Таным • 04 Тамыз, 2021

Байырғы викингтер: Руникалық әліппелер ұқсастығы нені білдіреді?

850 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ресейдің әйгілі түрколог ғалымы Д.Д.Ва­сильевтің «Графический фонд па­мят­ников тюркской рунической пись­мен­ности азиятского ареала» (Из­да­­тельство «Наука». Москва, 1983) ең­­бегі түр­кітілдес халықтардың тіл­де­рі мен та­рихын және олардың жазу мә­де­­­ниетін зерттеуде таптырмайтын де­рек көзі болып саналады. Бұл құн­ды ең­бегін жазбас бұрын ғалым ұзақ жыл­дар бойы экспедицияларға шы­ғып, байырғы түркі руникалық жазу үлгі­лерінің нұсқаларымен көзбе-көз таны­сып, олардың көшірмелерін жасау­дың нәтижесінде Енисей өзе­нінің бо­йындағы руникалық жазу ескерт­кіш­терінің корпусын толық қалыптас­тыр­ғанын айта кеткен абзал.

Байырғы викингтер: Руникалық әліппелер ұқсастығы нені білдіреді?

Д.Д.Васильевтің пікірінше, руни­ка­лық жазу үлгілерінің қай халыққа тиесілі екені туралы алғашқы болжамдар XVIII ғасырда басталған. Өйткені дәл сол дәуірде Ресей императоры Петр Бірінші Сібірге экспедиция аттандырып, Батыс ғылымында құпия аталған жазу үлгілері туралы мәлімет жината бастаған. 1722 жылы Сібірде жүргізілген экспедицияға императордың өзі таға­йындаған Д.Г.Мессершмидт есімді не­­міс ғалымы жетекшілік етеді. Бұл экс­педицияның жұмысына ол бұрынғы швед армиясының офицері Филипп Иоган Страленбергті де қатыстырады. Ол Полтава түбіндегі орыс-швед соғы­сында тұтқындалып, Ресей билігі оны Сібірдегі Тобол қаласына жер аудара­ды. 13 жыл тұтқында жүргенімен, Стра­ленберг аталған аймақта өте қо­мақты этнографиялық және картогра­фия­лық материал жинап алып, оларды Оң­түстік-Шығыс Азияның картасын жа­­сауға тиім­ді пайдаланады және Мес­сершмидт экспедициясына үлкен үлес қосады.

Мессершмидт өз күнделігінде Ени­сей бойындағы құлпытастарда бәдіз­дел­ген руникалық жазу үлгілерінің Сол­түстік-Батыс Еуропадағы кельт/гот гра­фи­касымен туыстығы бар деген болжам жасайды.

Д.Д.Васильевтің пікірінше, бұл болжамды британдық профессор Т.Ба­йер де (Professor Theophilus Siegfried Bayer) (Bayer Th.S.Vetus inscriptio prusica. Com­mentarii Academiiae Scientiarum Imp.Petropolitanae. Petropoli,1927.), не­­­­міс ғалымы П.С.Паллас та (Pallas P.S.Neye Nordliche beltrage zur physika­lischen und geographischen Erd-und Vol­kerschraibungen. T.5. St.-Pbg., 1573.) қол­­даған. Алайда Д.Г.Мессершмидт се­­кіл­ді олардың екеуі де жазулар­дың түр­­­кілік тегінен мүлде бейхабар болған.

