ғы­мыз­ды берік ұстайтын халық боларымыз анық.

Бәрін айт та, бірін айт демекші, мені көп жылдар бойы алаңдатып, тол­ғандырып жүрген тағы бір тақырып бар. Бұл – мемлекеттік тіл мәселесі. Өйт­кені ортақ тіл жоғарыда сөз етіл­ген «біртұтастықтың» басты көр­сет­кіші, іргетасы деп айтуға болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жылдар бойы бұл фактордың маңыздылығы жайлы айтып-ақ келе жатыр. Еліміздің тұтастығын сақтайтын қасиеттің тіл екенін неше мәрте атап, қазақ тілінің дамып, өркендеуіне жол ашатын бағ­дар­ламаларды да ұсынды. Бұл сала қаржыландырудан да кенде емес. Бірақ бар­лық мәселе біздің санамызда бо­лып тұр. Орыстілді азаматтардың бір­жақтылығында болып тұр. Ертең бар­лық қазақстандықтар ұйқыдан оянып, бір-біріне қазақ тілінде «Қайырлы таң!» деп сәлем беріп, ұлы Абайдың тілінде сөйлеп кетсе, не боларын көз­ге елес­тетіп көріңіздерші. Біз бір-бірі­міз­ге туған бауырдай жақын боларымыз сөзсіз. «Отандас» сөзінің мән-мағынасы да құлпырып шыға келер еді. Бізге керегі де сол ғой!

Өкінішке қарай, бүгін біз бұл ақи­қат­тан алыспыз... Тәуелсізді­гіміз­ге 30 жыл толып отырса да отандастарымыздың 40 пайызы мемлекеттік тілді игерме­ген. Соның салдарынан бүгінгі қоғам «қазақтілді» мен «орыстілді» деген екі параллель әлемге бөлініп жүр. Бірін­­ші әлем өкілдері екінші әлем өкіл­­­де­рі­не «тілді үйренбедіңдер» деп мін тақса, «орыс­тілділердің» бұл сын­ға пыс­қыр­ға­ны бар: «Ит үре­ді, керуен көшеді» қағидасын ұс­та­нып, тіл біл­ме­гендігінен ешбір қи­налып жүр­ме­гендіктерін алға тартады. Шы­ны­мен де, мем­лекеттік тілді біл­ме­ген адам­ның «мұр­тын балта шап­пас» деген жағдай­да­мыз ғой – бар­ған жеріңде қызметтің түр-түрін орыс ті­лінде-ақ алуға болады. Басты қаты­­рып не керек. Ол ол ма, қазақ тілін мен­­сін­бей­­тіндерді айтсаңшы...

Айналамдағылардың «Қазақ тілін неге үйренбейсіңдер?» деген сауалыма айтар жауаптары үнемі біртектес: «Оған уақыт та жоқ, ақша да жоқ», «Жақсы мұғалімдер жеткілікті емес, ар­­на­йы әдістемелер жоқ» немесе тіпті «Ол тілдің маған керегі бар ма?» деп төбе­ден бір қойғандай күйге түсіреді. Осын­дайларға қайтарар жауабым біреу: «Тілді үйрену үшін тек қана ниет керек, жүректен шыққан ниет. Туған топырағыңа деген сүйіспеншіліктен нәр алатын ниет, сол топырақтың иесі – қазақ халқына деген сыйластықтан туын­­дайтын ниет. Ниет болса, барлы­ғының орнына келері анық». Сөзімнің дәлелі ретінде бір ғана мысал келтіргім ке­леді.

Чешен Республикасында өте танымал халық әншісі болды. Өзі ақын, өзі композитор Валид Дагаев деген ақса­қал. Өкінішке қарай, ол осыдан үш жыл бұрын дүниеден озды. Чешен халқы депортацияға ұшыраған 1944 жылы Валид небәрі 4 жаста екен. Тау­қы­­­меттің ащы дәмін артығымен тат­қан Дагаевтар әулеті Алланың рахы­мымен қазақ жеріне, оның ішінде Алматы облысының Жамбыл ауданына жер ауда­­­рылады. 1957 жылы ха­лыққа тарихи Отанына қайтуға рұқ­сат беріле бас­та­ған­да Валид ағай 17 жасқа жаңа тол­ған бозбала көрінеді. Арада өткен не­бәрі 13 жыл ішінде Да­гаевтар әулеті таза қазақ тілінде сөй­леп, қазақ мен­та­литетін бойларына сіңіріп үлге­ре­ді. Валид болса, қазақ поэзиясын да терең игереді.

Ақсақалдың Грозныйда өткізген 60 жылдық ғұмырындағы көздеген басты мақсаты – қазақ тілін ұмытпау болыпты. Кәсіби әнші көңілі құлазып, жаны жүдеген кезде рух беріп, жұбатқан қа­зақ әндері арқылы көңілін сергітіп, кө­кейіндегі қазақ тілін жаңғыртып отыр­ған. Ол кісінің орындауындағы «Он алты қыз» әнін чешен халқы әлі күнге де­йін таспа арқылы сүйіп тың­дайды.

Көзі тірісінде Валид ақсақалмен кездескенім бар. «Тілді қалай ұмытпай жүрсіз?» дегенімде, қиналмастан жауап берді: «Қазақ бауырларыма деген құр­мет пен сыйластық, қазақ жеріне де­ген ыстық ықылас жүрегімде бір сәтке де сөнген емес. Қазақ әндері, қа­зақ тілі арқылы сол жерге деген са­ғы­нышымды басамын, әуен мен сөздің қасиетін се­зінемін, күш аламын». Содан бері қазақ жерінде жүріп, қазақ тілінің ке­ре­метін, құдіретін сезіне алма­ған­дар­ды аяймын...

Түйіндей айтқанда, Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын жаңа фор­мат­қа көшіру – заман талабы. Бұл та­лап­­ты іске асыру үшін біз өз санамызды жаңа бағытқа бұрып, жаңа көзқарас қа­лыптастырып, жаттандылықтан арыл­уы­­­мыз керек.

 

 Атсалим ИДИГОВ,

Қазақстан халқы
Ассамблеясының мүшесі