TOKYO2020 • 05 Тамыз, 2021

Мырзағали Айтжанов: Сәкен жеңілген жоқ!

850 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бокстан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосыновтың жеке жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов «Egemen Qazaqstan» газетіне берген арнайы сұхбатында төрешілердің шешімімен келіспейтінін айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Мырзағали Айтжанов: Сәкен жеңілген жоқ!

Фото: Владислав Семенов, Қазақстан ҰОК

– Мырзағали Құланұлы, шәкіртіңіз Олим­пиаданың қола жүлдегері атанды. Кездесу қандай дең­гейде өткенін барлығымыз көрдік. Сонда да бұл жекпе-жектің қорытындысын өзіңізден есті­сек...

– Біз британдық Жалал Яфайды жақсы білеміз. Шәкіртім Біржан Жақып екеуі рингте кездескен. Олимпиадаға барлығы жеңіс үшін келетіні белгілі. Сол себепті қай жекпе-жекті алсақ та жеңіс біз үшін оңай келген жоқ. Жартылай финалдағы кездесуде Сәкеннің қарсыласы ә дегеннен-ақ лап қоя берді. Мұндайды күтпеген шәкіртім алға шабуылдап кетті. Бұл оның қателігі еді. Соның салдарынан бірнеше соққыны өткізіп алды. Оны нокдаун санайтын-санамайтынын біз шешпейміз. Төреші нокдаун дегендіктен, төрешілер бірінші раундты қарсыласына берген де болар. Дұрыс. Ал екінші және үшінші раундтың қалай өрбігенін бүкіл әлем көрді ғой. Жекпе-жектен соң ағылшын бапкерлері кешірім сұрап жатыр. Әріптеспіз. Кімнің жеңгенін, кімнің жеңілгенін жақсы білеміз ғой.

– Екінші раундта Сәкенді жігерлендіру үшін не айттыңыз?

– Екінші раундтан соң Сәкенге бар күшіңді сал, артында барша жұрт саған сенім артып отыр деп айттым. Дегенмен оған тағар кінә жоқ. Барын салды. Шәкірттерім Біржан мен Қайратқа бұйырмаған медальды мойнына тақты. Қаншама жігіттеріміз жүлдесіз қалып жатқанда, бұған да шүкіршілік етеміз.

– Еңбек ақталды ма сонымен?

– Қанша тер төгілді, еңбектендік. Бүгін финалға шығып, Көк туымызды желбіретеміз деген сеніммен келген едім. Өз басым, жеңетініне де сенімді болдым. Есеп – 2:3, жеңіс бізге бұйырмады. Негізі, ағылшын боксшысы тек бірінші раундта жеңді. Ол кезде Сәкен бас салып, алдыға жүгіріп кетті. Ал одан кейін өз мәнерінде жұдырықтасып, өз ойынын көрсетті. Сәкеннің бүгінгі жекпе-жегі тамаша болды. Нағыз ер жігітке тән қайсарлық бойынан көрінді. Неге десеңіз, екінші раундтан бастап жігітке тән мінез көрсетті. Үшінші раундта жеңісті жұлып алды. Бірақ амал жоқ, төрешілер басқаша шешті.

– Сәкен қола жүлде үшін айқаста мықты деген боксшылардан басым түскенін білеміз. Осы жекпе-жектерді қысқаша айтып бере аласыз ба?

– Сәкен бірінші айналымда Пуэрто-Рико өкілі Янкьель Ривера Фигероамен кездесіп, 4:1 есебімен қарсыласын тізе бүктірді. Ал екінші кездесу Сәкен үшін оңай болмады. Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Францияның үміт артып отырған боксшыларының бірі. Сол себепті, екі-үш күн бойы тактикалық жағынан дайындалдық. Берілген тапсырманың барлығын орындап шықты. Қарсыласы Сәкенге қарағанда, салмақты көп қуатын жігіт. Оны байқап жүрдік. Сондықтан біз жылдамдықты үдетуге басымдық бердік. Бұл тұрғыдан біздің жоспарымыз орындалып, төрешілер шешімімен айқын жеңіске жеттік. Ал ширек финалда испан боксшысымен болған кездесуде оның кішігірім қателіктері болды. Қолмен жұмыс істемей, бір орында тұрып қалды. Екінші раундтан соң оны жігерлендіру керектігін түсіндім. Олимпиадаға не үшін келгенін айттым. Бар күшімен ұрып, қолынан келгенін аянбауын сұрадым. Керек болса, төбелес дедім. Әр адамның бокстасу мәнері әртүрлі, егер қарсыласың «лас» ойын көрсетсе, оған да бейімделу керек.

– Олимпиадаға қандай мақсатпен келіп едіңіздер?

– Кезінде Токио Олимпиадасында жалпы­командалық есепте көш басында тұрып, шәкіртім алтын алады деген мақсат қойып едім. Өкінішке қарай, орындалмады. Енді мақсатымызды Парижде орындау үшін еңбек етеміз.