1818 жылы Г.И.Спасский Сібірдегі руникалық жазулардың атласын жа­рық­қа шығарады. Онымен танысқан В.Гумбольдт пен Ф.И.Круг сынды академиктер өз қызығушылықтарын бірден білдіреді. Соңырақ академик Ф.И.Круг атласты латын тіліне аударып жариялайды. Сөйтіп, Орхон-Енисей жазуларымен ендігі жерде шығыстанушы ғалымдар да таныса бастайды. Бірақ өкінішке қарай, олар бұл жазу үлгілерін ескі славян жазуларына жатқызуға тырысады. Алайда шындық қап түбінде жатпайды емес пе, кейін венгр ғалымы А.Вамбери мен орыс ғалымы А.А.Шифнер Сібірдегі руни­калық жазулардың сібірлік түркі ха­лықтарының тамғаларымен ұқсас екен­дігін жариялайды. Бұл көзқарасты Н.Г.Малицкий мен Н.А.Аристов та қол­дап шығады. Кейін Сібірдегі Орхон өзені бойындағы руникалық жазуларды Н.М.Ядринцев пен В.В.Радлов та, сол сияқты этнограф, археолог әрі географ Д.А.Клеменц те зерттей бастайды. Ол ға­­лымдар құлпытастардың бетіне бә­діз­делген руникалық жазулардың қа­сынан қытайша жазылған мәліметті анық­тап, Орхон жазбаларының түпкі тегі көктүріктерге тән екендігін айқындайды.

ы

Байырғы түркі руникалық жазулары тек Сібір мен Моңғолия жерінде ғана емес, Қазақстан территориясында да, атап айтқанда, Талас, Іле, Сырдария, Ертіс және Жайық өзендерінің бойын­да да жиі кездеседі. Бұған қоса, ондай жазулар солтүстік Еуропада, әсі­ресе, Дания, Швеция және Норвегия мем­лекеттерінің территорияларында да көптеп кездеседі. Сондықтан да болар, Данияның ұлы лингвист әрі тарихшы ғалымы Вильгельм Томсенді орыс ғалымы Н.Ядринцевтің 1889 жылы Моңғолияға жасаған экспедициясының нәтижелері өте қатты қызықтырады. Себебі Н.Ядринцев Моңғол жеріндегі Кошо-Цайдам сайында орналасқан Эрдин-цзу монастырының маңынан екі құлпытас бетіне бәдізделген руникалық жазулармен қатар, Қытай жазбаларында да кезігеді. Сол құлпытастардан ға­лымдар 40 жолға жуық руникалық жа­зуды көшіріп алып, Ресейге қайта орал­ған соң, олардың көшірмесін ір­гелі ғалымдарға таратып жібереді. Ал Вильгельм Томсен болса, олардың сырын ашуға бірден кірісіп кетеді де, Орхон-Енисей жазуларының астарлы сырын түбегейлі ашып береді. Ол әлгі жазулардың фонетикалық мәнін де айқындайды. Өзі ашқан ғылыми жаңалықтарының нәтижелерін ол 1893 жылы Дания Корольдігінің ғылым академиясына баяндайды. Бұл жаңалығын ол сәл ертерек академик В.В.Радловқа да айтып берген. Ал Радлов болса, Вил­гельм Томсенге сілтеме жасай отырып, 1894 жылы руникалық жазулардың толық тәржімесін ұсынады. Сонымен қа­тар В.В.Радлов жоғарыдағы екі құл­пы­тастың Білге қаған мен оның туған бауыры Күлтегінге бағышталғанын да анықтайды.

Одан кейінгі жылдары байырғы түр­кі жазуларын зерттеп-зерделеуге орыс ғалымдары С.Е.Малов, С.Г.Кляш­тор­ный жән В.А.Левшин те өз үлестерін қо­сады. Соның нәтижесінде Орхон-Ени­­­сей жазуларының ешбір талассыз түр­кі халықтарына тән жазу жүйесі екен­­дігі түбегейлі дәлелденеді. Қазақ ға­лым­дарының ішінен бұл саланы зерт­теуге қомақты атсалысқан белгілі ғалымдар – Ғ.Ай­даров (Айдаров Ғ., Құрышжанов Ә.,
То­манов М. Көне түркі жазба ес­керт­­­кіштерінің тілі. Алматы. Мектеп, 1971.), М.Жол­дасбеков (Жолдасбеков М. Көне түрк жазба ескерткіштері. Ха­лық­ара­лық түркі академиясы, 2017.) және Қ.Сарт­қожа (Сарткожаулы К. Ге­не­­зис древнетюрксого рунического пись­ма, 2012.).

Осы орайда «Кейбір Еуропалық ға­лым­дар неліктен көне түркі руника­лық жазуларының түпкі тегін скандина­вия­лық немесе славян жазуларынан тараған деген негізсіз болжам жасаған?» деген сұрақ туындауы заңды. Оған жауап іздеп көрсек, мына жайттарды аңғарамыз.

Біріншіден, скандинавиялық ви­кинг­тердің руникалық жазулары мен ескі түркі руникалық жазуларының ұқ­састығы тайға таңба басқандай мен­мұндалап тұр. Ол ол ма, байырғы ви­кинг­тердің руникалық әліппесі мен Орхон-Енисей әліппесі де бір-бірінен айнымайды. Бұған көз жеткізу үшін интер­нетте тұрған екі әліппенің руникалық таңбаларын бір-бірімен салыстырсақ жеткілікті. Олардың таңбаларының сыртқы бейнелері ғана емес, 24 таңбаға теңелетін әліппелері де бірдей. Бірақ солай екен деп, олар көктүріктерге батыстан келді деуге мүлде қисын жоқ. Өйткені ескі түркі руникалық жазу үлгісінің түркілік тегін құлпытастардағы қытайша бәдізделген мәліметтер де айғақтады емес пе?!

Екіншіден, ескі түркі руникалық жазу үлгілерінің негізін славяндардан іздеудің астарында Сталин заманының империялық саясаты жатқаны күмән тудырмайды. Мұның дәлелі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін түркология саласында ғылыми зерттеу жұмыстарын кілт тоқтатқан Сталин жарлығынан да анық көрінеді. Сол жарлыққа қол қо­йылған сәттен бастап, Вильгельм Том­сен мен Радловқа сілтеме жасаған түр­колог ғалымдардың жаппай бастары алына бастады, ал өлім құрығынан аман қалғандары каторгаға айдалды. Ол ол ма, Орхон және Енисей өзенінің бойындағы көктүріктердің көсемдеріне қойылған тас мүсіндердің бастары да тұтастай қағылып тасталған болатын. Бұл тарихи шындықты бүгінде күллі әлем ғалымдары біледі.

 

м

 

 

Көріп отырғанымыздай, жоғарыда­ғы екі әліппенің бір-бірінен ешбір айыр­машылығы жоқ. Ендеше, бұл әліп­пені Батыс әлемінің өзі де кезінде Азия кін­дігіндегі көктүріктердің жазу мәде­ние­тінен алғаны дау туғызбаса керек. Сон­дай-ақ Д. Д. Васильевтің монография­сында келтірілген нақты деректерге қа­ра­ғанда, көне түркі руникалық жазулары тек құлпытастарда ғана кездеспейді. Олардың қолданылу аясы өте кең бол­ған, яғни қарапайым халық ол жазу үлгісін кеңінен пайдаланған сыңайлы. Себебі ол жазулар халықтың күнделікті пайдаланып жүрген бұйымдарының, атап айтқанда, белдіктің айылдарына, жылқы әбзелдеріне, сақина, жүзік, бі­ле­зіктердің қырларына немесе басқа бұ­йымдардың беттеріне де бәдізделген (Васильев Д.Д.Графический фонд памятников тюркской рунической письменности азиятского ареала. Издательство «Наука». Москва, 1983. 10-14 беттер.).

 

Викинг кемелерінің Гобустан петроглифтеріндегі іздері

Адам баласы жылқыны қолға үйрет­пес бұрын алдымен өзен-көлдерді – ескекпен қозғалатын қайықтармен, одан соң желкенді кемелермен теңіздер мен мұхиттарды бағындырған сыңайлы. Бұлай топшылауға толық негіз бар. Өйткені осыдан сәл бұрын мұның нақты дәлелдерін байырғы скандинавиялық викингтердің қолданған алуан түр­лі қайықтары мен кемелерінен бай­қасақ, екінші дәлелін енді міне, есте жоқ ескі замандарда байырғы адам­дар­дың жартастарға бәдіздеген кеме бейне­ле­рінен де көріп отырмыз. Мәселен, Нор­вегияның жиһангез ғалымы Тур Хейер­дал Кавказға жасаған төрт сапарының бірінде Әзербайжан астанасы Бакуден алпыс шақырым жерде орналасқан Гобустан петроглифтерінің арасынан байырғы кемелердің тасқа бәдізделген бейнелерін көзі шалып, шектен тыс таң­­ғалған. Өйткені петроглифтерде бей­­не­ленген кемелер байырғы викинг­тер­дің күнбасты кемелерінен айны­майтын еді. Міне, сондықтан да біз төменде Гобустан жартастарында бәдіз­делген кемелердің фотобейнеле­рін олардың авторларының ағылшын тілін­де тіркелген сілтемелерімен қоса беріп отырмыз. Петроглифтердің арасында викинг дәуіріндегі жүк таситын кемелермен қатар, алыс теңіз сапарларына лайықты ұзын, сүйір, әрі жүрдек кемелердің де бейнелері кездеседі. Олар­ды зерттеген ғалымдар мұндай кеме бейнелерінің мезолит дәуірінде, дәлірек айтқанда, осыдан 15000 жыл бұрын немесе біздің заманға дейінгі оныншы және сегізінші ғасырлар арасында бәдізделгенін анықтаған. Тур Хейердал үшін бұл кемелер туралы ақ­па­рат тап­тырмайтын олжаға айналған-ды. Се­бебі ол ұсынған гипотеза бойынша, викинг­тердің құдайы немесе олардың ең байырғы қолбасшысы Один о баста Скан­динавияға Кавказ бен Каспий ма­ңайынан аттанған-тын. Төмендегі пет­ро­глифтерге сүйене отырып, Тур Хе­йер­дал әлем өркениеті байырғы Мы­­сыр, Месопотамия немесе Үндістан мә­дениет­терінен әлдеқайда бұрын жер бе­тіне теңіздер арқылы таралған деген ба­тыл байламға келген-тін. 1999 жылы Әзер­байжанға жасаған үшіші сапарынан кейін Тур Хейердал Гобустандағы петроглифтерде бейнелеген кемелер әлемдегі ең байырғы кемелер және адам­заттың ұлы көші Кавказ маңайынан басталған деген тоқтамға келеді.

Айтса-айтқандай-ақ, кемелердің жар­тасқа бәдізделген бейнелері әлемнің әртүрлі аймақтарында ұшырасатын өнер туындылары болып саналады. Ал Кавказ аймағында ондай бейнелер тек Гобустанда ғана кездеседі. Оларды жіті зерттеу барысында ғалымдар Гобустан мәдениетінің мыңдаған ғасырлық тарихы бар деген түйін жасайды. Сонымен қатар ғалымдар Гобустандағы кемелердің бейнелерін үш топқа бөледі. Бірінші топқа екіден алтыға дейін адам сиятын ең байырғы қайықтарды, екінші топқа діни астары бар күнбасты кемелерді, үшінші топқа көлденең төсемі бар үл­гіні жатқызады. Қалай болғанда да, Гобустан петроглифтері тас дәуіріндегі мәдени дамудың бірнеше мың жылдарға созылғанынан хабар береді. Мәселен, ондағы жер қыртысының ортаңғы қабатынан табылған үңгір артефактілері біздің заманға дейінгі VIII және VII ғасыр­ларға тән болса, Акселератор Масс-спек­трометрия (Accelerator Mass-Spectrometry) әдісімен жасалған сараптама олардың жасының 14 500 жылға тең екенін көрсетеді. Өз кезегінде бізге бұл көрсеткіш Гобустанда бәдізделген кемелердің жасын б.з.д. X-XIII  ғасыр­лармен белгілеуге мүмкіндік береді.

Гобустандағы күнбасты кемелердің бейнелерінен Күнге табынған діни наным-сенімдердің астары байқалады.

 

Әділ АХМЕТОВ,

Қазақстанның еңбек

сіңірген қайраткері,

Халықаралық

Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі

 

Суреттерде:Орхон бойындағы Күл­тегін ес­керт­кіші. Орхон музейі, Хархорин, Моңғолия. Бұл күнде бұл ес­керткіштің көшір­ме нұсқасы елор­да­дағы Еуразия универ­ситетінде тұр; Гобустан петроглифтері